COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ МЕДИЦИНА МЕН
САНАНЫҢ КОММЕРЦИЯЛАНУЫНЫҢ ҚАРҒЫСЫ
ІСПЕТТІ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҚ-ТА САНАНЫҢ
КОММЕРЦИЯЛАНУЫ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК
ФУНКЦИЯЛАРДЫҢ «КОММЕРЦИЯЛАНУЫН»
СЫНАЙТЫН КӨРНЕКІ ДИСКУРС БАР МА?
Ғалым Жүсіпбек
Кіріспе
Сана, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесі, медициналық қызмет пен
фармацевтика секторы коммерцияланған, тіпті тауарға айналған
бүгінгі кезең спекулятив нарық фундаментализмі деп те аталатын
саяси экономияның теориялық ұстанымдарының бірі – неолиберал
капитализмнің негатив ықпалдарымен байланыстырылады. Нақтырақ
айтсақ, неолиберал капитализмнің кемшіліктері COVID-19 пандемиясына
қатысты пысықталуға тиіс. COVID-19 пандемиясының жеке және
қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне әсерін адам құқықтары түсінігі
тұрғысынан, әсіресе адам құқықтарының жалпыға бірдейлігі идеясы мен
адамның негізгі құқығы болып саналатын денсаулығын сақтау құқығы
тұрғысынан қарастыру қажеттігі туып отыр.
Неолиберал капиталистік идеология табыс көлемін максимумға
жеткізу, экономикалық және қаржылай жетістікті әспеттеу мен адам өмірін,
мысалы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын коммодификациялау
(тауарға айналдыру) сияқты идеялардан туған. Алайда неолиберал
капитализмнің ХХІ ғасырдағы COVID-19 пандемиясының жеке және
қоғамдық денсаулық сақтау саласына әсерін, жұмыспен қамту, әлеуметтік
және экономикалық құқықтарды қорғау сияқты мәселелерді реттей
алмайтыны белгілі болды. COVID-19 баршаға қолжетімді, баршаның
қалтасы көтеретін денсаулық сақтау саласы (жалпы алғанда, адамның
денсаулығын сақтауға қатысты негізгі құқығы), әлеуметтік қорғау
бағдарламалары және Қазақстандағы инфраструктуралық мемлекеттік
билік туралы дискуссияның қажет екенін көрсетті.
Карантин кезінде тауар нарығындағы (мысалы, у сарымсақ, зімбір,
адыраспан бағасы аспандап кетті) өрескел спекуляция, әсіресе COVID-19
вирусының таралуы жаһандық апат деңгейіне жеткен 2020 жылғы
маусым-шілдедегі дәрі-дәрмек нарығындағы спекуляция бұқараны
есеңгіретіп тастады. Cонымен қатар неолиберализмге бағдарланған және
коммерциализацияланған, соған сай реформалар жасалған, тұралап
қалған Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің мұндай айрықша
жағдайды реттеуге қауқарсыздығы, соңғы үлгідегі емдеу құралдарымен
мүлде жабдықталмағаны мәлім болды. Оған қоса, денсаулық сақтау
111
жөніндегі адамның қарапайым құқығына, екінші жағынан, [мемлекет
қамтамасыз етуге тиіс] қаржыландыру, дәрі-дәрмек пен басқа да
қолдаудың жоқтығынан дәрігерлер мен өзге медицина қызметкерлерінің
негізгі құқықтарына да зор қауіп төнді. Сондай-ақ халықтың басым
көпшілігі (дәрігерлер, өзге де медицина қызметкерлері) пандемия
кезінде кірісі азайып немесе мүлде табыссыз қалып, керек дәрі-дәрмек
пен дәрігерлік көмекке қол жеткізе алмай жатқанда, кейбір мемлекеттік
және квазимемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау саласындағы
біршама танымал шенеуніктердің қомақты табыс тапқаны тым өрескел,
шектен шыққан жайт.
Осының бәрі Қазақстанда сананың, денсаулық сақтау жүйесінің
коммерциялануы, тіпті коммодификациясы үдерісінің болып өткенін
көрсетіп отыр. Бұл мәселелер, бір жағынан, адам құқықтарына (ең
маңыздысы, адамның денсаулығын сақтаудың негізгі құқығына), екінші
жағынан, қоғам этикасына, мәдени нормалары мен құндылықтарына
байланысты.
Осы зерттеу жұмысында мынадай сұрақтарға жауап беруге тырысамыз:
Қазақстандағы медиада пандемия кезінде қоғамдық денсаулық
сақтау саласындағы ахуалдың әшкере болғаны сияқты, денсаулық
сақтау жүйесінің коммерциялануы мен мемлекеттік функциялардың
коммерциялануы нақты талқыланып, дәйекті жазыла ма, жазылса,
қандай деңгейде талқыланады?
Қазақстанда неолиберал капитализмнің сыни бағамы неліктен әлі
күнге дейін әлсіз?
Бұл мақала пәнаралық және концептілік норматив зерттеу ретінде
құрылған. Сондықтан COVID-19 пандемиясы кезінде қазақстандық
БАҚ-та жарияланған материалдардағы дискурсты талдауда саясаттану,
саяси экономия (неолиберал капитализм дискуссиясы туралы), адам
құқықтары философиясы және заң концепцияларын басшылыққа алды.
Негізінен, заманауи адам құқықтары дискурсын (нақты айтқанда, адам
құқықтарының табиғи немесе моральдық концепциясын) тірек еткен бұл
мақаланы универсал/ортақ құндылықтарға негізделген және жалпылама
түрде норматив зерттеу деуге болады.
Дискурс талдау – зерттеудің басты әдісі. Коммерциялану, денсаулық
сақтау жүйесінің жекешеленуі, неолиберал капитализм сияқты
ұғымдар, жалпы алғанда, қазақстандық БАҚ-та сирек немесе өте тар
ұғымда қолданылады. Сондықтан зерттеу сұрақтарына жауап беру
үшін қазақстандық БАҚ-қа сандық контент талдау сияқты сандық
зерттеу жүргізу әдісі ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін. Сол себептен
қазақстандық БАҚ-та жарияланған материалдардың сөзбе-сөз мәтінімен
шектеліп қалмай, оның астарындағы мағынаны талдау үшін дискурс
талдау жасадық. Сонымен қатар, зерттеу әдістері тұрғысынан алғанда,
бұл практикалық зерттеу, яғни зерттеушінің өз тәжірибесіне негізделген,
сондай-ақ зерттеу сұрақтарына жауап беру үшін қатысушының бақылау
әдісі де қолданылды.
Мақаланың құрылымы төмендегідей. Алғашқы теориялық бөлімде
осы зерттеу тірек еткен концепциялар беріледі: заманауи адам құқықтары
түсінігі, денсаулық сақтау құқығы, неолиберал капитализмнің негізгі
идеялары мен кемшіліктері және оның денсаулық сақтау құқығына
112
қатысты тудыратын қиындықтары. Кейін пандемия кезіндегі қазақстандық
БАҚ материалдары талданады. Бұл бөлімде денсаулық сақтау жүйесінің
коммерциялануы мен мемлекеттік функциялардың коммерциялануын
сынайтын әртүрлі дискурстар талданды. Үшіншіден, неолиберализмге
қатысты адам құқықтары тұрғысынан сын қалыптастыру керек деген
идея бойынша ұсыныстар жасалды. Ең соңында, қорытынды талдау мен
ұсыныстар берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |