Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


 И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс



Pdf көрінісі
бет44/76
Дата27.11.2023
өлшемі1,99 Mb.
#129183
түріЛекция
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

3. И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс
1756 ж. патша жарлығы бойынша қазақтарға қысқы уақытта 
Жайықтың оң жағалауына мал жаюға тыйым салынған бола-
тын. Патшаның бұл жарлығы Жайық орыс-казактарының мүддесі 
тұрғысынан қабылданғанды. “Игельстром реформасының” жүргі-
зілуі барысында қазақтар Еділ мен Жайық арасындағы жерлер-
ге көшіп-қонуға патша үкіметінен рұқсат алған соң, кейінірек, 
1801 жылы ол қосөзен аралығында Нұралы ханның баласы Бөкей 
сұлтанның басқаруымен жеке иелік құрылды. Бөкей сұлтан тек 
1812 ж. ғана патша үкіметінен “хан” атағын алып, ол басқарған 
иелік Бөкей ордасы немесе Ішкі Орда деп атала бастайды. Бөкей 
Ордасы Ресей империясының шекаралық өңірінің “Ішкі” жағында 
орналасқандықтан “қуыршақ мемлекет” рөлін атқарды. Бөкей 
хандығының құрылуы сол кездегі Кіші жүздегі саяси-экономикалық 
жағдайдың нəтижесі. Бөкей Ордасы құрылғаннан кейін Жайықтың 
оң жағалауына 5 мыңға жуық үй көшіп-қонса, кейін Орынбор 
шекаралық комиссиясының есебі бойынша Бөкей хандығының 
саны 10 235 үйге жеткен. Бөкей хандығының шекарасы бірте-
бірте анықталған соң, оның көлемі шығыстан батысқа қарай 350 
шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерді алып 
жатты. Бірақ бұл жерге қоныстанған қазақтарға патшалық Ресейдің 
отаршылдық саясаты өзіндік зиянын тигізді. Оларға Орал казак-
орыс əскерлері жиі-жиі шапқыншылықтар жасап отырды, біртіндеп 
əскери бекіністер салына бастады. 1813—1815 жылдары Плинин, 
Фокеев, Сламихин бекіністері салынды. Қараөзен мен Сарыөзеннің
бойы шекаралық аймаққа айналды. Жайық өзенінің бойы біртіндеп 
Орал казак-орыс əскерлерінің меншігіне қарады. Соның салдары-
нан қазақтардың жайылымдық жерлері тарылып, шаруашылықтары 
күйзеліске ұшырады. Сонымен қатар, Орал казак-орыстары қазақ-
тардың ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп, мал-
мүліктерін тонап кетіп отырды. Патша өкіметінің жергілікті əкім-
шілігі мұндай озбырлықтарға қарсы шара қолданбай, керісінше көп 
жағдайда мəселеден жалтарып кетіп отырды. 
1815 ж. Бөкей қайтыс болған соң оның орнын басар Жəңгір, 
Əділгерей, Меңдігерей атты үш ұлы қалады. Хан тағының мұрагері
Жəңгір оңсолын танып, ел басқаруға араласқанша Ішкі Орданы 
Бөкейдің інісі Шығай биледі. 1824 ж. Жəңгір арнайы жарлықпен 
хан тағына отырған соң Ішкі Ордадағы қоғамдық тұрмыс пен 
əлеуметтік-саяси құрылымдарға, жер қатынасына, салық саясаты-
на өзіндік өзгерістер енгізбек болды. Бірақ көшпелі жəне жартылай 
көшпелі халық ханның бұл “жаңалықтарына” дайын болмады. 
Жер қатынасында əділетсіздіктер орын алды. Жəңгірдің ағасы 
Меңдігерей Бөкейханов ханның төңірегінде жүрген сұлтандар 
Мұсағали, Шыңғали Ормановтар, Балқы Құдайбергенов т.б. шұ-
райлы жерлерді иеленді. Сонымен қатар Ішкі орданың халқы Орал 
казак-орыстарынан да қатты қысым көрді. Жайық өзенінің жаға-
лауына адам жолатпады. Қазақтарға Жайықтан балық аулау түгілі 
су ішуге, мал суғаруға рұқсат етпей, өзенге он шақырым жақындауға 
тыйым салынып, ол жаққа жайылып бара қалған малдарды айдап 
алып, иеленіп кетіп отырды. 
