Ұлтаралық Тіл — көп этникалық мемлекеттерде халықтардың өзара қарым-қатынастарын қамтамасыз ететін сөйлеу құралы. Ұлтаралық Тілді сол мемлекетте өмір сүретін азаматтардың басым бөлігі білуі керек. Ұлтаралық Тілдің мемлекеттік тіл ретіндегі статусы болуы міндетті емес. Елдегі басым тіл болғандықтан шаруашылықты ұйымдастыру, қаржы жүйесі, ақпарат, баспасөз, билік ин-ттары негізінен Ұлтаралық Тілде қызмет атқарады. Мыс., қазіргі ТМД елдерінде орыс тілі ұлтаралық қатынастар тілі ретінде қызмет атқаруда. Әсіресе, Ұлтаралық Тіл ретінде орыс тілінің рөлі Қазақстанда, Беларусьте, Украинада өте пәрменді. Қазақстанда орыс тілінің Ұлтаралық Тіл ретіндегі статусы конституциялық құқықпен бекітілген. Қолдану аяларының ауқымы жағынан ұлтаралық қатынас тілі — орыс тілінің мемл. қазақ тілінен басымдылығы анық. Сол себепті Қазақстанда ұлтаралық қатынас тілін сақтай отырып, мемл. тілді соның дәрежесіне көтеру міндеті тұр. Қолдану аялары көбейе түскен қазақ тілінің де келешекте елдегі Ұлтаралық Тіл дәрежесіне көтерілетін қуаты да, тілдік қоры да жеткілікті.
ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» деген болатын. Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен «Достық» үйінде мемлекеттік тілді ілгерілету мақсатында өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум соның бір көрінісіндей болды.Тіл қоғамды біріктіруші рөлге ие. «Қазақ тілі мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты! Мемлекеттік тіл енді ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс!» – деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі осыны айғақтай түседі. Сол себепті елдік мәселеге келгенде тілдің мәртебесі қашанда алда тұруы тиіс. Сонда ортақ мақсат, ортақ тілек барша халықты ұйыстыра түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп атап көрсетуі де сондықтан.
Қазақтың «Көңілашар» күйімен басталған форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тіл туралы айтқан келелі ойлары бейнеролик арқылы көрсетілді. Форум жұмысы «Қазақ тілін қалай үйрендім?» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінің төл тілімізді қалай үйренгені туралы естеліктерімен жалғасты. Жуалы ауданы, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедова, өзбек этномәдени бірлестігінің және Аналар кеңесінің мүшесі Лобара Гаюпова қазақ тілін қалай үйренгендерін тәжірибе арқылы бөлісіп, қазақ еліне деген ризашылықтарын жеткізді. М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мұхаббат Тұрдиева Отанымыздың дамуы жолындағы талай маңызды сәттерге куә болғанын, республикалық талай форумдарда қазақ тілінде сөз сөйлеп, халықтар бірлігін ту еткенін сөз етті.
Ассамблея жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасы және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділерінің мемлекетшіл рухы жоғары екені көңіл қуантады. Форумда олар мемлекеттік тілге деген құрметтерін білдіріп ағынан жарылды. Мәселен, ұйғыр қызы Ругайя Вердиева мектепте оқып жүргенін кезінде бір мұғалімінің бір аптада қазақ тілін үйреніп алған орыс қызы туралы айтқан мысалынан соң, өзін қамшылап, қазақша үйренген екен. Ал әзірбайжан өкілі Русалина Пряхина мен орыс ұлтының өкілі Артур Лигостаев, түрік ұлтының өкілі Фируза Ибрагимова қазақ тілін үйрететін курстарға жиі барыпты. Олардың көпке үлгі боларлық бастамалары құптарлық іс. Соның арқасында қазір Фируза Ассамблея хатшылығының жанындағы таза қазақ тілді «Мәміле» клубын басқарып отыр. Мұндайға қалай риза болмассың.
Форумда «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Нұралиева қазақ тілін жақсы көретінін, ең сүйікті әні Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» екенін айтып жұртты толқытты. Ал түрік ұлтының өкілі Фатима Хусейноглы қазақша ән шырқап бергенде көпшілік ризашылықпен қол соқты. Осы іс-шараны орыс ұлтының өкілдері: облыстық «77» телеарнасының жүргізуші – редакторы Виктория Трегубова (біз қазақша сөйлейтін осы Виктория жайлы «Аq jol» газетінде кеңінен жазғанбыз) мен Байзақ ауданы, Ғ.Мұратбаев орта мектебінің мұғалімі Евгений Кравчуктың мемлекеттік тілде жүргізгені іс-шараның салмағын арттыра түскендей. Тіпті, Виктория алыс әрі қазақы аудан Мойынқұмда жүріп төл тілімізді үйреніп алғанын үлгі ретінде айтса, Евгений: «Мен неге мемлекеттік тілді үйренбейін. Қазақ тілі қанымда бар. Нағашыларым – қазақ» деп көпшілікті бір күлдіріп, көңілдендіріп алды.
Жиында «Барбанг» күрділер этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабри Асанов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ, ақын Үміт Битенова ұлттар татулығы, мемлекеттік тілдің құндылығы жайлы толғанды. Әсіресе М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті Темірбай Мұқашев кеңестік кезеңде де қазақстандық бірнеше өзге ұлт өкілінен шыққан жазушылар қазақ тілін жетік білгенін, сол тілде шығарма жазғанын тебірене айтып, «Менің ана тілімді үйренгендерің үшін сіздерге басымды иемін», – деді. Былтырғы жылы өткен «Мың бала» жобасының жеңімпазы, өзбек ұлтының өкілі, Тараздағы №24 гимназия оқушысы Индира Тұрабекова және бірнеше өзге мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқып, елдің ықыласына бөленді.
Форум соңында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Юрий Минаков, «Днипро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» этнобірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Вынхуа» дүнген мәдени орталығының өкілі Руслан Исмазов, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық эстафетасы челленджін Шымкент қаласындағы белсенділерге жолдады. Бұдан соң форумға жиналғандар неміс қызы Анна Вундер шырқаған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әніне (сөзі Қадыр Мырзалиевтікі) қатысушылар тегіс қосылып, патриоттық әнді бірге шырқады. Ұлты бөлек болса да, Отаны Қазақстанды сүйе білген жандарды осы бір жүрек толқытатын ғажайып ән бір шаңырақ астына біріктіріп, ниет, тілектерін бір арнаға тоғыстырғандай.