Махамбет:
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім,
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Ерегіскен дұшпанға,
Қызыл сырлы жебе едім.
Академик З.Қабдолов: «Лириканы тақырыбына қарай топтап талдау оны жазған ақынның шығармашылық бітімін пайымдау үшін айырықша мәні бар нәрсе: оның әр түрінен ақынның бір қырын тануға болады»,-деген.
Лирикалық кейіпкер автор болмысынан терең. Лирикалық шығармада автордың сезімі, қуанышы мен реніші, ойы мен шаттануы, сүйіспеншілігі мен торығуы, тебіренісі мен толқынысы жырланады. Лирикадағы әр түрлі эмоционалды көңіл-күйді танытатын тұлғаны лирикалық кейіпкер дейміз. Бұл әрі қарай «лирикалық мен», «лирикалық субъект» деген терминдермен де алмасып отырады. Лирикалық кейіпкер эпикалық шығармадағы баяншы, әңгімешілерден бөлек. Олай болатын себебі, баяндаушының ішкі әлемі, күйі туралы біле бермейміз. Лирикалық кейіпкер дүниетаным, рухани-өмірбаяндық, сезім толғанысы, тілдік мәнер жағынан ақынмен ажырағысыз бірлікте болады. Сондықтан да лирикада авторлық психологиялық ахуал басым болады. Лирикалық көңіл-күй ақынның басынан өткерген немесе соған ұқсас басқа субъектінің көңіл-күйімен астасып жатады. Лирикалық қаһарман ақынның өмірге деген көзқарасының бір сипатын танытады. Лирикалық қаһарман мен автор арақатынасын межелеген кезде сол қаһарманға деген заман, уақыт әсерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Міне, осы жағдаяттардың жиынтығы ақынның болмысын, ішкі дүниесін ашуға жәрдемдеседі. Сондықтан лирикалық туындының эмоционалдық сипаты терең. Лириканы оқу арқылы автордың немесе лирикалық кейіпкердің басынан өткен күйді танып, түйсіне аламыз. Яғни, ақынның сезімі оқырманның да сезінген, басынан кешкен күйге айналады.
Лирикалық шығармалар ақынның қоршаған орта, қоғамдық шындық туралы толғаныс-сезімдерін, оны танып-бағалауын, жалпы көңіл-күйді таныту тәсілдеріне қарай бірнеше жанрларға бөлінеді: ән-өлең, арнау, толғау, романс, элегия, сонет, гимн, сатиралық лирика. Шығыс поэзиясында ғазал, қасыда, рубаи, бәйіт.
Ән-өлең сөздері әнмен айтуға арналған лирикалық туынды. Әуелде халық әдебиетінде (шілдехана, бесік жыры, той бастар, сыңсу, қоштасу, естірту, жоқтау), кейін жазба әдебиетінде орын алған (Біржан, Ақан, Мәди, Естай, Қорлан әндері).
Біржан сал:
Ләйлім шырақ дегенге, Ләйлім шырақ,
Таудан аққан құм қайрақ, сен бір бұлақ.
Қайыс болсын, жіп болсын өзіме бер,
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.
Толғау қазақ, қарақалпақ, ноғай елдерінде де бар (Б.Әбілқасымов). Ол кең тараған қоғамдық-саяси лирикалық түр. Толғау «толғаныс», «толғану» дегенді білдіреді. Бұл сөздің ойға, сезімге қатысты екендігін аңғартады. Сондықтан толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған толғау деуге болады.
Ой толғауларда жырау заман, қоғам жайлы, мораль, этика мәселелері туралы толғап, сөздерін ақыл, афоризмге құрады. Сыр толғауларда толғаныс, сезім, эмоция алдыңғы орында болады. Мұнда жыраудың «мені» де кездеседі. (Қазтуған «Алаң да алаң, алаң жұрт»).
Достарыңызбен бөлісу: |