Үй шаруашылықтарының табыстары – өндіріс үдерісінде жасалатын және шаруашылық мүшелерінің материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған ұлттық табыстың бір бөлігі. Бұл табыстар адамдардың өндіріс үдерісіндегі еңбек шығындарын өтеуі тиіс. Алайда қазіргі қоғамда ұлттық табыстың біркелкі бөлінбеуінен үй шаруашылықтарының жекелеген санаттарында ресурстар қажетті деңгейде тіршілікті қолдап отыруға жетіспейді. Сондықтан мемлекет бюджет пен бюджеттен тыс қорлар есебінен үй шаруашылықтарының қаражаттарын толықтырып отырады.
Үй шаруашылықтарының жалпы табыстарында*20 ақшалай қаражаттардың көлемі болып табылатын ақшалай табыстар басым болады, олармен үй шаруашылығы өзінің шығыстарын қамтамасыз етеді. Ақшалай табыстар мына көздердің есебінен қалыптасады:
1) жалдағанда еңбектік келісімдерді орындау кезінде алынған үй шаруашылықтары мүшелерінің еңбекақысы, сондай-ақ сыйлықтар, жалақыға тұрақты үстемелер, әлеуметтік-мәдени мақсаттарға жұмыс берушілердің төлемақылары: жәрдемақылар, көлік қызметтерінің, жолдамалардың ақысы және с.с.
2) пайда, дивидендтер, бағалы қағаздар мен салымдар бойынша пайыздар нысанындағы кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар, жалдау ақысы және басқалары;
3) мемлекеттік әлеуметтік төлемақылар (трансферттер): зейнетақылар, жәрдемақылар және бюджеттен және бюджеттен тыс әлеуметтік қорлардан төленетін басқа төлемдер;
4) басқадай түсімдер (сақтық өтемдері, мүлікті сатудан түсетін табыстар және басқалары).
Бұл үш көздің арасындағы ара салмақ ала бөтен өзгеріп отырды: мемлекеттік меншігі бар әкімшіл-әміршіл жүйе жағдайларында үй шаруашылықтарының негізгі табыстары жалақы мен бюджеттен төленетін төлемақылар болды. Рыноктық қатынастардың дамуына қарай екінші көздің рөлі арта бастады. Алайда бүгінде де еңбекке ақы төлеу басты табыс болып қалуда. Нақтылы отбасы көзінің жекелеген түрінің маңызы оның әлеуметтік құрамымен айқындалады. Мәселен, еңбекке ақы төлеу ақшалай табысының 100%-ы дерлігін құрайтын үй шаруашылықтары бар, мысалы балалары жоқ жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар. Ақшалай табысы тек мемлекеттік әлеуметтік трансферттер есебінен құралатын үй шаруашылықтары бар. Мысалы, жас немерелерін тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты зейнеткерлер. Үй шаруашылықтары табыстарының құрылымына тұрғылықты жері – қалада немесе ауылдық жерде тұруы әсер етеді.
Қазақстанда еңбек қызметінен алынатын ақшалай табыстар жалпы ақшалай табыстарда 2005 жылы 76,9%, 2009 жылы 80,4%-ды құрады: еңбек қызметінен алынған табыстар көлемінде жалдамалы еңбектен алынған табыс 2009 жылы 70,9%-ды, өзін-өзі жұмыспен қамтылудан және кәсіпкерлік қызметтен – 9,5 %-ды, әлеуметтік трансферттер 15,5 %-ды, өзге табыстар 3,4 %-ды құрайды.
Бұдан басқа, үй шаруашылықтарының ақшалай табыстары натуралдық түсімдердің есебінен толығады (мысалы, қосалқы шаруашылықтарда өндірілген өнімдерден немесе өзінің тұтынуы үшін орындалған қызметтерден, сонымен бірге жұмыс берушілерден немесе мемлекеттен көтермелеулер түрінде алынған тауарлар-материалдық құндылықтардан).
Үй шаруашылықтарының ақшалай табыстары деп үй шаруашылықтары мүшелерінің жалақысы, жеке-дара еңбек пен кәсіпкерлік қызметінен алынған табыс, зейнетақылар, стипендиялар, жәрдемақылар, өтемдік және басқа төлеулер (ізгіліктік көмекті қоса) пайыздар, дивидендтер, рента және меншіктен алған басқа табыстары, жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін сатудан алған қаражаттар және өзге ақшалай түсімдер түрінде алған ақшалай қаражаттардың сомасын айтады.
Жалдамалы жұмыспен қамтудан түсетін табыс – жалақы; көтермелеу ақысының барлық түрлері, жалақыға үстемелер; қаламақылар; сыйлықақылар; пайдадан төленетін, сырқаттық парақтар бойынша, демалыстық жәрдемақылар төлемдері; жұмыс берушіден ақшалай және натуралдық нысандарда медициналық шығыстар үшін алынатын өтемақылар.
Өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс – кәсіпкерлік қызметтен ақшалай және натуралдық нысандарда түсетін табыстар.
Әлеуметтік трансферттер – зейнетақылар, стипендиялар, жәрдемақылар, өтемдік төлемдер, қосымша жеңілдіктер, қайырымдылық көмек.
Меншіктен түсетін табыс – акциялар мен басқа бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен ұтыстар; салымдар бойынша, борыш түрінде берілген сомаларды пайдаланғаны үшін пайыздар; салымдар бойынша ұтыстар; тұрғын үйлерді, көлік құралдарын, техниканы, жер учаскелерін жалға беруден түсетін табыстар.
Сатудан түсетін табыс – жылжымайтын мүлікті, әр алуан бұйымдар мен тауарларды сатудан; қосалқы шаруашылықтан алынған тамақ өнімдерін сатудан; басқа жақа көрсетілген әр түрлі қызметтерден түсетін табыс.
Табыстың басқадай көздері – алименттер, туған-туыстар мен таныстардан түсетін төлемдер.
Қолдағы ақшалай табыстар – міндетті төлемдер мен жарналарды шегергеннен кейінгі ақшалай табыстар.
Нақтылы ақшалай табыстар – тұтыну бағаларының өзгеруі есепке алынған ақшалай табыстар.
Нақтылы қолдағы ақшалай табыстар – тұтыну бағаларын ескере отырып міндетті төлемдер мен жарналарды шегергеннен кейінгі ақшалай табыстар.
Ақшалай табыстар атаулы (салықтар мен міндетті төлемдерді төлегенге дейін) және қолдағы (көрсетілген төлемдерді жүзеге асырғаннан кейін) табыстар болуы мүмкін. Нақтылы ақшалай табыстар – тұтыну бағаларының өзгерісін қоспағандағы ақшалай табыстар. Ақшалай табыстарды тұтыну бағаларының индексіне бөлу жолымен есептелінеді. Нақтылы қолдағы ақшалай табыстар – тұтыну бағаларының өзгерісін қоспағандағы міндетті төлемдер мен жарналарды шегергеннен кейінгі ақшалай табыстар.
Табыстарды сыныптаудың негізіне түрлі белгілер қойылған:
1. Табыс көзіне қарай олар былай бөлінеді: жалақы және еңбек қызметінің қосымша еңбекақысы; кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстар; бағалы қағаздардан түсетін табыстар;
мүлікті уақытша пайдалануға бергені үшін жалдау ақысы;
сақтық өтемі;
мүлікті өткізуден түсетін табыстар;
мемлекеттің ақшалай қорларына (бюджеттерден, бюджеттен тыс қорлардан) төленетін төлемақылар;
басқадай көздер.
2. Түсімнің бірқалыптылығына қарай табыстар былай ажыратылады:
тұрақты ( еңбекке ақы төлеу, жалдау ақысы және басқалары);
дүркін-дүркін (авторлық қаламақы, бағалы қағаздар бойынша табыстар және басқалары);
кездейсоқ немесе біржолғы сыйлықтар, мүлікті өткізуден түсетін табыстар;
3. Түсімнің сенімділігіне қарай табыстарды былай ажыратады: кепілденілген (мемлекеттік зейнетақылар, мемлекеттік қарыздар бойынша табыстар); шартты-кепілденілген (еңбекке ақы төлеу); кепілденілмеген (қаламақылар, комиссиялық сыйақы).
Қазақстанда тұтынуға пайдаланылған орта есеппен жан басына шаққандағы табыстар бойынша едәуір саралану байқалады. Олардың ең жоғарғы және ең төменгі мәнінің ара қатынасы өңірлер бойынша бір жылғы есеппен 2005 жылы 4,8 есе, 2008 жылы 3,2 есе болды. Сонымен бірге ең төменгі күнкөріс деңгейінің саралануы жеткілікті болғанымен – 1,4 есе – әйтседе едәуір аз. Тұтынуға пайдаланылған табыстардың өсімі 2005 жылы 116,3%-ды, 2008 жылы 120,0 %-ды құрады. Алайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы да 2008 жылы 44,7 %-га өсті, яғни тұтынуға пайдаланылған табыстардың нақтылы өсімі болған жоқ.
Он жылда табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғандардың үлесі 4 еседен астамға кеміді.
2010 жылы халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыстары нақтылы тұлғалауда 6,3%-ға өсті, нақты жалақы (7,5%) мен инфляция (7,8%) іс жүзінде бірдей өсті. 1994 жылдан бері ай сайынғы номиналды еңбекақы көлемі 45 есе өсті. Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты. Алайда ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің жалақысы үнемі төмен болып қалуда – еліміз бойынша орташа жалақының 47%-ын құрайды; қаржы сферасы жұмыскерлерінің жалақысы орташа республикалық деңгейден 2,3 есе, өндіру өнеркәсібін-дегіден 1,7 есе жоғары; айырмашылық гендерлік аспектіде сақталып отыр: ер адамдардың орташа жалақысы әйелдердікіне қарағанда 1,6 есе жоғары. Сондай-ақ өңірлер бойынша да алшақтық айтарлықтай – 1,5 есе болып отыр.
Экономикалық дамудың өзіндік ерекшелігіне байланысты қаланың және ауылдың үй шаруашылықтары табыстарының деңгейі мен құрылымында айырмашылықтар қалыптасты: ауыл халқының ақшалай табыстары қалалыққа қарағанда 1,8 есе төмен, кедейлік ауылдық аудандарда көбірек таралған.
Еңбекпен тапқан табыстар халықтың барлық ақшалай табыстарының төрттен үшін дерлік құрайтынын, ал олардың ішінде үштен екісінен артығы жалдамалы жұмыскерлердің табыстары екенін ескерсек, жұмыссыздық табыстар мөлшерінде елеулі рөл атқаратынын мойындауға тура келеді. Жұмыссыздық деңгейі мен халықтың кедейлігі арасында ең төменгі күнкөріс деңгейі жөнінде корреляция коэффициенті бойынша елеулі байланыс болатынын есеп-қисаптар көрсетіп отыр. Жұмыссыздықты 1 пайыздық тармаққа қысқарту кедейлікті 3 пайыздық тармаққа қысқартуды тудырады.