Ішкі Орданың қазақтары 1846 жылға дейін патша үкіметінің 
алдында міндеткерліктер жүктеп, ешқандай салық төлемеді. 
Ордадағы салықтың түрлерін негізінен ханның өзі белгілеп отыр-
ды. Олардың ішінде ханның пайдасына алынатын “зекет”, “соғым” 
сияқты салықтар болды. 1825 ж. “зекет” салығынан 115 мың сом 
пайда түскен. “Соғым” салығынан жылына 6000 сом пайда тауып 
отырған, бұл салық кейде 800—1000 бас мал түрінде алынып тұрды. 
1836 ж. Ішкі Орда халқы ханның “зекет” салығына 18000 қой, 800 
өгіз, 1000 жылқы, 700 түйе, одан басқа да салықтар жинағанын ай-
тып Орынбор комиссиясына шағымданады. 
Жəңгір хан 1833 ж. өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов-
ты Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген рулардың 
басқарушысы етіп тағайындайды. Жаңа тағайындалған басқарушы 
қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді 
“жалға” беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр 
салық төлеуге мəжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы 
үшін əр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге 
міндеттелді. Одан басқа да қосымша міндеткерліктер халықты əбден 
күйзелтті. 1835 ж. Исатай ханға арызданбақ болғанда, сұлтан Шөке 
Нұралиев ханмен сөйлесемін деп Беріш руына қарасты елден 264 
түйе, 127 жылқы, 19222 сом ақша жинап алып, халықтың шағымын 
аяқсыз қалдырады. Қ.Бабажановты тағайындау қарсаңында жəне 
одан кейін де ханға айтылған арыз-шағымдар ескерусіз қалған еді. 


150
151
Мінеки, осындай жер қатынасындағы əділетсіздіктер, Орал 
казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан 
түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. 
Бұл жағдайлар 1836—38 жылдары халықтың көтеріліске шы-
ғуына əкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махам-
бет Өтемісұлы жетекшілік жасады. Көтеріліс алғаш əр жерде 
ұйымдаспаған наразылықтар түрінде байқалса, кейіннен біріккен 
күшке айналып, ашық қарсылыққа ұласты. Көтерілістің негізгі 
қозғаушы күші бұқара халық болды. Бөкей хан 1812 жылы Жайық 
бөлімінің старшыны Жабал Бегалин қайтыс болған соң орнына 
Исатайдың жақын серігі М. Өтемісұлын тағайындайды. Махамбет 
жасынан ақын ретінде қалыптасып, əрі татар жəне орыс тілдерін 
үйренеді. Ол Жəңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынбор-
да да тұрады. Жəңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға тырыса-
ды, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 
1828—1829 жылдары өз ауылына кетіп қалады. Одан соң шекаралық 
үкімет тарапынан “Еділ арқылы құпия өткені үшін” деген айып-
пен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. 1831 
ж. онда тырысқақ (холера) эпидемиясы басталғанда қашып кетеді. 
1834 ж. Жəңгір хан Махамбетті старшындыққа тағайындайды, бірақ
бұл тағайындауды Шекаралық комиссия бекітпейді.
1835 ж. Исатай бастаған көтерілісшілер халық арасында 
үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, орын алған əділетсіздікпен 
озбырлықты əшкерелеп, хан билігіне бағынбауға шақырады. Иса-
тай мен Махамбеттің бұл əрекеттерін Қарауылқожа “елді бүлдіріп” 
жатыр деп Жəңгір ханға бірнеше рет хат жазады. 1836 жылдың 
ақпан айында көтерілісшілердің Жəңгір ханға қарсы белсенді күресі 
басталады. Жəңгір хан енді Исатайды алдап Жасқұстағы ордасы-
на шақырады, бірақ Исатай бұл шақырудан бас тартып, ханның 
шақыруын алып келген шабармандарды соққыға жығып қайтарып 
жібереді. 1836 ж. наурызда хан Қарауылқожаға қол жинап Исатай 
мен Махамбетті жəне оларды қолдаған көтерілісшілердің белсенді
мүшелерін тұтқындауға бұйрық береді. Қарауылқожа адай, беріш, 
табын т.б. рулардан 522 жігіт жинап, Исатайдың ауылына аттана-
ды. Мұны естіген Исатай 200 жігітпен Қарауылқожамен соғысуға 
əзірленеді. 4-сəуір күні Қарауылқожа жасағымен Исатайдың 
ауылының маңындағы Қиялы моласының жанына келеді де, 
Исатайға Сағыр Баршығаев пен Қабық молданы елшілікке жіберіп, 
хан мен императорға бағынуды талап етеді. Осыдан соң Исатай 200 
жігітімен қолдарына ту алып, Қарауылқожаның жасағымен кездесіп, 
Исатай Қарауылқожаны жекпе-жекке шақырады. Қарауылқожа Иса-
тай батырдың айбынынан сескеніп, хан бұйрығын орындаудан бас 
тартып, жинаған жасағын ауылдарына қайтарады. Қарауылқожаның 
Исатайдан соғыссыз жеңілуі ел арасына тез тарап, Исатай батырдың 
беделі одан əрі өсе түседі. Осы жағдайдан соң Жəңгір хан ашула-
нып, қайткенде Исатайдан кек қайтару жағын ойластырып, Орын-
бор əкімшілігіне Исатай мен Махамбет Күшік Жапаров деген 
адамды өлтірді деп жала жауып, сотқа шақыртады. Бірақ сотта 
екеуі де өздерінің кінəсіз екенін дəлелдеп шығады. Халық толқуы 
шекаралық комиссия мен ханды қатты алаңдатқан болатын. Исатай 
батыр ел ішінде беделді бір топ адаммен Қарауылқожаның үстінен 
ханға шағымданып, жағдайды тексеруді сұрайды. Қарауылқожа да 
көтерілісшілердің үстінен ханға арызданады. 
1836—37 жж. көтерілісшілер ханға өздерінің талаптарын айтып, 
өкілдерін жіберумен болады. Сонымен қатар Исатай ел ішіндегі 
түрлі мəселелерді шешіп, халық казактар мен байлардың жерлерін 
бөліске салып, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырып отырады. 
1837 ж. наурызында Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті 
сотқа шақыртады, бірақ олар сотқа барудан бас тартады. Орын-
бор генерал-губернаторы Перовский жіберген атаман Покатилов 
бастаған Жайық казак əскерінің отряды да оларды тұтқындай ал-
майды. Бұл тұста көтерілісшілердің саны 3 мың адамға жеткен еді. 
1837 ж. қыркүйегінде Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер 
Қарауылқожаның ауылы мен басқа да би-сұлтандардың ауылдарына 
шабуыл жасайды. Одан кейін хан ордасын шабуылдауды ойласты-
рып, қазан айының басында ордаға 12 шақырымдай жерге келіп ор-
наласады. Исатай хан ордасына жақындаған тұста қол астында 2000 
жігіт болады. Алдымен ханға өз талаптарын айтып хат жазып, оның 
орындалуын күтеді. Жəңгір хан болса Исатаймен келіссөз жүргізу 
арқылы уақыт ұтады да, Орынбор генерал-губернаторлығына жа-
сырын хат жазып, көмек сұрайды. Бұл жағдайды білген Исатай да 
Орынборға хат жолдап, жауап күтеді. 
Орынбор генерал-губернаторы Перовский қазан айының 17-
сінде подполковник Геккені Жəңгір ханға көмекке жіберіп, күшпен 
тəртіп орнатып, Исатай мен Махамбетті тұтқындауды тапсырады. 
Қазан айының 30-да Гекке хан ордасына жетеді. Оған жолда ата-
ман Покатиловтың 400 казак отряды қосылады. Гекке хан ордасына 
келген соң қосымша күш жинау үшін, уақыт ұту мақсатында Иса-
таймен келіссөздер жүргізеді, бірақ одан нəтиже шықпайды. Бұдан 
кейін Гекке губернаторға хат жазып, өздерінің көтерілісшілермен 


152
153
соғысуға даяр еместігін жəне полковник Меркульевтің отрядына 
Теректіқұмдағы Исатайдың ауылына шабуыл жасау керектігін ай-
тады. Қараша айының 7-де Меркульевтің отряды Исатайдың ауы-
лына шабуыл жасап, батырдың отбасын тұтқындайды. Бұл суыт ха-
барды естіген Исатай дереу ауылына көмекке аттанады. 8 қарашада 
Исатайдың жігіттері Меркульевтің отрядын қоршап алады да ауыл 
адамдарын босатуды талап етеді. Меркульев соғысуға күштің тең 
еместігін байқап, ауыл адамдарын босатуға мəжбүр болады. Осы 
жағдайдан кейін Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің мəні 
өзгеріп, ол тек ханға қарсылық емес, енді ханға қолдау көрсеткен 
Орынбор əкімшілігіне де қарсылық сипатына ие болды.
Меркульевтің отряды Геккенің отрядымен Бекетай ауылының 
маңында қосылып, Тастөбеге қарай бағыт алады. Тастөбеге 4 
шақырымдай қалғанда 500-ге жуық көтерілісшілер тобымен 
кездеседі. Исатай батыр Меркульевтің отрядынан құтқарып алған 
елді қорғау үшін жан-жақтан жігіттерін жинауға тырысады. Бірақ 
Гекке бастаған 2000 жазалаушы солдат көтерілісшілердің бір-
біріне қосылмауына күш салады. Жазалаушы отряд саны жағынан 
басымдылық танытса да көтерілісшілер бірінші болып шабуыл 
бастайды. Алдымен мергендер тобы мылтық атады, Геккенің от-
ряды оларды зеңбіректен атқылайды. Зеңбіректен дұрыс нəтиже 
болмаған соң Геккенің солдаттары шабуылға көшеді. Оларға 
көтерілісшілер қарсы шығып, солдаттардың арасын біршама сиретіп 
тастайды. Мұны байқаған Гекке көтерілісшілерге жақындап келіп 
зеңбіректен қайта оқ атуды бұйырады, онысы нысанаға дəл тиіп, 
көтерілісшілерден көп адам шығынға ұшырайды. Сол уақытта сол-
даттар тағы да шабуылға шығады. Осы шайқаста Исатай оң қолынан 
жараланады да, баласы Жақия 50—60 адаммен бірге қаза табады. 
Тастөбе маңындағы шайқаста көтерілісшілер Геккенің отрядынан 
жеңіледі. Жеңілістен кейін Исатайдың жігіттері Ішкі Ордаға шағын 
топтармен тарай бастады. 
Исатай қатары сиреген көтерілісшілерді қайта біріктіруге 
əрекеттенеді. Ал бұл уақытта подполковник Геккенің басшылығын-
да 700-дей казак-орыс əскері, 2 зеңбірек жəне 400 адамнан тұратын 
хан жасағы болды. Жазалаушы отряд енді Исатай батырдың өзін 
ұстауға тырысады. Осы мақсатпен полковник Меркульев 300 казак 
отрядына ханның 600 жасағын қосып алып бірталай жерді шолып 
қайтады. Перовский Исатай батырды ұстаған адамға 500 сом күміс 
ақшамен сыйлық тағайындайды. Есаул Трафимовқа 75 казак отряды 
жəне ханның 100 жасағымен қоса Тастөбенің төңірегін аңду тапсы-
рылады. 1837 жылы 15 қараша күні таңсəріде Тастөбенің жанында 
көтерісшілер мен жазалаушы отрядтың арасында кескілескен шайқас 
болады. Бірақ та жазалаушылар көтерісшілердің көп шоғырланған 
тұсына зеңбіректен оқ атып, көтерісшілерді шегінуге мəжбүрлеп 
біршама жерге дейін қуғындайды. Бірақ даланы қанша кезсе де 
Исатайды ұстай алмады. Исатайдың жанында сенімді серіктері 
Махамбет, Тінəлі, Иса, Сарт Қабыланбай, Төлеген, Есенгелді от-
басыларымен, Тəни, Үбі, Мəстек Ахметұлы көтерісшілер қалып, 
олар басшыларын барынша қорғауға тырысады. Жазалаушы отряд 
желтоқсан айында Исатайды Самар даласынан іздейді, ал Исатай 
болса Жайықтың бойында отырып, қолайлы сəтті күтеді.
Губернатор Перовский болса Жайықтың арғы бетіндегі кіші 
жүздің батыс бөлімін билеуші сұлтан Баймағамбет Айшуақов-
қа Исатайдың Жайықтан өтіп кетпеуін алдын-ала тапсырады. 
Губернатордың бұйрығымен Жайықтың бойын бақылау күшей-
тіледі. Баймағанбет сұлтан өз қарауындағы елдің билері мен 
сұлтандарына Исатай келсе тез арада ұстап беруді тапсырады. 1837 
жылы 13 желтоқсан күні таңсəріде Құраң Маябасовтың бастауымен 
Исатайдың тобы Жайықтан жасырын өтпек болғанда, жағалауды 
бақылап жүрген Хорунжий Жигиннің отряды байқап қояды. 
Бұл кезде Исатайдың жігіттерінің көпшілігі өткелден өтіп, тек 
бірнеше адам бері жақта қалады да, олар Жигиннің жендеттерімен 
қақтығысқа түседі. Казак-орыстар Сарайшықта жасақтарымен дай-
ын тұрған Баймағамбет, Мұхамедқали Таукинге хабар береді. Бұл 
жасаққа жүзбасылар Попов пен Понамаревтің жазалаушы отряды 
қосылады. 14 желтоқсанда жазалаушылардың қолына Исатайдың 
əйелі Несібелі, балдызы Бағлан, Еділ Сартұлының балалары Ерше 
мен Нұрша түседі. Ал Исатай біраз сенімді жігіттерімен жазалау-
шыларды адастырып кетеді.
Тастөбе маңындағы шайқастан кейін көтерілістің бірінші жəне 
екінші кезеңі жеңіліспен аяқталады. Исатай мен Махамбет Кіші 
жүзге өтіп, 2000 жігіт жинап, Хиуа ханының қолдауымен патша 
өкіметіне жəне оның қолшоқпары Баймағамбет Айшуақовқа қарсы 
күреседі. Кіші жүз даласындағы халық қозғалысы енді орта жүзден
Торғай өңіріне келген Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық 
қозғалысымен жалғасады. Сондай-ақ, осы тұста Кіші жүздегі Жо-
ламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс те өрши түсіп, ол Кенесарыға 
қосылуға бағыт алады. 
Бұл уақытта жазалаушы əскер мен Баймағамбеттің жасағы Иса-
тайларды тынымсыз іздеуде болатын. Исатайдың қайда жүргеніне 


154
155
қатты мазасызданған Жəңгір хан Кіші жүздің ішіне өз тыңшыларын 
жіберіп, бақылауды күшейтеді. Ал Орынбор губернаторы Перов-
ский болса Кіші жүздегі көтерілісті басуға қосымша əскер жібереді. 
Полковник Гекке мен Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың 
жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен Қиыл өзенінің қарсы 
жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада
шайқас басталады. Жазалаушы əскер көтерілісшілерді үш жақтан 
шабуылдап, зеңбіректен оқ атады. Шайқаста көтерілісшілердің 70-
80 адамы қаза табады да, амалсыздан шегінеді. Жазалаушы əскер 
көтерілісшілердің соңына түседі, көтерілісшілер болса шегіне оты-
рып, біршама шайқасады. Кезекті қақтығыста Исатайдың атына оқ 
тиеді де, оған көмекке Махамбет пен Үбі келіп, аттарын ұсынады, 
бірақ батыр атқа мінбей жаяу ұрыс салады. Осы шайқаста Исатай 
қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра 
байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып ата-
ды. Оған қоса Иван Богатырев деген урядник батырдың басын 
қылышымен шауып түсіреді. Осылайша елі үшін еңіреген есіл ер 
қанішерлердің қолынан қаза табады. Басшысы өлген көтерілісшілер 
Ойыл өзенінің жағасындағы қалған топқа қосылады. Кіші жүзді 
қаптаған патшаның жазалаушы əскерлері көтерілісшілердің бірі-
гіп, ары қарай əрекет жасауына мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін 
Исатайдың ұйымдастыруымен болған Кіші жүздегі көтеріліс 
жеңіледі. 
Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдар-
мен Хиуа хандығына өтіп кетеді. Кейін Орынбор əкімшілігі оны 
қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. 
Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 
ж. қыркүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді. 
И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтерілісті үш кезең-
ге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең — 1833—1836 жылдар 
аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші 
кезең — 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы ат-
тануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларына жеңіліске 
ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең — 1837 жылдың 
желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің 
шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап 
көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының 
ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола 
жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды. 
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс 
— қоғамдағы əлеуметтік теңдік үшін болған, қазақ халқының 
Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтың 
азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс. Сондықтан да, бұл 
көтеріліс халқымыздың тарихында өзіндік орны бар, маңызы зор 
көтерілістердің бірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет