Ұлы дала ақын-жырауларының тағылымдық МҰралары



Pdf көрінісі
бет22/30
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26192
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   30
Байланысты:
Elubaeva Akin Jirau

 
 
Бұқар жырау 
 
ХVІІІ  ғасырда  халық  өмірінде  сан қилы аласапыран, күрделі оқиғаларға 
толы  ауыр  кезеңде  тұрмыс  кешкен,  сол  кезеңнің  әлеуметтік  мәселелерін 
басымырақ  жыр  еткен  –  Бұқар  жырау  Қалқаманұлы  1688  жылы  Баянауыл 
өңіріндегі  табиғаты  ерекше  сұлу  Сұңқарқия  деген  жерде  туып,  1781  жылы 
Далба тауында (қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар ауданы) дүние салған. Әкесі – 
Қалқаман белгілі батыр, Ақша батырдың сарбазы. Ал Ақша – Түркістан өңірін 
билеген Тәуке ханның атақты қолбасшысы Бөгенбайдың әкесі. Бұқарға Әнет 
баба: 
Есімің Бұқар болсын, 
Мінгенің тұлпар болсын. 
Дауысың сұңқар болсын, 
Ісіңе халқың іңкәр болсын, – 
деп бата беріп, атын қойған екен. 
Бұқар  жырау  жас  кезінде  Бұқара,  Самарқанд  медреселерінде  оқып,  хат 
таныған адам. Дәріс алған ұстазы Қожаберген жыраудың: 
Шәкіртім Сүйіндікте Бұқар жыршы, 
Бұл Бұқар өзі ақын, өзі сыншы... 
Бұқаржан биылғы жыл отыз жаста 
Атағы ақын болып шықты Алашқа – 
деуі соның айғағы. 
Негізі  Бұқар  жырау  өмірі,  өскен  ортасы,  шығармашылық  жолы  мен 
болмысындағы  асулар-кезеңдері  досы  Үмбетейдің  Бұқардың  зиратының 
басындағы толғауында нақты көрсетілген. 
Туған жерің Жиделі-Байсын екен, 
Елібай деп атаған бұқар маңы, 
Атыңды Бұқар қойған сол себептен, 
Мәлім ғой, ол – қазақтың ескі заңы. 
Соғыста қалмақ жеңіп, босып келген, 
Белгісіз келген жанның қанша саны. 
Бастап келген Қалқаман – сенің әкең, 
Батырды қарсы алыпты Бұқар хары. 
Екі жылда еліне қайтарыпты, 


84 
 
Босатып Ембі, Жайсаң екі араны. 
Онда сенің бір жасар бала күнің, 
Қазақта Әз Тәукенің хан заманы, 
Тілің шықпай жасында, 
Бала болдың сен мылқау. 
Бір аяулы жан десетін, 
Іштен туған кем сырқау. 
Сырқат па, әлде 
Мұны қиын жобалау 
Дәл он екі жасында, 
Бақыт қонды басыңа. 
Тілің шықты сөйледің, 
Қолдан қолға тимедің, 
Төре, қара қасында 
Бұлбұл құстай сайрадың, 
Топты көрсең жайнадың 
Көріктей басқан күпілдеп, 
Көмекейің бүлкілдеп, 
Сөйлер сөзден таймадың 
Тәукенің болып жаршысы, 
Халқыңның болып заршысы, 
Белді бекем байладың. 
Сонымен бірге Үмбетей жырау Бұқар жыраудың Тәуке ханнан бастап, онан 
кейінгі қазақ хандары: Қайып, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, 
Абылайды көргенін, ірі-ірі шешуші кеңестерге қатысып, солардың ортасында 
жүргенін: 
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен, 
Шештің талай түйіңді болжауменен –  
деп толғаған. 
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Бұқар жыраудың Тәуке хан тұсында  
Ордадағы белді биі, батагөйі болғандығы аңғарылады. 
Тәуке  ханнан  кейінгі  билік  құрған  қазақ  хандарымен  Бұқар  жырау 
Абылайға дейін ортақ тіл табыса алмай, өмірден мұқтаждықты көп көрген. 
Бұқар жырау ерекше бедел мен құрметке Абылай хан билік құрып тұрған 
кезде  ие  болды.  Абылай  хан  таққа  отырған  кезде  Бұқар  ел  арасына  атағы 
жайылған ақын, дуалы ауыз би, едәуір жасқа келген егде адам еді. 
Жырау  өлеңдерін  жинап,  қағаз  бетіне  түсірген  –  белгілі  ғұлама, 
фольклорист  әрі  ділмар  ақын  М.Ж.Көпеевтің  айтуынша,  Бұқар  жырау  – 
«қарадан  шығып  хан  болған»  өз  заманының  ең  ықпалды  билерінің  бірі.  Өз 
заманындағы жандар бұл кісіні «көмекей әулие» деседі дейді. 
Бұқар жырау мұралары 1920-1930 жылдардан бастап жиналып, зерттеліп 
келеді.  Оның  мұрасы  әр  жылдарда  әртүрлі  жинақтарға  еніп,  жарық  көрген. 
Мәселен,  Бұқар  жыраудың  үлкенді-кішілі 49 толғауы «Алдаспан» жинағына 
еніп  жарық  көрді.  Даланың  дара  данасы  Бұқардың  шаңға  көмілген  Пекин 


85 
 
архивіндегі 36 толғауын Мұхтархан Оразбайұлының атамекеніне қайтаруы да 
үлкен  мақтаныш  әрі  рухани  байлығымызға  қосылған  үлес.  Бұқар  жырау  өзі 
өмір кешкен тұста басқыншы жаудың езгісінде қалған халықтың басын құрап, 
азаттық  күреске  бастайтын  қолбасшы  батыр  мен  алғыр  басшы  қажет  деп 
түсінді.  Сыншы,  болашақты  болжағыш  әулие  жырау  кісі  есігінде  жүрген 
Сабалақты  жүріс-тұрысынан,  мінезінен  тегін  адам  емес  екенін  байқап, 
кереметтей қасиеттілігін танып, Орта жүзге хан болуына Бөгенбаймен бірге көп 
ықпал еткен. Ел басына күн туған кезде де ел басқарушылық қасиетін танып, 
үш  жүздің  басын  қосар,  заңғар  қызмет  атқарар,  арыстан  мінезді  хан  деп 
Абылайға  зор  сенім артады. Ол жөнінде Қазақ ССР тарихында: «Феодалдық 
таптың жыршысы бола отырып, Бұқар сонымен қатар өзінің шығармаларында 
заманының  кейбір  маңызды  тарихи  оқиғаларын  әділ  көрсетті.  Оның 
шығармаларының өзекті тақырыбы Отанды сүю, патриотизм болды. Ол қазақ 
халқының  Жоңғар  феодалдарына  қарсы  азаттық  күресін  жырлады,  халықты 
бірлікке, ерлікке шақырды, осы күрестің ерлері – Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек 
сынды батырларды мадақтады. Жырау қазақтың үш жүзінің басын қосатындай 
бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруды армандады. Қазақ елі сыртқы 
жаулардың  шабуылы  мен  ішкі  қырқыс-тартыстардан  әлсіреген  кезеңдегі 
хандардың  ішіндегі  ең  мықтысы  Абылай  еді.  Бұқар  жырау  халық  үмітін 
ақтайды деген ниетпен хан образын асқан тұлға ретінде жырлады. Россия мен 
Қытай  арасында  айла  қолданған  Абылайдың  саясатын  қостап  отырды,  ол 
Россиядан  қазақ  даласына  келіп  жатқан  жаңа  лептер  мен  құбылыстарды 
түсінбеді.  Бірақ  өзінің  күрделі  және  қайшылықты  творчестволық  жолының 
ақырғы кезінде Бұқар жырау Россиямен тату болу қажет деген қорытындыға 
келді»
63
, – делінген. 
Көргені  көп,  тоқығаны,  түйгені  мол  жырау  өмір  құбылыстарына  іштей 
бойлап, замана жайын тереңдей суреттеген, үлгі-өнегеге құрылған толғаулары 
кейінгіге мирас болуда. Бұқар жырау – заманындағы ел тіршілігінің бірден-бір 
көзі  –  бірлікті  ту  етіп  ұстап,  жұрт  іргесінің сөгілмеуін көздеген. Өз дәуірінің 
саяси  ахуалына  ықпал  ете  алған  тарихи  тұлға.  Заманы  қантөгіс  ұрыстарға, 
тынымсыз жорықтарға дөп келген баба жырау ел билеу, қол бастау, көш түзеу 
істеріне қатысып отырды. Ол туралы профессор Б.Кенжебаев: «Бұқар жырау өз 
тұсындағы  қазақ  халқының  күй-жайын,  мұң-тілегін,  болашақ  тағдырын... 
білдіріп, бірлігін, ынтымағын көкседі»
64
 – деп бағалайды. 
Бұқар  жырау  ел  тағдырын,  ел  бүтіндігі  мен  бейбіт  өмірін,  тәуелсіздігін 
жырларына  арқау  еткен.  Ол  ағайыншылық, татулық, елді берекелі ететін ең 
қажет  нәрсе,  бірауызды,  ынтымақты  ел  ғана  іргесі  берік,  тату-тәтті  өмір 
сүретіндігіне  сенім  білдіреді.  Қазақ  қауымының  ел  болып,  ірге  бекіту,                    
жан-жақтан  андыздаған  жаулардан  қорғану  үшін  басты  шарт  бірлік  екенін 
терең түсініп, оны ұрпақтың ұрпағына аманат етіп толғайды. 
Сірә, бір кеңес құрыңыз, 
Бірауызды болыңыз... 
Айнала алмай ат өлсін, 
Айыра алмай жат өлсін, 


86 
 
Жат бойынан түңілсін, 
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз! –  
деп, «Ағайын тату болса, жат жанынан түңілер» деген халық мәтелін қоштай 
өсиет айтқан. 
Жақын жерден шөп жесе, 
Жердің сәнін кетірер, 
Ағайынның аразы. 
Елдің сәнін кетірер. 
Абысынның аразы 
Ауыл сәнін кетірер. 
... 
Бұл жалғанда бір жаман –  
Ағайынның аласы – 
деп толғайды. 
Бұқар жырау «бірауызды болмаған, қас тұрпатты қылықты» сынайды, ел 
ішінің,  ағайын  арасының  бірауызды  болуын  насихаттап,  берекелі  бірлікке 
үндейді. Жырау елдің тағдыры – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, 
қазақтың  өзара  елдігін  сақтауында,  сонда  ғана  тізгінін жауға бермейді  – деп 
ынтымақшыл, бауырмашыл болуға шақырады. 
Яғни,  жерінің  бүтіндігін  сақтау,  қоныстарын  жатқа  алдырмау дұшпанға 
тізгін  бермей,  әрдайым  сақ  болып,  жауынгерлік  әзірлікте  тұру  қажеттігі  – 
жырау идеяларының бірі. Үш жүз жыл бұрын айтылған бұл пікір қазір де мәнін 
жойған жоқ. 
Жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз» атты толғауы  – өмірлік нысанасы мен 
дүниеге көзқарас танымын танытатын шығарма. Он бір тілектен тұратын бұл 
жырдан жыраудың арман-тілегі; ынтымағы күшті ел, мамыражай бейбіт өмірге 
деген құштарлық, жеке семьяның ырыс-бақыты ел бірлігі халық болашағымен 
тығыз  байланысты  деген  мәнді  әлеуметтік  қорытындысы  мен  елін  бірлікке, 
ынтымаққа шақырып, «жердің тұлданып тұрмауы», «қарт бабаңның топқа жаяу 
бармауы», «анаңның аңырап қалмауы», «ардақтап жүрген бикештің жылай да 
жесір  қалмауы»,  «жер  қайысқан  қол  келіп,  сонан  да  сасып  тұрмауы»  ел 
ынтымақ-бірлігінде деп түйіндейді.  
«Бірлік  болмай,  тірлік  болмас!»  –  деген  сырт  жау  соқтыға  алмайтын 
айбынды ел болу үшін жұрттың ынтымағы болуы шарт. Ел бірлігін, ынтымағын 
сақтау мәселесі «Керей, қайда барасың?» атты толғауында сөз болады. 
Бұқар жырау қазақ руларының өзара тату тұруын, мал, қоныс-қыстау үшін 
қырқыспауын насихаттайды, елін бірлік берекеге үндейді. 
Өлетұғын тай үшін, 
Қалатұғын сай үшін, 
Қылмаңдар жанжал-ерегес, – 
деп қантөгіс кекті қырқыстың қажетсіз екенін батыл айтып отырған. 
Осындай ойсыздықтан, жауапсыздықтан сақтандыруы осы күнгі өмірдің 
қажетімен үндесіп тұр. 


87 
 
Ел  бірлігі,  ел  ынтымағы,  сыртқы  жауға  қарсы  күрес  Абылай  ханды 
жырлауда  негізгі  өзегі  болды.  Бұқар  жырау  тұлғалаған  Абылай  хан  –  ел 
тұтқасы, халық қамқоры, жоқ жітіктердің жоқшысы. Хан Абылайды жеті жасар 
бала  кезінен  батыр  болып  қамал  бұзып,  хан  тағына  отырған  кезіне  дейін 
сатылап баяндайды. 
Хан Абылай атандың 
Дүниеден шықпай мініңіз. 
Алтын тақтың үстінде 
Үш жүздің басын құрадың, 
Жетім менен жесірге 
Ешбір жаман қылмадың, 
Әділдікпен жүрдіңіз, 
Әдепті іске кірдіңіз –  
деп  ханның  ел  басқару  ісіндегі  жетістіктерін жоғары бағалай отырып, халық 
аңсаған басшы бейнесін жасауға талпынады. 
Сондай-ақ  Абылай  ханның  жауына  мейірімсіз,  қайсар  батыр,  жаудан 
тайсалып көрмеген, елін сүйер ер азаматтығын: 
Жеті күн кіріп ұрысқа, 
Өлімге басың байладың –  
деп толғайды. 
Күпшек санды күреңді 
Табияға жаратқан, 
Қырық сан қара қалмақты 
Жарлығына қаратқан. 
Ай балтасын алтынменен бұлатқан... 
Еңсесі биік боз орда 
Салтанатқа орнатқан... 
Табандасқан дұшманға 
Күнінде қылыш шауып өткерген... – 
деп,  жау  қашырған  қолбасшы,  білгір  көсем  ретінде  ерлігін,  салтанатын, 
байлығын сөз ете отырып, ханның халық алдындағы беделін арттыру, халықты 
хан төңірегіне топтастыру арқылы сырт жау басынбайтын айбынды ел болуы 
мемлекеттің айбарлы бірлігінде екенін халықтың көзіне елестете насихаттайды. 
Бұқар  жырау  мұраларын  саралай  келіп  профессор  Қ.Жұмалиев:                 
«Ел бірлігін жырлау – Бұқар өлеңдерінде негізгі мәселенің бірі... Ол ел бірлігі 
мәселесіне үлкен мән береді»
65
, – дейді. 
Мәселен, «Биік тауға жарасар», «Жақын жерден шөп жесе», «Асқардан 
биік  тау  болмас»,  «Алыстан  қызыл  көрінсе»,  «Керей,  қайда  барасың?»  т.б. 
толғаулары ел тәуелсіздігіне арналған. 
Ел иесі құт болса, 
Халқы ала болмайды –   
деп,  елдің  ырысы,  құты,  бірлігі  басшының  әділеттілігінде,  кемеңгер 
ақылдылығында, ондай басшыны халқы да сүйеді дегенді уағыздайды. 
 


88 
 
«Ей, Абылай, Абылай» деген өлеңінде жырау: 
Жиырма беске келгенде, 
Бақыт берді басыңа. 
Тақыт берді астыңа, 
Отыз жасқа келгенде 
Дүниедей кең едің. 
Отыз бес жасқа келгенде, 
Қара судың бетінде, 
Сығылып аққан сең едің. 
Қырық жасқа келгенде 
Алтынды тонның жеңі едің. 
Қырық беске келгенде, 
Жақсы-жаман демедің. 
Елу жасқа келгенде, 
Үш жүздің баласының, 
Атының басын бір кезеңге теңедің, –  
деп  Абылайдың  ел  бірлігін  ұйымдастырудағы  рөлін,  жаулармен  күресті 
басқарудағы шеберлігін суреттеу арқылы жалпы жақсы қасиеттерді насихаттап, 
оны басқаларға үлгі етеді. 
Абылай тұсындағы жоңғар қалмақтарының күшті ханы – Қалдан Серен. Ол 
– 1723 жылы қазақ елін «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратушы.  
Оны  Абылай  бастаған  қазақтардың  ойсырата  жеңгенін,  сондағы  ханның 
бұйрық-жарлықтарын  бұлжытпай  орындаған  сенімді  серіктері,  көзсіз 
ерліктерімен дараланған батырларды сипаттайды. 
Қалданменен ұрысып, 
Жеті күндей сүрісіп, 
Сондағы жолдас адамдар –  
Қара керей Қабанбай, 
Қанжығалы Бөгенбай, 
Шақшақұлы Жәнібек... 
Абылай салды жарлықты, 
Қалдан ханды қашырып, 
Шеп салған жерін бұздырып, 
Ұрысты қатты қыздырып –  
деп, ел үшін ерлік көрсеткен батырларды үрпаққа үлгі ете толғайды. Абылай 
ханның  батыр  қолбасшылығы,  елдің  бірлігі,  қаһарман  батырлардың  көзсіз 
ерлігі – жеңіс туын желбіреткендей. Келер ұрысқа аттанар жортуыл ерлеріне: 
Жазықсыз елді күйдірме, 
Қанішер тартсын жазасын. 
Ел шаруасын бүлдірме, 
Қайтарар бір азасын. 
Хан ордасын талқанда, 
Ер екен деп қарасын. 
Қатыгез жауды шауып ал. 


89 
 
Ел екен деп санасын, –  
деп  қарт  жырау  кекті  нағыз  қанды  қол  тобынан  ал,  жазықсыз  елге  тимеуді 
ақылгөйлікпен ескертеді. 
Қазақтың  қолын  бастап,  халқын  қорғап,  өмірлерін жауға қарсы күреске 
арнаған  Бөгенбай,  Ер  Олжабай,  Қабанбай,  Наурызбай,  Баян,  Малайсары, 
Жәнібек,  Райымбек,  Тілеуке  тағы  осылар  сияқты  жаужүрек  қолбасшылар 
жырауды  пір  тұтқан.  Батырлар  жыраудың  бірге  болуын  қалап,  жеңістің 
нышаны  санаған.  Өйткені  соғыстың  ауыр сәтінде әулие жырау ұран тастап, 
әскерді әруақтандырып отырған. 
Халқының іргелі ел болып, тыныш өмір сүріп, кемеліне келгенін аңсаған 
ұлы жырау өзінің бір топ өлеңдерінде қазақ халқының жоңғар феодалдарына 
қарсы  азаттық  күресін  жырлап,  халықты  бірлікке  шақырып,  қазақтың  үш 
жүзінен  шыққан  қол бастаған батырларын мадақтап, оларға ел-жұрт атынан 
міндет жүктеп, әрқайсысының ерлігін жіктеуге арнады. 
Қара керей Қабанбай, 
Қанжығалы Бөгенбай. 
Қаз дауысты Қазыбек, 
Шақшақұлы Жәнібек 
Ормандай көп орта жүз, 
Содан шыққан төрт терек. 
Тұғыр болған сол еді, 
Сіздей төре сұңқарға –  
деп күрес ерлерін мадақтаса, 
Малайсары, батырым, 
Күшіңе сай ақылың. 
Елдің кегін жоқтайтын, 
Жаттан өлді жақының. 
Жауды жайрат аянбай –  
немесе, 
Қара қабан Бөгенбай, 
Қайтпа жаудан кек алмай – 
деп ел атынан тапсырма берсе, ерлікпен қаза тапқан Бөгенбайды: 
Өкпе қылған ел үшін, 
Жауда кеткен кек үшін, 
Қазақтың абырой-арына, 
Сарп қылған бар күшін. 
... 
Қиядан қиқу төгілсе, 
Аттың басын тартпаған, 
Қисапсыз қол көрінсе 
Қорқып жаудан қайтпаған –  
деп суреттеу арқылы кейінгі ұрпаққа ерлікті үлгі-өнеге етіп отыр. 


90 
 
Бұқар  жырау  толғауларындағы  Абылай  хан  мен  оның  сенімді 
батырларының бірлік бейнелері әр дәуір адамдары үшін қымбат, ерлік үлгілері 
болары хақ. 
Бұқар  жырау  Абылай  ханның  барлық  іс-әрекеттеріне,  ішкі-сыртқы 
саясатын толық қоштап, бас шұлғи бермеген. Елдік мәні бар толғамды ақылға 
көнбеген  кезінде  азуы  алты  қарыс  ханға  өктем  сөйлейді.  Ханның  ісі  халық 
тілегіне қайшы келмеуі қажеттігін, ел бірлігі үшін дұрыс бағыт сілтеп отырады. 
Қарт  жыраудың  ақыл-кеңесіне  көнгісі  келмеген  кезде  ханның  бүгінгі 
шалқыған тұрмысы мен кешегі жоқшылық кешкен азапты күндерін бүкпесіз 
бетке басып тартынбай толғайды. «Атаң тексіз құл, анаң түрікменнің төріндегі 
күң, өзің жалаң аяқ жар кешкен арқар ұранды жат едің, момын елге келіп бек 
болдың» деуге дейін барады. 
Сыртқы жау қаупі жойылғаннан кейінгі ханның өзі бастар жорықтарына 
дана жырау қарсы шығады. 
Абылай бірде көрші отырған орыс мемлекетімен соғыспақ болғанда, Бұқар 
жырау оған қарсы шығып, бұқара мүддесін қорғап қалады. Көрегендік байлам 
жасап, «Орыспенен соғыспа!» деген әмірлі өктем сөзін айтады. 
Ашуланба, Абылай! 
Көтерермін, көмермін, 
Көтеріп қазыға салармын. 
Өкпеңменен қабынба, 
Өтіңменен жарылма, 
Орыспенен соғысып, 
Басыңа моншақ көтерген 
Жұртыңа жаулық сағынба! –  
деп, Абылай ханның тасыған көңілін басарлықтай батыл қарсылық білдіреді. 
Соғыссаң кетер сәніңіз... 
Жаулық жолын сүймеңіз, – 
деп жөнсіз соғыспауға көрші елмен достық қатынаста болуды үндейді. 
Жоңғарлар шабуылынан зәразап болған жұрт тілегі бейбіт өмір, оған қарсы 
іс қылсаң, халық сыйынан айырыласың, деп ақыл беріп: 
Ханның жақсы болмағы – 
Қарашының елдігі. 
Қараша халық сыйласа, 
Алтыннан болар белдігі –  
деп хан мен халықтың бір тілекте болуын насихаттайды. 
Елдің  берекелі  бірлікшіл  болуы  бастаушыға  байланысты  деп  түсінген 
жырау: 
Би жігітке жарасар 
Халқына тиген пайдасы, – 
деп, еліне пайдасы тиер, ел қамын ойлар, жалпы халыққа зияны тимес әділетті 
басшы болуды уағыздайды. 


91 
 
Халық пен хан арасына дәнекер болған жырау «басшысыз халық азады, 
халықсыз  хан  тозады»  дегенді  мықтап  ескерген.  Ханға  да,  халыққа  да  осы 
пікірін айтып, толғап өткен. 
Ел  еркіндігін,  елдігін  сақтап  қалып,  орыс,  қытай  патшаларына 
отарланбауын арман еткен жырау өзге жұртқа бодан болудың қасіретін «көріп 
келгендей» мөлдіретіп көрегендікпен: 
Жатқа тізгін бермеңіз, 
Жаламенен бас кетер – 
деп жырлаған. 
Болжамшыл қарияның елінің тағдырына терең көз жіберген толғауларында 
көрегендік байлам жасап: 
Жемірлерге жем беріп, 
Ел қамын жеген жақсыны, 
Сөйлетпей ұрар ұртына. 
Бауыздамай ішер қаныңды, 
Өлтірмей алар жаныңды, 
Қағазға жазар малыңды, 
Есепке алар барыңды 
Еліңді алар қолыңнан, –  
дегендері, соңғы ІІ-ІІІ ғасырда шындығында бастан кешуі, таңқаларлық жай.  
Демек,  Бұқар  жырау  –  халықтың  әулие  данышпаны,  ақылшы  көсемі, 
көреген, болашақты болжаушы, дуагөй бітімші, салдарлы сыншы, әулие көсемі, 
дәуір дүлдүлі, ұлы жырау. 
Қазақ  халқының  тарихында  шоқтығы  биік,  өмірінің  соңына дейін терең 
достықта, татулықта болған, халық деп соққан үлкен жүректі осы екі ұлы тұлға 
Бұқар жырау мен Абылай ханның өмірі мен өнерниеті ұрпақтарына үлгі. 
Абылай  хан  өз  кезінде  қытаймен  де,  қалмақпен  де,  орыспен  де  әртүрлі 
дипломатиялық қарым-қатынаста болған. 
Орыс энциклопедиясының бірінші томында: «Ресейге де, Қытайға да бодан 
болудың өзгеше түрін шебер пайдаланған хан Абылай мұнда да өзін тәуелсіз 
ұстап, өз елінің батасын алды»
66
 – деп жазылған.  
Ал  Абылай  ханның  көрші  елдермен  дипломатиялық  қарым-қатынаста 
болуына Бұқар жыраудың ықпалы болғаны анық. Арқалы жырау, қабырғалы би 
Бұқар жырау өз тұсындағы Абылай ханның бас идеологы болған. 
Бізге  жеткен  1300  жол  шамасындағы  Бұқар  жырау  өлеңдері  –  ылғи 
толғаулар. Толғау – заманындағы әлеуметтік ірі мәселелерді қамти алатын үгіт, 
тәрбие  тағылымына  құрылған  өлеңдер.  Жырау  толғаулары  үлкен  көптеген 
ғибрат,  үлгі-өнегеге  құрылған  тақырыптарды  қамтиды.  Ал  біраз  өлеңдері 
бірлік,  елдік,  этика,  мораль  жалпы  адамгершілік  мәселелерін  қамтыған.  Ал 
кейбір толғауларында өз көңіл-күйі, ой-сезімдері кеңінен сипатталған. Көрнекті 
ғалым  М.Мағауин:  «Бұқар  қазақ  өлеңін  тақырыптық  жағынан  байытты»
67 
– 
деген.  
Дүлдүл  жырау  адамзат  еңбегін  желпіне  жырлап, бұқараның көңіл-күйін 
білдіріп отырды. 


92 
 
Оның  шығармаларынан  жыраудың  өзі  өмір  сүрген  қилы  заман  келбеті 
айқын  танылады.  Хан-сұлтандардың,  ірі  феодалдардың  әр  жүзде,  тіпті 
жекелеген  руларда  өз  билігін  жүргізбек  болған,  ұлттық  мүддеге  қайшы, 
баққұмар  саясаты,  руаралық  тартыстың  күшеюі,  заманның  өзгеруіне 
байланысты  адамдардың  санасындағы  құбылыстар  –  міне,  осының  бәрі  де 
белгілі мөлшерде жырау өнернамасынан көрініс тапты. 
Жаманмен жолдас болсаңыз 
Көрінгенге күлкі етер, 
Жақсымен жолдас болсаңыз 
Айрылмасқа серт етер. 
Сыпайы сырын білдірмес, 
Ақырын ғана бүлк етер 
десе, 
Жақсы болсаң, толарсың, 
Жаман болсаң, маужырап барып соларсың 
немесе,  
Тар пейілді кеңімес, 
Кең пейілді кемімес. 
Бұқар  жырау  адамның  рухани  байлығын  жоғары  бағалап,  адамның                 
ақыл-ойына  дүниедегі  байлық  та,  билік  те  тең  келе  алмайды  дейді.  Оған 
жыраудың: 
Өлмегенде не өлмейді? 
Жақсының аты өлмейді, 
Әлемнің хаты өлмейді, – 
деуі дәлел.  
Адамның  ұлылығы  әлеуметтік  жағдайында  емес,  адамгершілік 
құндылықтары мен рухани байлығында, құлықтылық сапасында дейді. 
Құрсағы құшақ байлардан 
Дәулет таймас демеңіз, 
Жарлыны жарлы демеңіз, 
Жарлы байға тең келіп, 
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз... 
Қу таяқты кедейге 
Дәулет бітпес демеңіз –  
деп, 
өмірдің 
өтпелілігін, 
бүгін 
шалқып 
отырғандардың 
күні                           
ертең-ақ  суы тартылған құдықтай құрғап қалатынын болашақты болжайтын 
әулие  жырау  төңірегіндегілерге  ой  тастай  толғайды.  Бұқар  жыраудың 
жақсылық  пен  жамандық,  барлық  пен  жоқтық,  ащы  мен  тұщы,  аштық  пен 
тоқтық туралы терең мағыналы толғаулары жетерлік. 
Бұқар  жыраудың  атақты  өлеңдерінде  адамға  сенім,  адамзаттың 
имандылығы жөніндегі ойлары кеңінен қамтылған. 
Тәңірім сөзі бұрқанды айт 
Тәңірім салса аузыңа, 
Жан жолдасың иманды айт... 


93 
 
немесе, 
Құдайыңа құл болсаң, 
 
Шын жаратқан ұл болсаң, 
Құдай тағалам өзі берер несіпті –  
деген жолдармен 
Бірінші тілек тілеңіз, 
Бір Аллаға жазбасқа. 
Пиғылы жаман залымның, 
Тіліне еріп азбасқа –  
деп,  құдай  қаламайтын  іске  аяқ  баспа,  дінді берік ұстанған адамға Алланың 
рахматы  көп  деп,  діннің  қажет  екендігін  ұлы  жырау  қадап  айтқан.  Діннен 
безгенді тәңірі қолдамайды, имандылықтың негізі – дінде дегенді айтады. 
Адам өмірінің кезең-кезеңдері туралы «Жиырма деген жасыңыз», «Атам 
болған жиырма бес», «Ей, Абылай, Абылай» т.б. өлеңдерінде адам өмірінің әр 
кезеңі суреттелген. 
Жастық  пен  кәрілікті  қарама-қарсы  қойып  суреттеу  арқылы  жырау 
жастықтың артықшылығын ұтымды көрсеткен. Жастарға «Уақытыңды құр бос 
өткізбе, ол кейін іздесең де табылмас», – деп өсиет айтады.  
Халық  «Өнер  алды  –  қызыл  тіл»  десе,  Бұқар  жырау  –  сөз  өнерінің 
қиындығын, құрметтілігін, даналығын әбден ұғынған адам. Ол: 
Ел бастау қиын емес, 
Қонатын жерден көл табылады. 
Қол бастау қиын емес, 
Шабатын жерден ел табылады. 
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ, – 
дейді. 
Жалпы  түз  тұрғындарының  ұлттық  дүниетанымы,  ұлттық  адами 
құндылықтары жырау толғауларында сипатталған. Олардың сол дәуірлердегі 
кісілікке,  парасаттылыққа,  елдікке  бастар  алтын  тұғыр  –  салмақты  сөздері 
бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде нағыз тәрбие құралы болары анық. 
Жыраулар мұраларындағы Отаншылдық, елжандылық сарын қазіргі таңда 
ел  тұлғасы  –  азаматтың  биік  бейнесін  жетілдіруде  үлкен  өзіндік  рөлі  бар 
екендігі шүбәсіз. Халқымыздың рухани дамуында Бұқар жырау толғауларының 
алар  орны  ерекше.  Көрнекті  тұлға  Ә.Марғұлан:  «Бұқар  жырауды  Абылай 
ханның  белгілі  жыршысы,  кейінгі  қазақ  ақындарының  бірден-бір көшбасшы 
ұстазы»
68
 деп бағалайды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет