4. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыс.
Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда
жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ
қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-
азаттық көтерілістің шығуына себеп болды. Қазақтардың ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда болған
басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық
күрестің ерекшелігі, оған үш жүздің бұқара халқы түгелге дерлік катысты. Бұл күрестің кең
қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алуы, Кенесары күресінің өзіне тән саяси ерекшелігі деу
керек. Азаттық күреске қатысушы рулардың саны күрестің алғашқы жылдарына қарағанда
1843-1845 жылдары көбейе түскені байқалады. Кенесарыны анағұрлым белсенді қолдаған
рулар: Қыпшақ, Төрткара, Жағалбайлы, Табын, Тама, Бағаналы, ІІІекті, Алшын, Керей,
Жаппас, Арғын, Үйсін, Дулат т.б. Кенесары жетекшілік жасаған азаттық күресіне ру
басылары мен билер және басқа да ауқатты топ өкілдері қатысты. Олар, мысалы, Ш.
Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов және т.б. Кенесарыға белсенді қолдау
көрсеткендердің бірі оның әпкесі Бопай. Ол өзінің күйеуі Семеке мен оның туыстары сұлтан
Сортек пен Досан Әбілқайыровтарды Кенесарыға қосылуға үгіттейді. Олар көнбеген соң
күйеуін тастап, баласымен көтерілісшілерге қосылып, Кенесарының бір отрядын
басқарады.
Кенесары бастаған азаттық күрестің мақсаты Абылай хан тұсындағы қазақ
хандығының территориялық тұтастығын қалпына келтіру, Ресейдің құрамына кірмеген
қазақ жерлерінің тәуелсіздігін сақтап қалу болды. Кенесары Ресей отаршылдығына қарсы
азаттық соғысты бастамас бұрын бірнеше дипломатиялық қадамдар жасады. 1837 жылдың
көктемінде патша үкіметіне жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартып, салынған
бекіністерді бұзуды, орыс әскерлерінің қазақ даласына ішкерілей енуін тоқтатуды талап етіп
бірнеше хат жолдаған болатын. Сол хаттарының бірінде: "Ата — бабаларымыз мұра еткен
Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмүрын, Орал,
Торғайға дейінгі жерлер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, ол жерлерде
бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің
болашағымыз үшін ғана емес, сонымен бірге бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті", - деп
көрсетеді. Бірақ, Кенесарының бұл хаттары патша әкімшілігі тарапынан жауапсыз
қалдырылды. Одан кейін Кенесары 1837 жылдың күзіне қарай ашық күреске шығады.
91
Қараша айында Петропавлдан оңтүстікке қарай бара жатқан керуенді қорғаушы Ақтау
бекінісінің казак отрядына шабуыл жасайды.
1838 жылы Кенесары әскері Ақтау мен Ақмола арасындағы шептерге шабуыл жасап,
онда орналасқан Симоновтың отрядын талқандап, 10 пистолет, 9 мылтық, 13 қылыш, 7
найза, 495 мың оқ, т.б., қару-жарақ, оқ-дәріні қолға түсірді. 1838 жылдың күзінде Кенесары
сарбаздары патша үкіметінің жазалаушы әскерлерімен бірнеше дүркін қарулы қақтығысқа
түсті. Солардың ішінде айрықша кескілескен шайқас мықты бекіністердің бірі саналатын
Ақмола бекінісі үшін болды. Оны аға сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің
жасағы мен старшина Карбышев басқаратын жақсы қаруланған гарнизон қорғайтын.
Кенесарының әскері бекіністі өртеп, жаудың біраз әскерлерін тұтқындап, қару-жарақтарын
олжалады.
1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Орынбор әскери губернаторлығына қарасты
ЬІрғыз бен Торғай жаққа көшеді. Ол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы граф
В.А.Перовский алғашқы кезеңде көтерілісшілермен арақатынасты бейбіт жолмен шешуге
тырысқан еді. Арадағы келіссөздер барысында В.А.Перовский Кенесарыға көмектесетін
болады. Жылдың аяғында Кенесары мен В.А.Перовский арасында уақытша бітім жасауға
қол жетеді. Ол бітім бойынша Кенесары бастаған көтерілісшілер шекара шебіне шабуыл
жасамауға уәде береді. Бұл тыныштық 1842 жылға дейін созылды. Бірақ,, уақытша
тыныштық орнаған тұста Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әскери отрядтарымен
қарулы қақтығыстар тоқталған жоқ болатын.
1841 жылдың қыркүйек айында қазақтың үш жүзінің атынан жиналған ықпалды билер
мен сұлтандар Кенесары Қасымұлын ата салт бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкілқазақ
халқына билігі жүретін хан етіп сайлады. Осылайша, Қазақ хандығы қайта құрылып, қазақ
мемлекеттілігі қайтадан қалпына келтірілді. Ресей империясының билігі орныққан Ертіс,
Есіл, Орал шептерінің бойындағы аудандардан басқа Қазақстанның барлық жерлеріне
Кенесары ханның билігі жүрді. Мемлекеттік құрылыс қайта ұйымдастырылды. Хан Кеңесі
құрылып, оған батырлар, билер, сұлтандар, сондай-ақ, жеке ерлік көрсеткендер,
дипломатиялық қабілеттері бар ақылды саясаткерлер мен сенімді жақтастары кірді.
Дипломатиялық қызмет ұйымдастырылды. Хан жарлықтары мен Хан Кеңесінің шешімдерін
таратып, түсіндіріп және орындалуын талап етіп отыратын арнайы басқарма құрылды. Салық
жүйесіне өзгерістер енгізілді. Әскери мәселеде, Хан кеңесінің мүшелері мен атақты батырлар
басқаратын қатаң әскери тәртіптегі мыңдықтар және жүздіктерге бөлінген, далалық соғыс
жағдайына ыңғайлы жасақтар ұйымдастырылды.
Кенесары Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келген кейін, 1841-1842
жылдары Қоқан хандығының қол астындағы қазақ жерлерін азат ету үшін күрес жүргізеді.
Бұл күрестің нәтижесінде Созақ, Сауран, Ақмешіт, Жаңақорған қалалары қоқандықтардан
азат етіліп, Түркістан қаласы қоршауға алынады. Осыдан кейін Қоқан хандығы Кенесарымен
келіссөз жүргізуге межбүр болды. Қоқандықтарды талқандауда Сырдария бойындағы
Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақтардың Кенесарыға қолдау көрсетіп, шайқастарға
белсенді қатысуы үлкен рөл атқарды.
1842 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Петербургке қызметке
шақырылып, оның орнына Орынборға генерал-губернатор болып Обручев тағайындалады.
Обручевтің Перовскийге қарағанда Кенесарымен арадағы меселені шешуде көзқарасы
басқаша болды. Ондай жағдайды пайдаланған Сібір губернаторы Горчаков осы жылы
Кенесарының ауылын шабуға Сотниковтың басқаруымен отряд жібереді. Нәтижесінде,
Орынбор әкімшілігімен жасалған бітім Горчаковтың тарапынан бұзылды. Ал, 1843 жылдың
27 маусымында патша Николай І Кенесары Қасымұлы бастаған күресті басу үшін қазақ
даласына ірі көлемдегі әскери жорық ұйымдастыру туралы бұйрық шығарды. Сонымен
қатар, Кенесары ханның басын кесіп әкелген адамға 3000 сом сыйлық тағайындады.
1843 жылдың көктемінде патша әкімшілігі қазақ даласына үш отрядты бірдей жіберуді
ұйғарды. Ол отрядтарға Ор бекінісінен, Ұлытаудан және Тобыл өзені бойынан бір уақытта
аттанып, Кенесары ханның жасақтарын жан-жақтан қоршауға алып, шешуші соққы беру
92
арқылы талқандау қатаң тапсырылды. Оған қоса, Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан
старшина Лебедевтің және қазақ сұлтандары А. Жантөрин мен Б. Айшуақовтың
басшылығымен құрамында қазақтардан 2000-дай адамы бар қосымша отрядтар жасақталды.
Кенесары ханның әскеріне қарсы соғыс операциясын басқару генерал-майор
Жемчужниковке жүктеледі. Ол кезде Кенесарының 20 мыңдай әскері бар еді. Кенесары хан
патшаның жазалаушы отрядтарын бір-біріне қосылуына мүмкіндік бермей, жеке-жеке соққы
беруді ойластырды. Ол өз жасақтарының бір бөлігін Батыс Сібірден шыққан отрядқа қарсы
жіберді де, олар Ұлытауға қарай шегіне шайқас жүргізіп, жазалаушы отрядты басқа жаққа
қарай бұрып әкетеді. Ал, кейіннен Кенесарыға қарсы шайқаста көрсеткен дәрменсіздігі үшін
Лебедев Орынборға шақыртылып, қызметінен босатылып, сотқа тартылады. Кенесары болса,
бұл кезде өзінің негізгі күшімен Константиновск бекінісіне шабуыл жасап, 1844 жылы
шілденің 20-нан 21-не қараған түні Өлкеаяқ өзенінің бойында Ахмет Жантөриннің отрядын
қоршауға алып талқандайды.
Осы 1844 жылы Ыстықкөл төңірегіндегі қырғыздар атынан Бұғы руы манаптарының
бірі Боранбай Бекмұратов Ресейдің билігін мойындауға дайын екендігін патша І Николайға
хабарлайды. Бірақ манаптың бұл ұсынысын Ресеймен арадағы жердің қашықтығын
сылтауратқан патша жауапсыз қалдырады. Кейбір қырғыз билеушілерінің Ресей билігін
мойындауға ыңғай танытуы Кенесары ханды ызаландырған болатын. Ал, Кенесарының
қырғыздармен қақтығысының қарсаңында қырғыз манаптары Орман, Жантай, Жанғаралы
Батыс-Сібір губернаторына хат жолдап Ресей өкіметінің құрамына қабылдауды сұрайды
және қазақ ханы Кенесарыға қарсы күресте қолдау көрсетуді өтінеді. Бұл жағдай
Кенесарыны одан әрі ерегістіре түседі.
1846 жылдың басында Кенесары хан әскерлерімен Балқаш көлінің маңына қоныс
аударады. Патша үкіметі қазақ даласындағы Кенесары бастаған көтерілісті біржола жою
үшін енді генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен үлкен отряд аттандырады. 1846 жылы
Кенесары хан қоқандықтардан Әулиеата (Тараз), Мерке қалаларын қайтарады. Осы жылы
Кенесарыға қолдау көрсетуші Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың батыры
Жаманқораны өлтіреді. Оған жауап ретінде қырғыздар Саурық батырдың ауылын шауып,
Саурық батырды жігіттерімен қоса өлтіріп, мал-мүлкін тонап кетеді. Бұдан кейін қазақ-
қырғыз арақатынастары шиеленісе түсті. Патша үкіметі болса қазақ-қырғыз тартысына ашық
кіріспей, Алатау өлкесін өз билігіне бағындыруды жеңілдету үшін туысқан екі халықты бір-
біріне айдап салып, екі жақты да әлсіретіп барып, осы өңірге өз әскерін кіргізудің қолайлы
жолдарын қарастырды. Осындай шиеленіскен жағдайлардың барысында 1847 жылы
Кенесары хан 10 мың сарбазымен қырғыз жеріне басып кіріп, оларды Қоқан езгісіне қарсы
қазақтармен бірігіп күресуге шақырады.
Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады.
Қырғыз манаптары мен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері "Алмалы
сай" шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Таулы аймақ хан
Кененің сарбаздарына басымдық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, Рүстем
сұлтан мен Сыпатай батыр бастаған жасақтардың ұрыс алаңынан кенеттен шегініп, кетіп
қалуы да жағдайды қиындатқан болатын. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған
қаһармандық шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай
батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары хан патша
чиновниктерінің алдауына түсіп, сыйлықтар алған қырғыз манаптарының тарапынан
өлтірілді. Кенесары ханның қасіретті өлімінен кейін оның жетекшілігімен болған қасиетті
азаттық күресі де жеңіліске ұшырады. Кенесары бастаған азаттық күресті кейін оның баласы
Сыздық сұлтан жалғастырды.
Кене ханның отаршылдыққа қарсы күресінде Ағыбай, Ақғаш, Басығара, Жанайдар,
Жәуке, Иман, Байсейіт, Сұраншы, Жоламан және т.б. батырлар қолдау көрсетіп, аянбай
шайқас жүргізді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыстың жеңілуінің негізгі
себептері мыналар: қазақ халқының бір тудың астына біріге алмауы, кейбір ру басыларының
өз бетінше билік жүргізуге ұмтылуы және де кейбір қазақ билеуші топ өкілдерінің патшалық
93
Ресейді жақтауы, Кенесарының Ресей, Қоқан, Бұхар хандықтарымен күресте күштің тең
болмауы. Сонымен қатар, ол өзін жақтамаған кейбір қазақ жөне қырғыз ауылдарын шабуы
кері әсерін тигізді, өйткені ол халықтың наразылығын тудырып, көтерілісті әлсірете түсті.
Дегенмен де, Кенесары Қасымүлы бастаған ұлт-азаттық күрес жеңіліс тапқанымен, ол қазақ
халқының тарихында мәңгілік өшпес із қалдырған, Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуға
тырысқан, тарихи маңызы зор күрес болды.
5. Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы.
ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ресей Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билікті жойып,
Ресейлік басқару жүйесін енгізгенімен, Ұлы жүз мәселесіне әлі де көңіл бөле қоймаған
болатын. Жалпы, ХІХ ғ. 30-жылдарына дейін Ресей империясының “үлкен саясатынан” Орта
Азия мәселесі де тыс қалды. Ресей ол тұста негізінен Түркия мен оның иеліктеріне көп көңіл
бөлді.
Ағылшын-орыс бақталастығында бұл үрдістердің белсенділігі арта түсті. Ресейдің Таяу
Шығыстағы жетістіктері Англия қарсылығының күшеюіне әкелді. 1841 жылы Лондон
конвенциясы Ресейдің Таяу Шығыс мәселесіндегі ірі дипломатиялық жеңілісі болды. Орта
Азия мен Қазақстан біртіндеп ағылшын-орыс бақталастығының негізгі аймақтарының біріне
айналды. Қазақстанның стратегиялық аймақ ретінде Орта Азия хандықтары мен Ресей және
Қытай аралығында орналасуын патша әкімшілігі жақсы түсінді. Қазақстандағы өз
ұстанымын нығайту үшін түрлі шаралар қарастыра бастады. Ресей Сыртқы Істер
министрлігінің Азия департаментінің ұсынысымен ХІХ ғ. 30-жылдары Қоқан хандығына
Н.Г.Потанин, Бұхар әмірлігіне П.И.Демезон мен И.В.Виткевич, Е.П.Ковалевский, Хиуаға
Г.И.Данилевский бастаған дипломатиялық миссиялар жіберді. Бұл сапарлардың барысында
Ресей Хиуа және Бұхарамен орыс-азия сауда мәселелері бойынша бірқатар келісімдерге қол
жеткізіп, Орта Азия хандықтарының ішкі жағдайы мен Хиуа хандағының Сырдария
бойындағы қазақтарға қатысты саясаты туралы бірқатар мәліметтер алып қайтты. 30-
жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басында патша үкіметі хиуалықтардың шекаралық
аймақтардағы күш көрсету және тонаушылық әрекеттерін тоқтату, хиуалықтардың
қолындағы орыс тұтқындарын босату, Хиуаның орыс-қазақ қатынастарына араласуын
бейтараптандыру үшін Хиуаға әскери экспедиция ұйымдастыру туралы декларациясын
жариялады. Ресейдің мұндай ресми мәлімдеме жасауына Англияның Орта Шығыстағы саяси
ықпалын нығайту қаупінің күшеюі себеп болды.
1839 жылы қараша айының ортасында Орынбор губернаторы В.А.Перовский 12
зеңбірек, 4 мың жаяу әскер және 10 мың түйеге артқан жүгімен Хиуаға қарсы жорығын
бастады. Қатты суық пен боранның салдарынан Перовский 2 мың түйесінен айырылып,
үлкен шығынмен Ембі бекінісіне дейін ғана жете алды. 1840 жылы 1 ақпанда тағы да 5 мың
түйе азық-түлікпен басқа да құрал-жабдықтарын жоғалтып Ақбұлаққа жетті. Ақпан айының
ортасында Орынборға кері қайтты. Бірақ, жағдайдың бұлай шиеленісуіне қарамастан Хиуа
жорықтың қайталануынан қауіптеніп Ресейге 124 орыс тұтқынын қайтарды және
Петербургке елшілік жіберді.
Орыс билігін мойындамаған қазақтарды бағындыруға және Орта Азия хандықтарының
шекарасына орыс әскерін жақындату мақсатында Ресей Сырдарияның төменгі ағысының
бойына әскери бекіністер сала бастады. 1847 жылы Райым бекінісі, 1848 жылы Қазалы
форты салынды. Жаңа бекіністердің салынуы орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны
бойлап жоғары жылжуға және қоқандықтардың ірі бекіністерінің бірі Ақмешітке жақындауға
мүмкіндік берді. 1848-1849 жылдары А.И.Бутаковтың басшылығымен келген экспедиция
Арал теңізін зерттеп, теңіздің картасын жасады. Арал теңізінде кеме айлағы ашылды. Оның
болашақта Орталық Азия және Хорезммен сауда қарым-қатынасында, әскери мәселелерде
маңызы зор болды.
12 күндік қоршаудан кейін 1853 жылы 28 маусымда орыс әскерлері Ақмешітті басып
алды. Осыдан кейін Сырдарияның төменгі ағысында Сырдария шебі құрылды. Оған Райым
94
бекінісінен Ақмешітке дейінгі аудандар кірді және 1864 жылы Түркістанды алғанға дейін
сақталып тұрды. Ресей Қоқан және Хиуа хандықтарына саяси қысым көрсетуге мүмкіндік
алды. ХІХ ғасырдың 50-жылдары Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстанның Ресейдің
сыртқы саясатындағы маңызы арта түсті. 1854-1856 жж. Қырым соғысында Ресей жеңілуіне
байланысты батыстағы рыногынан айырылып, енді оған шығыстан жаңа рынок іздестіру
қажет болды. 1858 жылы Орталық Азия аймағындағы Хиуа мен Бұхараға Н.Игнатьев
бастаған дипломатиялық елшілік, Шығыс Иранға көпес ретінде Ч.Ч.Ханыков бастаған
экспедиция жіберді. Бұл аймақтан алынған материалдар патша үкіметіне Оңтүстік Қазақстан
мен Орталық Азия хандықтарындағы әскери қимылдарын ұлғайтпаса, ол аймақта Англияның
мүддесінің арта түсетіндігіне толық көзі жетті. Өйткені, Англияның бұл аймаққа қатысты
кең көлемде жаулап алу жоспары бар екені дәлелденген болатын. 1860 жылы Қоқанға
хандықтың билеушісі Маллабектің сеніміне кіріп, Үндістандағы Англия басшыларымен
байланыс орнатуға ағылшын барлаушысы Абзал-Мажит жіберіледі. Біраз уақыттан кейін
Қоқан хандығының басты тірек пункттеріне қару-жарақтар жеткізіліп, әскери нұсқаушылар
мен қару жасайтын мамандар жіберіле бастады. Қоқан өкіметі өздерінің әскери қамалдары
мен форттарын, әскери шептерін күшейтуге кіріседі.
Англия мен Қоқанның бұл әрекеттері Ресей үкіметі жағынан қарсы шаралар қолдануды
талап етті. Ресей бұл аймаққа Орынбор мен Сібір шебінен екі жақтап тереңдей ену үшін
дайындала бастады. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстан территориясында Ресейдің әскери
бекіністері мен қамалдары, форпостары мен шептерінің саны арта түсті. Ақтау, Ұлытау,
Қапал, Сергиополь, Верный, Қастек және т.б. Ресейдің Қазақстандағы әскери тірек
пункттері болды. 1856 жылы құрамына 213 мың адамнан тұратын Ұлы жүз қазақтары және
60 мың қырғыз кіретін Алатау округі құрылды. Ресей әскерлерінің оңтүстіктен де
солтүстіктен де сәтті жылжуына қоқандықтардың саясатына риза болмаған Әулиеата мен
Шымкент төңірегіндегі Ұлы жүз қазақтарының 1857-58 жылдарда көтерілістер жасап, Ресей
жағына өтуі де қолғабысын тигізді. Патша үкіметінің ықпалды ру басыларына қатысты
алдау-арбау, шен-шекпен беру, жоғары қызметтерге тағайындау сияқты жүргізген саясаты да
біршама маңызды рөл атқарды. Мұндай саясат тек қазақтарға қатысты ғана емес, Орталық
Азия аймағындағы басқа да халықтарға қатысты жүргізілді.
1860 жылы орыс әскерлерінің қоқандықтарға қарсы белсенді әскери қимылдары
басталды. 26 тамызда Тоқмақ, 4 қыркүйекте Пішпек бекіністері алынып, 24 қазанда
Ұзынағаш төңірегінде болған шайқаста қоқандықтар жеңіліс тапты. Орыс пен қоқан
әскерінің екі жақты қыспағы мен тәлкегіне түскен қазақтардың жағдайы өте ауыр болды.
Жергілікті халыққа қатысты екі жақта қатігездігімен ерекшеленді. Күш көрсету, тәлкек
жасау мен қатыгездік туралы екі жақтың да әскери басшылары: “ауылдары өртеніп, малдары
тартып алынды, оларға берген сабақты ерекше сезілетіндей жасадық” деп жазды. 1861-63
жылдары Ресей үкіметінде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия хандықтарын мақсатты түрде
және тез арада иелену жөнінде пікір-таластар жүрді. Одан кейін Сырдария мен Сібір шебінің
аралығына 4 экспедиция жіберілді. Олар бұл аудандарда қоқандықтардың күшті қарсылығын
кездестірмеді. Жұмғол мен Құртқа бекіністері шайқассыз берілді, Созақ пен Шолаққорғанда
қоқан билігіне қарсы көтерілістер бұрқ ете қалды. 1863 жылы Ресейдің Соғыс министрі
Д.А.Милютин ерекше комитетке Орта Азия хандықтарына қатысты белгіленген іс-әрекеттері
туралы баяндама жасап, оны мақұлдатып алды. 1864 жылдың басында бір-біріне қарсы
тұрған екі жақта әскери қимылдарға дайындала бастады. 1864 жылдың мамыр айында
Оңтүстік Қазақстандағы орыс әскерлерінің дайындығы негізінен аяқталды да полковник
Н.А.Веревкин бастаған отряд Түркістанға қарай қозғалды. Веревкиннің отрядында 1593
солдат, 44 офицер, 18 зеңбірек және 150 ерікті қазақ болды. Верныйдан бір мезгілде
құрамында 2571 солдат, 68 офицер, 22 зеңбірек, және құрамында сұлтан поручик
Ш.Уәлиханов басқарған 1400 ерікті қазақтар бар полковник М.Г.Черняевтың отряды да
қозғалды. 4 шілдеде Черняевтың отряды Меркі, 6 шілдеде Әулиеата бекінісін шайқассыз
алды. Полковник Веревкиннің отряды Түркістан қаласына барар жолда қоқан әскерлерінің
шабуылына ұшырады да бекіністі қоршауға мәжбүр болды. 9 маусымда Түркістан
95
орыстардың қолына өтті. Әулиеата мен Түркістанды тез арада алуда әскери операцияларға
басшылық жасағандары үшін Черняев пен Веревкиннің әскери шендері жоғарылатылып,
генерал-майор атақтарын алды. Жорықтарға қатысқан солдаттар “жоғары құрмет” және түрлі
ордендермен марапатталды. Жетістіктеріне көңілдері көтерілген орыс армиясы алдын-ала
дайындықсыз 1864 жылдың 22-23 шілдесінде Шымкентті алуға тырысты. Бірақ бұл уақытта
қоқандықтар Шымкентке едәуір әскери күштерін тартып үлгеріп, орыс әскеріне қарсы соққы
береді. Бекініс-қалаларға жақын орналасқан қазақ ауылдары екіге бөлініп, бірі орыстарға,
екіншілері қоқандықтарға қолдау көрсетті.
Қоқан хандығында саяси күштердің қарсылығы күшейіп, хан мен оның
төңірегіндегілердің озбырлығына наразылықтар көбейе түсті. Қоқан мен Бұхара арсындағы
қайшылықтар шиеленісті. Мұндай қолайлы жағдайды орыс әскерлері де өз мүдделеріне
пайдалана білді. Черняевтің алты жарым рота жаяу әскермен бір жарым жүздік казактардан
тұратын отряды және Лерхенің төрт рота жаяу әскер, бір казак жүздігі мен мың жарым
қазақтан тұратын отряды Шымкент түбінде бірігіп қалаға шабуыл жасап, 1864 жылдың
күзінде оны басып алды. Түркістан мен Шымкентті жаулап алғаннан кейін Орынбор мен
Сібір шептері жалғастырылды.
1865 жылы маусымда бір апта қарсылықтан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып
алды. 1866 жылдың жазында патша ІІ Александр Ташкентті Ресейдің құрамына қосу туралы
жарлық шығарды. Бір жылдан кейін 1867 жылы құрамына қайта құрылған Жетісу және
Сырдария облыстары кіретін, орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-
губернаторлығы құрылғандығы туралы заң жарияланды.
Ресейдің жалпы Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулауы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата,
Шымкент, Ташкент т.б. бекіністердің қорғаушыларына деген ерекше қатыгездікпен жүзеге
асырылды. Орыс әскерлері мұсылмандардың қасиетті жерлерін (Қожа Ахмет Яссауи, т.б.)
қорлап, оларды қиратты. Ақмешітті 25 күн қатарынан атқылап талқандады, Түркістандағы
Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зеңбіректің 12 снаряды атылып, оның 11-і кесененің
қабырғаларын ойып кетті. Шымкент қаласын қорғап, қаза тапқандардың саны 3170-ке дейін
жетті, Сайрам қаласы жермен-жексен етіліп талқандалды. Шоқан Уәлиханов өзінің
діндестері мен руластарына орыс әскерлерінің көрсеткен тағылық әрекеттеріне байланысты
одан әрі жорыққа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия
тұрғындары қарсылық көрсеткендері үшін қатыгездікпен, аяусыз басып-жанышталды.
Ресей болса, бұл әрекеттерін үкіметтің, “өзіне бағынышты территориядағы елдерді
көшпенділер шапқыншылығынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтің
Орталық Азиядағы саясатының қорғаныстық сипаты” деп мәлімдеді.
Осылайша, ХІХ ғасырдың 60 жылдары Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан кейін
Қазақстанның бүкіл территориясы ұзақ уақытқа Ресейдің отарына айналды. 1867-68
жылдары Түркістан және Далалық өлкені басқару туралы “Уақытша Ереженің”
қабылдануымен Орта Азия және Қазақстан Ресей империясының отары ретінде
заңдастырылды.
9-тақырып. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы
Достарыңызбен бөлісу: |