Сөз – тілдің дыбыстық заңдары бойынша жасалған дыбыстық құрылым бірлігі. Сөздің дыбыстық құрылым бірлігі сол тілдің фонетикалық заңдарына орайласып жасалады. М: қазақ тілінің фонетикалық заңы бойынша сөз басында екі дауыссыз дыбыс тіркесіп келмейді.
Тілдегі сөз көп тілдің грамматикалық заңдарына сәйкес жасалады. Сондықтан сөз әрдайым белгілі бір грамматикалық формада тұрады. Сөз бір тұтас тұлғалану қасиеті жағынан еркін сөз тіркестерінен де, тұрақты сөз тіркестерінен де ажыратылады.
Сөз – тіл деңгейінің, тіл жүйесінің мағыналы единицасы. Қандай да бір сөз болсын, ол белгілі бір мағынаны білдіреді. Мағынаны білдіру жағынан сөз фонемадан ажыратылады. Фонема мағынаны білдіре алмайды. Ол сөз құрамында мағына ажыратушылық қызмет атқарады. М: тал-бал, фонеме т, б дыбыстары. Мағынаны сөз білдіріп тұр.
Сөз құрылымдық тұйықтылығымен, яғни өзінің құрамына басқа бір сөзді ендірмеу қасиетімен сипатталады. Бір тұтас сөздің ішіне, оның мағыналық бөлшектерінің (морфемалардың) аралығына, әдетте, басқа бір сөз ене алмайды. Ал сөз тіркестерінің сыңарларының аралығына басқа бір сөздің енуі әбден ықтимал.
Сөздің сөз тіркесінен, сөйлемнен тағы бір айырмашылығы – белгілі бір лексико-грамматикалық топтарға, яғни белгілі бір сөз топтарына қатысты болады. М: адам, қала, құс – зат есім, ақ, қызыл – сын есім.
Сөз қарым-қатынас жасау процесінде, сөйлеген кезде ғана жасала салынбайды. Сөз сөйлеу (речь) процесінде бір тұтас құрылымдық-семантикалық единица ретінде сөз тіркесі мен сөйлем құрамында дайын материал ретінде қолданылады.