Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


-тақырып ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ МЕН АЗАМАТ



Pdf көрінісі
бет54/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,99 Mb.
#21082
түріЛекция
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   78
Байланысты:
karazhan ks kazakstan tarikhy lektsiialar kursy

11-тақырып
ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ МЕН АЗАМАТ 
СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА (1917—1920 жж.)
1917 ж. Қазан төңкерісі  жəне оның Қазақстандағы 
• 
қоғамдық-саяси өмірге əсері 
Азамат соғысы жəне социалистік құрылыстың басталуы
• 
1. 1917 ж. Қазан төңкерісі  жəне оның Қазақстандағы 
қоғамдық-саяси өмірге əсері
Уақытша үкіметтің  халық күткен аграрлық мəселені шеше 
алмауы,  езілген  халықтарға  өзін-өзі  билеуі  немесе  автономия 
алу мəселесін күн тəртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 
8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мəселелерді 
шешпеуі халық наразылығын одан əрі күшейтті. 1917 ж. жазының 
соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның 
Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі 
большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корни-
лов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. 
Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде 
оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге 
берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы 
көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын 
орнатуға бағытталды. 
1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс ба-
сталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін 
басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Əскери-революциялық 
комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. 
Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-   
ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тə-
різді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің  
Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес 
өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін 
созылды. Бұл процесс аймақтың əлеуметтік-экономикалық жəне 
мəдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, 
жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе 
түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған 
большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт 
пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен 
бостандық  беру жөніндегі уəдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін 
орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак əскерлері мен құлаған 
Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі 
жағдайды одан əрі шиеленістіре түсті. 
Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық 
көрсете алмаған  Сырдария, Ақмола облыстары жəне Бөкей Орда-
сында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей 
жəне Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі 
күрес болды. Облыстық орталықтар мен уездік қалаларда кеңес 
өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың жəне жергілікті горни-
зондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск 
(Қызылорда)  жұмысшылары мен солдаттары  өкімет билігін 1917 ж.  
30 қазанда  (12 қараша)  өз қолына алды. Ташкентте  Кеңес үкіметі 
1917 жылы 1 қарашада кескілескен ұрыс нəтижесінде орнады.  Ал 
1917 жылдың  қараша айының орта кезінде  Кеңес өкіметі Черняев  
(Шымкент) қаласында  жеңді.  Қараша-желтоқсан айларында Кеңес 
өкіметі Əулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде 
жəне облыстың басқа да ірі елді мекендерінде бейбіт  жолмен ор-
нады.  Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен  уездерінде  казак-
орыс əскерлерінің басым болуынан  Кеңес өкіметі  үшін күрес  біраз 
қиындыққа кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында  Жаркент-
те, Сергиопольде (Аягөзде), Талдықорғанда, сəуірдің бас кезінде 
Лепсіде орнады. 
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі 
Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз 
орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге 
өлкенің шаруашылығы мен мəдениетін қайта құру шаралары 
қатар жүргізілді. Өнеркəсіп орындарында, мəселен Спасск зау-
ытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай 
кəсіпорындарында бақылау қойылып,  сондай-ақ банктер мемле-
кет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде 
қабылданған Жер туралы декрет  бойынша алғашқы шаралар  
жүргізіле бастады. 
Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық жəне 
уездік орталықтарда  да жұмысшылар мен шаруалардың  өкіметін 
нығайту  ісі, ауылдық  жəне селолық  Кеңестерді құру  ісімен  бірге 
жүргізілді. Алайда ауылдың экономикалық жəне мəдени жағынан 


212
213
артта қалуынан туындаған  қиыншылықтар, əлі де күшті рулық 
байланыстар қазақ ауылдары мен болыстарында Кеңес өкіметінің 
органдарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарын қиындатты. 
1918 жылдың күзінен бастап басқарудағы ала-құлалық жойылып, 
билік Кеңес атқару комитеттері қолына алына бастады. Сонда да 
болса, ауыл-селоларда  əлі Кеңестер күш ала алмай жатты. Кеңес 
өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті бол-
ды. Халық азық-түлік тапшылығынан зардап шекті. Кеңес өкіметіне 
қарсы күштер бас көтерді. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын 
басу үшін, жергілікті жерлерде өкімет билігін нығайту қажет болды. 
Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күресте облыстық жəне уездік 
кеңестер съездері көп рөл атқарды. Облыстық, уездік, болыстық  
кеңестерде    жер,  азық-түлік,    шаруашылық,  сот,  бақылау,  қаржы 
бөлімдерінің жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар іске 
асырылды. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау 
т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар 
жұмыс істей бастады. Осындай төңкерістік шараларды іске асыру 
барысында, асыра сілтеушілік, солақайлық, теріс əрекеттер орын 
алып, Кеңес өкіметіне деген сенімсіздік күшейді. 
Əсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алды-
мен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мəселелері өткір сипат алып, 
талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі 
принциптері маңызды екі құжатта — 1917 ж. 2 қарашада қабылдан-
ған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” жəне 1917 
ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей жəне 
Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 
ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің 
дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары 
Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның 
кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік 
федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декла-
рацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының 
негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде 
құрылады” делінген. 
РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық 
республикаларды құруға дайындық жұмыстары басталды. Бо-
льшевиктік ұйымдар, Қазақстан жəне Түркістанның Кеңестері 
кеңестік бүкілқазақ, бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайын-
дала бастады. 1918 ж. көктемінде еліміздің шығысында Түркістан 
автономиялық Кеңестік социалистік республикасы құрылды. Оның 
құрылуы 1918 ж. сəуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында 
өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде іске асты. Қазіргі 
Қазақстанның оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария жəне Жетісу об-
лыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Бірақта 1918 
ж. қаңтарда кеңестердің 3 — Бүкілресейлік съезі Ленин дайындаған 
“Еңбекшілер мен қаналушы халықтар құқықтарының Декларация-
сында” өзге ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жоққа шығарылды. Осы-
лайша, əуелі 1918 ж. 5 қаңтарында Бүкілресейлік құрылтай жиналы-
сы, одан кейін 5 ақпанда Ташкент кеңесі шешімімен Қоқанд қаласы 
шабуылмен алынып, Түркістан автономиясы күшпен таратылды. 
Қазақстанның қалған жерінде — Торғай, Орал, Ақмола, Семей облы-
старында  жəне Маңғыстауда  қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға  
дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан əрі жалғастырылды. 
Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық-демократиялық 
қозғалысының жетекшілері Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ 
съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес өкіметін нығайту 
процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мəнінде кеңестік 
мемлекеттікті құру жəне оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетті. 
Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен 
шешілуімен  келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мы-
нада еді: бірінші — қазақ зиялылары əуел бастан тəуелсіз ұлттық 
автономия құруды жоспарласа, екінші — олар Қазан төңкерісін 
қабылдамады, сөйтіп Кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз 
орнаған үкімет деп есептеді.  Сондықтан да „Алаш” зиялылары ұлттық 
мемлекет құру үшін күрес жүргізді. Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, 
М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмухамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов 
құрастырған бағдарламаның жобасы “Қазақ” газетінің 1917 ж. 
21 қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он 
тармақтан тұрды. Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда 
“Алаш” партиясының ірі табысқа жетуін қамтамасыз етті жəне 1917 
ж. 5—12  желтоқсанда  Орынборда өткен  Екінші жалпықазақтық  
съезде  қазақ халқының  əртүрлі  топтарының  өкілдерін  біріктірді. 
Төралқа төрағасы  Бақтыгерей Құлманов жəне орынбасарлары 
Əлихан Бөкейханов, Əзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов жəне 
Омар Қарашев  басқарған съезд Қазан төңкерісіне  байланысты тез 
өзгеріп жатқан саяси жағдайдағы “Алаш” партиясының міндеттерін, 
қазақ автономиясын құру жəне оның үкіметін қалыптастыру 
мəселелеріне бірінші кезекте көңіл бөле отырып, қарастырды. 
Съезде  қазақ автономиясы  құрамына Бөкей ордасы, Орал, 
Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары жəне Закаспий облысы 


214
215
мен Алтай губерниясының  қазақтар мекендеген  аудандары ену-
ге  тиіс  деп  шешті.  Съезд  Уақытша    үкімет    құлатылғаннан  кейін 
қалалар  мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер 
туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын 
атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын “аман алып қалу 
мақсатымен” “Уақытша Халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған 
Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде 
шешім қабылдап жəне бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз 
осы деп сеніп… басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің əмірін екі 
қылмай орындау керектігі” баса ескертілді. Съезд қазақ милиция-
сын құру жоспарын жасады. Оның əрбір облыс бойынша белгілі бір 
сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары 
белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық 
əкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге 
асыруға тиіс болды. 
Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс 
ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер 
жүргізіп, ұлттық автономия мəселесін шешуді қолға алды. Осы 
мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен 
Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мəскеуге барып,  
Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен жəне Ұлт 
істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 
1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын 
табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурыз-
да Семейдегі Ə.Бөкейханов жəне Х. Ғаббасовпен телефон арқылы 
сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мəртебесі туралы бол-
ды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” 
газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: 
“Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары 
шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мəселесі тақырыбын кеңес 
өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі 
осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып 
отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға 
сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы 
өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші 
советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Со-
веттер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қабылданды. Бұған 
қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, сал-
ты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, фе-
дерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін 
жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу ке-
рек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, 
ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, əлгідей 
комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды  
Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,— деген 
мазмұнда болды. 
Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нəрсе оның жалпы қазақ-
қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы дек-
ларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік 
Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын 
білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашор-
даның Кеңес өкіметін мойындайтындығын мəлімдеуі болатын. 
И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес 
өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа 
шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. 
Сонымен бірге автономия алу мəселесі орталықта шешілетіндігін 
ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырға-
нымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға 
қатысты өз шешімдерін мəлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 
жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын 
басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы 
айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы 
халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі  өз шарт-
тарын білдіріп: “Желтоқсанның  5-нен 13-іне дейін Орынборда болған 
жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш 
автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының 
құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, 
Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, 
Самарқанд облысының Жизақ уезі, Əмудария əнделі (бөлімі), Алтай 
губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі 
қазақтар мекендеген аудандар енуге тиіс-тін, Алаш автономиясын-
да заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, 
Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында 
болуға Алашорда мүшелері Халел һəм Жаһанша Досмұхамедовтар 
жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойын-
ша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз 
босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-
сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті.
Өкінішке орай, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары 
Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жау-


216
217
ап бермеді. Себебі, алашордалықтардың автономия құру жөніндегі 
талаптары Кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт 
мəселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде 
қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар 
болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да  1918 жылдың 28 
наурызында Мəскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин жəне 
мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жедел-
хат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру 
үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі Кеңес 
өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті. 
Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына 
Мəскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел жəне Жаһанша 
Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің 
тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы 
облыстық кеңестерге əмір бергендігі жəне Алашорда өкіметінің 
қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уəде еткендігі айтыл-
ды. Жеделхатта Ұлт істері  жөніндегі халық комиссариаты жанынан 
қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін 
сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырда-
рия” газетінде жарияланған осындай мəліметтер шындыққа жана-
сады. Оған дəлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері 
жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура теле-
граф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 
жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын 
келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет 
өкіметінің декларациясының идеяларына сəйкес қазақ халқының 
өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. 
Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын 
талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған 
қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы 
ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған 
қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашор-
да Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай 
съезін шақыруға əрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге 
телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мəлімдеп, 
сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет 
алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылай-
ша Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтердің Мəскеуге Кеңес 
үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы  Сталин-
мен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық 
негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік 
негіздегі  автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы 
Кеңес үкіметінің бұл мəселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу 
принципі социализм үшін күрес құралы болу керек жəне социализм 
мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,— дегенге сайды. Кеңес өкіметінің 
мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин 
мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. 
Мəселен, Ақмола Кеңесі Мəскеуден келіссөздер жүргізу нəтижесінде 
орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес 
билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сəйкес пат-
ша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді. 
Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайында-
ла берсін”,— делінген. 
Əйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де, 
талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 
1918 жылдың 1 сəуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт 
істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап,  қазақ халқының 
ұлттық  тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада 
ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай 
талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша алаштықтардың  Кеңес 
үкіметі  шеңберінде  біртұтас  ұлттық  мемлекет  құруға  талпынысы 
нəтижесіз аяқталды. Большевиктер  Алаш партиясына  ұлттық бур-
жуазия  мен    феодалдық    топтардың  таптық  мүддесін  қорғайтын, 
пролетарлық революция  жолындағы  кедергі есебінде қарады. 
Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөз-
дердің нəтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі 
Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік 
партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл 
негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның 
саяси көзқарасы мен практикалық іс-əрекеті 1917 жылдың күзінен 
1918  жылдың  басына  дейін  елеулі  түрде  өзгерді.  Əуелгі  кезде 
«үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу 
бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін 
жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып 
кетеді. 1918 жылдың  бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктер-
мен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті. 


218
219


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет