Ішкі секрециялық бездер және олардың маңызы туралы жалпы түсініктеме



Дата15.10.2023
өлшемі17,8 Kb.
#115386
Байланысты:
5 дәріс


1.5 ЭНДОКРИНДІК ЖҮЙЕ ЖӘНЕ ЖАСТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


Ішкі секрециялық бездер және олардың маңызы туралы жалпы түсініктеме. Организмде бездер көп, барлық бездерді ішкі және сыртқы секрециялық бездер деп екі топқа бөледі. Сыртқы секрециялық бездердің өзектері арқылы олардың өнімдері қуыс мүшелерге құйылады (мысалы, ауыз қуысына сілекей безінің өнімі - сілекей ) немесе дененің сыртына шығады (мысалы, тер безінің өнімі - тер дененің сыртына шығады). Сондықтан оларды сыртқы секрециялық бездер деп атайды. Бұларға сілекей, қарын, май, тер, ішек және қарын асты бездері, бүйрек, бауыр т.б. жатады. Ал і ш к і секрециялық немесе бездердің өнімі тікелей қанға құйылатын ерекше мүшелер жүйесіне жатады. Олардың өз өнімдерін сыртқа шығаратын өзектері болмайды. Олардың өнімі тікелей қан тамырлары арқылы қанға сіңеді де, қанмен бүкіл денеге тарап, мүшелердің қызметіне әсер етеді. Ішкі секрециялық бездер зат алмасу процесіне қатысады, сөйтіп адам организмінің бүкіл тірлігіне өз ықпалын тигізеді.
Ішкі секрециялық бездердің өнімдерін гормон деп атайды. Гормондар жүйке жүйесімен бірге организмнің өсуін, дамуын, организмнің физиологиялық қызметтерін үйлестіруге, зат және энергияның алмасуына, мүшелердің қызметін реттеуге қатысады. Қазіргі кезде 40-тан астам гормондар бары белгілі. Ішкі секрециялық бездерге гипофиз, эпифиз, қалқанша, қалқанша маңы, айырша (тимус), бүйрек үсті, ұйқы (қарын асты) безінің Лангерганс аралшықтары, жартылай жыныс бездері жатады. Ұйқы безі мен жыныс бездері аралас бездерге жатады, себебі олар әрі сыртқы, әрі ішкі секрециялық қызмет атқарады. Баланың эмбриондық дамуы кезінде кейбір ішкі секрециялық бездер қызмет атқара бастайды да жатырдағы баланың дамып, жетілуіне әсер етеді. Бала туғаннан кейін ол бездердің қызметінің басталуы әр безде әртүрлі болады. Түрлі эндокриндік бездердің қызмет дәрежесі баланың өсуі мен дамуы барысында оның жасына, жынысына, ауа райының жағдайына және басқа мүшелері мен мүшелер жүйесінің қызмет қабілетіне байланысты болады.
Ішкі секреция бездерінің қызметін өз тарапында орталық жүйке жүйесі реттеп отырады.
Ішкі секрециялық бездердің гормондары, олардың қызметі.
Ішкі секрециялық бездердің өнімі гормон - өте белсенді химиялық зат. Ол ішкі секрециялық безде түзіліп қанға немесе лимфаға сіңіп, мүшелер мен мүшелер жүйесіне, тіпті бүкіл организмге әсер етеді. Осыған байланысты ішкі секрециялық бездер қан тамырларына бай келеді.
Гормондардың қасиеттері: а) олар өте белсенді, тым азғантай мөлшерде (микрограмм, нанограмм, пикограмм) әсер ете алады; ә) әсері арнайы бағытталған, бір гормон жетіспегенде екінші бездің гормоны немесе басқа бір белсенді химиялық зат оның қызметін атқара алмайды; б) ұлпаларға, мүшелерге өзінің пайда болатын жерінен дистантты, яғни қашық түрып, алыстан әсер етеді.
Химиялық құрамына қарай олар белок, полипептид, липидтер немесе стероидтарға жатады. Гормондар ішкі секрециялық бездерде, ас қорыту жолының мүшелерінде, бүйректе, бауырда да түзіледі. Барлық гормондар денедегі зат алмасуына әсер етеді. Олар алдымен қанға сіңгенімен, тек қана клетканың мембранасымен қабысқанда ғана белсенді болады.
Гормондардың биосинтезі адамның тұқым қуалайтын аппараттарында жобаланған, сондықтан әрбір ішкі секрециялық бездер тек қана нақтылы гормондарды өндіреді.
Адам организміндегі гормондардың ішінде гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті бездері гормондарының маңызы өте зор. Олар өздері жеке жүйе ретінде қарастырылады. Бұл жүйе организмнің біртұтастығын сақтауға қатысатын физиологиялық қызметтердің негізгі, әрі маңызды реттеушісі. Бұл жағдайда мидың гипоталамус бөлігі жоғары дәрежедегі қыртыс асты ішкі секрецияның реттеушісі болып есептеледі. Оның бұл қызметі гипофиз безінің жұмысына дем беруші химиялық өнімдер -нейросекреттерді (грек. нейрон - нерв клеткасы + секрет) өндіру және шығару арқылы орындалады. Гипоталамуста пайда болған нейросекрет гипофизге құйылып, оның басқа бездерге әсерін тудырады. Аралық мида орналасқап гипоталамус барлық ішкі мүшелердің және ішкі секрециялық бездердің қызметін реттейді. Сондықтан ол мидың барлық бөлімдерімен және гипофиз безінің артқы бөлімімен тікелей байланысып жатыр.
Мида көптеген гормондар бар екені табылды. Олар жүйке импульстерін синапстар арқылы өткізуді өзгертеді.
Гормондар ұлпаларға немесе мүшелерге тікелей әсер етіп, олардың қызметін күшейтеді немесе тежейді, я болмаса жүйке жүйесі арқылы жанама әсер етеді. Кейбір гормондар (бүйрек үсті бездерінің стероидты гормондары, қалқанша безінің гормондары) клеткалық мембранадан өтеді де, клетка ішіндегі ферменттер жүйелерімен өрекеттесіп, ондағы зат алмасуына ықпалын тигізеді. Ірі молекулалы пептидтік гормондар клеткалық мембранадан өте алмайды да, клеткадағы зат алмасуына клеткалық мембрананың сыртында орналасатын арнайы рецепторлар арқылы әсер етеді. Мұндай гормондық-рецепторлық тізбектер клеткадағы аденозинмонофосфорлық қышқылды белсендіреді, ал ол, өз кезегінде, клеткалық ферменттерге әсер етіп, ондағы зат пен энергияның алмасуын өзгертеді. Бір сәтте клеткаларға көптеген гормондар әсер етеді, бірақ клеткадағы заттар мен энергияның алмасуына ең нәтижелісінің әсері ғана қабылданады. Олардың қайсысы нәтижелірек екені арнайы заттар — простогландиндердің қатысуымен анықталады. Былайша айтқанда, простогландиндер нақтылы сәтте гормондардың қажетсіздерін тежейтін реттеуші қызметін атқарады.
Гормондардың жанама әсерін тұжырымдай келгенде, ол да клеткадағы зат пен энергияның алмасуына әсер ететіні белгілі болды. Бірақ бұл әсер жүйке жүйесінің қатысуымен орындалады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет