3. Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау шараларына
қарсы күресі.
ХҮІІІ ғасырдың 30-шы жылдары Кіші жүзді өзіне тәуелді еткен соң патшалық Ресей
біртіндеп қазақ даласындағы отарлау саясатын тереңдете бастады. Оның барысында елдің
шаруашылығы күйзеліске ұшырап, саяси жағдайлар шиеленісе түсті. Мұның барлығы
Қазақстанның әр өңірінде халықтың наразылығын тудырып, көтеріліске шығуға итермеледі.
Ал, Кіші жүз өңірінде қалыптасқан жағдайлар қазақтардың Е. Пугачев бастаған көтеріліске
қатысуына себеп болды. Өзін “ІІІ Петрмін” деп жариялап лақап ат жамылған Е. Пугачев пен
оның төңірегіндегілер қазақ даласында болып жатқан мәселелерден біршама хабардар еді
және олар қазақтардың көтерілісті қолдайтынын түсінген болатын. Сондықтан, ол
жағдайларды өз мүддесіне пайдалануға тырысып, 1773 жылдың 6 кыркүйегінде қазақтарға
“қамқор” болатынын білдіріп манифест жазып, 200 адамнан тұратын қазақ жасақтарын
жіберуді сұрайды. Пугачевтың жазған мұндай үндеулері қазақтар арасынан біршама қолдау
тапты.
Осыдан кейін, кыркүйектің 20-сына қарай Нұралы хан 1000-ға жуық қазақ жасағымен
Жайық қалашығының жанына келеді, бірақ, Пугачевқа көмек көрсетуден тартынып, көп
ұзамай кері қайтып кетеді. Пугачев 1773 жылдың 20 қыркүйегінде қазақтарға арнап тағы да
манифест жазады. Одан соң, Пугачев Жайық қалашығына шабуыл жасап оны ала алмайды
да, онда аз ғана отрядын қалдырып негізгі күшін алып Орынборға қарай кетеді. Жол бойында
Чернореченск, Татищев бекіністерін басып алады.
Қазақ жасақтары Жайық қалашығына, Озерная, Сахарная, Кожехаров, Красногор
дистанциялық бекіністеріне шабуылдар жасайды. 1773 жылдың 5 қазанында Пугачевтың
көтерілісшілері Орынборды қоршауға алған тұста Досалы сұлтан бастаған қазақ жасақтары
Пугачевтың өтініші бойынша Орынборды қоршауға алуға қатысады. Досалы сұлтанның үш
баласы Пугачевты қолдап көтеріліске қатысқан болатын. Орынборды қоршау 5 айға
созылып, оның барысында 2000-дай қазақ жасағы қолдау көрсетті.
74
1774 жылдың тамыз айында старшын Дайыр сұлтан бастаған 50 қазақ жасағы
Пресногорьков бекінісін шабуылдады. Құлсары батыр бастаған қазақтар редутке шабуыл
жасап, оған старшындар Алғабай, Итек және Дәуітбай тархан қатысты.
Пугачев көтерілісіне қазақтардан басқа башқұрттар, қалмақтар, т.б., қатысқан еді. Бұл
көтерілісті басуға патша әкімшілігі жақсы қаруланған жазалаушы әскерді көп жіберді.
Жазалаушы әскер Қазан маңында көтерілісшілерді басып-жаншыған соң, Пугачев бастаған
көтеріліс жеңіліс тапты. 1775 жылдың көктемінде жазалаушы әскер көтеріліске қолдау
көрсеткен қазақ ауылдарына шапқаншылықтар жасады. Бұған шыдамаған қазақтар далаға
ішкерілей көшіп кетіп, бас сауғалайды.
Ал, 1775 жылдың жазына қарай Кіші жүз өңірінде “Көрінбейтін адам” немесе Көктемір
туралы аңыз тарайды. Бұл аңыздың таралуы барысында күйеуі Сейдалы сұлтанның
қолдауына сүйенген Сапура Мәтенқызы “Көрінбейтін адам” атынан үндеу таратып, жанына
жасақ жинап күзге қарай көтеріліске шықты. 1776 жылдың көктемінде Сейдалы сұлтан
бастаған көтерілісшілер отряды жазалаушы әскердің құрамында болған башқұрттарға
шабуыл жасады. Сапура Мәтенқызы бастаған көтерілістің өрістеуі барысында оған
қатысушылардың саны 10 мыңға дейін жеткен болатын. Көтерілісшілер Гурьев пен Кулагин
бекінісінің аралығындағы жерлерге топтасып Ресейге қарсы күресуді ойластырады. Жоғарғы
Орал, Ор, Елек, Орынбор бекіністеріне шабуылдар жасайды. Бірақ, уақыт өте келе
көтерілісшілер арасында өзара келіспеушіліктер туындап, Досалы сұлтан Ресейді қолдап
кетеді. 1776 жылдың жазында жазалаушы әскердің күшімен көтеріліс аяусыз басып
тасталды. Сапура Мәтенқызы бір топ жақтастарымен далаға ішкерілей ене отырып,
жасырынуға мәжбүр болады.
Бұл көтерілістерден кейін, патша өкіметі 1775 жылы жергілікті басқару ісіне қайта
ұйымдастыру жүргізді. Орынбор губерниясы таратылды. Кіші жүз және Орта жүз
аумағының бір бөлігін Симбирск және Уфа генерал-губернаторлықтарының құрамына берді.
Орынбордың обер-комендантына Кіші жүздегі патша әкімшілігінің жергілікті мекемелерінің
іс-шараларын тікелей жүргізу тапсырылып, ол үшін Шекара істері комиссиясы құрылды.
Патшалық үкімет орындары қазақ сұлтандарын өзінің сенімді тірегіне айналдырып, олардың
көмегімен қазақтардың толқуларын болғызбауға ұмтылды. Өз тарапынан Нұралы хан мен
сұлтандар патша үкіметіне адалдығын дәлелдеуге бар күшін салды. Патшалық үкімет
орындары сыйлықтар үлестіру, айлық тағайындау, шен беру жолымен дала
аристократиясымен одақты нығайтуға ұмтылды.
Кіші жүз жерлеріне салынған бекіністердегі казак-орыс әскерлеріне жергілікті халық
есебінен жер бөлініп беріле бастады. Бұл жағдай жайылымдық жерлердің тарылып, мал
шаруашылығының күйзеліске ұшырауына алып келді. Сонымен қатар, бекіністерге
орналасқан казак-орыстар қазақ ауылдарына шабуылдар жасап, малдарын айдап, адамдарын
байлап әкетіп отыратын болды. Орынбордың әскери губернаторы Н.Вахметьев патшаға
жазған мәлімдемесінде: “Шеп бойындағы барлық бастықтардың қолдауымен рұқсат етілген
жазалау шаралары қазақтарды аздырып-тоздырып, талан-таражға ұшыратуы сондай,
барымта деп алынған малдың мыңынан жүзі иесінің қолына қайтып тимейді. “Шекараға
жете алмай өлді” деген сылтаумен мал барымта басшысының т.б. қолында қалып отырды.
Сөйтіп осы жаман әдет арқылы дүние-мүлік жинап, байып алғандар көп», - деп көрсетеді.
“Шекара барымтасы” деген шабуылдар бүкіл бекініс линияларының бойында қолданылып
тұрған. Мұндай шабуылдар кейде тіпті ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалған,
оның ұйымдастырушылары Жайықтағы казак-орыс әскерінің атамандары. Бұл
шабуылдардың көп болатын себебі, шабуылға қатысқандар олжа түсіріп, ауқаттанып
отырғандығын Орынбор әкімшілігінің өзі де мойындайды.
Бұл келеңсіз құбылыстарға қоса хан мен патша үкіметінің салған түрлі салықтары,
көрсеткен зорлық-зомбылықтары халықты әбден титықтатқан еді. Патшалық Ресейдің
жергілікті әкімшілік орындарына арқа сүйеген Нұралы хан мен оның туысқан сұлтандары
70-жылдардың екінші жартысында халықты қанауды күшейтті. Нұралы хан Кердері руынан
бір жылда - 100 жылқы, Тама руынан - 60 жылқы, Табын руынан - 50 жылқы тартып алған.
75
1782 жылғы жарлық бойынша қазақ ауылдарының Жайықтан өтуіне хан шекаралық
үкімет органдарынан рұқсат алғаннан кейін ғана жол берілді. Нұралы мен оның ең жақын
туыстары қоныстарға билік ету құқығын пайдаланып, қиянат жасады, Орал казак
әскерлерінің старшиналарымен сөз байласты. Әскери старшиналар өзеннен өткені үшін ақы
төлемеген ауылдарды тонады, ал қазақтарды тұтқынға алып, айдап әкетті. Сол кезде хан мен
оның жақындастары тұтқындарды сатып алу үшін халықтан қаражат жинады. Бұл қаражат
Орал әскерінің старшиналарымен бөлісілді. Сөйтіп, “тұтқын іздеу” қаржысы ханның,
шекаралық әкімшілік пен казактардың үстем топтарының тұрақты табыс көзіне айналды.
Осындай әлеуметтік-саяси себептер С.Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының
көтеріліске шығуына негіз болды, Яғни 1783 жылдың көктемінде Жайық казактарының
қазақтардың 4 мыңнан аса жылқысын айдап әкетуі елдің ішіндегі жағдайды одан әрі
шиеленістіріп, көтерілістің басталуына әкеп соғады. Көтеріліс алғаш Кіші жүздің батыс
өңірін Тама руын қамтып, кейін Орал мен Жем өзендерінің арасына қоныстанған басқа да
руларға таралды. Көтеріліске елге жастайынан ақылдылығымен, шешендігімен танымал
болып бала би атанған халық арасында беделі зор, ықпалы күшті Байбақты руының
старшыны С.Датұлы жетекшілік жасады.
1783 жылы көтерілісшілер қазақ ауылдарына шабуыл жасаған казак-орыс
атамандарының бірі Чагановтың отрядын талқандап, оның өзін тұтқынға алып, кейін Хиуа
хандығына құлдыққа сатып жібереді. Осы жағдайдан кейін көтерілісшілерге қарсы Орал
қаласынан әскер шығып, 1783 жылдың желтоқсанында күтпеген жерден С.Датұлын қолға
түсіреді. Бірнеше ай түрмеде отырған Сырымды құдасы Нұралы хан 1784 жылы кепілдікке
70 жылқы, 350 рубль ақша төлеп босатып алады. 1784 жылдың мамырында елге оралған
Сырым өз жасағымен Орал әскерлеріне қайта шабуыл бастайды. Бірақ, оның бұл әрекеті
Нұралы хан тарапынан қолдау таппайды. Нұралы оған керісінше қарсы болып, көтерілісті
басуға әкімшіліктен қосымша әскер жіберуді сұрайды. Нұралы ханның бұл ісіне риза
болмаған Сырым, онымен араздасып, енді көтеріліс тек Жайық казактарына ғана емес,
Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға да қарсы бағытталады.
1784 жылы көтеріліске Байбақты, Табын, Шекті, Шеркес руларының адамдары да
қатысты, кейін көтеріліс одан әрі қанат жайып - Барақ, Тіленші, Оразбай, Айшуақтың баласы
Жантөренің иеліктерін, Жоғарғы Орал бекінісі мен Елек қалашығына дейінгі аралықты
қамтыды. 1784 жылдың күзінде көтерілісшілердің саны 1000 адам болса, 1785 жылы Сырым
батырдың жасағында - 2700, Барақ батырда - 2000, Тіленші батырда - 15000 адамға жеткен.
1785 жылдың көктемінде Сырымның жасағы Антоновск форпостына, Сахарная
қалашығына, Орал бекіністеріне шабуылдар жасап, оларға көп шығын келтіреді.
1785 жылдың наурызында көтерілісті басуға Орынбор қаласынан Елек өзенінің
жоғарғы ағысын бойлай генерал-майор Смирновтың отряды, Сарайшық бекінісінен
Пономарев пен Колпаков басқарған Жайық казактары аттанады. Бұл отрядтар көтеріліске
қатысушы ауылдарға ойран салып, тонап, Қаракөл маңындағы ауылдардан 112 адамды
тұтқындап алып кетеді. Майор Назаровтың отрядына Сырымға көмекке келе жатқан
Айшуақтың баласы Аппақ бастаған сарбаздар қарсылық көрсетіп, осы шайқаста Аппақтың
өзі де ерлікпен қаза табады. Назаровтың отряды Табын руының ауылдарына шабуыл жасаған
кезде Айшуақтың екінші баласы Жантөрені соққыға жығып, балалары көтеріліске белсенді
қатысқаны үшін Айшуақ сұлтанды тұтқындап, 2124 жылқысын қоса айдап кетеді. Осыдан
Айшуақ 1787 жылға дейін түрмеде отырады.
Айшуақ сұлтанның тұтқындалып, балаларының біреуі өліп, біреуінің соққыға
жығылуы, старшындардың патша әкімшілігіне бағынбауы, Кіші жүз руларының көпшілігі
Нұралы ханды мойындамай көтерілісшілер жағына шығуы, хан билігінің дәрменсіздігін,
дағдарысқа ұшырағандығын байқатты. Бұл жағдай Ресей өкіметін де қатты ойландырды.
Енді олар Кіші жүз старшындарымен тікелей байланыс жасау жағын ойластырады да,
генерал-губернатор О.А.Игельстром Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет істейтін
ахун (ахун - мұсылмандық діни лауазым) М.Құсайыновты елшілікке жібереді. Елшіліктің
алдына: көтеріліс жасаушы рулардың старшындарымен тікелей байланыс орнату,
76
көтерілістің себептерін анықтау, көтерілісшілердің қоятын талаптарын білу, көтеріліс
тоқтатылса берілетін жеңілдіктерді түсіндіру сияқты т.б. міндеттер жүктеледі. Кіші жүздегі
жағдаймен танысқан Құсайынов, 1785 жылдың жазында көтерілісшілер мен старшындардың
қатысуымен өткен жиналыста патша әкімшілігінің қоятын талаптарынан хабардар етеді.
Ал көтерілісшілер өз тарапынан патша әкімшілігіне мынадай талаптар қояды: 1) Еділ
мен Жайық арасындағы қоныстарды қайтару; 2) Орал казак-орыс әскерлерінің жазалау
отрядтарын жіберуді тоқтату; 3) Нұралы ханды тақтан түсіру. Елшіліктен қайтып келген
М.Құсайынов патша ІІ Екатеринаға көтерілісшілердің талаптарын ескертіп, хабарлама
жолдайды. 1785 жылдың күзінде тағы да старшындар мен көтерілісшілер қатысқан жиналыс
өтіп, оған қатысушылар Нұралы ханды тақтан түсіру жөніндегі шешімдерін күшінде
қалдырып, бұдан былай оны хан ретінде мойындамайтындықтарын білдіреді.
Орынбор генерал-губернаторы арқылы осы жағдайлармен танысқан патша ІІ
Екатеринадан “кіші жүз үш бөлікке бөлініп, билер мен сұлтандар арқылы басқарылсын”
деген нұсқау келеді. Осыдан кейін генерал-губернатор О.А.Игельстром Кіші жүзді
басқарудың империялық басқару жүйесіне жақын жобасын жасайды. Оның жобасы
бойынша Кіші жүздегі хандық билік жойылып, елді басқару Орынбор шекаралық сотына
беріледі, ол генерал-губернаторға бағындырылады. Тарихта “Игельстром реформасы” деген
атпен қалған бұл реформа, жалпы империядағы саяси жағдайға байланысты және жергілікті
жерде түрлі қарсылықтарға ұшырап, толықтай іске аспайды.
Билер мен сұлтандардың Сырым бастаған бөлігі болмаса, барлығы бірдей хандық
биліктің жойылуын қолдамаған еді. Хандық билік жойылғанмен, патша әкімшілігі Кіші
жүзде өздеріне тұтастай тәуелді басқару жүйесін құра алмады. Бұл реформаның бір пайдалы
жағы, оны жүргізу барысында Жайық казак-орыс әскерлерінің қазақ ауылдарына шабуыл
жасауына тиым салынды. Қазақтарға Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерге көшіп-қонуға
мүмкіндік беріліп, Жайықтан өтуге 45 мыңнан аса шаруашылығы бар 17 ру басы рұқсат
алады.
“Игельстром реформасы” толық нәтиже бермеген соң, патша үкіметі хандық билікті
қалпына келтіру мақсатында енді сұлтандармен арадағы одақты нығайтуды көздеді.
О.А.Игельстромның орнына жаңа тағайындалған генерал-губернатор А.Пеутлинг
Нұралының інісі Ералымен байланыс жасап, қазақ қоғамына қатысты қатал саясат ұстанды.
Губернатордың саясатына сәйкес Жайық казак-орыс әскерлері қазақ ауылдарына
шабуылдарын қайта үдетті. Старшындарға қарсы саясат жүргізіп, олардың билігіне шек қоя
бастады. 1790 жылы Орынборға барған билер мен старшындар қамауға алынады. Осы жылы
Уфа қаласында Нұралы хан қайтыс болып, орнына билер мен ру басылары жиналып Есім
сұлтанды Кіші жүздің ханы етіп сайлайды. Бірақ патша әкімшілігі бұл сайлауды
мойындамай, хандыққа Ералыны ұсынды. 1791 жылы күзіне қарай генерал-губернатордың
қатысуымен Ор қаласының жанында өткен жиналыста билер мен ру басыларының шешіміне
қарамастан Ералы хан сайланды. Ералының хан сайлануы ел ішінде наразылық тудырып,
стихиялық баскөтерулер байқалды. С.Датұлы Кердері және Табын руларының
старшындарына хат жазып, ауылдарды Мұғаджар тауларына көшіру керек екенін және өзінің
патша үкіметіне қарсы күреске шығатынын хабарлайды. Бірақ оның пікірі старшындар
арасынан қолдау таппайды. Оған қарамастан азаттық күресі жалғасып, негізінен шекара
өңіріндегі руларды қамтиды. 1792 жылы қыркүйекте Сырым бастаған көтерілісшілердің Елек
қаласына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталады.
1794 жылы Ералы хан қайтыс болғаннан кейін патша үкіметі жаңа хан сайлауға
біршама ойланып барып, 1795 жылы Нұралының баласы Есім хандыққа сайланады. 1795-
1796 жылдардағы ауа райының қолайсыздығы Кіші жүз халқының шаруашылығын күйзелтіп
кетеді. Оған қарамастан Есім хан түрлі салық жинауды тоқтатпайды. 1797 жылы
О.А.Игельстром Орынбор генерал-губернаторлығына қайта тағайындалады. Осыдан кейін
Сырымның Есім ханға қарсы қозғалысы басталады. 1797 жылы наурыздың 26-нан 27-не
қараған түні көтерілісшілер Краснояр бекінісінен 5 шақырым жерде Есім ханды өлтіріп,
ауылдарын тонап кетеді. Бірақ, ханды өлтіруге Сырым өзі қатыспайды. Хан өлімінен кейін
77
патша үкіметі көтерілісшілермен күресудің дұрыс әдісі Сырымды тұтқындау деп есептейді.
Онымен ғана шектелмей амалдар іздестіріп, Кіші жүзде хан кеңесін ұйымдастырады. Ол
кеңестің басшылығына Айшуақ сұлтан, кеңес мүшелігіне алты старшын және патша
үкіметінің өкілі Құсайынов сайланады. 1797 жылы тамыз айында хан кеңесі шақырылып
оған 1000-ға жуық адамы бар Сырым Датұлы да келеді. Осы кеңесте Сырым: “Кіші жүз
халқының жағдайының ауырлығына және хан кеңесінің құрылуына байланысты күресті
тоқтатамын”, - деп мәлімдеме жасайды. Одан соң ол хан кеңесінің құрамына сайланады.
77 жастағы Айшуақ сұлтанды 1797 жылы қазан айында патша үкіметі хан етіп
тағайындайды. Осылайша, 1783 жылдан 1797 жылға дейін 14 жылға созылған Сырым
Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс халықтың босқа қырылмауы, ел ішінде тыныштық
сақтау мақсатында тоқтатылады. Көтерілістің қозғаушы күші - халық болды. Оған билер мен
батырлар, старшындар мен ру басылары да, қарапайым шаруалар да қатысты.
Ресей отаршыларының жүргізген құйтырқы саясатының нәтижесінде хандық билік
дағдарысқа ұшырады. Сонымен қатар патшалықтың отарлау саясатының одан әрі тереңдей
түсуі, орыс-казак әскерлерінің қазақ жерлерін тартып алуы дәстүрлі шаруашылыққа үлкен
нұқсан келтірді, қоныстар мен жайылымдық жерлерді тарылтты. Сондықтан, көтерілісшілер
негізінен екі үлкен мәселені қойды: бірі дербес саяси хандық билікті, екіншісі қазақ жерінің
территориялық тұтастығын қамтамасыз ету.
Қорыта айтқанда, Е. Пугачев бастаған көтеріліске қазақтардың қатысуы, Сапура
Мәтенқызы мен Сырым Датұлы бастаған көтеріліс қазақ тарихында Ресей империясының
отаршылдық саясаты мен жергілікті билеуші топ өкілдерінің езгісіне қарсы бағытталған
маңызы зор азаттық қозғалыстың бірі болды.
8-тақырып. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінен айырылуы.
Ұлт-азаттық жолындағы көтерілістер.
1. ХҮІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ хандығы. Кіші және
Орта жүздегі хандық биліктің жойылуы.
2. Ұлы жүз қазақтарының қоқандықтарға қарсы көтерілісі. Қаратай, Арынғазы,
Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістер.
3. И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс.
4. К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыс.
5. Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы.
1.
ХҮІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ хандығы.
Кіші және Орта жүздегі хандық биліктің жойылуы.
Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы бытырап, әр жүзде жеке хандар
сайланып, бұл хандар Абылай хан ұрпағы Уәли ханға бағынуға ниет білдірмеді. Әр жүздің
өзіне тән тарихи-географиялық аймағы болды. ХІХ ғасырдың басында Кіші жүз Батыс
Қазақстанның Сырдариядан батысқа Жайық пен Тобыл өзеніне дейінгі жерді алып жатты.
Орта жүзге тән территория шығыста Қытай шекарасынан батыстағы Торғайға дейін,
Ташкенттен оңтүстік Сібір жеріне дейін қамтыды. Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік-шығыс және
оңтүстік Қазақстан территориясын мекендеді.
Табиғи - климаттық жағдай шаруашылық өмірдің барлық қырынан байқалды.
Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша, “ертеден қазақтардың негізгі шаруашылығы мал
шаруашылығы болған. Біз өмірімізді мал шаруашылығының ыңғайына қарай бейімдеп
отырдық”. Көшпелі мал шаруашылығының негізгі өзіне тән айырмашылығы бір жерден
78
екінші жерге көшіп-қонып отыруы болды (жайлау, күздеу, қыстау, көктеу). ХІХ ғасырдың
басына қарай жеке рулар арасында жайлау мен қыстау жерлеріне бөлініс басталды.
Қазақтардың көшпелі-жайылымдық шаруашылығының негізгі жүйесі экстенсивті сипатта
болды. ХІХ ғасырдың басында қазақтардың шөп шабумен айналыса бастауы мал
шаруашылығының тұрақтанып, оның табиғаттың қолайсыз жағдайына қарсыласуына
мүмкіндік әперді.
Қазақтардың шекара өңіріндегі орыс елімен сауда байланысының дамуында малдың
жекеленген түрлері ерекше мәнге ие болды. Қой саудасы орыс және Орталық Азия көпестері
тарапынан жоғары бағаланды. Ірі қара малдан ет, сүт, май өндіріп базарларға шығарып сата
бастады. Түйенің көлік ретінде маңызы арта түсті. Бұхарадан Хиуаға бір жолғы жүк
тасымалдау жағдайға қарай бір түйеге 35-50 сомнан 100 сомға дейін жетті.
ХІХ ғасырда қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуы да кең дами бастады. Ұлы
жүз ежелден жер шаруашылығымен айналысатын. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында жер
шаруашылығымен кедейлерден басқа ауқатты қазақтардың да бір бөлігі айналыса бастады.
Жетісуды, Балқаш көлінің және Ертіс өзендерінің жағасын мекендеген қазақтар – бидай,
сұлы, арпа егіп, суармалы жүйе арқылы жақсы өнім алатын болған. ХІХ ғасырдың 40
жылдары шекара бойында тұратын Орта жүз қазақтарының бір бөлігі - жатақтар жер
шаруашылығымен айналыса бастады. Әсіресе, олар Көкшетау, Ақмола, Баянауыл округі
және Сырдария аудандарында байқалды. Жер өңдеу құрал-жабдықтары дөрекі темір кетпен,
ағаш, жер тырма және сирек кездесетін темір соқалар болды. Сырдария, Торғай және Ырғыз
өзендері жағалауында тұратын қазақтар бау-бақша егумен айналысты. Онда қарбыз, қауын,
пияз, сәбіз, асқабақ, жүгері және т.б. көкөніс түрлерін екті.
Қазақтар ертеден балық кәсіпшілігімен, сонымен қатар аң аулаумен де (қасқыр, түлкі,
қарсақ т.б) айналысты. Аң терілерін өз қажеттеріне жұмсап және орыс саудагерлеріне сатып
отырды. Қазақтардың негізінен кедей бөлігі – жатақтар мен егіншілер балық
шаруашылығымен айналысатын, олар балықты ау немесе сүзгіш арқылы ұстады.
Қазақтардың шаруашылығында түрлі қолөнер де ерекше орын алды. Тері өңдеу, оқ-дәрі
жасау, ағаш немесе сүйектен, темірден түрлі заттар жасау дами түсті. Әсіресе, киіз үйдің
кереге, уық, шаңырағын жасайтын шеберлер ерекше бағаланды. Қазақтар үй
шаруашылығына керекті шалғы, соқа, орақ сияқты кейбір заттарды темірден жасаған.
Зергерлер күмістен түрлі әшекей бұйымдар жасап отырған. Суық қарудың барлық түрлерін,
мылтықты да жасай білген. Қазақ әйелдері текемет, киіз, сырмақ, тұмақтар, тондар, аяқ киім
т.б. заттарды керемет жасаған.
Ұсталардың күмістен және теріден жасалған заттары ішкі базарларда сатылып немесе
өздерінің шаруашылығына қажетті заттарды көрші елдермен айырбас жасады. ХІХ ғасырдың
бірінші жартысында Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Сауданың негізгі тіректері
Орынбор, Троицк, Петропавловск бекінісі, Пресногорьковск, Омбы, Семей және Орал
болды. Ресейдің қазақтармен сауда қатынасы орыс тілін білетін саудагерлер немесе татар
көпестерінің көмегі арқылы жүрді. Ішке тауар әкелу сыртқа тауар шығарудан басым болды.
Сыртқа: мал және сүт өнімдері шығарылса, өздеріне қант, темекі, ыдыс-аяқ, шай, дәрі-
дәрмек және т.б. заттар алып отырды.
Біртіндеп ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас түрінде болды. Айырбас
саудасы тек қана рулар арасында ғана емес қазақ жүздерінің арасында да жүрді, ал кей
жерлерде ақшаға да сауда жасалды. Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда несие
сауда қатынасы кең қанат алды. Көпестер мен Сібір казактары заттарды қазақтарға несиеге
әкеліп беріп, көп жағдайда оларды алдап кетіп отырды. Қазақтар арасында арнайы сауда
серіктестіктерін құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы саудагерлер де
пайда болды.
Ақша-тауар қатынасының дамуы кедей-батрақтардың пайда болуына әкелді. Ақша
табуға жұмысқа кеткен көптеген қазақтар балық аулаумен айналысты, шеп бойындағы бай
тұрғындарға жалданып түрлі жұмыстар істеді. Қазақтардың тек аз бөлігі ғана тау-кен
өндірістерінде (Баянауыл таскөмір өндіру, Қарқаралы қорғасын, т.б.) жұмыс істеді. Шеп
79
бойындағы орыс шаруашылығына жалданған қазақтардың жағдайы өте нашар болды, олар
көп жағдайда еңбек ақыларын да дұрыс ала алмай, өз қожайындарының қанауына түсті.
Елдің шаруашылық жағдайының өзгеруі қазақтардың әлеуметтік қарым-қатынасына
әсер етпей қоймады. ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамында үстемдік құрушы ру
старшындары мен билер болды. Олар елге әдет-ғұрып заңдарын сақтаушы әрі түсіндіруші
болып саналды. Билер хандар және сұлтандармен қатар сот істеріне араласып, түскен
пайданы бөлісуге, қоғамдық жерлерді біріктіру үрдісіне қатысып отырды.
ХІХ ғасырдың басында ру басшылары мен сұлтандар рудың жақсы қыстауымен және
шабындық жерлерін пайдалану құқықтарымен ғана шектелмей жеке иеліктерді де басып
алуға кірісті. Жақсы қауымдық жерлерді тартып алумен патша өкіметі де айналысты. Мұның
бәрі қазақ руларының дәстүрлі қалыптасқан көшіп-қону жолдарының бұзылуына әкелді, бұл
дәстүрлі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырап, жайылымдық жерлердің құлдырап,
шаруашылық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым қазақтар салық төлеуге
міндеттелді. Егінді жерлерден «үшір” (жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет»
(жиналған малдың 40-шы бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет жинау
құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында хандық билік жойылған соң
сұлтандар мен билер жинайтын болды. ХІХ ғасырдың І жартысында осы екі салық түрі жиі
жиналып тұруы және олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына міндеткерліктер
«соғым» және «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар қосылды.
ХІХ ғасырдың І жартысында бай туыстары мен казак-орыстардан, орыс шаруларынан
жұмыс іздеуге мәжбүр болған кедейленген қазақтар саны өсті. И.Завалишин: “жатақтар
байларға малшы болып жалданды, батрақтар шеп бойындағы казак-орыстарға, шеп
бойындағы қалаларда олар тіптен топтарымен бір жапырақ нан үшін жалданып жұмыс
істеді”, - деп көрсетеді. Кедей қазақтар атқарған істеріне қарай егіншілер, жатақтар және
бақташыларға бөлінді.
Үстемдік етуші топқа мұсылмандықтың өкілдері қожалар мен молдалар да кірді,
қожалар өздерін Мұхаммедтен тараған бірінші ұрпақтың тұқымдарымыз деп есептеді. Олар
рухани лауазымның өкілдері ретінде салықтан босатылды және тек сұлтандар сотына
тартылатын болды.
Мұндай артықшылықтарды тархандар да иеленді. Бұл атақты ХІХ ғасырда олардың
мемлекет алдындағы ерекше қызметі үшін Ресей өкіметі мен Ішкі Ордада – хан беретін
болды. Алғашқы «тархан» атағын билер Ж.Сегирбаев және Ж.Саламысовқа «Хиуаға
жасаған жорықтарда көрсеткен ерекше миссиясы үшін» 1821 әскери губернатор граф Эссен
берді. 1743 ж. императрица Елизаветаның жарлығымен «тархан» атағы Жәнібек батырға
берілген болатын. «Тархан» атағы жеке және мұрагерлікке берілу мүмкіндігі болды. ХІХ
ғасырда «тархандардың» ерекше артықшылықтары болмады, олар тек салықтан босатылды.
ХІХ ғасырдың 60-жылдарында тархандар саны 20-дан аспады, тархандар институты жойылу
шегінде тұрды.
Қазақ қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орынға ие болған топтың бірі батырлар болды.
Алғашқыда батырлар тайпалар мен рулардың әскер басшылары болса, кейін жоңғарлармен
және Орта Азиялық жаулаушылармен болған күресте батырлардың әлеуметтік рөлі ерекше
жоғарылап ру ақсақалдары деңгейіне көтерілді. Ш.Уәлиханов: “Батырлар - қазақтарда
рубасы сұлтандардан кейін атақты әрі маңызды адам ... Ол ел арасында ықпалды, берген
кеңесі елде әрқашанда салмақты болды”, - деп көрсетеді.
ХІХ ғасырдың ортасында қазақ қоғамында тауар-ақша қатынасына байланысты жаңа
әлеуметтік топ - байлар пайда болды. Қазақтардың арасында ірі сауда қатынастарын
жүргізетін бірқатар байлар болды. Олар заттарды сатып қана қоймай, басқа адамдарға
несиеге өсіммен ақша берді. Мысалға, Ахмет Жантөрин сауда жасап қана қоймай, белгілі бір
табыс үшін қандайда бір шаруамен айналысамын деген қазақтарға несиеге ақша беріп
отырған. Байлар сұлтандар мен рубасылар арасынан да, «қара сүйектер» ортасынан да
шықты. Байлар белгілі келісім бойынша жұмысшыларды жалдап отырды. Байлар керуендік
саудамен де айналысқан. Кейде байлардың өзі керуенбасы болып қызмет етіп, қазақ
80
даласында сауда жасаған, бірақ көбінесе түйелерін қарапайым қазақтарға белгілі бір ақыға
беріп, олардан ақыны ақшалай, кейде заттай алып отырған. ХІХ ғасырдың басында
байлардың шығуы қазақ қоғамында жаңа экономикалық құбылыс болды.
Егіншілер, жатақтар мен бақташылардың болуы ішкі қазақ қоғамында әлеуметтік
теңсіздік патшалық Ресейдің Қазақстандағы отаршылдық саясатының белсенділігімен де
күшейе түскен еді.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында құл ретіндегі адамдар категориясы
да болды, бірақ олар маңызды рөл атқармады да, жойылып кету шағында тұрды. Құлдар
негізінен соғыста қолға түскен және базарлардан сатып алынып отырған. Олар көбінесе үй
шаруашылығына пайдаланылды. Кейіннен олар қоғамның толық мүшесі болды немесе
төлеңгіттерге айналып отырды.
ХVІІІ ғасырда төлеңгіттер хандар немесе сұлтандардың әскери қызметшісі болды. Олар
кейде жауапты дипломатиялық жұмыстарды да орындады. Төлеңгіттердің әлеуметтік
жағдайының өзгеруі ХІХ ғасырда қазақ мемлекеттігінің жойылуымен байланысты болды.
Төлеңгіттер енді өз қожайындарының оққағары немесе жасақтары ретінде қызмет етті.
Төлеңгіттер сұлтандарды және олардың мүлкін қорғауға, жол сапарда бірге жүруге,
шабармандық сияқты т.б. қызметерді де атқарды. ХVІІІ ғасырда төлеңгіттерді тек қана «ақ
сүйектердің» тұқымдары сұлтандар ғана иелене алса, ХІХ ғасырдың І жартысында сұлтандар
бұл құқықтарынан айырылып, енді төлеңгіттерді билер мен старшындар да иелене алды.
Осылайша, ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамы екі қарама-қарсы топ -
сұлтан, би, бай, батыр бір жағында болса, екіншісі – қарапайым шаруа, оның ішінде
кедейленген егіншілер, жатақтар мен бақташылар болды.
Егер бұрын жасы келген, алдына барып ақыл сұрайтын адам – ақсақал атанса, енді ХІХ
ғ. І жартысында билікке ие болған басшы-сұлтандар мен аға сұлтандар да ақсақал атанды.
Әйелдердің ер адамдармен қатар тең құқылары болмады. ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында
мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуде қазақ қоғамында рулық-патриархалдық
қатынастардың сақталып қалуы қоғамның одан әрі дамуына, бірігуіне, орталықтандырылған
мемлекет құруына тежеу жасады.
Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайын жете білуге тырысқан патша
өкіметі хандық билікті сақтай отырып, қазақтардың ішкі істеріне араласа бастайды. 1781 ж.
Орта жүзге Уәли хан (1781-1819 жж.) болып бекітілді. Ресей әкімшілігі сұлтандар мен ру
басшыларының өздерінің хандарына, оның ішінде Уәли ханға қатысты да өтініштері мен
арыз-шағымдарын қарастыруға тырысты. Сондай-ақ қазақтардың саяси, сот және рухани
өміріне байланысты шараларды даярлаумен де айналысты. Мысалы: ханның жанынан
ақсақалдар Кеңесін құру; билер соты; қазақ балалары үшін мектеп ашу; шекара жанындағы
қазақтарды тікелей басқаруды ұйымдастыру; қазақ жерлеріне әскери-ғылыми-барлау
экспедицияларын жіберу т.б. Ал, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін Орта жүзде
жаңадан хан сайланбады.
Ресей қазақ даласын отарлауды табанды түрде жүргізе отырып, саяси сахнадан
Әбілқайыр ханның ұрпақтарын ығыстырып, Кіші жүздегі хандық билікті жоюға әрекет
жасады. 1797 жылы Ресей үкіметінің қолдауымен хан сайланған Айшуақтың халық арасында
беделі төмен болатын. Оның тұсында ел ішіндегі қарым-қатынас шиеленісіп, саяси билік
қатты дағдарысқа ұшырайды. Ресей үкіметінің сенімін ақтамаған Айшуақтың орнына оның
баласы Жантөре хан (1805-1809 жж.) сайланады.Осы кезде Орынбор губернаторы Жантөреге
қатысты екіұшты саясат ұстанады. Ол бір жағынан халық өкілдері сайлаған ханмен
санасуына тура келсе, екінші жағынан оның ел арасындағы беделінен сескеніп, оған қарсы
кейбір сұлтандарды жасырын айдап салып отырды. 1808 жылдың соңына қарай Жантөре
ханның жағдайы қиындай түсті. Кіші жүздің хандығы бұрынғы біртұтастығынан айрыла
бастады. Біртіндеп билігі әлсірей бастаған Жантөре хан Ресей үкіметінен қолдау табу
мақсатында Жайық шебіне жақындап барып қоныстанады. 1809 жылдың күзінде
қарсыластарының бірі Қаратай сұлтан 200 жігітпен оның ауылына шабуыл жасап, ханның
өзін өлтіріп кетеді. Жантөре өлген соң Ресей үкіметі оның орнына Әбілқайырдың тұқымы
81
дарынсыз Шерғазыны хан тағайындайды. Бірақ, оны халық жиналысы мойындамайды да,
орнына ел арасында ықпалы күшті Арынғазы сұлтанды хан сайлайды. Арынғазы тез арада
Кіші жүздегі билікті бір орталыққа бағындырады. Хандық билікті жоюға мүдделі патша
үкіметі Арынғазының хандық билікті күшейту әрекетіне мүмкіндігінше кедергі жасауға
тырысты. 1821 жылы Санк-Петербургке келген Арынғазы ханды патша үкіметі қамауға
алады да, Сібірге жер аударып жібереді. Бұдан кейін Кіші жүзде хан тағайындау ісі жүзеге
асырылмады. “Игельстром реформасы” жүргізілуі барысында қазақтар Еділ мен Жайық
өзендерінің арасындағы жерлерге көшіп-қонуға рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 жылы
қосөзен аралығында екінші хандық - Бөкей Ордасы (Ішкі Орда) құрылған еді. Бұл жағдайдың
барлығы Кіші жүздегі түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастардың шиеленісуіне
әкелді.
Осылайша, ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Орта және Кіші жүздің территориясы
Ресей империясының ықпалында, Ұлы жүздің территориясы Қоқан хандығының қол астында
болды.
ХІХ ғ. 20-30 жылдары орыс-ағылшын бақталастығының шиеленісуіне байланысты
патшалық Ресей Орта Азия мен Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан әрі нығайту басты
міндеті деп санады. Қазақстанның Ресей мен Орта Азия хандықтарының және Қытай
аралығында геосаяси орналасуы Ресей тарапынан қазақ даласын отарлау үрдісін тездетті.
Осы мақсатпен Ресей империясы 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор
қырғыздары туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға асығуы
соншалықты, олар әрбір мүмкіндікті пайдаланып, ел ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды,
билер мен батырларды бір-біріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты шараларды
қолданды.
1822-1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта және Кіші жүзде хандық билік
жойылды. Авторы Сібір әскери губернаторы М.Сперанский болған «Сібір қырғыздары
туралы» (1822 ж.) Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери
губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз
территориясына таралды.
«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз территориясы «Сібір
қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды да
орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін
Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған
қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды:
Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833
ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).
Әр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын
генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің
басшылығында округтік приказдар тұрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға
сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды
сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды
ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз
округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін
жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.
Жаңа әкімшілік бөлініс қазақтардың дәстүрлі жер қатынасын күйретті де – рулық
қауым құлдырады. Сонымен қатар, оған аға сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға,
казактарға түрлі көлемде жер бөліп беру де әсер етті. Оларға өңдеуге, мал шаруашылығына,
омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді және егерде ол жерлер қойылатын талаптар бойынша
дұрыс пайдаланылатын болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі
болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске түсіп, бір әкімшілік
басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылайша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді,
Семей және Өскемен уездері Том губерниясына берілді.
82
1822 ж. Жарғы бойынша сот істеріне де өзгерістер енгізілді, ол өзгерістер бойынша сот
үш категорияға бөлінді:
қылмыстық істер (мемлекеттік сатқындық, ұрлық, барымта, билікке бағынбау);
арыз-шағымдар («қазақтардың әдет-ғұрып заңдары» бойынша билер шешетін екінші
кезектегі істер);
облыстық басшыға берілетін арыздар бойынша (қазақтардың сұлтандар мен билерге,
болыстарға т.б.).
Сонымен қатар Жарғы салық жүйесін енгізді, ол бойынша әр қожалық өкіметке 100 бас
малдан 1 бас мал салық төлеуге тиіс болды. Жарғыны қабылдаған қазақтар бірінші бес
жылда салықтан босатылды. Қазақтарға керуендерді, почта жолдарын күзету, байланыс
жолдарын қадағалау сияқты және т.б. міндеткерліктер жүктелді.
Жарғының арнайы бір параграфы аға сұлтандардың, болыс-басқарушы сұлтандардың
және округтік приказ шенеуніктерінің мәртебесін және жылдық жалақысын белгіледі: аға
сұлтандарға жылына 1200 сом, тілмаштарға – 800 сом, болыс сұлтандарына – 150 сом.
Жарғы бойынша қазақтарға өз округтерінің ішінде және оның сыртында да тауарларын
шығарып сатуға рұқсат етілді. Жарғының жеке баптары сауат ашу мәселесін қарастырды.
1838-1856 жылдары сібір қазақтарының облысын басқаруды реттеу үшін бірнеше
«Ереже…» қабылданды және отаршыл әкімшіліктің қазақ даласына тереңдеп жылжи түсуіне
мүмкіндік берді. Патша әкімшілігі шенеуніктерінің жергілікті жағдайды дұрыс білмеуі,
әкімшіліктің Орта жүздегі хандық билікті жою үрдісін тездетуге ұмтылуы, басқарудың жаңа
құрылымын енгізуі қазақ қоғамының жікшілдікке ұшырауына және үкіметке қарсы көңіл-
күйдің пайда болуына әкеліп соқты. Ол қазақ халқын өз мүддесін қорғауға шығарып,
Қазақстанның барлық аймақтарында ұлт-азаттық көтерілістер орын алды.
1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары
туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық
билік жойылып, оның территориясы: Батыс, Орта және Шығыс болып үшке бөлініп,
Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды. Бұл бөліктердің басында аға сұлтандар
тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы
болды. Аға сұлтандардың жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын
казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом жалақы төленді. 1824 ж.
Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт кеңесші және төрт ауқатты қазақтан тұратын
шекаралық комиссия құрылды.
1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға
сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен
Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. 1831 ж. дистанциялар мен старшындықтар
ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте – 8, Ортада – 20, Шығыста – 28 дистанция құрылды.
1837 ж. 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді. Сұлтандар, старшындар және
молдалар салықтан босатылды.
1844 ж. «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже» қабылданды да, ол бойынша
орыс шенеуніктерінен жергілікті әкімшілікті қадағалайтын «қамқоршылар» қызметі
енгізілді. Қазақтардың ру-тайпалық бөлінісі ескерілмеді, ауылдардың өз бетінше қарекет етуі
мүмкін болмай қалды.
Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналдыру үшін хандық билікті,
яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына орыстың әкімшілік-территориялық басқару
жүйесін енгізді. Алғаш Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал
Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. Кейін 1822-1824 жж. Ресей империясы
Орынбор және Сібір ведомстваларының территориясында тұратын Кіші және Орта жүз
қазақтарын басқару туралы Жарғыларды қабылдады. Осы және одан кейін жалғасқан ХІХ
ғасырдың 30-50 жылдарындағы реформалар патшалық Ресейдің қазақ жерлерін одан әрі
отарлау үшін жағдай жасады. ХІХ ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы
тұтастай Ресей империясына бағынышты болды және жаңа заңдар қабылданып, Ресейлік
басқару жүйесіне қарай жақындатылды.
|