Лекциялар жинағы алматы ерте және орта ғасырлардағЫ Қазақстан


ХХ Ғ. 20-30 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАН. ХХ Ғ. 20-30 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚҰРЫЛЫС



бет33/40
Дата10.05.2023
өлшемі0,56 Mb.
#91604
түріЛекция
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   40
ХХ Ғ. 20-30 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАН. ХХ Ғ. 20-30 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚҰРЫЛЫС

1 Қазақ кеңес ав­то­номи­ялық рес­публи­касы­ның құры­луы. Қазақ ре­волю­ци­ялық ко­митетінің құры­луы (1919–1920 жж.)


2 Қазақстан­да жаңа эко­номи­калық са­ясатқа (ЖЭС) көшу және оның ба­рысы. Жер-су ре­фор­ма­сы
3 Қазақстан елді ин­дуст­ри­ялан­ды­ру ке­зеңінде (1928–1932 жж.). Ауыл ша­ру­ашылғын күштеп ұжым­дасты­ру. 1931–1933 жыл­дардағы аш­тық.
4 1937–1938жж. жап­пай са­яси қуғын-сүргін. То­тали­тар­лық жүйенің нығаюы.
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркəсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды. Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есе-ге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды. Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921
ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейінде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты құрады. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920-1921 жылдар аралығындағы жұттан кейінгі мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді. Азамат соғысының аяқталуына жəне елдің əлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан əрі жалғастырды.
Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек
Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық жəне тұқым қоры да тəркіленіп отырды. Астық салығы мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып астық сатып алуға мəжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нəтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында - 100 мың, Оралда - 400 мың, Семей губерниясында - 500 мың, Орынбор - 445, Ақтөбеде - 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Əулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп, бір болыс ұйымдастыруға тура келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн
300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мəліметтерді келтіреді. Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай сорақылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың өкілдерін кіргізіп, арнайы
ұйым құруды талап етеді. Түрікатқару комитеті Т. Рысқұловтың талабын қолдап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сəйкес республиканың азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді. Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым алғаш жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі тектес азық-түлік ісіне қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған қасақана іріткі салу əрекеттеріне кездесті.
Рысқұлов жалпы Орталық комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес”, үкіметтің құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мəжбүр болудамыз” дейді. Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің арқасында Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына құнсызданған болса да 42 млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның облыстар мен уездерде, болыстар мен қалаларда жергілікті мекемелері мен бөлімшелері ашылады, олардың басына сауатты мамандар отырғызылады. Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен əсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді.Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сəйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты. Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң” ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нəубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмəн келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді.Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың Кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына əкелді. Көктем-жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,- деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды. 1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған Кронштадта матростар көтеріліске шықты. Кронштадтықтар негізінен Ресей селоларынан келген, флотта əскери міндетін өтеп жүрген шаруалар еді. Олар Азамат соғысының аяқталуына байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер мен онда өндірілген өнімді пайдалануға бостандық беруді, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді жəне жұмысшыларға жалақы төлеуді талап етті. Бұл жəне Қазақстанды да қамтыған басқа да көтерілістер ұйымдасуы жəне қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан Қызыл Армия əскерлерінің күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бəрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады. Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің күшейгенін, осыған орай шаруашылық саясаттың мүлде жаңа принциптеріне көшу қажеттігін айқын сезді.
Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мəжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни «Соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады. Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мəні неде? Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кəсіпорындар белгілі мерзімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға берілді. Сауда бостандығы жүзеге асырылды, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат берілді. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналып, сонымен қатар мемлекеттік жəне кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кəсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат берілді. Еңбекке деген міндеткерлік жəне еңбек армиялары жойылды. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болды. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы - азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды. Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу əдістері мен жолдарын қарастырып көрейік. РКФСР ХКК-нің арнайы декреті бойынша бірыңғай азық-түлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы мен деревнясында жаңа экономикалық саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді. Оның себебі, ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес жəне азық-түлік органдары азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек жəне Қорғаныс кеңесінің тапсырмасын орындаумен айналысты. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығы аудандарында алғашқы бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды. Бұл əрине, соғыс коммунизм саясатының əрі қарай жалғасуы болды. Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7- сəуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика-зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мəселені жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық саясатына деген сенімсіздігін тудырды. Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық салығынан КазАКСР бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары - 33,8% босатылған еді. Əсіресе, 1924-1925 жылдары мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ке жуығы алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерзімдерге
жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де белгіленді. Осының бəрі ұсақ тауар өндірушінің материалдық құштарлығын арттырды, оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті. ЖЭС-тің аясында нарықтық қатынастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына əсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сəуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді. Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді.
Осы жағдайлар Қазақстанда жəрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жəрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жəрмеңкелер қатарына - Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жəрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жəрмеңке саудасының жалпы айналымы 20-23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жəрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді.Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің аумағында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты нəтижесінде Қазақстанда жер мəселесі өте күрделі мəселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган - Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай жəне Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сəуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір жəне Орал казак əскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды. 1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша əркімнің өз жерінде қалуға жəне ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сəйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.
Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей аумағын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мəселенің бəрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болды. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отырықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы жермен толық қамтамасыз етілмеді. Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мəселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенімен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нəтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды. Осы жағдайлар жер жəне жерге орналастыру мəселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады.
1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 104 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды. Қазақстанның өнеркəсібі саласында да едəуір өзгерістер болды. Қазақстан халық шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз, Павлодартұз, Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеул, Спирт) трестерді жəне сантонин зауыты мен Қарғалы шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі өндірістер бағынды. Олардың көбі жалға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген өндіріс орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта қорғайды деген желеумен бүкілодақтық деңгейдегі трестерге біріктірді.
КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бəрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дəрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды. Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркəсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына əкелді. Өндіріс
орындарын орталықтанған трестерге біріктіру, сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады. ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің экономикасы көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни əртүрлі меншік түрлерінің қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің əртүрлі түрлерінің қалыптасуы, олардың арасындағы бəсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын айқындады. Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырама-
са да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді. Алайда ірі өнеркəсіп саласын мемлекеттік монополизациялау нəтижесінде олар өз өнімдерін тұтынушыларға (əсіресе аграрлық сектордағы жеке тұтынушыларға) өте жоғары бағамен ұсынды. Партия жəне үкімет шешімдері ауыл шаруашылық кооперациясының ЖЭС жағдайындағы жаңа рөлін анықтағанына қарамастан, оны бақылап отыруға мемлекет мүдделі болды, соның нəтижесінде мемлекет ауылшаруашылық тауарларын сатып алу бағасын өзі белгіледі жəне ол өте төмен болды. Ұзақ əлеуметтік даму барысында қалыптасқан дəстүрлі тауарлы шаруашылық мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сəйкес келмеді. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін төменгі бағамен сатудан бас тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп есептемеді. Керісінше ол қарсылықты тап жауларының іс-əрекеті деп бағалады. Мемлекет тарапынан жеке шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті.
Ұсақ тауар өндірушілерді əкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-тің шектелуіне əкелді. Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы əкімшілік басқару əдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне əкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс əдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бəрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия жəне кеңес органдары кооперацияны басқаруда əкімшілік əдіске жиі сүйенді. Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен əкімшілік басқару əдістері нарықтық қатынаспен сəйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркəсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі жəне оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ тауар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нəтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.
Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен ХІV съезі елді соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркəсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дəрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер одағының экономикалық тəуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді индустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді индустриялды державаға айналдыру міндетін қойды. Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл материалдық жəне өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп шешті.
Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік индустрияландырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, əдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркəсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тəн болып келетін кəсіпорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы əуелгі кезде жеңіл өнеркəсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркəсіпке ауысуына байланысты ауыр индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады. Кеңестік тарихнамаға партияның 15- съезі елді индустрияландыру съезі болып енді. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, əсіресе, Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды. Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек деген мəселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес жəне партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып табылады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның осы ұлттық ерекшелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни “уклонистер” деп айыптады.
Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркəсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дəстүрлі мал шаруашылығының құлдырауына əкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркəсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркəсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды. Қазақстанға өнеркəсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Олардың пікірінше артта қалған көшпелі халық индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе алмайды.
Сонымен қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тарту, яғни жергіліктендіру (коренизация) саясаты өндірісті өте-мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды, олар бəрібір даланы аңсайды деген көзқарас та болды. Мұндай пікір айтушы топты большевиктер “ұлыдержавалық шовинистер” деп айыптады. Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға əртүрлі айдар тақты. Ал өздері белгілеген елді “социалистік индустрияландыру” бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды. Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия ұйымының басшылығына тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республика өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті мойындамады. Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің орталық аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда жүргізілді. Біріншіден, өлкенің əлеуметтік-экономикалық дамуы Рессейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру шаралары созылып кетті.
Яғни, ол уақыт жағынан бірінші бесжылдықпен сəйкес келді. Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев-Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір жəне мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан əрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу жəне жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34 жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын жəне Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі экономикалық ресурстары мұндай күрделі құрылыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда соған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез дамыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін жұмылдыруға тырысты. Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл жəне Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-түсті металдарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды.
1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бəрі Қазақстанды түрлі-түсті металдар шығарудан одақ көлемінде 2 орынға шығарды. Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3 орынға шықты. Ембі мұнай орны игерілді. Сағыз жəне Құлсары мұнай орындары ашылды. Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды. 1928-1940 жж. темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км-ге жетті. Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы қарқынмен жүргізді.
Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926-1940 жж. 3 есе көбейсе, Қазақстанда - 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда - 486 есе артқан, яғни одақтық көлемнен 20 еседен артық болған; темір жолдар салу Одақ бойынша 1,4 есеге, ал Қазақстанда - 3,1 есеге артқан. Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде жəне жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Əсіресе, 1933-1934 жылдары өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, машиналармен қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман кадрлар қажет болды. Бұл мəселені шешу үшін қысқа мерзімді курстар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық минимум үйірмелері ашылды. Өнеркəсіп орындары шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары дəрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу орындары ашылды. 1933-1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың маман кадрларды даярлады.
Сонымен қатар республиканың өндіріс орындары үшін маман кадрларды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында даярлады. Алайда айта кететін бір жəй, Кеңес үкіметі өте күрделі инженер-техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын республикада ашпады. Бұл мəселеде республика орталыққа тəуелді болды. Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркəсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады.
Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды. Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін салдары да болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық дəстүрі толық өзгерді, өнеркəсіп саласының өркендетілуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркəсіп өнімдері үлесінің көбеюіне əкелді. Екіншіден, қала халқы санының артуына, қалалардың урбанизациялануы мен күшеюіне əкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан астам халқы бар қалаларда жинақталды.
1928-1939 жж. Қазақстан қалалары тұрғындарының санының көші-қонымның нəтижесіндегі механикалық өсуі 1,8 млн адамнан асты. Үшіншіден, көшіқонымның нəтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін əкелді деуге болмайды. Себебі, кеңес үкіметі əртүрлі қылмысы үшін сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Сонымен қатар индустрияландыру саясаты республикада жергілікті ұлт өкілдерінің санының азаюына да əсер етті.
Төртіншіден, индустрияландыру саясаты нəтижесінде өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті. Оның себебі, Орталықтан əкелінген еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан партия, кеңес қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері мен жұмысшыларына менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай көзқарас туралы фактілерді құжаттардан көруге болады. Большевиктер, сонымен қатар ірі өндіріс орындарының басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты. Орталық үкіметтің нұсқауын бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан жіберіп отырды. Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру нəтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс əкелді. Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, əсіресе, көшпелі мал шаруашылығы жəне оның өнімдері əрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Оның себебі, большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының жетекші саласы етіп өнеркəсіп өндірісін белгіледі жəне оның қарқынын жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы əкімшіл-əміршіл большевиктік басқару əдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркəсіп өндірісінің дамуы шын мəніндегі индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды.
Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау саясатын одан əрі жалғастырды.
Большевиктер ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек еді.
Алайда, большевиктер қазақ ауылында əлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында шабындық жəне жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: “Жайылымдық жерді бөлу деген не?“ дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін жəне өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін “Бұл кіші Қазан“ - деді. Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) жəне Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда “Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі жəне жартылай көшпелі аудандардың шабындық жəне егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы” заң қабылдады.
Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы жəне Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық жəне жайылымдық жерлер жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді.
Бұл жұмысты жоғарыдан жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды жəне бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік жəне округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел “бестіктер“, ал болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан “үштіктер“ ұйымдастырылды. Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған бұл “бестіктер“ мен “үштіктер“ құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. Шабындық жəне жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты құрылған бұл төтенше жəне заңсыз органдар Кеңес үкіметінің басқа да шараларын жүзеге асыруда таптырмас əдіс болды.
Қазақстанда большевиктер 1926-1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық жəне 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген
шабындық жердің 61,6 %-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға жəне 9% ауқатты қожалықтарға берілді. Ф.Голощекин алғаш “Кіші Қазан“ төңкерісін бір ғана əлеуметтік-саяси науқанмен, яғни шабындық-жайылымдық жəне егістік жерлерді қайта бөлумен аяқтай аламын деген пікірде болды. Большевиктер жерге орналастыру жөніндегі бұл шара, əсіресе ауылдағы байға өте тиімді болып отырған жерді дəстүрлі қауымдық (рулық) пайдалануды жояды деп есептеді.
Алайда Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасыз ете алмады. Оның себебі, бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дəстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық жəне жайылымдық жерлерді жəй бөліске салу еш нəтиже бермеді. Екіншіден, шабындық жəне жайылымдық жерді бөлудің өзі дəстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық жəне жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың дəстүрлі шаруашылығында, керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді, яғни көшпелілер үшін жайылымға сұраныс мал басының санына жəне оның құрамына байланысты болды. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі нəтижесінде жерге ие болған ша-
руалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер пайда жоқ еді. Себебі, ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана емес, тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауылшаруашылық құрал саймандарына, егетін тұқым жəне т.б. заттарға өте зəру болды.
Мысалы, 1928 жылы республикада 1927 жылғы есеп бойынша 800 мың қазақ шаруа қожалықтары бар болғаны 124 мың өте қарапайым еңбек құралдарына ие болды. Олар 54 мың соқа, 0,5 мың тұқым себетін машина, 13,5 мың шөп шабатын шалғы, 9,4 мың тырма т.б. Бұл еңбек құралдары сан жағынан алғанда көлге тамған тамшыдай ғана еді жəне оның сапасы да өте төмен болды. Тіпті əлеуметтік тұрғыдан келгенде Петропавл округінде еш құрал-сайманы жоқ шаруа қожалығының мөлшері 95,5%, ал орта шаруа қожалықтары 83,2 % болса, Павлодар округінде 99,45% жəне 85,8 5%, Қызылорда округінде 72,95% жəне 69,15% болған.
Шаруашылық құралдардың жетіспеуі, əрине, кедей қожалықтарын өз үлесінен бас тартып, бөлінген жерлерді бұрынғы иесіне қайтаруға мəжбүр етті. 1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тəркілеу жөніндегі заң жобасын əзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тəркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды.
Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмаков, Г. Тоғжанов, О. Жандосов жəне т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тəркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Республиканың барлық аудандарына тəркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді. Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тəркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар жəне бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды. 1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің “Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі жəне отырықшы аудандарын белгілеу туралы” арнайы қаулысы қабылданып, соған сəйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды.
1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға сəйкес, сонымен қатар тəркіленгендерді жер аударылуға тиісті аудандар да анықталды. Тəркілеуге байланысты декретте əсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа қожалықтарына деген қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы тəркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс болды.
Тəркілеу туралы ереже бойынша жер аударылғандардың бəрі сайлау құқығынан айырылды. Байларды тəркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уəкілдер бастаған комиссия мүшелері тəркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын, яғни байларды тəркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уəкілдің қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа түсірді. Республика көлемінде барлығы 696 “бай-феодалдар” тəркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғы жүргізілген тəркілеу барысы мен оның нəтижелері көрсетіп берді. Алдын ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тəркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тəркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-і ғана. Оның себебі, алдын ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді. Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға мəжбүр болды.
Барлық тəркіленген малдың 10,2% отырықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан жəне 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тəркіленген малдың 118919 басы жеке шаруашылықтарға (74,3%) жəне колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тəркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды. Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тəркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ қоғамының экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да əлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тəркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тəркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды тəркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тəркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне əкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тəркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді. Қазақстанда большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру тəжірибесінде тəркілеу саясатымен шектелмеді.
Шаруа қожалықтарын біртіндеп, ерікті түрде кооперативтендіру арқылы социалистік ірі ауылшаруашылық ұжымына біріктіру туралы 1927 жылы желтоқсанда өткен партияның ХV съезінің шешімдерін жүзеге асыруға кірісті. Алайда үкімет біртіндеп құрылып жатқан колхоздарға материалдық жағынан көмекті күшейту шарасының орнына, керісінше нұсқаулар беру арқылы күштеу əдістерінің кең етек алуына жол ашты. Орталық билік колхоз құрылысындағы біртіндеп өзбетінше жүріп жатқан қозғалысты жоспарлы іс-əрекетке ұластырды. Үкімет органдарының жоспарлаған межелерін партия ұйымдары да қайта талқылады, соның нəтижесінде жоспардың өзі бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Ал енді бес жылдық жоспарды белгілеу кезінде мемлекеттік жоспарлау комитеті бұл жоспардағы санды тағы ұлғайтты. Жергілікті жерлерде жоғары басшылық белгілеген межеден асып түсу үшін күрес басталды. Оның күшеюіне Қазан революциясының 12 жылдық мерекесіне орай «Правда» газетінде жарияланған Сталиннің “Ұлы бетбұрыс жылы” деген мақаласы түрткі болды. Сталин “шаруалар жаппай мақтау тұтып келген жеке меншік туын лақтырып тастап, ұжымдастыру рельсіне көшуде” деген пікір айтты.
Ал 1929 жылы 10-17 қарашада өткен БК(б)П Орталық Комитетінің пленумында Молотов та келесі жылы тек “ұжымдастырылған облыстар ғана емес, ұжымдастырылған республикалар туралы да айтуға болады” деген көзқарасты білдірді.1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны жəне мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта жəне төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; екінші топқа елдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа жатқызылды. Алайда, Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай, ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. Голощекин Жер халық комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) жəне РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жіберген жеделхатында 1929-1930 жылдары республикада ұжымдастыруды күшейту үшін жоспардың қайта қаралғанын, сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті. Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды.Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды. Шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың жеделдетілген қарқыны күштеп жүзеге асырылды. Ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында еріктілік, қоғамдастыру принциптері толық бұрмаланды. Ұжымдастыруға байланысты жүргізілген шараларда кімнің осы шараға қарсы екенін айқындау бірінші орынға қойылды. Кімде-кім қарсы болса, ол тіптен кедей шаруа болса да, тап жауы қатарына жатқызылды. Ұжымдастырылған шаруашылықтарға жұмыс күші болып саналатын малды ғана қоғамдастырудың орнына, барлық малды түгелдей алу шаралары жүргізілді. Күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы ұжымдастыру шаралары тездетілді. Күштеп ұжымдастырушылар қазақ қоғамындағы дəстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске алмады. “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын”, “Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ”, “Социализмде сотқа тартылмаған адам болмайды” деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне жетті. Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызында қабылданған “Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы” қаулысында партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды.
Большевиктік орталық билік ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бəрін дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нəтижесінде болып жатқаны мойындалмады. Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда əлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары қарқынмен жүргізілді.
КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған “Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту жəне кулактармен күрес шаралары туралы” қаулысы негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды. Шаруа қожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.
Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар арасында орташалар, тіптен кедейлер де болған. 1928-1929 жылдарда бай-кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аластатылды. Ал енді 1928 жылғы
тəркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны тек 696 ғана болғанын ескерсек, бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сандарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын органдардың саны өте көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті кулактар екенін, ал қалғаны қатардағы еңбекшілер екенін мойындаған. Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана
1929 жылдың өзінде Қазақстанда 30-дан астам үлкенді-кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір, Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады. 1929-1930 жылдар аралығындағы қыс айларында наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мəжбүр болды.
1929-1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының Кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді əскери күшпен басып жаншыды. Кеңес үкіметі сонымен қатар көшпелі жəне жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын жаппай отырықшылыққа көшіріп, бұрын болмаған əлеуметтік тəжірибеге жол берді. Мұның бірден-бір себебі, астық мəселесін күрделендірген гипердинамикалық индустриалды даму жоспары болды. Өндірісте істейтін миллиондаған жұмысшылар мен қызметкерлерді тамақпен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Ал Қазақстанда астықты аудандарды ұлғайту мəселесі егін егуге қолайлы жерлерді жайылымға пайдаланып отырған көшпелі шаруашылықпен қарама-қайшы келді. Міне, осы кезде көшпелі жəне жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын жаппай отырықшылыққа көшіру жүзеге асырылды жəне ол ұжымдастырумен қатар жүрді. Отырықшылыққа көшетін қазақтарды үймен қамтамасыз ету мəселесі өте қажет жəне бірінші тұрған міндет деп санамады. Керісінше олардың өз киіз үйлерін пайдалануға болады деп есептеді. Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Əсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады.
Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дəстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдың көп бөлігі үкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VІ Пленумында 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын мойындауға мəжбүр болды. Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат əкелді. Күшпен ұжымдастырылған жəне материалдық жағынан өте əлсіз шаруашылықтар күйзеліске ұшырап, нəтижесінде 1932-33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Сол кездегі мəліметтерге қарағанда аштық жайлаған аудандарда халық баудай түсіп қырылған. Аштықтан өлген адамдарды жинап, көмуге мүмкіндік болмаған. Аштықтың салдарынан адам етін жеу фактілері де өте көп болған. Осындай жантүршігерлік көріністер туралы мəліметтерді зерттеушілер тəуелсіздік алғаннан кейін архив қойнауынан алып жариялады. Аштыққа ұшыраған қазақтар босқын болып, елден шет аймақтарға үдере көшті. Қазақстаннан шет аймақтарға кеткен қазақ босқындарының ауыр да жанкешті тұрмысы туралы да деректер жеткілікті. Зерттеушілер 1930-1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда 1,3 млн. адамға жеткізеді.
Қазақтардың аштықтан қырылуы жəне шет аймақтарға үдере көшуі нəтижесінде халық саны күрт азайды, яғни демографиялық апатқа əкелді. Мысалы, 1937 жылдың басында халықшаруашылығы есебінің бастығы М. Саматовтың Л. Мирзоянға берген мəліметі бойынша 1930 жылдың 1 маусымы мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген. Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест жəне Қызыл жарты ай қоғамының баяндама хаттарынан жəне Ресейдің басшы мемлекет қайраткері ретінде жергілікті жерлерден Мəскеуге келіп түсіп жатқан басқа да мəліметтерден хабардар болған Т. Рысқұлов, көп кешікпей-ақ Сталинге хат жазады.
Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің жəне “Бесеудің хаты” толықтырады. Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастырудың осындай зардаптары сталиндік басшылықты біраз сескендірді. 1932 ж. 17 қыркүйекте “Ауыл шаруашылығы туралы” қаулы қабылданып, Қазақстан мал шаруашылығындағы “кемшіліктерді түзеу” бағыты белгіленеді. Алайда қаулы өлкелік комитеттің жүргізген саясатын айыптамады, тіпті, ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ. Қаулы егіншілік аудандарында жеке меншікте 2-3 бас сиыр, 10-20 бас қой, ал мал шаруашылығы аудандарында 100 бас қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10 жылқыға дейін ұстауға рұқсат берді. Қазақстанда 624 ферма таратылды.
Жойылған тауарлы фермалардан 216370 бас мал колхозшылардың өзіндік шаруашылықтарына пайдалануға берілді. Колхоздар мен совхоздардан 680 мың бас мал шаруалардың жеке меншігіне сатылды. Екінші бесжылдық жоспарды орындау кезінде, яғни 1933-37 жылдары Кеңес үкіметі ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды аяқтау, ауыл шаруашылығын қайта құру, колхоздарды ұжымдық шаруашылық жағынан нығайту міндеттерін белгіледі. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін большевиктік партия республика ауыл шаруашылығын саяси нығайту қажет деп, колхоздар жанынан саяси бөлімдер құрды. 1935 жылы үкімет колхоздарға жерді пайдалануға берді. Осы жылы ТОЗ-дардан ауылшаруашылық артельдеріне көшіру басталды да, 1937 жылы бұл процесс толық аяқталды.
Алайда, бұл жүргізілген шаралар колхоздарды нығайта алмады. Ауылшаруашылық өндірісінің өнімділігін арттырып, мал шаруашылығын өркендете алмады. Керісінше ауылшаруашылық артельдерінің жер пайдалану тəртібін бұзу орын алды. Колхозшылар тарапынан колхоз меншігіндегі жерлерден үй маңындағы жерлерді кеңейту кең өрістеді. Үй маңындағы жерлерді кеңейту көптеген колхоз мүшелерінің колхоз ісіне деген селқостығын күшейтті. Осыған байланысты Кеңес үкіметі колхоз жерлерін тиімді иелену мəселесін көтеруге мəжбүр болды. Колхоздарды одан əрі нығайту шарасының
бір бөлшегі ретінде ауылшаруашылығы артельдерінің тəртібін бұзушыларға қарсы күресті бастады. Үй маңындағы жерлерді өлшеп, артық жерлерді колхозға қайтарды. Большевиктер шаруашылыққа тікелей араласуды тоқтатпады. Мал шаруашылығының артта қалуын тікелей араласу жолымен шешуді көздеді.
1939 жылы 8 шілдеде БК(б)П Орталық комитеті “Колхоздарда қоғамдық малды дамыту шаралары туралы” қаулы қабылдайды. Осы қаулыда колхоздарда екі-үш тауарлы фермалар (оның ішінде біреуі ірі қара мал, екіншісі қой немесе басқа түліктен) құру белгіленеді. Осыған орай колхоздар мал санын арттыруға ынталанады деген есеппен жаңа ет өткізу жүйесін белгілейді. Алайда, бұл негізінен колхоздарды күштеп малдың ұстауға тиімсіз түрлерін
дамытуға итермелеген шаралар болды. Колхоздардың еріктілігі шектелді, əкімшілік басқару жүйесі одан əрі күш алды. Сонымен, Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру жолында жүргізген шаралары тиімді нəтиже бермеді. Керісінше, бұл реформалар шаруалардың еңбекке деген ынтасын жойды. Соған қарамай большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен алға қарай дамыту мақсатында ылғи əртүрлі жаңа шаралар жүргізіп отырды.
Өлкенің қоғамдық-саяси өміріне бағыт-бағдар берген бірінші бүкілқазақтық партия конференциясы 1921 ж. маусымда болды. Ол елдегі экономикалық жағдаймен қатар қоғамдық-саяси өмірдің мəселелерін қарастырып, ауылда социалистік құрлысты жүзеге асыруды міндеттеді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен кеңестерді құру мəселесін қолға алды. 1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті кеңестерге сайлау ережесін бекітті. Осы ереже бойынша селолық, ауылдық жəне қалалық кеңес депутаттарының мерзімі 6 ай болды. Губерниялық, уездік жəне болыстық атқару комитеттері 6 айға, ал ҚОАК-ті - 1 жылға сайланды. Кеңестердегі халық өкілдерінің нормаларын көбейтті. 150 тұрғындары бар ауылдарда кеңестер құрылды, яғни 50 тұрғынға бір депутат сəйкес келді. Бұрын кеңестер 300 тұрғындары бар ауылдарда құрылуға тиіс еді. Республикадағы Кеңес үкіметін құру үрдісі өте қиын жағдайда жүрді. Большевиктер үшін капиталистік елдер қоршауында тұрып социализмді экономикасы артта қалған елде жүзеге асыру өте күрделі болды. Сонымен қатар социализм идеясы қазақ қоғамына жат еді. Соған қарамай Кеңес үкіметі тұтас Ресей аумағындағы халықтарды біріктіруге күш салды. Ресейдегі халықтарды біріктіру мəселесі партияның Орталық комитетінде талқыланды. Бұл мəселе бойынша екі пікір болды. Сталин «автономизация» идеясын ұсынды, яғни барлық ұлттарды, барлық кеңестік республикаларды РКФСР құрамына автономия құқында ендіру. Ленин кеңестік республикалар одағын құруды ұсынды.
1922 жылы Орталық комитеттің қазан пленумында Украина, Белоруссия, Закавказ республикалары жəне РКФСР арасында КСРО құру жөнінде келісім жасау қажет деп қаулы қабылдады. 1922 жылы 30 желтоқсанда Мəскеуде КСРО Кеңестерінің бірінші съезі болды. Съезд КСРО құрылғандығы туралы декларацияны жəне одақтық келісімді қабылдады. Съезд ең жоғарғы заң шығарушы орган КСРО ОАК сайлады. Қазақстан КСРО құрамына РКФСР құрамындағы автономиялық республика болып енді. Алайда, республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі толғағы жеткен мəселелерді шеше алатын, жергілікті халыққа түсінікті жəне де жақын кеңестік мемлекеттік аппарат құру өте қиын болды. Жаңа кеңестік əкімшілік аппаратына жұмысқа тартуға жарайтын, жергілікті халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар өте аз болды. Əкімшілік орындарындағы еуропалық ұлт өкілдерінің көбісі шовинистік пиғылдағы қызметкерлер болды. Олар жаңа биліктің жергілікті халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына сай жұмыс істеуін қамтамасыз етпеді.
Кеңес үкіметі əкімшілік басқару орындарын жергіліктендіру - қазақтандыру саясатын жүзеге асыруды қолға алды. Алғашқы кезде Кеңес үкіметі амалсыздан Алаш зиялыларын өлкедегі кеңестік қызметтерге пайдалануға мəжбүр болды. Себебі, қазақ зиялы қауымының басым бөлігі алашордалықтар болды. Сондықтан да большевиктердің бұрынғы партиялылығы мен саяси белсенділігін есепке ала отырып, көптеген зиялыларды жұмысқа тартуына тура келді.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жергіліктендіру шаралары кеңес жəне партия аппараттарында қазақтардың үлесін көбейту түрінде көрініс берді. Алайда, Қазақстанға Ф. Голощекиннің басшы болып келуіне байланысты оның сипаты өзгерді. Ол жергіліктендіруді бұрын едəуір ауқым алып келген қазақ ұлтының өкілділігі туралы мəселенің орнына қазақ бұқарасының өзін кеңестендіру мəселесіне айналдырды. Яғни, Қазақстанның жаңа басшысы қазақтандыру саясатын ұлттық мəнінен біржолата айырып, оны таптық арнадағы кеңестендіру шараларына қосып жіберді. Қазақ АКСР-нің ОАК-ті қазақ жəне орыс тілдерін пайдалану тəртібі туралы декрет қабылдады. Декретте кеңес үкіметінің заң құжаттарын екі тілде жариялау, жоғарыдан төменге дейін екі тілде қатынас жасау міндеттері белгіленді. Осыған орай Қазақстан өкіметі
барлық халық комиссарлары мен ҚОАК-нің мүшелеріне қазақ тілін жедел игеруге кірісуді ұсынды.
1923 жылы 22 қарашада “Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы” жаңа декрет қабылданып, барлық облыстар мен кейбір уездерде 1924 жылдың 1 қаңтарынан іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұсынды. Бұл науқан көптеген жерлерде қазақтардың орыс тілінен мүлде хабарсыздығынан, ал партия жəне кеңес қызметіндегі еуропалық ұлт өкілдерінің қазақтардан мүлде оқшауланып қалғандығынан, Кеңес үкіметінің амалсыздан жүргізген шарасы еді. ҚОАК-ті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшірудің соңғы мерзімі 1927 жылдың 1 қазаны болып белгіленді. Кеңес үкіметі өлкеде сауатсыздықты жою, яғни өлке тұрғындарының сауатын ашу мəселесін көтерді. Əсіресе, ол үкіметтің 1929 жылы “Сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс туралы” қаулысынан кейін кең өрістеді.
Алайда, сауатсыздықты жою шаралары қаржы тапшылығы, мұғалімдердің, оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеуі сияқты үлкен қиыншылықтарға тап болды. Жастарға білім беруді жақсарту үшін мектептер ашу ісі қолға алынды. 1928/29 оқу жылында 4397 бастауыш, 142 жетіжылдық, 29 екінші сатыдағы мектептер жұмыс істеді. Білім беру саласында ұлттық мектептер жүйесі қалыптаса бастады. 1927 жылы қазақ мектептерінің саны 1600 болды. Алайда осы мектептердің ішінде мектеп үйі барлар саны 40-қа əзер жетті. VІ партия конференциясында мектептердің көбі тек қағаз жүзінде екені, ауылдағы мектептердің үйі жоқ, үйі болса орындықтары жоқ, орындықтары болса оқулықтары жоқ екені атап көрсетілді. Соған қарамастан мектеп жасындағы балаларды оқуға тарту жұмыстары жүргізілді. 1935 жылы мектеп жасындағы балалардың 91% оқуға тартылды. 1935/36 оқу жылында алғаш рет 11 қазақ баласы орта мектепті бітірді.
Кеңес үкіметі Қазақстанда ғылымды қалыптастыру мəселесімен де айналысты. Алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері: 1922 жылы - Денсаулық халкомының қасынан өлкелік химия-бактериологиялық лабораториясы, 1924 жылы - өлкелік өсімдікті қорғау станциясы, 1925 жылы - санитарлық-бактериологиялық институты ашылды. 1932 жылы Қазақстанда 12 ғылыми-зерттеу институттары, 15 тəжірибе станциялары, 186 лабораториялар мен т.б. ғылыми орталықтар жұмыс істеді. Осы кезде КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылып, 1938 жылы КСРО ҒА-ның филиалына айналды. Геология жəне биология ғылымдарының нəтижелері бүкілодақтық көлемде танымал болды.
20-30 жылдары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев шығармалары кең көлемде пайдаланылды. Ақын М.Жұмабаевты замандастары өте жоғары бағалаған. Оның поэзиясы өзінің нəзіктігімен, жаңашылдығымен, адам жанының тазалығы мен сұлулығын терең меңгергендігімен ерекшеленді. М.Жұмабаев өзінің шығармаларында жалпы адамзаттық құндылықтарды, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілікті жырлады. Кеңес үкіметі ұлттық əдебиеттің орнына кеңестік əдебиет пен өнердің қалыптасуына жағдай жасады. Осы кезде социалистік əдебиеттің негізі қаланды. С.Сейфуллин, С.Торайғыров, Б.Майлин, И.Жансүгіров, М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, Ғ.Орманов жəне т.б. кеңестік қазақ прозасы мен поэзиясының көрнекті өкілдері қалыптасты.
1926 жылы кəсіби театр өнерінің алғашқы қарлығашы қазақ драма театры ашылды. Оны Ə.Қашаубаев, Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков сияқты, кейін қазақ театр өнерінің майталмандары болғандар ұйымдастырды. Əнші Ə.Қашаубаев Париж, Франкфурт-на-Майне сияқты Еуропаның ірі қалаларының концерт залдарында өз өнерін көрсетті. Соғыс
қарсаңында республикада қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, республикалық орыс драма театры, қазақ мемлекеттік опера жəне балет театры, ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, республикалық қуыршақ театры жұмыс істеді. Алайда, Кеңес үкіметі таптық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қойды.
Жалпы мəдениетті екіге бөлді: буржуазиялық жəне пролетарлық. Сондықтан да қазақ халқының қалыптасқан дəстүрлі мəдени мұралары, ескі феодалдық құрылыстың қалдықтары деп, ұлттық санадан аластатылды. Сонымен бірге халықтың тарихи санасын жоюға бағытталған шараның бірі 20- жылдардың аяғында ғасырлар бойы пайдаланып келген араб алфавитін латынға ауыстыру, сосын оны 1940 жылы кириллицаға ауыстыру болды. Соның нəтижесінде бір ұрпақтың ғана ғұмырында қазақтар өзінің төл жазуымен дүниеге келген ұлттық рухани мəдениеттің жетістіктерінен айырылды. Бұл жүргізілген шаралардың бəрі де большевиктік тəртіптің күшейгенін, əкімшіл-əміршіл жүйенің толық орныққанын көрсетеді. Большевиктер партиясы демократиялық мемлекет құрамыз, ұлт мəселесін ұлттардың өзін-өзі билеу принциптерімен шешеміз деп көлгірсігенімен, шын мəнінде, олар партияның ықпалын арттыра отырып, бір орталыққа бағынған мемлекет құрды. Большевиктер құрған қазақ автономиясы дербес автономиялық република атанғанымен, Ресейдің бөлінбес бөлшегі болды. Өлкені басқару мəселесі жергілікті ұлт өкілдерінің қолына толық берілмеді.
Шын мəнінде, бұл Қазақстанды кеңестік саяси отарлау еді. Большевиктердің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саясатын ашық айыптап, оның бет пердесін айқындаған М. Шоқай болды. Ол XX ғасырдағы қазақ саяси эмиграциясының тарихын бастаушы болды. Эмиграция сөзінің мағынасы экономикалық, саяси жəне діни себептерге байланысты өз еркімен немесе еріксіз басқа мемлекетке қоныс аударуды көрсетеді. Түркістан саяси эмиграциясы тарихи көрініс ретінде 1917 жылғы Ресейдегі революциялық сілкіністер нəтижесінде пайда болды. Қоқан автономиясы қуылған соң М. Шоқай Францияға қоныс аударады. Онда ол Париждің “Дни”, “Последние новости“ газеттерінде Түркістандағы ішкі саяси жағдайға талдау жасаған мақалаларын жариялайды. 1929-39 жылдары ол “Яш Туркестан“ журналын (117 нөмірі жарық көрді) шығарып, оның беттерінде кеңестік Түркістан мен дүние жүзіндегі оқиғаларға кең сыни талдау жасайды.
Большевиктердің елде кеңес үкіметін орнату жолдары мен əлеуметтік саладағы социалистік қайта құру саясаты қазақ зиялыларының қарсылығын туғызды. Алайда, осы социалистік қайта құру саясатын жүзеге асыру үшін белгіленген реформаларды пікір-талас негізінде талқылап, олардың дұрыс-бұрыстығын анықтаудың орнына партия басшылары, өз көзқарастарын білдірген қазақ партия жəне кеңес қайраткерлерін айыптады. Өлкедегі жалпы большевиктік айыптау жəне қуғындау саясатының ең алғашқысы түрікшілдікті айыптау болды. 1920 жылдың 20-26 қаңтарында Ташкент қаласында Түркістан коммунистік партиясының конференциясы өтеді. Онда мұсылмандар бюросының төрағасы Т.Рысқұлов “Ұлт мəселесі жəне ұлттық коммунистік секциялар” туралы баяндама жасады. Онда Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар ұлт саясатын жүргізу үшін ең алдымен негізі берік саяси ұйым құру қажеттілігі туралы айтылды. Конференция Т. Рысқұлов ұсынысымен жаңа саяси ұйымды “Түрік халықтарының коммунистік партиясы” деп атауға шешім қабылдады. Т. Рысқұловтың түрікшілдік идеяны
жүзеге асырудағы ең батыл қадамы Мұсбюроның төтенше ІІІ конференциясында (1920 жылы 25 қаңтар) “Түркістан автономиялылығы туралы” тезистерін қабылдау болды. Т. Рысқұловтың Түрік республикасын құру туралы идеясы келешектегі түрік мемлекеттерінің конфедерациясын құруға апаратын жол еді. 1917 жылы Түркістан (Қоқан) автономиясын ұйымдастырған Мұстафа Шоқайдың арманы да осындай конфедерациялық мемлекет құру еді. Алайда, большевиктер Т.Рысқұловтың “Түрік республикасын құру” туралы идеясына қарсы шығып, ұлтшыл деп айыптады.
Сталин басшылығымен қазақ зиялыларына тағылған айыптау айдарлары “ұлтшылдықпен” шектелмеді. Сонымен қатар қазақ байлаын тəркілеу саясатын қолдамай, керісінше қазақ қоғамы сілкіністен гөрі көмекке зəру деген көзқарастағы қазақ қайраткерлерінің пікірлерін айыптау кең етек алды. 1929 жылы партиялық үштіктер арыз айту бюросының қызметін күшейтіп, барлық салада партия нұсқауымен “оңшыл жəне солшыл оппортунистік уклонмен” күресу жұмыстарын өте қарқынды түрде жүргізді.
Қазақстанда Голощекиннің ауылда ”Кіші Қазан” төңкерісі қажет деген пікіріне қарсы шыққан С.Сəдуақасов жəне оның пікірлестері жатқызылды. Ал енді Қазақстанда қазақ кеңес жəне партия қайраткерлерін троцкизмге айыптау Троцкийдің 1928 жылы Алматыға жер аударылуына байланысты деуге болады. Алайда троцкистік оппозицияға қазақ қайраткерлерін жатқызу көңілге мүлде қонымсыз еді. Себебі, қазақстандық саяси қайраткерлер троцкизм тұрмақ əлі толық марксизм-ленинизм идеяларын толық меңгермеген еді. Осыған қарамастан 7-партия конференциясында С.Сəдуақасов, Сұлтанбеков жəне Мұстамбаевтар “троцкистік оппозицияның төңірегіне топтасқан негізгі ядро” ретінде айыпталды. Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал жəне ымырасыз болды.
Егерде 1920 жылдардың орта кезіне дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте əртүрлі айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты. Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік “Ақ жол” газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эмиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен “үндес жəне пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлтшыл идеяларды жаңғыртатыны” атап көрсетілді. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай көзқарастағы партияда жоқ зиялы қауым өкілдерін жастарды тəрбиелеуге жібермеу ескертілді.
Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында Ф. Голощекин басында А. Байтұрсынов, Ə. Бөкейханов, М. Дулатов сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты “реакцияшыл, тіптен контрреволюцияшыл” деп бағалады. Кеңес өкіметінің өлкедегі əртүрлі айыптау науқаны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Қуғын-сүргінді ұйымдастыру кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың ортасы болды. Большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы саяси қуғынды бастауының негізгі себебіне тоқталсақ, ол мынандай жағдайға байланысты болды.
Большевиктер ірі байларды тəркілеуге байланысты бас көтерулерді ұйымдастырушылар деп қазақ интеллигенциясын айыптап, оларға қарсы шабуылды бастады. Соның нəтижесінде 1928- жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, əдебиетшілері, əртүрлі саладағы зиялылары жəне Алашорда қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов жəне т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды. 1930 жылдың қыркүйек, қазан айларында ұлттық интеллингенцияның екінші бір тобы (40-қа жуық адам), құрамында Х. жəне Ж. Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж. Ақпаев, Ə.Ермеков жəне өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды.
Көп кешікпей олардың 15-і (Х. жəне Ж.Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, К.Кемеңгеров жəне басқалары) Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-əрекеттердің барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық көрсете алатын зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады. Болшевиктік тəртіп нығайған сайын қоғамдық өмірді толық бақылауға алу күшейді.
1930 жылдардың ортасындағы қоғам мүшелеріне қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін - жазалау саясатын жаппай халыққа қарсы бағытталған террор деуге болады. Жаппай қуғын-сүргінді ұйымдастыру үшін большевиктер социализм жеңісі күш алған сайын тап күресі шиеленіседі деген тұжырымды желеу етті. Елді жаулардан тазарту процесі кезінде большевиктер неше түрлі “террористік ұйымдардың” бетін ашты. Əртүрлі қыспақ пен қысым жасау нəтижесінде террористік ұйым мүшелері өздерінің күнəларын мойындап шыға келді.
Мысалы, 1936 жылы тамызда троцкистік-зиновьевтік террористік орталық жөнінде ашық процесс болды. Бұл іс бойынша Г.Е.Зиновьев, Б.Каменев, Г.Е.Евдокимов, барлығы 16 адам жауапқа тартылды. Жауапқа тартылғандарға С.М.Кировты өлтіруді ұйымдастырды жəне оны жүзеге асырды, Сталиннің өміріне қастандық даярлады, диверсия, шпиондық əрекет жасады деген кінəлар тағылды. Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда бір жылдың ішінде үш іс қарастырылды. Олар Үржар, Пресновка жəне Қарағандыдағы “контрреволюциялық ұлтшыл-фашистік залалдық ұйымдардың” істері болды. Ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі болды.
Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М. Гатаулин, мүшелері А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов болды. Олардың негізгі кінəсі - батылдылығы мен принципшілдігі. Сонымен қатар Гатаулин 1932 жылы Сталинге жазылған “Бесеудің хаты” авторларының біреуі болып табылады. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесінде өздерінің “Мəскеудегі “троцкистік орталықпен” қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын” мойындады. Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, жерхалкомынан, байланысхалкомынан жəне т.б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады.
Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н.Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты қызметкері), Т.Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мəскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Асылбеков, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Нұрсейітов жалғастырды. Өлкенің партия жəне кеңес қызметкерлерін айыптап жауапқа тарту шаралары нəтижесінде көрнекті қайраткерлер: К. Сарымолдаев, У. Құлымбетов, Г. Тоғжанов, А. Лекеров, А. Розыбакиев, Ж. Садуақасов, И. Құрамысов жəне т.б. ұсталып, ату жазасына немесе лагерьлерге ұзақ мерзімге айдалды. Тіпті орталықта не болып жатқанын білмейтіндер тағылған айыптардың еш дəлелсіздігіне қарамай жазаланды. Мəселен, 1938 жылы 27 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрамдық бес азамат “Киров жолдасқа қастандық жасаушылармен ауыз жаласқан саяси қылмыскерлер” болып шығады.
Жауап алу барысында Сайрамда “буржуазияшыл-ұлтшыл топтың” 12 мүшесі анықталып, ол топ “облыстық ұйыммен”, облыс “республикалық топпен байланысты”, ал олардың барлығы “Мəскеумен тоғысты” деген қорытынды жасалады жəне үштіктің шешімімен “қылмыскерлер” атылады. Тергеу ісінің материалдары көрсеткендей айыпталушыларға байланысты қылмыстық-процессуалдық кодекс дөрекі бұрмаланған. Оның бұрмаланғанын төмендегідей дəлелдер көрсетеді: тергеу жұмысы қылмыстық іс қозғау туралы қаулысыз жүргізілген жəне айыпталушылар ешбір негізсіз жəне прокурордың рұқсатынсыз қамалған. Айыпталушыдан жауап алдын ала кінəлі адам ретіндегі көзқарас тұрғысынан алынған жəне көптеген айыпталушыларға ешбір белгілі кінə тағылмай, олар айлап тергеусіз ОГПУ-дің түрмелерінде жатқан. Ал тергеу аяқталған соң айыпталушылар тергеу материалдарымен таныстырылмаған. Айыпталушылар қорғаушы пайдалану құқығынан айырылған. Іс осындай деңгейде, ешбір бекітілусіз, сот емес органдарға жіберілген жəне олар сырттан үкім шығарған.
Жаппай репрессия саясаты нəтижесінде қазақ халқының ең таңдаулы азаматтары, тіпті, олардың ішінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан А. Айтиев, С. Арғыншиев, Т. Рысқұлов, Н. Сырғабеков сияқты қайраткерлер де атылып кетті. Жалпы сталиндік қуғын-сүргін көлемі əлі толық анықтала қой-
ған жоқ. Кей деректерде 1937-1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 1930-50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады.Большевиктік жаппай репрессия саясаты кезінде жекелеген
адамдар ғана емес, кішігірім халықтар да қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шекті.
Ондай жапа шеккен халыққа корейлер жатады. Қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс өлкесінен жер аударылды. Олардың жер аударылу себептерін КСРО ХКК-і мен БК(б)П Орталық комитеті бірігіп шығарған “Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы” қаулысы бір ауыз сөзбен: “Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында…” - деп жауап береді. Қаулыда оларға өздерімен бірге заттарын, дүние-мүліктерін ала кетуге рұқсат етілді.
Тіпті, оларға шет елге кетуді қалайтындарға кедергі жасамау, шекарадан өтуді оңайлату тəртібіне жол беру қажеттілігін де көрсетті. Көшкенде қалдырып кетуге мəжбүр болған дүние-мүліктің жəне егіс алқабының шығынын оларға қайтару шарасы да атап көрсетілді. Алайда айтылғандар тек сөз жүзіне қалды. Көшкен корейлер тек киім-кешек пен азық-түліктерін ғана алып шыға алды. Олар сонымен бірге шекара əскерлерінің жəне НКВД-нің тікелей бақылауында болды. Корейлер Қазақстанға келген соң да күдікті саналып, бақылауға алынды жəне қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан картасында Карлаг деген ерекше тəртіптегі Қарағанды еңбекпен түзеу лагері пайда болды. Тоталитарлық тəртіп туындатқан тағы бір лагерь - Алжир деп аталды. Жаппай репрессияға ұшырағандардың отбасы да қуғындалды. Алжир лагерінде осы қуғынға ұшырағандардың əйелдері ұзақ жылдар бойы мерзімдерін өтеп отыруға мəжбүр болды. Кеңес үкіметі жүргізген қуғын-сүргін саясаты нəтижесінде осы қуғынға ұшырағандарды орналастырып, оларды бақылайтын басқару органы ГУЛАГ пайда болды.
Елдегі осындай қуғын-сүргін мен қорқыныш күш алып тұрған жағдайда КСРО жаңа Конституциясының жобасы талқыланып, 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданды. Конституция елде социализм орнағанын жария етті. КСРО жаңа Конституциясы одақтас республикалар санын көбейту мүмкіндігін арттырды. Соған сəйкес Закавказ республикасы таратылды. Азербайан, Армян, Грузин республикалары енді КСРО құрамына тікелей енді. Қазақ жəне Қыр-ғыз автономиялық республикалары одақтас республикаларға айналды. Қазақ республикасының мəртебесінің өзгеруіне байланысты жаңа Конституция жасау қажет болды. 1937 жылы 3 ақпанда жаңа Конституция жобасын ҚазОАК-нің Президиумы қолдады.
1937 жылы 21-26 наурызда Алматыда Қазақстан кеңестерінің X съезі өтті. 1937 жылы 26 наурызда съезд Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органы төрт жылға сайланатын Қазақ КСР Жоғары Кеңесі болды. Жоғарғы Кеңес өзінің Президиумын сайлады жəне республика үкіметі - Халық Комиссарлар Кеңесін (ХКК) құрды. Конституцияда республика аумағының тұтастығы негізделді. Қазақ КСР-ның əрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды.
Сонымен, қорыта айтқанда, 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдары əкімшіл-əміршіл большевиктік тəртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында үстем болды. Əсіресе, Қазақстанда бұл тəртіптің өте ұсқынсыз, қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды. Елде большевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай “үлкен террор” ұйымдастырылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет