Ұлы дала ақын-жырауларының тағылымдық МҰралары



Pdf көрінісі
бет10/30
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26192
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   30
 
 
 
 
 


34 
 
Шалкиіз жырау 
 
Алшын  ішінде  Құяс  табынан  шыққан  Тіленшіұлы  Шалкиіз  жырау                    
ХV ғасырдың екінші жартысы мен ХVІ ғасырдың бірінші жартысы аралығында 
өмір  сүрген,  сол  кез  оқиғасын  жырлаған  әрі  шешен  биі,  әрі  батыры,  әрі 
жыраулық поэзияның алыбы болған. 
Ежелгі  тірлік тынысы өзгерген ХІХ ғасырда жауынгер жыраудың кейбір 
туындылары,  нақыл-ғибрат  сөздері  ертеректегі  әртүрлі  жинақтарға, 
хрестоматияға  енгізіліп,  кейбір  шығыстанушы  ғалымдардың  еңбегінде 
жарияланып,  орыс  тіліне  аударылды.  Сөйтіп,  ұрпаққа  мұраларының  жету 
мүмкіндігі туды. 
Белгілі  ғалым  М.Мағауин:  «Шалкиіз  мұрасынан  біздің  заманымызға 
жеткені – 600 жол шамасында... Алайда Шалкиіздің әдебиетіміздің тарихынан 
құрметті  орын  алуы  үшін  ғасырлар  бәйгесінен  келген  осы  санаулы 
шумақтардың өзі-ақ жеткілікті»
49
, – делінген.  
Шындығында, Шалкиіз жырау толғауларының жыраулар поэзиясындағы 
орны ерекше. Талай жорықтарға қатынасқан әйгілі ақын өз жырларында өмірге 
терең  көз  жіберген,  аталы  ғибратнамалық  сөз  қалдырған.  Бізге  жеткен 
өлеңдерінің бірінің мазмұнынан оның Жайық, Елек, Ойыл өзендері бойларын 
жайлаған елдегі ұлыстар арасында өмір кешкенін, өзінің ата-тегін, қандай ханға 
тәуелді болғанын, толғағанын аңғарасың. 
Темір еді биіміз, 
Теңіз еді халқымыз, 
Тебірлерге қалғанда 
Теңселер сойды ауыр ноғай жұртымыз, 
немесе, 
Тіленшіұғлы Шалкиіз 
Иесі Би Темірдің тұсында 
Бұлтқа жете жазды бұ мүйіз. 
Білерді білмес не демес, 
Сұлтан ием, сен менің 
Бармай тапқан қағбамсын! –  
деп  пенде біткеннің құдірет тұтар қасиетті орны қағбаға теңеп, асыра мақтап, 
Би Темірді «әр ісінде тура», «әділ әмірші» деп дәріптеуінен қазақ хандарына 
«халық қамын ойлаудан артық бақыт жоқ» деген идеяны ұсыну, үгіттеу елесі 
байқалады. 
Арық ханға айтқан толғауында да: 
Арық хан! 
Менің ием Темір іс етсе, 
Айналаңды берік етер, 
Жиған малың тәрк етер, 
Атың, тоның бұлды етер, 
 
 


35 
 
Өз басыңды олжа етер – 
деп т.б. өз ісіне беріктігін паш етіп, қиып кетер қаталдығын да ескерте, өзгеге 
сес көрсете толғады. 
Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғауларында: 
Алп, алп басқан, алп басқан, 
Арабы торым өзіңсің, 
Жүзі алтын, мол кескен, 
Алдаспаным өзіңсің!.. 
Соқса бір жілік сындырған, 
Көк қоянның қос құлағын тұндырған, 
Көгілдірдің жез қанатын сындырған, 
Тегеурінді болат темірдің тегеуріні өзіңсің... 
Саһарыңды сайлап қаусырған 
Боз сұңқарым өзіңсің! – 
деп  құдіретті  етіп,  қасиеттерін  термелей  дәріптеп,  ел  басқарған  азаматтың 
бойында  ұлы  адамгершілік  қасиеттің  болуын  насихаттаса,  енді  бірде  адал 
жүрегімен берілген биі мен үстем тап өкілдерінің әрекеттеріне көңілі толмаған 
ойын хан, би алдында өктем леппен, түйрей, мейлінше батыл да еркін сөйлейді. 
Жақсыңнан мені кем көрдің, 
Жаманыңмен тең көрдің. 
Жақсыңнан мені кем көрсең, 
Жаманыңмен тең көрсең, 
Ұялы берікке қос артып, 
Сен есенде, мен сауда 
Ырысымды сындайын, 
Сегіз қиыр шартараптан іздермін! – 
деп өзінің құнын білер, еркелетер, арқа сүйер халқына сене, Темір биге күнінің 
қарап  тұрмағанын,  өкпе-назын  толғайды.  «Ұлық  болсаң,  әділетті  бол», 
сатқындық, екіжүзділік өзіңе сор дегенді ескертеді. 
Тепсініп келгенде  
Тең атаның ұлы едің, 
Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті! – 
деп өктем ойын батыл өрнектеген жырау ханның «хан көтерген халыққа адал 
қызмет  ету  –  парызы»  екендігін  ескертеді.  Опасыздықты  дүйім  халық 
көтермейді,  «көптен  қол  үзбе,  не  істесең  де  көппен  кеңесіп  шеш»  дегенді 
уағыздайды.  
Өзінің дос тұтқан, «бас» тұтқан адамына адал қызмет етіп, шын пейілмен 
берілген көңілінің тазалығын айту арқылы жырау өз бейнесін: 
Саған дұспан – маған жау, 
Керекті күні алдыңда 
Ғазизлеген сұлтан жаным аяман! 
немесе, 
Бұз үстінде от жаққан, 
Бұзмай бұлан пісірген, 


36 
 
Мен иемдің бөрлі ала тасы едім, 
Иә, ием, сенің сырың мен білем, 
Менім ием Би Темірдің әрі өзім 
Жау көрген күн жүрегінің басы едім, 
Көз үстінде қасы едім! – 
деп суреттейді. Жырау халыққа қызмет етер азаматтар арасындағы адалдықтың 
үлгісін паш етіп, «адалдық – адамгершілік, парасаттылық белгісі», оның қадірін 
білмей опасыздық, екіжүзділік, сатқындық жасар пәтуасыз жандардан сақтану 
керектігін уағыздайды. 
Шалкиіз  жырау  жыр  жолдарында  Би  Темірдің  мәртебесін  көтеріп, 
құдіретін  асырып  әрі  жүрегін  кернеген  өкпе-назы  болса  әділ  ащы  сөзімен, 
қисынды пікірлерімен білдіріп, тіпті:  
Атаның ұлы жақсыға 
Малыңды бер де басың қос, 
Бір күні болар керегі... 
Жауға кисең берен ки, 
Егеулеген болат өте алмас, 
Есендікте малыңды бер де батыр жый, 
Басыңа қыстау іс түссе 
Дұспанның қолы жете алмас! 
Бар күшіңді сынамай 
Балуандармен күреспе, 
Таң боларсың әлемге, 
Сөз боларсың күлемге, –  
деп мәнді ақыл-кеңесін де берген. Шалкиіз жырау жырындағы: 
Атадан алтау тудым деп 
Салмақтама немеңді, 
Салмақтасаң немеңді 
Тәңірі тесер төбеңді, – 
деген  шумақта  асып-тасыған,  менмендік  пен  тәкәппарлықтың  ақыры 
жақсылыққа апармайды деген идея бар. 
Өмірдің ыстық-суығын көп көрген Шалкиіз жырау көңілі құлазып, жапа 
шегіп қиналған кезінде: 
Арғымақ атқа көп міндім, 
Садақ кетсін боданнан. 
Азаматқа көп ердім, 
Садақа кетсін туғаннан 
... 
Жағаға дұшпан қолы тимеске 
Артыңда туысқанның көбі игі – 
деп, жолдасын, туысын жауға қалдырмас жанашыр, «Жалғыздың аты шықпас, 
жаяудың  шаңы  шықпас»  демекшідей,  азаматтығы  атына  сай  туыстың  көп 
болуын аңсайды.  


37 
 
Шалкиіз жырау – ислам дінін ұстанған жыраулардың бірі. Ол Би Темірді 
қажы сапарынан тоқтату үшін: 
Тәңірінің үйі Кебені, 
Ибраһим Халил Алла жасапты, 
Ғазырейіл-жан алмаға қасапты, 
Жығылғанды тұрғызсаң, 
Жылағанды уатсаң, 
Қисайғанды түзетсең, 
Тәңірінің үйі бәйтолла, 
Сұлтан иесі, қарсы алдында жасапты! – 
деп өзінің өрісті ақыл-парасатымен Би Темірді тоқтатады. 
Шалкиіз жырау құдайдың шын парызы – қарауындағы халыққа рақымды, 
әділет өмір жүргізу деп санайды. 
«Шалкиіз жырау жырларындағы діни-танымдық сарындар» атты ғылыми 
мақаласында ғалым-жазушы Меңдібай Әбілұлы: «Жырау «тәңірінің үйі кебе» – 
деп  қағбаны  айтып  тұр.  Қағба  Алла  тағаланың  жер  бетіндегі  алғашқы  үйі. 
Әйгілі Қағба әл-Масхид әл-Хәрәмнің дәл ортасында орналасқан.  
...Ислам  дінін  құрметтеп,  адамгершілік  пен  имандылыққа  ұйытылған 
адамның  көңілі  әрқашан  нұрланып  тұрады.  Адам баласы Алланы білуі және 
оған шын көңілмен сенуі қажет. 
...Қазақ  жыраулар  поэзиясының  атасы  Шалкиіз  Тіленшіұлының  діни 
көзқарастарында  ғылыми  тұрғыдан  пікір  өрбіту,  оның  діни  бағыттағы 
шығармаларын  жинап,  зерттеу  ғалымдардың  ізгі  ниетті  парызы  болмақ»
50
 – 
делінген.  
Шалкиіз жыраудың енді бір толғауларында ер жігіттің халық қамын жеп, 
ел  үшін  белін  буып,  күреске  шығып,  қиындықтан  қашпайтын  нағыз  батыр 
болса деген ойы: 
Шағырмақ бұлт жай тастар, 
Ағытқан қойды жол бастар. 
Ақ желкенді жел бастар, 
Әділ төре ел бастар, 
Батыр жігіт қол бастар, 
Шешен адам сөз бастар – 
деп топшыланған. 
Осы  «Шағырмақ  бұлт жай тастар» деп басталатын моральдік, этикалық 
сипаттағы өнегелі ақыл, өсиет, ғибрат сөздерден тұратын толғауының көлемі 
244 жол. Онда жұртты әділдік пен жақсылыққа, жаманшылықтан аулақ болуға 
үндеген құнды пікірлерін өлең өрнегімен бере білген. 
Құсты жисаң бүркіт жи, 
Қыстауыңды түлкі етер 
Бір жақсымен дос болсаң, 
Азбас, тозбас мүлк етер. 
Бір жаманмен дос болсаң, 
Күндердің, күні болғанда 


38 
 
Жұмыла ғаламға күлкі етер – 
десе, жақсы мен жаманды салыстыра келе: 
Жақсының жақсылығы сол болар 
Жаманменен бас қосып, 
Сөйлемекке ар етер; 
Жаманның жамандығы сол болар, 
Сөйлесе дәйім бетін қара етер; 
немесе, 
Бір жаманға сөз айтсаң, 
Есікті кетер сарт ұрып, 
Сол жаман елден кетер деп, 
Артыннан жақсылар қалар шақырып... –  
деп сөз қадірін білмес, ақырын аңғармас, ақылы аз, ақымақтығы мол жаманнан 
жирендіре, жақсыға ұмтылдыра саралай суреттейді. 
Тәлімгерлік құдіреті күшті, асыл ойға құрылған афоризм сөздерге толы, өз 
заманының жастарына дос пен қасты тани білуге және тәлімдік құндылығы зор 
өнегелі ақыл, ғибратты кеңес берерлік нақыл сөздермен термеленген Шалкиіз 
жырау поэзиясының елге тірек болар азаматтарға  берері мол. 
Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреністі шумақтар мол. 
Ол жыраудың өмірден түйген өрісті ойларынан туған. Мәселен, 
Жағаға жақын қонбаңыз, 
Жағаға жақын қонғанды, 
Жайылып сулар алмас па?! 
... 
Жаманға дос болғанның 
Жазымда басы қалмас па? – 
деген өлең жолдарында «Жаманнан-кесапат» деген халық даналығымен үндесе, 
ақылсыз достан сақтану керектігін ескерткен. 
Жат туғанды өз еткен, 
Жақсының ғұмыры аз-ақ болмас па? 
деп «жақсыда – жаттық жоқ» демекші, жайсаң азаматтық, адалдық, абзалдық 
қасиеттерді өсиет еткен. 
Ағынды сулар, аймақ көл 
Тасылса төңбек келтірер, 
Дұспанға беліңді шешіп инанба, 
Инантып тұрып өлтірер, – 
деп дұшпаннан сақ болуға үндеген. Жыраудың: 
Жақсылардың өзі елсе де сөзі сау. 
Ойлап тұрсам жаманның 
Жалаңдаған өз басына тілі жау 
немесе, 
Көп өтірік, жаман сөз 
Басыңа пәле келтірер –  


39 
 
деген өлең жолдарында «Жақсының өзі өлгенмен сөзі өлмейді»,  «Басқа пәле – 
тілден»,  «Жақсы  –  байқап  сөйлер,  жаман  –  шайқап  сөйлер»  тәрізді  халық 
даналығындағы ой-пікірлермен ұштастырыла насихаттаған. 
Жас  ұрпақты  жағымды  мінез-құлыққа  тәрбиелеуде,  әділеттілікке,  
татулыққа, адамгершіл асыл қасиетке баулуда өмір тәжірибесінен қорытылып 
сараланған, жақсылық жолдарын нұсқар ғибратты ойларын: 
Жақсыға қоссаң басыңды, 
Отырар орның төр болар. 
Жаманға қоссаң басыңды, 
Саз балшыққа аунаған 
Бөрімен орның тең болар... 
немесе, 
Жаманды құдай алар ма? 
Жақсыны құдай қояр ма. 
Жақсы алдында сөз айтсаң, 
Жақсылар сөзге тояр ма? 
Жаманға жақын болсаңыз, 
Күнінде бір күн болғанда, 
Оның залалы тиер басыңа. 
... 
Жаманға жақыным деп сөз айтпа, 
Күндердің күні болғанда 
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты! –  
деп, жырының өзегі болып отырған түз тұрғынының адамдық табиғаты, ізгілік-
парасаты,  дүниетанымы  туралы  ойын  тереңдете,  халық  даналықтарындағы 
идеямен ұштастыра өрнектеген. 
Жырау ағайын арасындағы күншілдікті әшкерелейтін «Ағайын бар болса 
көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» деген халықтың  даналық ой-пікірін 
өлең өрнегіне арқау еткен. 
Ағайынның ішінде 
Бір жақсысы бар болса, 
Қауқаулаған көп жаман, 
Сол жақсыны көре алмас, – 
деген  өкінішті  толғаныстарынан  сыйластық,  татулық,  бірлік,  адалдық, 
әділеттілікті аңсаған тәлімдік ойлары айқын аңғарылады. 
Жалпы  жырау  толғауларының  оқырмандарын  рухани  адамгершілік 
құндылықтарға тәрбиелеу мәселесінде маңызы зор. 
Бұл туралы ғалым Ә.Дербісәлин: «...адамдық пен зұлымдық, жақсылық пен 
жамандық  арасындағы  ежелгі  күрестің  түрлерін  алғаш  осы  Шалкиіз 
толғауларынан кездестіреміз. Бұл оның өмірді суреттеудегі, өмірді танытудағы, 
адам бейнесін жасаудағы өзінше, өзгеше бір көркемдік тәсілі»
51
 – дейді.  
Шалкиіз жырау – негізінен, адамгершіл, ақыл, ғибрат сөз уағыздау шебері. 
Айтар ойын нақылдап термелеуге дағдыланған шешен жырау. Оның әсіресе, 
ерлік дәстүрін, ел бірлігін, қазақ халқының бойындағы табиғи ерлік қасиеттерін 


40 
 
жеке  батырлар  бейнесін  суреттеп,  адамның  ерлік  тұлғасын  сомдау  арқылы 
көрсетуі – өлеңдерінің негізгі түйіні.  
Шалкиіз  жыраудың  бізге  жеткен  өлеңдерінің  дені  азаматтық  лирикаға 
жатады.  
«Дулығамның  төбесі  туған  айдай  болмаса,  батыршылық  сүрменді», 
«дулығалы  бас  кескен,  ерлердің  алдаспаннан  игі  қолы  болар  ма?»  деп 
батырлықты жоғары бағалаған. 
Асыл туған батыр ер 
Тоқсанға жасы жетпей қарымас, – 
деп  ерлікке  үндеген,  «ерлер  –  елдің  панасы»  екендігі дәріптелген. Олардың 
қанат-көлігін: 
Арғымақтың баласы 
Жаздың алты ай жорытсаң, 
Һеш өкпесі қабынбас, –  
деп бейнелеген. 
Терең  ақыл,  шалқар  даналық  иесі  жыраудың  «Жуан  ханға»  деген 
толғауында  қазақтың  аруағы  асқан  айбарлы  тоғыз  батырының  бір-біріне 
ұқсамайтын  тұлға-бітімдері,  ерлік  кескін-келбеті,  қуат-жігері  үлкен 
шеберлікпен сомдалған. Мәселен, Ер Қосай тұлғасын: 
Жеті аршын жарым бойы бар, 
Адамнан артық біткен сойы бар. 
Артынан келген дұшпанға, 
Көрсететін тойы бар, –  
деп сомдаса, Ер Тарғынды: 
Жөнелте қолын бастаған 
Көксүйрік атты борбайлап, 
Қамалды бұзған айқайлап, – 
деп басқаша шабытпен жырлаған. 
Шынында  да,  Шалкиіз  жырау  поэзиясының  рухы  –  ерлік.  Оның 
шығармалары  жауынгерлерді  қаптаған  қалың  жаудан  именбеуге,  тайсалмай 
ұрысқа кіруге шақырған, өр ұранға толы. 
Батыр болмақ сойдан – дүр, 
Жалаңаш барып жауға ти, 
Тәңірі өзі біледі, 
Ажалымыз қайдан – дүр! 
Елін  жауынан,  дұшпанынан  тек  «жалаңаш  барып  жауға  тиер»  ер  ғана 
қорғай  алар  «Батыр  жігіт  қол  бастар»  деп  ерлікті,  батырлықты  жырына  ту 
еткені жыр өрнектерінен айқын көрінеді. 
Есендікте малыңды бер де батыр жый, 
Басыңа қыстау іс түссе 
Дұспанның қолы жете алмас! – 
деп тілек айтады. 


41 
 
Тәрбие  негізі  –  халық  даналығында  демекші,  «Ынтымақты  елге  жау 
тимес», «бірлік болмай, тірлік болмайды» деген халық даналықтарымен өзектес 
бұл тілек жыры адамгершілікке меңзейтін өрісті өнеге, тағылымды тәрбие. 
Жалпы, өз заманының жетік шешені Шалкиіз жыраудың шығармашылығы 
жайлы ғалым М.Мағауин: «...Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге 
жеткен  шағын  көлемді,  шымыр  толғауларынан  көне  заман  таңбасы  –  түз 
тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдік, 
этикалық қағидалары айқын аңғарылады»
52
 – деп орынды айтқан. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет