Ұлы дала халқының дүниетанымы мен жаңа тарихы сананы қалыптастыру саясаты
Орындаған:Низатилзаманов Р
Қабылдаған:Смагулов Н
Тарих факультеті. Археология, этнология және отан тарихы кафедрасы
Жоспары: *Отан тарихын зерттеу *Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасы *ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев еңбектеріндегі тарих сұрақтары
Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жаңа тарихи таным қалыптастыру үшін тарих ғылымының теориялық-методологиялық мәселелерін қайта қарау қажеттілігі туындады. Сондықтан 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасы» дайындалып, онда өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау қажеттігі баса айтылды. Тарихшы ғалымдардың алдында тарихты жазуда, зерттеуде өзекті мәселелерге жаңа көзқарастар тұрғысынан қарап, дербес, тың ой-пікірлер мен тұжырымдар жасау міндеті тұрды. Бірақ тәуелсіз, жаңа тұжырымдар жасау оңайға түскен жоқ.
Ғасырға жуық билік құрған Кеңес Одағының құрамында болған халықтардың барлығының тарихы бірыңғай саяси бағытта жазылғаны белгілі. Бұл, әрине, алып империяға қол астындағы халықты уысында ұстап отыру үшін, орыстандыру саясатын жүргізу үшін керек болды. Ал, осы саясатты жүргізу тарихшылар арқылы жүзеге асырылды. Сондықтан да, ХХ ғасырда тарих ғылымына жоғарыдан қысым жасалып, тарих тапсырыспен жазылды, қатаң бақылауда ұсталды.
Тарихты бұрынғы бағытпен (маркстік-лениндік методология бойынша) жазу –тарих ғылымының шеңберін тарылтып, тарихшы ғалымдарға тарихи шындыққа жетуде қиындықтар туғызуда. Сондықтан да тарих ғылымын зерттеуде оның методологиясын өзгертуді заманның өзі талап етіп отыр.
Тарихтың зерттеу нысанын өзгерту мақсатында кейінгі кезде қолға алынып жатқан тарихты саясаттан тыс, халықтың күнделікті өмірі тұрғысынан алып зерттеу, яғни XX ғасырдың орта тұсына дейін кең өріс алған макродеңгейдегі тарихтан соңғы мезгілде біршама екпін ала бастаған микродеңгейдегі тарихқа бет бұру – тарихты зерттеудегі қордаланып қалған мәселелердің түйінін шешіп, шынайы ақиқатқа жеткізетін бірден-бір жол болмақ деп ойлаймын.
XX ғасырдың алғашқы жартысына дейін қоғамдық жағдай макро деңгейдегі тарихтың (мемлекет, ұлт, таптар тарихы) басымдылық алуына негіз болды. Тарихи ой осы бағыттағы және осы мазмұндағы тақырыптарды игеруге басымдылық берді. Бұл зерттеу әдісі мен бағытының әлсіз жақтары да болғандығын тарихшылар бүгінгі уақытта мойындап отыр.
Тарихи зерттеулердің бұл әлсіз тұстары жеке адамның, әсіресе қоғамдағы «кішкентай» адамдардың (яғни, қарапайым адамдардың) күнделікті өміріне, оның өміріндегі өзгерістерге жете көңіл аударылмай қалуына байланысты еді. Әлемдік тарихнамада «антропологиялық төңкеріс» (Антропология, тарихи антропология (грек сөзі - (anthropos-адам) - адамның табиғаты туралы ілім, тарихнамада зерттеу объектінің өзегі ретінде адамның күнделікті өмірін, ондағы материалдық және мінез-құлықтық, әдет-ғұрыптық ерекшеліктер мен өзгерістерді зерттеу нысанына айналдырған бағыт) атанған бұл бағыттың ерекшелігі тарихи зерттеулердегі акцентті глобальды құрылымдардан күнделікті өмір тіршілігіне аударуында еді. Яғни, бұл адам феноменіне, оның тарихи процестегі орнына жаңа баға беру әрекетінің көрінісі болатын. Басқаша айтқанда, ендігі уақытта тарихнама қарапайым адамдардың күнделікті өмір тіршілігіне бет бұруға тиіс еді. Ал осы қарапайым адамның өткен өмірін танып білуде сол адамның өз аузымен баяндаған куәлігінің орны ерекше бағыт екендігі айқын. Яғни, Күнделікті өмір тарихын зерттеу – ауызша тарих айту арқылы жүзеге асырылады. Күнделікті тарих пен ауызша тарих - бұл әлеуметтік тарихтың өзара байланысты таным құралдары, өмірді, соның ішінде қарапайым қоғам мүшесінің, шағын әлеуметтік топтар мен құрылымдардың күнделікті тіршілігін танып білуге бастайтын жол.