Ұлы дала ақын-жырауларының тағылымдық МҰралары



Pdf көрінісі
бет8/30
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26192
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   30
 
 
Қазтуған жырау 
 
ХV ғасырдың аты әйгілі жырауы Қазтуған ноғайлы дәуірінің перзенті. Әрі 
батыр, әрі шешен Қазтуған жырау Еділдің кішігірім төменгі салалары Актуба 
мен  Бозан  өзендерінің  бойын  мекендеген  елден,  қазіргі  Орал  өлкесінің 
Жалпақтал мен Жәнібек аудандарына жататын өлкеден. Қазтуған жыраудың 
дәл қашан туып, қашан дүниеден өткені туралы нақты дерек жоқ. Шамамен              
75 жасында қайтыс болған.  
Қазтуған поэзиясының тақырыбы жайлы ғалым Ә.Дербісәлин: «Қазтуған 
толғаулары... қазақ халқының халық болып құрыла бастау тұсындағы жақсы 
қоныс,  жақсы  мекен  іздеу  мәселелерінің  сол  алыс  замандағы  жаңғырығы, 
поэзия өмірінде сақталған шағын ескерткіш үлгісі тәрізді кейінгі дәуірге жетті. 
Бұлар өз дәуірі мен шығарушысы жайында кішкентай болса да елес, ұғым бере 
алса,  поэзия  эволюциясындағы  белгілі  бір  кезеңнің  көркемдік дүниетанымы 
тарапында  нышан  таныта  алса,  өз  міндетін  артығымен  орындағаны  болып 
саналады»
48
, – деген. 


27 
 
Жырау толғауларынан өзінің әлеуметтік-философиялық ойлары, дүниеге 
деген  көзқарасы,  адамгершілік  мәселелерін  насихаттап,  халықтың 
қамқоршысы,  ерлік  пен  елдіктің  ұраншысы  болғанын  аңғарып,  өзінің  өмірі 
туралы мағлұматтарды кездестіреміз. Оның өзіне арнаған жырында: 
Бұдырайған екі шекелі, 
Мұздай үлкен көбелі. 
Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті, 
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, 
Айдаса қойдың көсемі, 
Сөйлесе қызыл тілдің шешені, 
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, 
Қалайылаған қасты орданың сырығы, 
Билер отты би соңы, 
Би ұлының кенжесі, 
Буыршынның бұта шайнар азуы, 
... 
Мұнар болған күнді ашқан, 
Сүйінішұлы Қазтуған! –  
деп  ескі  елдік,  қайтпас  ерлік  дәстүрін  уағыздаған.  Қазтуған  жыраудың 
жорықшы, жауынгер жырау болғандығын аңғарып, елі, жері үшін туған «ер» 
тұлғасын  танимыз.  Ол  өзін  «айдаса  қойдың  көсемі»,  «сөйлесе қызыл тілдің 
шешені»,  «буыршынның  бұта  шайнар  азуы»,  «би  ұлының  кенжесі»  деп 
таныстырады.  Қазтуған  жырау  елінің  отты  биі,  әскербасы,  арқалы  ақыны 
болған. 
Халық аузында батырдың «өзі айтыпты» деген өлең жолдарынан да батыр 
жыраудың ерлік бейнесін елестетіп, өмір деректерін кездестіреміз. 
...Жетпіс бесте жасы бар... 
Қабыршықты жайлаған. 
Ақсуды төмен бойлаған, 
Шағанға атын байлаған, 
Қарға бойлы Қазтуған... 
немесе, 
...Жолдасын жолай іздеген, 
Өзіне тиген дұшпанын, 
Қарт бурадай тіздеген, 
Мен қарға бойлы Қазтуған. 
Қазақ елінің ежелгі ата жұрттарын мәңгілік мақтанышпен, масаттанумен 
жырлау  –  ұлттық  сезімнің  нақты көрінісі. Бұл Қазтуған жыраудың «Алаң да 
алаң,  алаң  жұрт»  толғауында  туған  жердің  қымбат  әрі  ыстық  болатындығы 
ерекше  шынайы  бейнеленген.  Жырау  «жұрт»  сөзінің  мағыналық  ауқымына  
ата-баба мекен еткен, өзі рубасы көсемі, әскербасы батыры болған, Еділ мен 
оның  салалары  Ақтуба,  Бозан  жағалауларын  перзенттік  тілмен  сыйғыза 
жырлаған.        
 


28 
 
Атамыз біздің бұл Сүйініш, 
Күйеу болып түскен жұрт. 
Анамыз біздің Бозтуған, 
Келіншек болып түскен жұрт. 
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт... 
... 
Салп-салпыншақ анау үш өзен, 
Сәулетті менің ордам қонған жер... –  
деген өлең жолдарынан Қазтуған жыраудың әкесі – Сүйініш, анасы – Бозтуған, 
өзі үш өзенді жайлаған батыр болғанын, туған еліне, кіндік кескен, кір жуған 
атамакеніне деген махаббат, ыстық ықылас, елжандылық сезімін білдіргендігін 
көреміз. 
Осы толғауында ата-анасының құтты мекені – Еділін еске алып, тебірене 
жырлауы арқылы келер ұрпақты абзал азаматтыққа тәрбиелеуі хақ. 
Елдің  тұтастығын  армандап,  талай  қан  майданды  басынан  кешірген  өр 
кеуделі жырау Қазтуған туған елінің құт-береке қонған мекен екенін мақтап, 
жер-су,  жайлы  қоныс,  мекенді  бүкіл  ел-жұрт  тағдырымен  байланыстыра 
жырлады. 
Туған жердің топырағын өле-өлгенше қастерлеп өткен жырау: 
Жабағылы жас тайлақ, 
Жардай атан болған жер. 
Жатып қалған бір тоқты 
Жайылып мың қой болған жер. 
Жарлысы менен байы тең, 
Жабағысы менен тайы тең, 
Жары менен сайы тең, 
Боташығы бұзаудай, 
Боз сазаны тоқтыдай 
Балығы тайдай тулаған. 
... 
Сөйткен менің, Еділім – 
деп туған жердің байлығын сипаттай келе, «Жері байдың елі бай», «Өз елің 
қорғап өлген ердің арманы жоқ» деген ой-пікірді дәріптейді. 
Осындай құт қонып, береке ұйыған жерді кім тастап ауа көшер дейсіз? 
Ел іргесі сөгіліп, Еділден қуылған еліне қабырғасы қайысқан, атамекеннен 
қол үзген Қазтуған жырау: 
Қайран менің Еділім, 
Мен салмадым, сен салдың, 
Қайырлы болсын сіздерге 
Менен қалған мынау Еділ жұрт!.. – 
деп қалған жұртқа береке тілеп, егіледі. 
Атамекенді сүю, ардақтау арқылы ұрпақтарды отаншылдық, елжандылық, 
патриоттық рухта тәрбиелеуге мән берген. 


29 
 
Жыраудың  елі  мен  жеріне деген сүйіспеншілігін елі мен жерін мадақтап 
шығарған: «Ағала ордам қорған жұрт» деген өлеңінен де байқайсыз. 
Кіндігімді  кескен жұрт, 
Кір-қоңымды жуған жұрт. 
Қарағайдан садақ будырып, 
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, 
Жанға сақтау болған жұрт – 
деген. 
Батырлықты,  ерлікті,  елдікті  дәріптеген  жырау  толғауларынан                      
«ар, намыс үшін күресу – ерлердің ғана ісі» деген ой-пікірі аңғарылады. 
Жыраулар  өзіне  тән  биік  парасатын,  яғни,  өзінің  бағасын  біліп,  оны 
қастерлеуін  өнеге  етеді.  Ол  қазақта  «тектілік»  тағылымын  таныту  болып 
саналады. Мәрттік, тектілікті ұқтыратын көркемдік астарлар Қазтуған жырау 
жырларында ұшырасады. 
Қазтуған жырау «Белгілі биік көк сеңгір» атты толғауында хас батырларға 
тән  қажыр  қайратын  ұштап,  намысын  қайрап,  нағыз  жырауларша  елге  дем 
беріп, рухтандыра түсіп: 
Белгілі биік көк сеңгір 
Басынан қарға ұшырмас... 
Арғымақтың баласы 
Арыған сайын тың жортар, 
Арқа мен қосым қалар деп, 
Ақ дария толқын күшейтер, 
Құйрығын күн шалмаған балығым, 
Ортамнан ойран салар деп. 
... 
Азамат ердің баласы 
Жабыққанын білдірмен 
Жамандар мазақ қылар деп! – 
деп өрнектеген. 
Қазтуған – ел дағдарып, сарсаңға түскенде соңынан жұртты ерте білген, 
топ  бастаған  көсем;  шаршы  топта  суырылып шығып, сөз сөйлейтін шешен; 
кейінгі  ұрпаққа  Ноғайлы  –  қазақ  дәуірі  заманы  жайын аңғартатын толымды 
жыр қалдырған жырау. 
Жыраулар  поэзиясы  –  қазақ  сөз  өнеріндегі  шынайы  ұлттық  сипаттың 
негізгі көркемдік іргетасы. Сондықтан, қазақ ұлтының жаңа ұрпағына игі әсер, 
ықпал  етіп,  адамгершілік,  эстетикалық,  этикалық  дүниетанымын  кеңейтері 
анық. 
Қысқасы, Қазтуған жыраудың бізге жеткен бес-алты өлеңінің өзінен оның 
халық қамын жеген ақылгөй, қамқоршы және арынды ақын екендігі байқалады. 
Игілікке  айналмаған  бай  рухани  байлығымыздың  кең  әрі  терең  қоймасы  – 
жыраулар мұрасындағы тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге және игі дәстүрлерден бүгінгі 
ақыл-ойы кемелденген жастарымыз тағылым алып, нағыз ұлттық тұлға болары 
сөзсіз. 


30 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет