Лекциялар жинағы алматы ерте және орта ғасырлардағЫ Қазақстан



бет35/40
Дата10.05.2023
өлшемі0,56 Mb.
#91604
түріЛекция
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   40
Байланысты:
Kazahstan taryihy -2022-2023 (1)

1946-1970 ЖЖ. ҚАЗАҚСТАН.
1970-80-ШІ ЖЖ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫҚ - ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨМІРІНДЕГІ ДАҒДАРЫС ТАРДЫҢ ПІСІП-ЖЕТІЛУІ



  1. Соғыс­тан кейінгі Қазақстан­ның қоғам­дық-са­яси өмірі мен рес­публи­ка эко­номи­касын қай­та құру (1945–1950 жж.)

  2. Мәде­ни­еттің да­муы. Ғылым мен мәде­ни­ет­ке ста­линдік қыс­пақ. Е. Бек­ма­ханов ісі (1951–1952 жж.)

  3. Тың және тыңайған жер­лерді иге­ру (1954–1958 жж.)

  4. Рес­публи­каның 1950–1960 жыл­да­рын­дағы ин­дуст­ри­ялық да­муы

  5. 1950–1960 жыл­дардағы ауылшарушылық саласындағы ре­фор­малар

6. Қазақстан «ке­мел­денген со­ци­алистік қоғам» ке­зеңінде (1965–1985 жж.)

Қоғамдық-саяси жүйеде 20-жылдардың ортасында орныққан қатаң əкімшіл-əміршілдік жүйе 40-50 жылдары шарықтай түсті. Бұл қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласынан көрініс тапты. Адамның табиғи құқығын шектеу, ұлттық мүддені ескермеу,мемлекеттік басқару жүйесіне ықпал жасау сияқты олқылықтардың шегі болмады. Қоғамдық-саяси жəне мəдени өмір орталықтан басқарып отырған Коммунистік партияның қатаң бақылауына алынды. Сталиннің жеке басына табыну қоғамдық өмірде берік орын алды. Үкімет басшылары түрлі желеулермен заңдылықтарды өрескел бұзып, мемлекеттік билікті теріс қолданып жатты. Оған өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға жаңа науқан ашқан БКП (б) Орталық Комитетінің 1946 жылдың 14 тамыздағы «Звезда» жəне «Ленинград» журналдары туралы қаулысы бұл құбылыстың нақты дəлелі бола алады. Қазақстан партия комитеттері өз жұмысын аталмыш қаулының аясында жүргізді.


Мəскеу мен Ленинградта «Лениградтық іс», «Дəрігерлер ісі» жүргізіліп жатқанда Қазақстанда талантты тарихшы «Бекмахановтың ісі» ұйымдастырылды. Е.Бекмаханов соғыс жылдары А.П.Кучкин, А.М. Панкратова, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин жəне тағы басқа кеңес тарихшыларымен бірлесіп Қазақ КСР тарихын даярлаған болатын. Кітап 1943 жылы баспадан жарық көрді.
Алғашқыда еңбек жоғары бағаланғанына қарамастан, көп ұзамай сынға алынып, əсіресе, кітаптағы ұлт-азаттық көтерілістерге берілген баға қызу айтыс тудырды. Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген көлемді еңбегі де сынға ұшырады. 1950 жылы «Правда» газетіндегі «Қазақстан тарихының мəселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін» деген мақалада Е.Бекмаханов еңбегі айыпталды. 1951 жылы 10 сəуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Правда» газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, «Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын айыптады». Қаулыны жүзеге асыру барысында тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов Ғылым академиясындағы қызметінен босатылып, барлық ғылыми атақтарынан айырылып, 1952 жылы 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. Е.Бекмахановпен қатар республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Б.Сүлейменов, Е.Смайлов, жазушы Ю.Домбровский осындай жалған айыптармен жазаланып, сондай-ақ Ə.Марғұлан, Ə.Əбішев, С.Бегалин секілді ғалымдар мен жазушылар саяси жəне буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды.
1948 жылы «космополитизммен», яғни шетел мемлекеттерінің мəдениетіне көңіл бөлушілермен күрес науқаны басталды. Космополитизм науқанында Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ халқының мақтанышы болып келген Шортанбай, Шəңгерей, О.Қарашев феодалдық-реакцияшылдар деп танылып, ал кейінгі кеңес əдебиетшілері - Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ə.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов ұлтшылдар ретінде қудаланды. Ғылым Академиясының президенті Қ.Сəтбаев «Едіге батырға» алғысөз жазғаны үшін “ұлтшыл” атанса, М.Əуезов 1945 ж. жарық көрген «Абай өмірінің жəне творчествосының биографиялық очеркі» еңбегінде Абайды «феодалдық ақындар Шортанбай, Мəшһүр Жүсіп Көпеев ортасында суреттегені үшін» қудаланады. Екі зиялыға да осындай орынсыз кінəлар тағылғаннан кейін, Мəскеуге қоныс аударуға мəжбүр болды. «Космополиттер» қатарына белгілі шығыстанушы, академик В.В.Бартольд та енгізілді. Оған “араб, иран, қытай мəдениеттерін жоғары көтерген” деген мағынадағы кінə тағылды. Сонымен қатар 1946 жылы А.Маметованың “Абай Құнанбаев” атты əдеби еңбегіне де космополиттік деген кінə тағылып, басылымнан алынды. 1952 жылы баспадан С.Мұқановтың “Балуан Шолақ”, С.Мұқанов алғысөз жазған Қ.Аманжолов пен Х.Бекхожиннің
“Батырлық эпосы”, Қ.Сатыбалдиннің “Əлия”, М.Хакимованың “Мəншүк” еңбектері қайтып алынды. Осылайша соғыстан кейінгі жылдарда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген ұғымды əкімшіл-əміршілдік жүйе тұншықтырып тастады. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. Сталиннің өз кезінде жоспарлаған Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология, этнография институтын, тіл жəне мəдениет институтын, Кеңестік жазушылар Одағын “ұлтшылдардан” тазалау саясаты тоқтатылды. 1953 жылы мамыр айынан бастап социалистік қоғамдағы қайшылықтар, жеке тұлға мен халықтың тарихтағы рөлі, Сталиннің жеке басына табыну мəселелері төңірегінде алғашқы пікірлер айтыла бастады. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, əкімшіл-əміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. “Үштіктер”, “Бестіктер”, “Ерекше кеңес” жойылып, ГУЛАГ МҚК-не берілді. Л.П.Берияның қылмыстық іс-əрекетін үзілді-кесілді тоқтату қоғамдық өмірді демократияландыру жолындағы маңызды кезең болды. Бірақ бұл - əкімшіл-əміршіл жүйенің күйреуі емес болатын. Сотталған адамдар бұрынғыша лагерьлерде отырды, ал адам құқығының аяққа басылуына Сталиннің өзі сияқты қатысы болған көптеген саяси қайраткерлер жоғарғы өкімет орындарын
да отыра берді. 1954 жылы Қазақстандағы тың жəне тыңайған жерлерді игерудің басталуы республикадағы қоғамдық өмірге үлкен əсерін тигізді. Тың жерлерді игеру науқаны барысында кадрлар өрескел түрде алмастырылды. Он жылдың ішінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы алты рет өзгертілді. Бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтың орнына КСРО мəдениет министрі П.Понаморенко тағайындалды. Ал үкімет басындағы Н.Оңдасынов орнына Д.Қонаев келді. 1955-1957 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Л.И.Брежнев П.Понаморенконың орнына көтерілді. Кейінгі басшылар: Н.И. Беляев (1957-1960), Д.А.Қонаев (1960-1962), И.Юсупов (1962-1964) болды. Бұл науқан барысында тағайындалған басшылардың көбі қазақ тарихын, ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нəтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптар алып келді. 1956 жылы 14 ақпанда Мəскеуде КОКП-ның ХХ съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табыну айыпталды. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін əшкерелеп, талдау жасауға тырысты. “Жеке басқа табынушылық жəне оның салдары” туралы мəселе 25 ақпанда съездің жабық мəжілісінде көтеріліп, съезд өткен соң, жарты жылдан кейін, 30 маусымында “Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою” жөнінде қаулы қабылданды. Н.С.Хрущевтің ХХ съездегі «Сталиннің жеке басына табынушылығын əшкерелеу” туралы баяндамасының толық мəтіні 33 жыл өткен соң ғана 1989 жылы жарық көрді. Тарихта “жылымық” деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, əміршіл-əкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қоғамдағы кеңес жəне қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін туғызды. Нəтижесінде мыңдаған кінəсіз сотталған адамдар лагерьлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-1950 жылдары істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-1956 жылдары партия қатарынан шығарылған 5456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған аумақтарда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е.Бекмаханов, Қ.Сəтбаев, М.Əуезов еліне оралды. К.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Кенебаев партия қатарына қайтадан алынды. Əйтсе де, Н.С.Хрущев пен оның төңірегіндегілердің Сталиндік тəртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар əбден орныққан əміршіл-əкімшілдік жүйені толық жойған жоқ. Əлі де кінəсіз сотталған адамдар түрмелерде қалды. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтаңдақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ə.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов жəне т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси əділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау жəне тағы басқа көптеген мəселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді. Қайта құрулар соңына дейін жеткізілмеді. Сталиннің өлімінен кейін жасалған іс-əрекеттің жартыкештігінің салдарынан бір жағынан депортацияға ұшыраған башқұрттар, қалмақтар, шешендер, ингуштар мен қарашайлықтардың автономиясы қалпына келтірілсе, ал, екінші жағынан қырым татарлары, немістер, месхет түріктеріне өз автономиясын қайта құруға əкімшіл-əміршілдік жүйе тыйым салды. Əкімшіл-əміршіл жүйені мойындаған қазақ зиялыларына біраз кешірімдер жасалғанымен тоталитарлық тəртіп зиялыларды бақылауын тоқтатпады. Мысалы, 1953-1954 жылдары М.Əуезовтің “Ақын аға”, Қ.Шаңғытбаевтың “Намыс” жəне т.б. еңбектері басылымнан алынып, жариялануға тыйым салынды. 1956 жылы 19 желтоқсанында КОКП Орталық Комитеті жергілікті партия ұйымдарына “Партия ұйымдарының бұқара арасындағы саяси жұмысын күшейту жəне жау элементтердің антисоветтік бас көтеруіне тыйым салу жөнінде” арнаулы жабық хат жолдады. Сөйтіп, тұтқындау науқанының жаңа кезеңі басталды. Саяси тұрғыда басқаша ойлаушылар қоғамның қайшылықтарын ашық айтқандары үшін қудаланды. Бір ғана мысал, 1956 жылы белгілі тарихшы Э.Н.Бурджалов “1917 жылғы наурыз-сəуір айларындағы большевиктердің тактикасы” атты мақаласы үшін қызметтен алынып, қудаланды. Ал, 1957 жылдың 3 айында ғана “Советтік шындықты бұрмалағаны үшін” жəне өткенді қайта қарағаны үшін 100-ден астам адам тұтқындалды. Мұндай келеңсіздіктер 60- жылдары да қоғам өмірінен орын алды. 1960 жылы Қазақстан жазушылар одағы республика компартиясының төрағасына С.Торайғыровтың творчествосын қайта қарау туралы ұсыныс жіберді. Екінші жіберілген хатта Шəкəрім творчествосын қайта қарауға рұқсат сұрады. Бұған жауап ретінде республика компартиясы 1961 жылы Қазақстан жазушылар одағының қызметін қанағатсыз деп тауып, ұлт мəселесін көтерушілермен күресті жандандырды. Осы жылдары, керісінше, орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мəселесі өте маңызды болды. Коммунистік идеологияны басшылыққа алған Н.С.Хрущев республиканың барлық өміріне тікелей араласты. Қазақстанның оңтүстік аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мəскеуге бағындырылды. Ақмола - Целиноградқа, Батыс Қазақстан - Орал облысына ай-
налды. Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, əсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу - тəртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды. 1963 жылы Мəскеуде оқитын қазақ жастарының бір тобы Б.Тайжанов, С.Ақатаев, М.Тəтімов, М.Əуезов бас болып “Жас тұлпар” атты ұйым құрды. Мақсаты - қазақ жастарының ұлттық санасын ояту. Мұндай ұйымдар кейінірек Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Қарағандыда, Ақмолада, Семейде, Шымкентте жəне басқа жерлерде пайда болды. Қазақстанды орталықтан басқару ұлттық егемендікті толығымен шектеді. Əсіресе, экономиканың əскери сұранысқа сай бейімделуі
қоғамға теріс ықпалын тигізді. 1949 жылы 29 тамызда Семей, Павлодар жəне Қарағанды облыстарында салынған ядролық сынақ полигоны орны толмас адам өмірі мен экологиялық жəне қаржылық шығын əкелді. 1963 жылға дейін полигонда ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды. Н.С.Хрущев мемлекеттің “коммунизмге өтуіне байланысты” жаңа Конституцияның жобасын жасауды ұсынғаннан кейін, 1961 жылы Конституциялық комиссия құрылады. Бұл комиссияның жо-
балары 1977 жылы КСРО Конституциясын жасауда пайдаланылды. Сол жылдардағы конституциялық заңдарда жазылған демократия талаптары іс жүзінде жүзеге аспады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Кеңесіне бағынды. Сонымен бірге Жоғарғы Кеңес тек бір палатадан тұрды, яғни балама болмады. Конституцияда тəуелсіз деп көрсетілгенімен, құқық қорғау, прокуратура органдары да орталыққа бағынды. Ал биліктің тармақтары: заң шығару, атқару,
сот-тергеу, прокуратура Коммунистік партияға есеп беріп, бұйрықтарын орындап отырған. Ешбір кеңестік заңда бұл процесс заңдастырылмағанымен, іс жүзінде əкімшіл-əміршіл жүйе билік құрды. Депутаттарды сайлау науқандары да демократиядан мүлдем алшақ еді. КСРО Жоғарғы кеңесіне 20 мың адамнан біреу, облыстық кеңеске 5-8 мың адамнан - біреу, аудандық кеңеске 1000 адамнан - 1 таңдау негізінде жүргізілді. Дауыс берушілер іс жүзінде депутаттарды көрмеді, білмеді. Дауыс беру тек сөз жүзінде жүргізілді. Депутаттарды халық таңдамады, жергілікті əкімшілік органдар “тағайындады”. Сайлаған депутаттар өз міндеттерін білмеді. Депутаттар орындауға тиісті мəселелерін атқару комитеттеріне өтініш ретінде беріп отырды. Саяси қателікке толы Хрущев қызметінің соңы 1964 жылдың қазан айында аяқталды. КОКП-ның Орталық Комитетінің Пленумында 1-хатшы қызметіне Л.И. Брежнев сайланса, ал Министрлер Кеңесінің төрағасы болып А.Н.Косыгин тағайындалды. Олардың ізін ала Қазақстан КП ОК 1- хатшысы болып Д.А. Қонаев сайланды. Соғыстың зардабы мəдениет саласының дамуында да үлкен қиыншылық тудырды. Республиканың интеллигенция өкілдері, мəдениет қайраткерлерінің соғысқа алынуы, мəдени мекемелер, оқу орындары мен мектептердің санының азаюы елдің мəдени даму үрдісіне кедергі келтірді. Аталған кезеңде дүниеге келген шығармаларда тек майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер мен ауыл еңбеккерлерінің өмірі бейнеленді. Олардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, Ə.Нұрпейісовтың “Курляндия”, С.Мұқановтың “Сырдария”, Ғ.Мұстафиннің “Миллионер” еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар республика əдебиеті жазушылар Ə.Нұрпейісовтың, Т.Ахтановтың, Б.Момышұлының, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің; ақындар Қ.Аманжоловтың, Х.Ерғалиевтің т.б. жаңа шығармаларымен байыды. М.Əуезовтің “Абай жолы” романы дүние жүзіне танылды. М.Төлебаевтың “Біржан мен Сара”, Брусиловскийдің “Дударай”, Қ.Қожамияровтың “Назугул” опералары Қазақстанның музыкалық мəдениетінің алтын қорына кірді. 1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы ашылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.И.Сəтбаев сайланды. Ғылым Академиясының толық мүшелері болып көрнекті ғалымдар - М.Əуезов, Ə.Бектұров, М.И.Горяев, А.Қ.Жұбанов, Н.Г.Кассин, Н.Т.Сауранбаев, мүше-корреспонденттеріне Н.О.Базанова, Р.А. Барукаев, Ə.Х.Марғұлан, М.И.Усанович жəне т.б. сайланды. 50- жылдардың аяғында Қазақстан Ғылым Академиясының жүйесінде 50 ғылыми зерттеу институты жұмыс жасады. 1958 жылы Орталық Қазақстанның кешенді металлогендік əрі болжамдық картасын жасағаны жəне оның əдістемесін зерттегені үшін ғалымдар: И.И.Бек, Р.А.Борукаев, Г.Ц.Медоев, Д.Н.Казанин, Қ.И.Сəтбаев жəне басқалары Лениндік
сыйлыққа ие болды. Ал жоғары оқу орындарының құрамына тоқталар болсақ, 50- жылдары 13 институт: Семейде - малдəрігерлік-зоотехникалық жəне медициналық, Қарағандыда - медициналық, политехникалық жəне педагогикалық, Атырауда, Қостанайда, Шымкентте жəне басқа жерлерде педагогикалық институттар ашылды. Соғыстан кейінгі жылдарда мектепте білім беру ісі тоталитарлық тəртіптің ықпалынан шықпады. Партия, комсомол жəне пионер ұйымдары, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. Оқу-тəрбие процестерін саясаттандырумен қатар жалпы көрсеткішті қудалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайлы қарауы орын алды. Осының салдарынан 20 жылдың ішінде (1950-1970) қазақ мектептерінің саны 3891-ден 2577-ге дейін азайды, ал сабақ орыс тілінде жүретін орыс мектептерінің саны 1,5 мыңға көбейді. Қазақ тілі тек тұрмыстық қолданыс дəрежесінде сақталса, орыс тілі негізгі мемлекеттік тіл ретінде қолданылды. Кітаптардың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирде тек орыс тілінде жүргізілді. Кеңестік тəртіптің бұл қылмысының нəтижесінде қазақ халқының ұлттық мəдениетінің аясы жылдан-жылға тарылып, тіпті ұлттық аумаққа қауіп төнген жағдайлар орын алды. Сонымен, қаралған жылдары республикада интернационализм түсінігі үстем идеологияға айналды. Ұлттық мəселелердің барлығы тек интернационалдық тəрбиені жақсарту арқылы шешіледі деген түсінік негізінде ұлыдержавалық шовинизм жатты. Ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана үстемдікке ие болып, көбірек дəріптелді.
Соғыстан кейінгі жылдары Кеңестер Одағында экономикалық саясатты жаңартып, жаңа экономикалық даму жолына түсу мəселелері төңірегінде əртүрлі пікірлер айтылды. 1947 жылға дейін Сталин халық шаруашылығының даму бағытына байланысты дəйекті шешім қабылдамады. Ұлы Отан соғысының
аяқталуымен Кеңестер Одағы мен Батыс мемлекеттері арасында орын алған алшақтық Сталиннің соғыстың алдыңғы жылдары қалыптасқан экономикалық жүйені қалауына əсер етті. Ендігі жерде кеңестік басшылар социалистік экономиканы нығайту негізі ретінде бірнеше бағыттарды белгіледі. Олар: ауыр өнеркəсіп, əскери өнеркəсіп кешенін дамыту; Одақтық республикалар экономикасын орталықтан басқару; еңбеккерлердің еңбек етуге ынтасын арттырудың орнына мəжбүрлеу əдістерін қолдану. Соғыстан кейінгі алғашқы 1946 жыл ауыл шаруашылығы үшін қиын жыл болды. Соғыстың ауыр зардаптары салдарынан Молдавия, Украина, орта қаратопырақты аудандарда, Төменгі Поволжьеде жəне т.б. аудандарда аштық орын алды. Қазақстанда орта есеппен 1 га-дан 4 ц. астық алынып, астық салынбаған аудандардағы шығындар Қазақстан астығы арқасында толықтырылды. Осы жылғы жиналған астықтың 56% мемлекетке тапсырылған. Ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтардан арылу мақсатында 1946 жылдың желтоқсанында КСРО Министрлер Кеңесі КСРО-ның шығыс аудандарында егін егетін жер көлемін ұлғайту жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулы негізінде егін егетін жер көлемін 10 млн. га көбейту көзделді. 1950 жылы 1946 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы егістік көлемі 1 млн. 173 000 га. артады. Осы шаралардың нəтижесінен кейін Қазақстанда жиналған астық көлемі біршама көтерілді. Бірақта егістік көлемі көбейгенімен егін егу сапасы төмен күйінде қала берді. Осының салдарынан 1953 жылы жоспарланған 8 млрд. пұт орнына 5,6 млрд. пұт қана астық жиналды. Республиканың мал шаруашылығы да ауыр жағдайда болды. 1951 жылдың өзінде ірі қара саны 4,5 млн. (1928 жылы 6,5 млн болған); жылқы 1,5 млн. (3,5 млн), түйе 127 мың (1 млн.) болды. Тез өсетін қой саны ғана 1928 жылғы санына жақындады: 1951 жылы 18036 мың қой болды (1928 жылы 18566 мың). Ауыл шаруашылығындағы қиын жағдайға қарамастан, республикадан жаудан азат етілген республикаларға көмек ретінде ақысыз 17,5 мың ірі қара, 22 мың жылқы, 350 мың қой жəне арнайы жеңілдетілген бағамен 500 мың мал жіберілді. Ауыл шаруашылығы жұмысшыларының еңбекақысы өте төмен болды. Өйткені, мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасы өте төмен еді. Мысалы, астық бағасы өз құнының сегізден бір бөлігін ғана жапты. 1946 жылы мемлекет 1 колхозға 143 000 сом ақша жұмсаса, 1950 жылы 170 000 сом ақша жұмсаған. Сондықтан колхозшының айлық еңбекақысы 40 сом болды, немесе тек 60% колхозшының бір күндік жұмысына 1 кг астық тиесілі болса, қалғандарынікі бұдан да төмен болған. Шаруаның колхоздан алған жалақысына күн көруі мүмкін болмағандықтан, оның негізгі күнкөріс көзі - өзінің ауласындағы жер болды. Осыған байланысты республика ауыл шаруашылығы халықтың азық-түлікке, өндірістің шикізатқа сұранысын қанағаттандыра алмады. Республика ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығарудың 2 жолы болды. Бірінші жолы - өндірістік қатынастарды қайта қарау, нақтырақ айтқанда, осы уақытқа дейінгі жүргізіліп келе жатқан бағыттан бас тарту, жерді жеке меншікке беру, нарықтық қатынасқа көшу, осы арқылы ауыл еңбеккерлерінің өз еңбегінің нəтижесіне ынтасын арттыру. Екінші жолы - ауыл шаруашылығын дамытудың экстенсивті жолы, яғни осы уақытқа дейін жүргізіліп келген бағытты сақтай отырып, оны жеделдету жолы. 1953-1964 жылдары КОКП ОК-нің бірінші хатшысы жəне Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.С.Хрущев тұсында ауыл шаруашылығының қатаң басшылығынан, орталық жоспарлауды колхоздар мен совхоздардың тəуелсіздігімен ұштастыруға бағыт-
талған талпынушылық байқалды.
Оның негізі 1953 жылы КОКП ОК-нің қыркүйек Пленумының шешімдері болып табылады. Ұлттық табыс ауылдық жерлердің пайдасына бөліне бастады, салық саясаты өзгерді, ауылшаруашылық өндірісін сатып алу жəне дайындау бағалары көтерілді. Сталиндік қатаң бақылаудан бас тарту көп ұзамай-ақ өз нəтижесін бере бастады. Бірақ та бұл кезеңдегі аграрлық саясат тұрақты болмады.
1954 жылдан бастап тез арада ауыл шаруашылығының тарихта болмаған дамуын қамтамасыз ету үмітімен Қазақстанға тікелей қатысты тың жəне тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Қазақстан басшылығы бұл бастаманы қолдай қоймады.
Осыған байланысты, 1954 жылы 11 ақпанда өткен Қазақстан КП ОК-нің Пленумында бірінші хатшы Ж.Шаяхметов, 2- хатшы Л.И.Афонов босатылып, олардың орнына орталықтан жіберілген Р.К.Понаморенко жəне Л.И.Брежнев сайланды. Жергілікті жердің қазақ басшылары сынға ұшырап, үш айдың ішінде тың өлкесіндегі алты облыстың 1- хатшылары ауыстырылды.
Бұрынғы Кеңестер Одағы, оның ішінде Қазақстанда тың жəне тыңайған жерлерді игеру науқаны 3 кезеңнен тұрады: 1) 1954-1955 жж. 2) 1956-1958 жж. 3) 1959-1965 жж. Тың игеру жылдарында негізінен солтүстік облыстарда жүздеген совхоз орталықтары салынды.
Əміршіл-əкімшіл басшылыққа совхоздар тиімді болғандықтан, тың игерудің алғашқы жылында ғана 300 жаңа совхоз ұйымдастырылса, 1955 жылдың соңына қарай олардың саны 631-ге жетті. Ал 1958 жылдың ақпан айынан бастап колхоздар совхоздарға, МТС-тар жөндеу станцияларына айналдырыла бастады. Тың игерудің тек алғашқы кезеңінде республикаға өзге республикалардан 640 мың адам көшіріліп əкелініп, Қазақстанда 18 млн. га. тың жер, немесе бұрынғы Одақтағы жыртылған жерлердің 60,6% игеріліп, республикадағы егістік көлемі 22,4 млн. гектарға жетті. Осының арқасында 1956 жылы Қазақстан алғаш рет миллиард пұт астық алып, Ленин орденімен марапатталды. Қазақстанның əр азаматына өндірілетін астық 2 мың кг жетті. Оған қоса тың астығы сапалы болғандықтан негізінен экспортқа шығарыла бастады. Орталық басшылық 1956 жылдың ақпан айында өткен КОКП-ның ХХ съезінде Қазақ КСР-нің алдына жаңа міндет - астық өндіруді 5 есе арттыру міндетін қойды. Осыған сай 60- жылдардың ортасына қарай Қазақстанда жыртылған тың жəне тыңайған жер көлемі 25 млн. гектарға жетті. Бірақ та тың игерудің алғашқы жылдарында қол жеткен табыс одан əрі ұштасып кете алмады. Өйткені, жаңадан игерілген тың жерлер 60- жылдардың ортасына қарай өз мүмкіндіктерін сарқи бастаған болатын, осының салдарынан əрбір гектардан жоспарланған 14-15 ц. астық орнына 1954-1958 жылдары 7,4 ц. жиналса, 1961-1964 жылдары - 6,1 ц., ал 1964 жылы - 3,1 ц. ғана астық алынды. Осы кезден бастап еліміз АҚШ, Канада, Аргентина, Франциядан астық сатып алуға кіріседі. Қазіргі таңда экономистер тың жəне тыңайған жерлерді игермей-
ақ, астық өндіру кезіндегі астықты аудандардағы əр гектардан 1 ц. өсірсе, бұл тың игеру нəтижесімен теңескен болар еді,- деген пікірде. Оның үстіне тың игеру жылдарындағы қоныс аудару саясаты елдегі демографиялық жағдайды одан əрі күрделендіріп, бұрынғы Кеңестер Одағының Еуропалық бөлігі үшін де, Қазақстан үшін де тиімсіз сипатта болды. Өйткені, сол кездің өзінде-ақ Одақтың еуропалық бөлігінде жылдан-жылға селолық жерлерде тұрғындар саны азайып, ал біздің республикамызда керісінше, өсіп отырған болатын. Осы ерекшеліктер ескерілмей, онсыз да саны кеміп отырған еуропалық аудандардан тек 1954-1962 жылдары ғана Қазақстанға 2 млн. астам адам көшіріліп əкелінді. Осының нəтижесінде бір жағынан Ресейдің, Украинаның жəне т.б. республикалардың бірқатар аудандарында мыңдаған селолар бос қалды. Екінші жағынан 20-30-жылдары жергілікті тұрғындарға қарсы бағытталған қуғын-сүргін салдарынан күрт кеміген қазақ халқы, енді тыңгерлердің көптеп келуіне байланысты, 1959 жылы санақ бойынша алатын үлесі 30%-ке дейін төмендеп кетті. Тың игеру жылдарында жаппай қоныс аудару науқаны рухани, ізеттілік саласына да үлкен зиян алып келді. Қазақ тіліндегі мектептер саны 700-ге кеміп, қазақ тілінде шығарылатын əдебиеттердің, баспасөздің саны күрт төмендеп кетті. 3 мыңнан астам елдімекеннің аты өзгертіліп, тарихи ұлттық санаға шек қойылды. Тарихта бұрын болып көрмеген көлемді жерді жырту орны толмас экологиялық апаттарға, мал жайылымының күрт қысқаруына алып келді. Тың игерудің алғашқы жылдарында жердің құнарлы бет қыртысы (гомусы) шаң-боранға ұшырап ұшып кетуі салдарынан 18 млн. га астам жер эррозияға ұшырады. Қалыңдығы 1 см. қара топырақтың (гомус) қалыптасуы үшін, кем дегенде 2-3 ғасыр уақыт керек еді. Жайылым азаюы салдарынан ұсақ мал өсіру қарқыны 3 есе азайды, жылқы 1916 жылы 4 340 мың болса, 1961 жылы - 1158 мыңға дейін, ал түйе 1928 жылғы санынан 8 есе кеміді. 60- жылдардағы ауыл шаруашылығының жағдайы қайтадан ауырлап, өзінің өсу деңгейін тоқтатқан болатын. Себебі, жаңадан игерілген жерлер өз мүмкіндіктерін сарқыды, колхозшылар мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің материалдық жағдайы төмен болғандықтан еңбекке ынтасы болмады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өз деңгейінде қаржыланбады, ауыл шаруашылығы өнімін сату бағасы реттелінбеді. Жер өңдеу мəдениетін, топырақ құнарлығын көтеру, сумен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылмады.
Мал бағу, егін салу барысында жергілікті жердің географиялық, климаттық ерекшеліктері мүлдем ескерілмеді. Тың игеру барысында орын алып отырған кемшіліктердің бірқатары КОКП ОК 1965 жылдың наурыз, 1966 ж. мамыр пленумдарында ашылып, оларды жоюдың шаралары белгіленді. Ауыл шаруашылығының берік негізін жасау, жоспарлауды жақсарту, колхоздар мен совхоздарда шаруашылық есепті енгізу, еңбектің материалдық жəне моральдық қызығушылығын ұштастыру міндеттері қойылды. Егістіктің аймақтық тиімді пайдалану жүйесі, тың өндіруге бейімделген техникалар ендіріле бастады. 1966-1970 жылдары республика ауыл шаруашылығын дамытуға 5,5 млрд. сом қаржы бөлінді. Осының арқасында 8- бесжылдықта ауылшаруашылық өнімі 54% өсіп, Қазақстан Кеңестер Одағының өзіндік ерекше ауылшаруашылық ауданына айналды. Оның үлесіне Одақтағы ауылшаруашылығы өнімінің 11% тиді. Мемлекеттік қорға республикадан əрбір 4- тонна жүн, 12- тонна ет жəне 5- тонна астық түсті. Енді, қаралып отырған кезеңдегі өнеркəсіптегі жағдайға келер болсақ, соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан экономикасының жағдайы ауыр болды. Осыған қарамастан Қазақстан шикізат көзі ретінде қаралып, соғыстан зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру базаларының біріне айналды. Оның соғыстан кейінгі даму жоспары 1946 жылы 18 наурызда Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясында бекітілген “1946-1950 жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру жəне одан əрі дамыту заңымен” белгіленді. Бесжылдықта республика халық шаруашылығын дамытуға 8,8 млрд. сом қаржы бөлініп, өнеркəсіп өнімін соғысқа дейінгі 1940 жылғы көрсеткіштен 2,2 есе асыру жоспарланды. Қазақ металлургия зауытдының құрылысын аяқтау, Қарағанды металлургия құрылысын бастау көзделді. Бесжылдықты мерзімінен бұрын орындау жолында социалистік жарыс кеңінен қанат жайып, əсіресе, қара металлургия саласы үлкен табыстарға жетті. Теміртаудағы қазақ металлургиялық зауытында 2 мартен пеші, 3 прокат жүйесі, Ақтөбе ферросплав зауытында өндірістің 3-ші кезегі іске қосылды. Түсті металлургия саласында Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты салынып, ол алғашқы мырышты бере бастады. Алты жаңа көмір шахтасы, Қаратон жəне Мұнайлы кəсіпшіліктері қатарға қосылып, мұнай өндіру соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда 52% артты. Электр қуатын өндіру 1945 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсті. Жеңіл өнеркəсіп саласында Петропавлдағы тігін фабрикасы, Жамбылдағы, Қызылордадағы, Павлодардағы тері зауыттары өз өнімдерін бере бастады. Осыған қарамастан тұтыну тауарлары халықтың сұранысын қанағаттандыра алмады. 1950 жылғы мəлімет бойынша Қазақстанда тұтыну заттарын өндіретін 65 қана өнеркəсіп орны болды. Республикада мақта, түбіт, тері көп мөлшерде орталыққа жіберіліп, одан дайындалған дайын мақта өнімінің 0,1%, түбіт өнімінің 1,4%, тері аяқ-киімнің 1,7% ғана пайдаланды. Өйткені, қаржының басым бөлігі бұрынғысынша əскери-өнеркəсіп салаларына жұмсалды. 50- жылдардың екінші жартысынан кейінгі жылдардағы Қазақстанның индустриялық дамуының негізгі бағыттары 1956 жылы өткен КОКП-ның ХХ съезінде қабылданған халық шаруашылығын дамытудың 6- бесжылдық, 1959 жылы ХХІ съезде қабылданған 1959-1965 жылдарға арналған жетіжылдық жəне 1966 ж. XXІІІ съезде қабылданған 8- бесжылдық жоспарлармен белгіленді. 60-
жылдардың өзінде ғана 700-дей кəсіпорын қатарға қосылды. Оның ішінде Жезқазған байыту комбинаты, Өскемен су-электр станциясы, Бұқтырма су-электр станциясының бірінші кезегі, Қарағанды 2-жылу электр станциясы, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Павлодар трактор зауыты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты жəне т.б. болды. “Қазақсельмаш” зауыты ауылшаруашылық машиналары бөлшектерін шығаруға мамандандырылып, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы жұмыстардың механизацияландырылуын қамтамасыз ететін жаңа машиналар мен жабдықтар шығара бастады. Соғыс жылдары Қазақстанда соғыс тұтқындарын қабылдау үшін мынадай лагерьлер құрылған болатын: Балхаш қаласында, Жезқазғанда, Қарағандыа жақын Спасск қаласында. Бұл лагерьлерде 1947 жылғы мəлімет бойынша 35375 неміс əскери тұтқындары, 3615 жапон тұтқындары болды. Бұл тұтқындар Қарағанды, Саран, Теміртау, Майқұдық, Пришахтинск, Балхаш, Ақмола облысындағы өнеркəсіп орындарында да еңбектенді. 1945-1950 жылдары № 99 лагерьдегі тұтқындар саны 118 923 адамға көбейді. Лагерь «Қарағанды көмір”, «Шахтақұрылыс”, «Жилдорқұрылыс”, «Жилқұрылыс” жəне т.б. өнеркəсіп орындарын ақысыз жұмыс күшімен қамтамасыз етті. 1948 жылы халық шаруашылығында əскери тұтқындар саны 1 035 339-ға жетті. Олар 16 халық комиссариаттары салаларында еңбектенді. Яғни, жинақ қоры ГУЛАГ жүйесіндегі тұтқындардың ақысыз еңбегі есебінен толықтырылып отырды. Қазақстан аумағындағы əскери тұтқындар 1945 жылдан бастап біртіндеп еліне қайтарыла бастайды.
Кеңестік өнеркəсіп ауыр индустрия мен қорғаныс кешенінің басым дамуына негізделгендіктен, Қазақстанда да əскери өнеркəсіп кешендері көптеп құрылды. Соның ішінде қазақ жерінде орналасқан ядролық сынақ полигондары халықтың қасіретіне айналды. 1948 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Семей полигоны салынды. Осы полигонда 1949-1963- жылдар аралығында əуеде 113 ядролық заряд сыналды. 1966 жылдан бастап Каспий маңындағы Азғыр полигонында ядролық қару сынала бастады. Сынақтар нəтижесінде Қазақстанның кең аумағына радиоактивті газдар тарады. Радиация зардаптары қазіргі таңға дейін халықтың денсаулығына кері əсерін тигізуде. Ядролық сынақтар жүргізілген жылдары үкімет тарапынан халықты радиациядан қорғау шаралары жүргізілмеді, керісінше, радиация тараған аумақта медициналық тексеруге тыйым салынып, радиация зардаптары айтылмады. 1950 жылдың басында Байқоңыр ғарыш айлағы салынды. Бұл құрылыс ауданы 6717 шаршы шақырым жерде орналасты. Ракета ұшқандағы жарылыстан 4,6 млн. га жерге жанармай шашырап, зиянды жанармай ауа қабаттарын, жердегі су, жайылым шөптерді уландырды. Космодром көп мөлшерде су жұмсайтындықтан, Сырдария өзенінің деңгейі жылдан-жылға азая түсті. Сталин қайтыс болғаннан кейін Хрущев тұсында «қырғи-қабақ соғыс” өршіп, жеңіл жəне тамақ өндіріс салаларына тежеу жасалынып, шикізат пен отын өндірілетін салалар жедел қарқынмен дамығандықтан, халықтың материалдық жағдайы төмен қалпында қала берді. Республикада 200-дей жаңа өндіріс орындары салынды. Қазақстаннан орталыққа шикізат жіберу үшін темір жол құрылысы жедел қарқынмен дамып, 1953 жылы Мойынты - Шу темір жол торабы пайдалануға берілді. Сібір, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны байланыстырған Павлодар темір жолы ашылды. Ал Қазақстанның мұнайлы аудандарын игеруге байланысты Батыс Қазақстанда Мақат-Ақтау, Ақтау-Жетібай-Өзен, Атырау-Астрахань, Бейнеу-Қоңырат секілді темір жол жүйелері салынды. Халық шаруашылығын дамытуда темір жол транспортымен бірге республикада автомобиль, құбыр, əуе, су жолдары да негізгі рөл атқарды. Алматыда, Қостанайда, Павлодарда, Ақтөбеде жаңа ірі автомобиль жөндеу зауыттары қайта құрылды. Республикада 60- жылдары құбыр транспорты Маңғыстау түбегінің мұнай байлығын игеруге байланысты Өзен-Жетібай-Шевченко, Өзен-Атырау-Куйбышев мұнай құбырлары іске қосылды. Транспорттағы бұл нəтижелерге қарамастан Қазақстанда сол уақытта жол қатынасымен қамтылудың жеткіліксіздігі байқалды. Өнеркəсіптегі прогресс Қазақстандағы индустрия саласында жұмысшы табының өсуіне мүмкіндік жасады. 1970 жылы 3,4 млн. жұмысшы болды, бұл 1940 жылдан 5 есе көп еді. Жұмысшы табы ірі кəсіпорындарда көптеп шоғырланды. Мысалы, Қарағанды металлургия жəне Ащысай полиметалл комбинаттары жұмысшылардың көп шоғырланған ортасы болды. Бірақ та экономикалық реформалардың сəтсіздігі қоғамның əлеуметтік құрамына жəне тұрмыс жағдайына өз əсерін тигізді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман жұмысшы кадрларын даярлауға қамқорлық жасалмағандықтан, 1957-1973 жылдар жұмысшылар арасында қазақтардың алатын үлесі 17,4 %-тен, 11,7 %-ке дейін төмендеді. 1970 жылдың басында қазақтар тек мұнай жəне газ саласында ғана басым болды. Осыған қарамастан республикада машина жасау жеткіліксіз қарқынмен дамыды, өнеркəсіп өндірісінде оның үлес салмағы 1961 жылы - 10,4%, 1970 жылы - 10,6% дейін ғана өсті. Республиканың машина, құрал-жабдықтар жөніндегі құрамының 72% басқа республикалардан əкелу арқылы шешілді. Республика өндірісінің дамуы
негізінен шаруашылық айналымға шикізаттың жаңа көздерін қосу арқылы қамтамасыз етіліп, өнеркəсіптің шығарушы жəне өңдеуші салалары арасындағы алшақтық тереңдей түсті. 60- жылдары халық шаруашылығын əміршіл-əкімшілдік, бюрократтық жолмен басшылық жасаудың тиімсіз екендігі сезіліп, елдің сол кездегі басшылығы оны қайта қарауға талпыныс жасады. 1959 жылы түсті металлургияның барлық кəсіпорындары Қазақстанның қарамағына берілді. КОКП ОК 1965 жылғы қыркүйек пленумында экономикадағы əкімшілдік айыпталып, өндіріс басшылығын салалық принцип бойынша ұйымдастыру қажет деп табылып, өндірістің салалары бойынша одақтық, республикалық жəне жалпыодақтық министрліктер құру жөнінде шешім қабылданады. Өндіріс орындарына біршама өзіндік еркіндік беріліп, жаңаша жоспарлау мен экономикалық ынталандыруға көше бастады. Халықшаруашылық кеңестері жойылып, жаңадан құрылған министрліктердің қызмет ауқымы кеңейді. Əр министрлік өз саласын қаржыландыру, басқару, шикізат пен жабдықты бөлу, өнім сапасын қадағалау жəне т.б. күрделі міндеттерді атқарды. Өндіріс орындарына да біршама еркіндік берілгендіктен, оларға өзін-өзі қаржыландыруға, жұмысшылардың сапалы еңбегіне төленетін еңбекақы көлемін көтеруге рұқсат берілді. Сонымен бірге өнеркəсіп ынтасын арттыру үшін еңбекақы қорында өнеркəсіп кірісінің жартысы қалдырылды. Бұл жағдай еңбек сапасын, өнім сапасын өсіруге, шикізатты үнемді пайдалануға жол ашты. 60- жылдардың соңына қарай жаңа жоспарлау жүйесіне 1467 өнеркəсіп немесе барлық өнеркəсіп орнының 80% көшті. Бұл реформа нəтижесі жоғары болды. Сегізінші бесжылдықта (1966-1970 жж.) халық шаруашылығы жоспарлы экономикаға көшкен кезден бері алғаш рет ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Сегізінші бесжылдықта өндіріс күші жоғары қарқынмен дамыды. Қазақстан Одақ бойынша көмір өндіруден, қорғасын қорытудан алға шықты. Мұнай өндіру, химия өнеркəсібінің маңызы артты. Кен орындары көптеп ашылып, жаңа өнеркəсіп аудандары ашылды. Бесжылдықтың соңына қарай 445 ірі өнеркəсіп орындары мен цехтар ашылып, зауыттар мен фабрикалар қайта жабдықталды. Қазақстанда минералды тұз, синтетикалық каучук, химия өндірістері кеңейді. Қаратау бассейніндегі фосфорит қоры, КСРО-дағы сары фосфор мен тыңайтқыш шығаратын ірі орталыққа айналды. Соколов-Сарыбай тау-кен комбинатының өнімі Орал металлургия зауытының жəне т.б. өнеркəсіп орындарының шикізат көзіне айналды. Қарағанды металл зауытының Одақ бойынша маңызы өсті. Ол жоғары сапалы шойын, мыс өндірді. Республика хром өндіруден бірінші орынға, темір жəне марганец өнімдерін өндіруден үшінші орынға көтерілді. Машина жасау өнімін өндіру 1,6 рет, соның ішінде ауыл шаруашылығы машиналарын өндіру 2 есе артты. Қазақстанда машина жəне машина жабдықтарының 300 жаңа түрі шығарылды. Республикадағы трактор жасау саласының негізі болған Павлодар трактор зауыты іске қосылды.
Жеңіл өнеркəсіп салалары да біршама дамыды. Қазақстан жеңіл өнеркəсібі 1970 жылы Одақ бойынша өңдірілген барлық өнімнің 16%-ін берді. Осыларға қарамастан 60- жылдардың 2- жартысындағы экономикалық реформалар сəтсіз аяқталды. КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Л.И.Брежнев басқарған басшылық өткеннен сабақ алмады. Осының салдарынан ауыл шаруашылығына, өндіріске қатысты қаулы-қарарлар бұрынғысынша əкімшіл-əміршіл сипатта қала берді. Қабылданған қаулылар іс жүзінде кеңес атқару комитеттері мен шаруашылық ұйымдарының атқаратын міндеттерін облыстық, аудандық жəне бастауыш партия ұйымдарына жүктеп, өндіріс орындары, колхоздар мен совхоздарды өзіндік еркіндіктен айырды. Реформалар кредиттік-қаржылық жүйемен, материалдық-техникалық жабдықтаумен байланыстырылмады. Осылардың салдарынан бір жағынан Қазақстанның экономикасының қуаты арта түссе, екінші жағынан оның орталыққа тəуелділігі күшейе түсті.
ХХ ғ. 70-жылдарының басында 60- жылдардың ортасында басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары бұрмаланып жəне көп ұзамай реформаны жүргізу тоқтатылып, тарихымыздағы тоқырау кезеңі басталған болатын. “Тоқырау” кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр əдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркəсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркəсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркəсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан əрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кəсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау жəне металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12%-ке жетті. Бұл көрсеткіштер оныншы жəне он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кəсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне əбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркəсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кəсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 процент
тен аз қаржы аударды. Міне, осындай жəне тағы да басқа себептерге байланысты өнеркəсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тəртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дəрежеде тез енгізілмеді. Осының əсерінен, республика өндіріс орындары 1981 ж. 760 млн. сом, 1982 ж.- 1,0 млрд., 1983 ж.- 1,3 млрд., 1984 ж.- 1,65 млрд. сомға жоспарлы өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті. Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін өсіру ауыр өнеркəсіпте негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да жұмысты атқарудың ұзақ мерзімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едəуір бөлігі істен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетін, жоғары ғылыми-техникалық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етпейтін өндіріс орындары салынды. Бірақ, осыған қарамастан республиканың басшылығы партияның кезекті съездерінде ірі өнеркəсіп орнының, шахтаның, мұнай кəсіпшілігінің, комбинаттардың, зауыттардың қатарға қосылғаны туралы зор жігерленген рухта есеп беріп отырды. Еңбекті, материал мен ақшаны көп жұмсаған кəсіпорын жəне оның басшыларының көрсеткіші жоғары бағаланды. Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың барлық саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркəсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші - 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80- жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындалды. Республиканың көптеген шаруашылық қызметкерлері ұлттық байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға материал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ бағаға өткізуге əуестенді. Осының салдарынан өнімнің “жалпы саны” өскенімен, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, басқа да қуаттарды едəуір көп жұмсады. Мəселен, АҚШ пен Жапония өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-40% кем пайдаланды. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе осы себептен еді. Өндірісті көлемі жағынан басымырақ өсіру идеяларында тəрбиеленген республика басшылығы үсті-үстіне жаңа шығындар
жұмсау əдісімен əрекет жасады, отын, энергетика салаларын ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, Маңғыстауда өндіретін мұнайдың жəне онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10% ғана пайдаланылды. Аса ірі кəсіпорындар салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми прогресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды. Өндірістің теңестірілмеуі, əкімшілік арқылы басқарылуы жағдайында жылдық, тоқсандық жəне айлық тапсырмаларды өзгертіп отыру үйреншікті іске айналды. 1981-1985 жылдары Қазақстанда əртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыстарда бітпеген объектілер саны өсті, жоспарлы құрылыстардың орнына жоспардан тыс көптеген құрылыстар салынды, қосып жазу, құрылыс материалдарын талан-таражға салу көбейді. 70-жылдарда құрылыста бригадалық-мердігерлікті дамыту қозғалысы басталды. Оның негізінде жұмысшылардың өндірісте қорларды пайдалануда тəртіп орнату, еңбекақы төлеуде теңгермешілікті жою, неғұрлым көбірек дербестік алу жолындағы ұмтылысы жатқан еді. Бригадалық мердігерлікті сөз жүзінде бəрі қолдады жəне насихаттады, ал іс жүзінде мердігерлік əдіс көптеген нұсқаулар арқылы жоққа шығарылды. Бұл кезде Қазақстанда экономиканы дамытуда интенсивті жолға көшу жəне ғылыми-техникалық прогресті өрістетуге бағыт алынды. Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981-1985 жылдары жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген кəсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері ғана автоматтандырылды немесе кешенді механикаландырылды. 80- жылдардың орта кезінде өнеркəсіптегі жұмысшылардың үштен бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кəсіпорындарда социалистік жарысты ұйымдастыру жасанды сипат алды. Ресми мəлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90% қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған жоқ. Өндірісте немқұрайдылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті əдетке айналды. Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау əрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның əлеуметтік мəселелерін шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауылшаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауылшаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нəтижесінде 1985 жылға дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары - жер жырту, тұқым себу, дəнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90% техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы тиісті нəтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын жəне өңдейтін кəсіпорындар жеткілікті дəрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің əлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл салада күткен бетбұрыс болмады, нəтижесінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азайды, малшаруашылық өнімдерін өндіру төмендеді. Бұл кезде ауыл шаруашылығы секторының құрамында едəуір
ұйымдық өзгерістер енгізіліп, колхоздардың есебінен совхоздардың саны көбейді. 1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, 1985 жылы колхоздар есебінен совхоздар саны 2140-қа өсіп, 388 колхоз қалды. Сөйтіп, меншіктің кооперативтік-колхоздық түрінің үлес салмағы едəуір төмендеді. Бірақ, осыған қарамастан колхоздық меншіктің одан əрі жетілуін байқауға болады. 1971-1985 жылдары совхоздардың өнімі көбеймей бір орында тұрып қалса, колхоздарда ол орта есеппен 200 мың сомға дейін өсті. Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Дегенмен, мұның барлығы тек экстенсивтік шаруашылық негізінде іске асырылды. Атап айтқанда, жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына ІХ бесжылдықта 8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды. Оған шопанның ауыр еңбегіне немқұрайды қарау, малды күтіп бағудағы қазақтың еңбек дəстүрін елемеу, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, сыннан өткен технологиясының жоғалып кетуі үлкен əсерін тигізді. Бір айтып кететін жағдай, бұл жылдары мал шаруашылығын өнеркəсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет жəне сүт
өндіретін кешендер мен мал бордақылайтын алаңдар салынды, малды өсіріп, күтетін мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері, құнажындар өсіретін фермалар құрылды. Жалпы қуаты 23 мың ірі қара малды жедел өсіріп, бордақылайтын төрт кешен: Алматы облысы бойынша 10 мың басқа арналған “Жетіген”, Шығыс Қазақстан облысында 5 мың басқа есептелген “Ждановский”, Орал облысында 5 мың басқа арналған “Правда” газеті атындағы, Ақмола облысында 3 мың басқа арналған “Шалқар” кешендері жұмыс істеді. Қарағанды облысында шошқа өсіріп бордақылайтын “Волынский” кешені қатарға қосылды. 1976 жылдың басына қарай 575 мың бас ірі қара мал, 418 мың шошқа, 1,7 миллионнан астам қой өнеркəсіптік негізде
күтіп бағылды. Бірақ, осы жылдарда ауыл шаруашылығында келеңсіз жағдайлар қалыптаса бастады. Мал аурулары көбейіп, нəтижесінде мал саны азайып кетті. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен одақта алдыңғы орындардың біріне шыққан республика жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа сату ісі сұранысты қанағаттандырмады. Көліктің, элеваторлардың, қоймалардың жетіспеушілігінен, жолдың нашарлығынан жыл сайын жиналып алынған өнімнің 20%-тен 40%-ке дейінгісі ысырап болды. Ауыл тұрғындарының еңбегі тиісінше бағаланбай, олар қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мəжбүр болды. Аграрлық сектор саласында енгізілген жаңа сатып алу бағасы көбінше өнімнің өзіндік құнын ақтамады. Зиянмен жұмыс істейтін шаруашылықтардың саны артты. Егер 1970 жылы ондай шаруашылықтардың үлес саны совхоздардың 26%-ін, колхоздардың 4%-ін қамтыса, 1985 жылы совхоздардың 53% , колхоздардың 49% зиянмен жұмыс істеді. Ауыл, село еңбекшілеріне еңбекақы төлеуде теңгермешілік күшейді, адамдар көбінесе ақшаны жұмыстың нəтижесі үшін емес, жұмысқа шыққаны үшін алды. Еңбекте ақы төлеу оның өнімділігінің өсуінен басып озды. Республиканың жергілікті жерлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірісін ұтымды ұйымдастыру, оның тиімділігін арттыру бағытындағы кейбір ізденістер басшы органдар тарапынан қолдау таппады. 80- жылдардың басында жүргізілген сансыз көп қайта құрулар, эксперименттер - бағаның, интеграция мен мамандандырудың жаңа түрлерін жəне т.б. енгізу ауыл шаруашылығының берекесін кетірді. Əбден болдырған ауыл шаруашылығы қатаң əкімшілік бақылауға алынып, аяғында келіп дағдарысқа ұшырады. Істің жағдайын жаңа шешімдер қабылдау жолымен өзгертуге тырысу елеулі нəтиже бермеді.
ХХ ғ. 70 жəне 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың əлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды,жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едəуір өсті. 70-жылдардың І- жартысында халық шаруашылығының өндірістік салаларында жаңа еңбекақы белгіленді, ең төменгі жалақы 70 сомға жеткізілді. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар дəрежесіне көтерілді. Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры
есебінен қамтамасыз ету біраз жақсарды. Оның едəуір бөлігі жəрдем, зейнетақы жəне стипендия төлеуге, тегін білім алуға, денсаулық сақтауға, мəдени жəне тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. 1971 жылы колхозшылар үшін де жұмысшылар мен қызметкерлерге белгіленгендей зейнетақы белгілеу тəртібі енгізілді. 1972-1974 жж. соғыс жəне еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33 %-ке көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша жеңілдіктер енгізілді. Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дəрежесін көтеруге ықпалы аз тиді. Өйткені, мемлекеттің жəне кəсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, еңбекақы төлеудегі теңгермешілік жəне т.б. халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне əкеп соқтырды. Оған ақшаның құнсыздануы əсер етті, тек 1970-1986 жж. құнсыздану 20%-ке өсті. Əлеуметтік саладағы ең өткір проблеманың бірі тұрғын үй проблемасы болды. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мəселесі аяғына дейін шешілмеді, оған үй салуға бөлінген қаржының азаюы себеп болды, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады. Тек, 11- бесжылдықта ғана республикада жоспарланған 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеді, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу жоспары орындалмады.
Сөйтіп, тоқырау кезіндегі келеңсіз процестер əлеуметтік саланы мықтап шарпыды. Əлеуметтік-мəдени саланы дамытуға қаржы бөлудің “қалдықтық принциптері” қалыптасты, яғни ол салаға таза өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді.
Қорыта келгенде, 70-80-жылдары республика экономикасында тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тəн үйлесімсіздіктердің бəрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың əкімшілік-əміршіл əдістерінің əбден орнығуы еді. Экономикалық ынталандыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономиканы экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Мемлекеттік меншіктің іс жүзінде ведомстволық меншікке айналдырылуы өндіріс қызметкерлерін құрал-жабдықтарынан алыстатуға алып келді. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нəтижесімен байланыстырылмады. Кəсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ. Халық шаруашылығы иесіздіктен, жаңа техника мен технологияны нашар енгізуден үлкен зиян шегіп жатты. Экономикалық ведомстволар түріндегі орталықтың əміріне бағыну республикадағы жағдайды одан əрі қиындата түсті. 80- жылдардың ортасында республика экономикасы дағдарыс жағдайына ұшырады.
ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның əлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да əсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық бұл салаларды мүлтіксіз əрі ешқандай проблема жоқ деп санады. Ұлт мəселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм тұжырымдамасынан туындады. Нақ осы кезеңде ұлт мəселесіндегі проблемалар шешілуінен гөрі шапшаңырақ қордаланды. 1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде біртұтас мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін-өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны пайдалана алмады. Бұл жерде нақты өмір шындығы есепке алынбады, саяси демократияның бұрмаланғандығы салдарынан бұлайша ерік білдірудің өзі мүмкін емес еді. Ұлттық проблеманың бəрін тек интернационалдық тəрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тəрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тəрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды. Түрі ұлттық мəдениет, оқу мен тəрбие іс жүзінде аударма болды. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дəріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде еуропоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мəдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мəдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бəрін ұмытуға табандылықпен мəжбүр етілді. Бұған керісінше Кеңес дəуірінің тарихы барынша дəріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының жəне Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп жұртты сендірді. Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке ал-
май бюрократтық жəне күштеп қудалау əдістерімен біртұтас совет халқының қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен елеулі қателіктер жіберуге əкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм “өз” ұлтыңның да жəне басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп, мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді
кемсітуден пайда болады. Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%-нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, əскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың əлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, əсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық жəне ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдай-
ына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді.
Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне жəне патриархалдық құрылысты дəріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын əдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың “АзиЯ” деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады. О.Сүлейменовтың оппоненттері “Молодая гвардия”, “Москва”, “Звезда” жəне басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына күмəн келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма жəне орысқа қарсы деп айыпталды. Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тыйым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия
институтының авторлар ұжымы даярлаған “Дəстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы” деген кітапты басып шығаруға тыйым салды. Антрополог О.Исмағұловтың “Қазақстанның этностық геногеографиясы” деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға əдістемелік қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бəрі алынып тасталды. 1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың əміршілдік əдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру əрекеті жəне оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мəжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куəлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға
КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов мұрындық болған көрінеді. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды жəне Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді. Автономиялы облыс құру туралы мəлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ жəне орыс тілінде “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясы болмасын!” жəне басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс жəне еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұл шешіміне республикада тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар “Қазақстаннан шаңырақ сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту
тікпек жері Еділ бойы, автономия алсақ, о бастағы “ата” қоныстан ірге көтереміз”,- деп отырып алды. Бұл жерде еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің Волгоград жəне Саратов облыстарының аумағында неміс автономиялық облысы бар болатын. Ол 1941 жылы Гитлерлік Германия əскерлері КСРО-ға басып кіргеннен кейін Кеңес үкіметінің шешімімен таратылып, оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне жер аударылған еді. Республика халқының наразылығының нəтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мəжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс
автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) жəне тіпті əкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы жəне Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ. Осы жылдарда индустриялық дамудың, кəсіпорындардың көптеп салынуының нəтижесінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірілді. Сырдария жəне Əмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателіктер, жер жəне су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру
салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркəсібінен тұтастай айырылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Айналадағы табиғи орта тепе-теңдігінің бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндірді. Адам өлімі, əсіресе, балалардың шетінеуі көбейді.
Аймақ тұрғындарының 80%-і əртүрлі сырқаттарға шалдықты. Бұл экологиялық апат іс жүзінде ұлттың генетикалық өсіп-өнуі мүмкіндігін сақтап қалу туралы мəселе көтеруге мəжбүр етті, өйткені Арал аймағы негізінен республиканың байырғы халқы - қазақтар мекендейтін аудан. Осындай ауыр жағдай Семей өңірінде де орын алды. Семей жəне басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың денсаулығына жəне қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мəліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның сəулесіне ұшырады, əсіресе, онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты.
1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру жəне өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа əр жылдарда Республика аумағында 27 жерде қуаты əртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, əсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді.
70-80- жылдары мəдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мəдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мəдени дəрежесі сан жəне сапа жағынан едəуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70- жылдардың басында 45 жоғары жəне арнайы орта білімі бар маманнан келді. 1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 бағдарлама орталығы жəне осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын жəне қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық жəне 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976
жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті. Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70- жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пəндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық əмір күшейе түсті. Оқу-тəрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту үрдісі күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді. 1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары жəне 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша əзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының əрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.
ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ əдебиеті І. Есенберлиннің, Ə.Нұршайықовтың, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М.Шахановтың, Қ.Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ə.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің жəне басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қалдаяқовтың, Л.Хамидидің, Н.Тілендиевтің, Ə.Еспаевтың, І.Жақановтың əндері Қазақстанның музыкалық мəдениетінің алтын қорына кірді. “Ботакөз”, ”Аққан жұлдыз”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі”, “Бейбарыс сұлтан” кино-фильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды.
Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н.Жантуриннің, Ы.Ноғайбаевтың, А.Əшімовтың, Ə.Боранбаевтың; режиссерлар Ш.Аймановтың, М.Бегалиннің, С.Ходжиковтың, А.Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың жəне басқалардың шығармашылық қызметтерімен байланысты.
Ə.Қашаубаев негізін салып кеткен əн өнеріндегі игі дəстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ə.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті.
70-80- жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ə.Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда жəне Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Осы жылдары бес томдық “Қазақ КСР тарихы”, он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, он бір томдық “Қазақстанның металлогениясы”, тоғыз кітаптан тұратын “Қазақстанның сүт қоректілері”, тоғыз томдық “Қазақстанның өсімдіктері” жəне диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Əл-Фарабидің, Ш.Уəлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды. Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшы-
лықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау жəне ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы жəне салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың
бірін-бірі қайталауына əкеп соқты. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Мысалы, 1985 жылы өндіріске енгізілген бір зерттеудің экономикалық тиімділігі 1980 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік кешендердің құрамына кіре алмады. Сөйтіп, экономикадағы тежеу мен тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мəдени салаларына да, ғылымның дамуына да салқынын тигізбей қоймады. Мəдени салалардың мəселелерін жете бағаламау,
олардың дамуына қаржыны “қалдықты” принцип бойынша бөлу республика мəдениетінің кең көлемде дамуына өзінің теріс əсерін тигізді. Сонымен, тоқырау өмірдің барлық салаларында: қоғамдық-саяси өмірде, идеологияда, мəдениетте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста жəне т.б. орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, əсіресе, 70- жылдардың аяғы мен 80- жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.
ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сəуір айында өзінің “қайта құру” бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының жаңа басшылығының жариялаған əлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның
алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның алғашқы төрт жылында (1985-1989 жж.) жеделдету тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нəтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құралжабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар - академик-экономист А.Г. Аганбегян жəне т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай құрал-жабдық жəне машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% əлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік əперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауылшаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді. Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың толық-қанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы зауыттар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені тауардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да зауыттар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, зауыттар мен фабрикалар алаңында, темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты. Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі - меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дəрменсіз болды. Жалға беру əдістерін енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нəтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нəтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады. Маскүнемдікпен жəне тəртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз əскерін Ауғанстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғанстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын əкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейі қаза тауып, 393-і мүгедек болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының əлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО əлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен əскери-өнеркəсіп кешенін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан бастады. «Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мəселесін де одан əрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік жəне т. б. көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, əлеуметтік-экономикалық жəне кадр мəселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мəні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мəселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген бас-
шы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мəселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты.
ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы жəне басқа да мəдени-əлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пəтер салынса, Қазақстанда тек - 69, Одақта əрбір 10 мың адамға 404 дəрігерден келсе, мұнда тек 352 дəрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомстволық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нəтижесінде көптеген аумақ, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Əсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХVІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ə.Назарбаев жəне съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі жəне маңызды мəселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, өзекті мəселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді. Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық даму бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы қанағаттандырды. Бірақ та «қайта құруға» сай жүзеге асырыла бастаған косметикалық реформалар республика басшылығын ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дəстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум мəжілісі небəрі 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мəскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы жəне студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында “Əр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен болуы мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік
құрылысқа қарсы астыртын əрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция жəне əскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға əкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е.Сыпатаев жəне С.Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы əскери бөлімдер əкелінді. Бейбіт шеруді басып-жаншу кезінде тəртіп сақтау органдары заңдылықты өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді пайдаланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын тезірек шығару жөнінде қысым жасады. 1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті “Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық жəне патриоттық тəрбие беру жұмысы туралы” арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы еш уақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мəселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия жəне жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді. Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың жəне орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік (Экстремист - шектен шыққан көзқарасты жақтаушы) пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп айыптауға дейін барды. Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне əртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау жəне Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының қатаң жəне валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге асырылды, мəдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғары оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын проценттік үлесіне сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін фондыларды азайту нəтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама берілді. Осылайша «қайта құрудың» алғашқы кезеңінің нəтижелері экономиканы жəне қоғамдық-саяси өмірді жоғарыдан жүзеге асырылған жеңіл-желпі шаралармен реформалау мүмкін еместігін айдан анық көрсетті. 1988 жылдан бастап Коммунистік партия тарапына сындар айтылып, жаңа қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. 1987 жылы тамызда тұңғыш тəуелсіз ұйым - əлеуметтік-экологиялық «инициатива» бірлестігі құрылып, ол өзінің алдына соғысқа қарсы тұру, экологияны, бейбітшілікті қорғау, қоғамды демократияландыру мақсатын қойды. Жұмысшы қозғалысы да елеулі саяси күшке айналды. Оның қатарында Қарағанды көмір бассейнінің шахтерлары ерекше рөл атқарды. 1989 жылы Жаңаөзендегі оқиға əлеуметтік-
экономикалық саладағы көкейтесті мəселелерді көтерді. Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Əсіресе, республикада орын алған əлеуметтік
жəне ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында халықтың азаматтық жəне ұлттық сана-сезімі едəуір өсті. Қоғамда орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мəдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде əлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-əлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті. Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мəселелер жаңа қырынан көрініс тапты. Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан əрі тереңдеп өрістеуі кеңестердің қызметінен айқын көріне бастады. “Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!” деген ұран жанданды. Бұл мəселені бастапқы кезде кеңестерге партия басшылығын күшейту арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеңе шықпады. Өйткені, компартияның қызметінде елеулі кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан, 1987 жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық жəне селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасында КСРО Ғылым Академиясы əлеуметтану институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тəртіпті мақұлдады. Өйткені, көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын анықтауға, онымен еңбекшілерді жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды. 1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мəселе - халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сəйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған “КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы” жəне “КСРО халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты. Толғағы жеткен мəселелерді өзі шешуге республиканың құқылы болуы Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын түзетуге мүмкіндік туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40-жылдары жəне 50-жылдардың бас кезінде сотталған жəне жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды.
Əсіресе Шəкəрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды. «Қайта құрудың» екінші кезеңі 1989 ж. көктемдегі сайлауға байланысты басталды. Сайлау науқаны кезінде нарықтық экономикаға жəне меншікке көшу үшін, ұлттық республикалар мен аймақтардың құқығын кеңейту үшін белсенді күрес басталды. Демократиялық процестердің даму барысында көрнекті рөл атқарған 1989 ж. наурыз айында өткен КСРО халық депутаттарының І съезі болды. Осы съезде Г.В. Колбин одақтық халық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, Мəскеуге кетті. Оның орнына осы жылғы шілдеде Н.Ə. Назарбаев сайланды. Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды. 1989 ж. ақпандағы республика жұртшылығының жиынында тұңғыш «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О.Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне
ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады. Одақтық үкімет Семей полигонындағы жарылысты азайтуға мəжбүр болып, 1989 ж. полигонда жоспарланған 18 жарылыстың 11-ін тоқтатты. «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы бойынша 1990 ж. мамырда Алматыда əлемдегі барлық антиядролық қозғалыстардың барлық ядролық державаларда қаруды сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жігерін біріктіру
мақсатында «Дүние жүзінің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген халықаралық конгресс өтті. Елдегі жүріп жатқан саяси реформаның екінші кезеңі - республикаларды, өлкелерді, облыстарды, қалаларды, аудандар мен округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы негізгі мақсат - бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлерде де көтеру болатын. Оны тəжірибе жүзінде іске асыру үшін партия комитеттерінің бірінші хатшылары халық депутаттары Кеңесінің төрағаларына ұсынылды. Бірақ мұндай өзгеріс барлық жерлерде бірдей міндетті еместігі айтылды. Міне, осының нəтижесінде 1990 жылғы жергілікті кеңестер сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық жəне аудандық Кеңестерге кандидаттар бөлек-бөлек сайланды. Жаңа тəртіпке сəйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1- хатшысы Н.Ə.Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сəуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ə. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Н.Ə.Назарбаевтың президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мəселелерді шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді. Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы комиссия құрды. Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сəуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында əрбір адамның бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстанның саяси жəне экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едəуір кеңейтіп, республикада тұрып жатқан барлық ұлттар өкілдерінің талап-тілегіне жауап беретін еді. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дəрежесін берген “Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын” 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды. Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында əртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына жəне бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты мақсаты - республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. Сондай-ақ, партия қоғамдағы жеке меншікті мойындады жəне
өзінің қызметінде кəсіпкерлікті қолдап отыруды көздеді. 1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тəуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, əлеуметтік əділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада “Алаш”, “Желтоқсан”, т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-80- жылдары қоғамдық- саяси өмірдегі жəне əлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан əрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен ұстап тұрған кеңестік тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша болуы мүмкін де емес еді. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді “жаңарту” əрекеттері ешқандай оң нəтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады жəне құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік əкімшіл-əміршіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан əрі тереңдей түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет