Ұлы дала ақын-жырауларының тағылымдық МҰралары



Pdf көрінісі
бет11/30
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26192
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   30
  
 
Жиембет жырау 
 
Қазақтың аса талантты жырауы, ірі ойшыл биі әрі қырағы сардар, жеңімпаз 
батыры  Жиембет  Бартоғашұлы  Кіші  жүздің  Алшын  руының  ірі  феодал 
тұқымынан шыққан, туып-өскен жері – қазіргі Орал облысы, Тайпақ ауданы, 
Байбарақ, Байшерек деген жерлер. 
Есім  ханның  әскербасы  батыры  әрі  жорықшы  жырауы  –  Жиембет 
Бартоғашұлы 1570-1575 жылдары шамасында туып, 1980 жылдары шамасында 
тоқсанның үстіне шығып дүниеден қайтқан. 
16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласып, 
ханның  жауынгер  жасағын  басқарған,  беделді  бас  биі,  өз  дәуірінің  өткір 
азаматы болған. Жырау – батырлықты жыраулық өнермен ұштастырған дарын 
иелерінің бірі.  
Әділеттікті  айтудан  именбеген  жас  жырау  өзінің  бәйбішесі  Есенбикені 
қыздың әкесінің рұқсатынсыз алған екен. Дау хан алдына жеткенде: 
Үш ай тоқсан кезінде, 
Қошқар менен бура мас. 
Нақ көктемнің кезінде, 
Айғыр менен бұқа мас. 
Жас болжалы жеткенде, 
Қыздар менен жігіт мас. 
Сол мастықтың күшімен, 
Алдыңа келген мен бір жас, 
Кессеңіз, ханым, міне, бас! –  
деп жастықтың желігі, қыз бен жігіттің тіл табысуы – табиғаттың заңы. Оған 
кінәләсаңыз, басымды алсаңыз да өзіңіз біліңіз деп ізгілік  жолмен, тапқыр ойлы 
сөзбен оң шешімге жеткен. 
Жиембет жырау – 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы 
кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, 
бетін  қайтарған  жеңімпаз  қолбасшы.  Оның  орасан  ерлігі  Қазақ  совет 
энциклопедиясында: «...Қалмақтарға қарсы 1620-1627 жылдардағы жорықтарға 
қатысып,  ұйымдастырушылық  қабілетімен,  ерлігімен  көзге  түскен»
53
  –  деп 
жазған.  


42 
 
Халық қамын жоқтаған, ел бірлігін сақтаған, елдің көкейіне қонымды жыр 
толғаған,  бойындағы  ақындық  шабытын  батырлықпен  байланыстырған 
жорықшы  жыраудың  бір  толғауы  1908  жылы  «Жақсы  үгіт»  жинағында 
басылып  шыққан.  Ол  –  Есім  ханға  айтқан  жыры.  Жырды  оқи  отырып, 
жыраудың  ханға  жас  кезінен  адал  қызмет  етіп,  сенімін ақтаған ерлердің бірі 
болғанын,  сол  ақ  ниетті  адал  ісін  ханның  ескере білмегенін қынжыла, өкіне 
толғағанын аңғарасың. 
Ес білгенден Есім хан, 
Қолыңа болдым сүйесін, 
Қолтығыңа болдым демесін. 
... 
Көруші едім Есім хан, 
Ханымды күнім, сізді айымдай... 
Жұмыскерің мен едім, 
Сатып алған құлындай, 
Жүруші едім араңда 
Өзіңнің інің мен ұлыңдай –  
деген шумақтардан халықты бастар ханға үлкен сенім артып, жан жүрегімен 
берілген жыраудың адами қасиетін көреміз. Жырау: 
Менің ер екемді көргенсің, 
Әуелден бірге жүргенсің, 
Дегенімді қылғансың, 
Қайратымды білгенсің –  
деп,  өз  дегенін  ханға  істетердей  ықпалы  болғанын,  сарай  маңындағы  өзінің 
орнын  ханның  есіне  сала,  тіпті  елге  де,  ханға  да  өзінің  керек  адам  екенін 
ешнәрседен сескенбей, ханнан қаймықпай, қасқая: 
Еңсегей бойлы Ер Есім, 
Есім, сені есірткен 
Есіл де менім кеңесім. 
Ертеңгі күн болғанда, 
Елің кеңес құрғанда. 
Мен жоқ болсам, Есім хан, 
Ит түрткіні көресің, 
Жиембет қайда дегенде 
Не деп жауап бересің? –  
деп толғайды. 
Ел  басындағы  халық  үміт  артқан  басшының  әділетті,  көреген,  ақылды, 
ұстамды, білікті болғанын қалаған жырау идеясы байқалады. 
Сондай-ақ жыраудың қазақ жерін жаудан қорғауда талай көрсеткен ерлігі, 
хан-әкімдерге  бас  имеген  өр  мінезі,  ерең  батырлығы  ерекше сөз болады. Ол 
өзінің ерлігі мен беріктігі, қайсарлығы жайында Есім ханға: 
Менімен ханым ойнаспа, 
Менім ерлігімді сұрасаң, 
Жолбарыс пенен аюдай, 


43 
 
Өрлігімді сұрасаң, 
Жылқыдағы асау тайыңдай... – 
дейді. 
Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын қайсар, өжет жырау осы 
жырда  қалмақ  шапқыны  кезінде  хан  мен  үй  ішінің  қатты  сасқанын,  жау 
қолында кетуі мүмкін ханды жаужүрек батыр жыраудың жеңісті жорығының 
арқасында аман қалғанын айбар көрсете, тереңнен қозғап айтады. 
Бейбіт күнде батырсынған ханның «қалмақтың Бөрі ханы келгенде, соқыр 
бурыл байталға жайдақ мінгенсің», «тас қалаға жан сақтан» деп жан сауғалаған 
жүрексіз,  қорқақ  мінезін  әшкерелейді.  Қалың  еліне  арқа  сүйеген  батыр 
«баскесер» деп тіл тартпаған, хан қаһарынан қорықпай, оның рақымсыздығын, 
қанішер, теріс мінезін әшкерелеп, Есім ханның ел аралық бітімгерлік, жер дауы, 
жесір дауы кезіндегі жөн-жосықсыз озбыр іс-әрекеттеріне қарсы шығып, өктем 
сөйлейді. 
Қарсы  келгеннің басын қақпай тынбайтын, қаһарланса қолына түскенді 
сұраусыз, құнсыз өлтіре салатын қанды қол Есімнің есерлігін өлтіре сынап: 
Мен өлсем құнсыз кетер деме сен, 
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген 
Тілеуберді құлындай, –  
дейді.  
Жыраудың  бұл  мінезі  ханға  жаға  бермейді.  Хан  мен  жырау арасындағы 
келіспеушілік  өрши  түседі.  Оны  «Әмірің  қатты  Есім  хан» деген толғауынан 
көруге болады. Әрі батыр, әрі ақын Жиембет хан қаһарынан қаймықпай: 
Бүлік салып бұйырдың, 
Басын бер деп батырдың, 
Қанын ішіп қанбаққа, 
Жанын отқа салмаққа.  
Атадан жалғыз мен емес, 
Хан ие, ісің жол емес.  
Жолбарыстай Жолымбет 
Құрбандыққа қол емес, –  
деп өзінің хан тәлкегіне көне қоятын осал жан емес екендігін білдіреді. 
Халыққа  арқа  сүйеген,  әділдікті аңсаған ақын ханның опасыздығын, екі 
жүзділігін әшкерелеп, ханға зіл тастай отырып, оны екінші көрмеске, онымен 
мәжілістес, сұхбаттас болмасқа серт бергендей шымырлата, буырқана, ашына 
жырлайды: 
Қайрылып хайыр қылғуға 
Қылғаның жоқ ұнаған. 
Қайратым қанша қайтса да, 
Мұныңа, ханым, шыдаман! 
Арқаға қарай көшермін, 
Алашыма ұран десермін, 
Ат құйрығын кесермін... 
       Қарамасаң, ханым, қарама, 


44 
 
Сенсіз де күнімді көрермін! – 
дейді. 
Жиембет жыраудың толғауларынан жауынгер-жыраудың ерлік бейнесі, өр 
тұлғасы, асқақ рухы байқалады. 
Жыраудың әділдікті ту етіп, шындықты шынайы шымырлата толғауының 
тәрбиелік мәні зор. 
Есім хан Жиембет би ықпалында жүрген елдерді өзіне түгелдей қаратып 
алып,  өзінің  хандық  құзырын  бұрынғыдан  да  кеңейту  үшін  Жиембет  биді 
биліктен  тайдыруы  қажет  еді.  Сондықтан  Жиембет  Бартоғашұлын  қолға 
түсіреді де, оны Қиыр Шығысқа жер аудартып жібереді. 
Хан қаһарына іліккен ақын қанша батыр болса да үстем таптан теңдік ала 
алмай, қол-аяғы байланып, жер аударылып кетіп бара жатып: 
Қол-аяғым бұғауда, 
Тарылды байтақ кең жерім! 
Арманда болып барамын, 
Қоштасуға аял жоқ, 
Қалқаман, Шолан ерлерім, – 
деп  өкінішін  білдіреді.  Оның  туған  жерден  жырақта  жүрген  кездегі 
толғауларынан  туған  еліне,  жеріне  деген  шынайы  сүйіспеншілігі  айқын 
көрінеді.  «Ханға  қарсы  тұрам  деп»  елінен  айдалған  батыр  Жиембет 
Бартоғашұлы: 
Қайрылып, қадам басарға 
Күн болар ма мен сорға, 
Өзен, Арал жерлерім?!. 
Қиядан қолды көрсеткен 
Төбеңе шығар күн бар ма, 
Жотасы биік Дендерім?! –  
деп сағынышты шерін төгеді. Бұл әр оқырманның отаншылдық, патриоттық, 
елжандылық сезімін оятары анық. 
Елі мен жері үшін емірене ерлік жыр төккен жырау: 
Ханға қарсы тұрам деп, 
Түн ұйқымды бөлгенмін, 
Жұртымды жөнге салам деп... 
Атқа мінген ер едік 
Қашырды бүйтіп елімнен 
Күйеуден безген қатындай, – 
деп  хан озбырлығын толғайды. Өзінің әділеттік үшін бел буып, қолына қару 
алып, күреске шыққанын баяндайды. Жиембет жыраудың ел ішіндегі, халық 
алдындағы  беделі  қаншама  жоғары  болғанымен, ханмен тартысы сәтсіздікке 
ұшырайды. 
Айдауда жүріп көрген қорлығы, азамат ердің ар-намысы болып көрінеді. 
Жырау Жиембет Бартоғашұлы – ерлік, елжандылық сезімге толы жыр-толғау 
қалдырушы,  асыл  сөз  иесі  әрі  ел  бүтіндігі  жолындағы  жеңісті  жорықтардың 
қаһарманы. 


45 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет