Ұлт ұйыстыратын Ұлы Тұлғалар



Дата14.09.2023
өлшемі24,13 Kb.
#107411


Ұлт ұйыстыратын Ұлы Тұлғалар

Бүгінгі күні даңқы әлемге әйгілі тарихи тұлға, Ұлы даланың ұлы перзенті, 13 ғасырда Мысырда билік құрған сұлтан Бейбарыстың атын естімеген адам елімізде жоқ шығар. Биыл оның туғанына 800-жыл толып отыр. Бұл атаулы дата Қазақстанның мерейтойлар тізіміне еніп, елімізде кеңінен аталуда. Маусымның 3-5 күндері аралығында Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтеді. Сол іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары арнайы бара жатыр.


Осыған орай сұлтан Бейбарыс тарихына, оның билік құрған кезеңіндегі Мысыр мен Жошы ұлысының (Алтын Орданың) тарихи байланыстарына қысқаша тоқталуды жөн санадық.
Ортағасырлық араб деректері бойынша Бейбарыстың ресми толық аты - Малик аз-захир Рукн ад-дин Абу-л Фаттах Бейбарс бин Абдулла ас-Салихи ан-Неджми. Бейбарыс ортағасырлық Мысырды билеген мәмлүктердің төртінші сұлтаны болған. Сұлтанның ресми өмірбаянын жазып қалдырушылардың қатарында екі адамның есімі ерекше аталады. Бейбарыстың өміріне арнап Ибрагим бин Шаддад аль-Халаби «Сира аз-захир Бейбарыс» («Захир Бейбарыстың өмірінің баяны») деген шығарма жазса, Абд аз-Захир Аль-Масри «Ар-рауда аз-захир фи аз-малик аз-Захир» (“Ал-малик аз-Захир Бейбарыстың өмірі баянының көркем бағы”) атты еңбек қалдырған. Сұлтан Бейбарысты өз көздерімен көрген, оның сарайында қызмет еткен, оның тапсырмасымен сұлтанның ресми өмірбаянын жазған осы екі тарихшының мәліметтерін әл-Макризи, ан-Нувейри, әл-Айни сияқты 14 ғасырда өмір сүрген арабтың басқа тарихшылары толықтырады.
Ортағасырлық тарихшылардың еңбектерінде Бейбарыстың туған жылы әр түрлі көрсетіледі, алайда бүгінгі күні ғалымдар түрлі мәліметтерді саралап, ол 1223 жылы дүниеге келген деген пікірге тоқтаған. Тарихи деректерде Бейбарыстың түріктің қыпшақ тайпасынан шыққаны жазылған, алайда оның нақты шыққан руы туралы мәліметтер әр түрлі. Мысалы, Бейбарыстың ресми өмірбаянын жазған Абд аз-Захир Аль-Масри оның “барлы тайпасынан шыққан түрік” екенін көрсетеді. Ал тарихшы әл-Айни “Иқду әл-джуман фи тарих аһл әл-азман” шығармасында Бейбарыстың “ұлты қыпшақ, түркінің барш уғлы тайпасына жатады”, - деп жазылған. Басқа араб тарихшысы ан-Нувейри “Нихая әл-араб фи фунун әл-адаб” шығармасында Бейбарыстың “ұлты түркі, әл-бурули (ел-бөрілі) тайпасынан”, - делінген.
Моңғол шапқыншылығы алдында Башман басқарған қыпшақтың бөрілі (елбөрілі) тайпасы Еділ мен Жайық арасын мекендегенін ортағасырлық тарихи деректерді саралаған шығыстанушылар өз зерттеулерінде көрсеткен. Осыдан ғалымдар Бейбарыстың қазіргі Қазақстанның батыс өңірінде дүниеге келген деген пікірге тоқтаған. Алайда моңғол шапқыншылығы кезінде Бейбарыс тұтқынға түсіп, Мысырға құл ретінде сатылып кетеді. Жалпы, Мысыр тарихынан сырттан келіп ел басқарған тұлғалардың көп екенін аңғарасың. Солардың бастауында «Қанғамдағы айымсың, Міндің Мысыр тағына» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жырға қосқан Жүсіп (ғ.с.) пайғамбар тұр. Қанғам (Ханан) қаласында туып, Мысыр жеріне құлдыққа сатылған Жүсіп пайғамбар өзінің ерекше көркі мен ақыл-парасатының арқасында Мысырдың мақтаулы көшбасшысына айналады. Бейбарыстың тағдырын да осыған ұқсаттым. Тарихи деректерде және ғылыми зерттеулерден, оның өз батырлығы, ақылдылығы және де басқа жеке басының қасиеттері арқасында құлдан Мысыр мемлекетінің билеушісі дәрежесіне жеткендігі жақсы белгілі.
1260 жылы мәмлүк әмірлері Бейбарыс сұлтанды Мысырдың жаңа билеушісі ретінде таққа отырғызды. Осы кезеңнен бастап ол сыртқы саясатта бірнеше маңызды іс-шаралар жасады. Соның бірі – оның Еуразияның далалық алқабын алып жатқан үлкен империя Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен саяси, дипломатиялық байланыс орнату болды. Бейбарыстың мақсаты Жошы ұлысы билеушісі Берке ханмен бірігіп, Иранда моңғолдар құрған Елхан мемлекетінің билеушісі Хулагу ханға, оның жаулаушылық жорықтарына қарсы тұру болды. Осының алдындағы Айн Джалаут шайқасында мәмлүктер Хулагу ескерін жеңіп, Кетбұқа ноянды өлтіргенімен, мұсылман иеліктеріне Елхан мемлекеті әлі де болса қауіп төндіріп тұрды. Хулагу ханға қарсы Бейбарыспен одақтас болу Берке ханға да тиімді еді. Бұл кезеңде ол Хулагу ханмен Кавказда ауыр соғыс жүргізіп жатты. Берке Шыңғыс хан ұрпақтары арасында жасы үлкені болғандықтан, Хулагу оның үлкен дәрежесін мойындап, Жошы ұрпақтарына тиесілі Әзербайжан мен Ираннан жиналатын түсімдердің бір бөлігін оған жолдап тұруы керек еді. Бірақ Хулагу хан Беркенің жоғары дәрежесін мойындамады, оның үлесін сұрап келген Алтын Орда елшілерін өлтірді. Бұл Алтын Орда мен Елхандар мемлекетінің арасындағы күресті одан бетер өршітті.
Сонымен қатар, ғалымдар Бейбарыс сұлтанның Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен дипломатиялық байланыс орнатуында тек қана саяси мүдде ғана болмағанын көрсетеді. Арабтанушы Қайрат Сәкидің пікірінше, Бейбарыс туған жерімен қарым-қатынас орнатуды, өз ұлтының ұлдары мен қыздарының Мысыр еліне тұрақты түрде келіп кетуін қамтамасыз етуді көздеген. Ғалымның бұл пікірі ортағасырлық араб тарихшыларының (Абд аз-Захир, әл-Омари) мәліметтерін саралаудан туындаған.
Тарихшы Абд аз-Захир Бейбарыс сұлтанның Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен дипломатиялық байланысы хат алмасудан басталғандығын жазады. Оның хабарына сәйкес, һиджраның 660 жылы (1261/62 ж.) Бейбарыс сұлтан “татардың ұлы патшасы Беркеге” хат жолдаған. Хатта Мысыр билеушісі Алтын Орда ханына Хулагу ханға қарсы бірлесіп соғысу қажеттілігі туралы жазады. Бейбарыс сұлтан ислам дінін қабылдаған Берке ханға “дінсіз Хулагумен” соғысу оның мұсылмандық парызы екеніне баса назар аударды. Бұл хатты Бейбарыс сұлтан Алтын Орда билеушісіне алан саудагерлерлері арқылы беріп жібереді.
Осыдан көп уақыт өтпей Сириядағы Бейбарыс сұлтан иелігіне Хулагу ханнан қашқан Берке ханның адамдарымыз деген бір топ алтынордалықтар келді. Бейбарыс Сириядағы өз орынбасарларына оларды дұрыс қабылдап, жақсы орналастыруды тапсырады. Ал қашып келгендердің басшыларын сұлтан Каирге шақырады. Каирге келгенде оларды Бейбарыс сұлтанның өзі қарсы алып, оларға қаланың Луқ деген жерден үйлер салғызып, сонда орналастырады. Келген алтынордалықтардан Мысыр билеушісі Берке хан туралы, оның мемлекеті жайында өзіне қажетті ақпарат алады.
Осыдан кейін Бейбарыс сұлтан қуатты моңғол-түрік мемлекеті Алтын Ордаға ресми елшілік жіберу туралы шешімге келеді. Алтын Орда билеушісі Берке ханмен дипломатиялық байланыс орнату тапсырмасы жүктелген Мысыр елшілігін кезінде Хорезмшахқа қызмет еткен әмір Сайф-ад-Дин Кушар-бек пен заңтанушы Мадж-ад-Дин Рудзравер басқарды. Араб жазуларына сәйкес бұл екеуі де Бейбарыстың сеніміне кірген, өте білікті, өте тәжірибелі адамдар болған. Сайф-ад-Дин Кушар-бек көп жерлерді аралаған, түрік және араб тілдерін жақсы білген әмір еді. Мадж-ад-Дин Рудзравер шариғат заңдарын өте жақсы білген, сондықтан Берке ханмен келісім шарттар жасауда Сайф-ад-Дин Кушар-бекке көмек беруі керек еді. Бейбарыс сұлтанның тапсырмасымен Мысыр мемлекетінің күш-қуатын көрсететін, оның Берке ханға дінсіздермен соғыста көмек беретіні туралы, егер Берке хан Хулагу мемлекетіне жақын уақытта “ғазауатқа” шықса, оны тез жеңуге болатыны айтылған хат дайындалды. Хатқа қосымша ислам дінін қабылдаған Алтын Орда билеушісіне сыйлыққа халиф ал-Хакім биамри-л-лахи Абу-л-Аббас Ахмадтың алтын жалатылған шежіресі жолданды.
1262 жылдың соңында жолға шыққан Мысыр елшілігі Византия астанасы Константинопольге (қазіргі Ыстамбұл) жетеді. Мұнда оларды император Михаил VIII Палеолог үлкен құрметпен қабылдайды.
Осы кезеңде Алтын Орданың бірнеше елшілері Константинопольде болған еді. Беркенің тапсырмасымен Джалал-ад-Дин ибн ал-Кади мен шейх Нур-ад-Дин Али басқарған елшілік Мысырға бара жатқан, ал Беркенің басқа елшілері Византиядан Алтын Ордаға қайтып бара жатқан еді. Жолда ауырып қалған Мадж-ад-Дин Рудзравери Джалал-ад-Дин ибн ал-Кади мен шейх Нур-ад-Дин елшілігімен отанына қайтады да, Сайф-ад-Дин Кушар-бек Алтын Орданың басқа елшілерімен бірге Берке ханға аттанады. Олар Қырым арқылы Еділ жағалауындағы Берке хан сарайына жетеді. Алтын Орда билеушісі Мысыр елшілігін жақсы қабылдап, 26 күн қонақ қылып, көп сыйлықтар беріп, Бейбарысқа жазған хатпен елшілікті Мысырға қайтарады. Бұл елшілікпен Берке хан Арбұга, Уртимура және Унамас басқарған өз елшілігін Бейбарыс сұлтанға жолдайды. Бұл Берке ханның Мысырға жолдаған екінші елшілігі еді.
Алтын Орданың алғашқы елшілігі Мысырға һижраның 661 жылы (1263 жылы) жетеді. Бұл елшілікті Берке ханның сенімді адамдары Джалал ад-Дин ибн ал-Кади мен шейх Нұр-ад-Дин Әли басқарып келген еді. Бейбарыс сұлтанның қабылдауында Алтын Орда елшілері Берке ханның хатын оқып береді. Хатта Алтын Орда ханы өзінің ислам жолында екенін, сол себепті ол өз туысы Хулагу ханмен соғысып жатқанын жазады. Хаттың мәтіні, Берке ханның Хулагумен соғыс жүргізіп жатқаны Бейбарыс сұлтанға өте ұнайды. Ол Алтын Орда елшілігін жақсы күтіп, оларға Мысырда жақсы жағдай жасайды. Мұндай жағдай Арбұга, Уртимура және Унамас басқарған Алтын Орданың екінші елшілігіне де жасалады. Олар үлкен құрметпен өз отанына шығарылып салынады. Алтын Орда елшілерімен Бейбарыс сұлтан Берке ханға әмір Фарис ад-Дина Ақұш ал-Масуди мен тарифа Имад ад-Дин әл-Хашими басқарған өз елшілігін жолдайды. Елшілікке Берке ханға сыйлыққа арналған көп бағалы заттар мен Алтын Орда жерінде кездеспейтін жануарлар беріледі, Алайда Фарис ад-Дина Ақұш ал-Масуди Бейбарыс сұлтанның сенімін ақтамай, бұл елшілік сәтсіз аяқталып, кейін елші жауапқа тартылады. Бұған қарамастан Бейбарыс сұлтан мен Берке хан арасындағы елшілік қатынастар үзілмеді.
Һижраның 664 жылы / 1266 жылы Алтын Орда билеушісі Берке хан қайтыс болады, бірақ бұл Бейбарыс басқарған Мысыр мемлекетінің Алтын Ордамен дипломатиялық байланыстарын тоқтатпады. Алтын Орданың жаңа билеушісі Менгу-Темір хан Бейбарыс сұлтанға бірнеше елшілік жолдады. Ол Берке ханның бұл бағыттағы сыртқы саясатын жалғастырып, Бейбарыстың Мысыр мен Сириядағы мұсылман жерлеріне билігін толығымен мойындады. Бейбарыс та Алтын Ордаға қатысты сыртқы саясатына өзгерістер енгізбеді. Оның елшіліктері де Менгу-Темір ханға бірнеше мәрте барды. Араб зерттеушісі Амин ал-Холидің есептеуіне қарағанда, Мысырды Бейбарыс сұлтан билеген жылдары екі ел арасында 8 дипломатиялық елшілік болған.
Мысырды 17 жыл басқарған Бейбарыс 1277 жылы қайтыс болып, денесі Дамаск қаласында (қазіргі Сирия астанасы) жер қойнауына тапсырылды.
Бүгінгі күні осыдан жеті жарым ғасыр бұрын Бейбарыс сұлтан негізін қалаған Мысыр мен Ұлы даланың байланысы жалғасуда. Алтын Орданың заңды мұрагері Қазақстан Республикасы Мысыр мемлекетімен тығыз саяси және мәдени байланыстарды дамытып жатыр. Бұл екі елге де тиімді. Мысалы, Қазақстан Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтан мешітін, Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Бейбарыс сұлтанның есімін ардақтауға, оның мұрасын сақтап, дәріптеуге арналған бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда. Олардың барлығы Бейбарыс сұлтан сияқты ірі тарихи тұлғаларды дәріптеу, насихаттау, ұлтты ұйыстыру, мемлекет мүддесін іргелендіру жолындағы идеологиялық жұмыстарға серпін беретіні сөзсіз. Өйткені, тарихты жасайтын, тұтас бір ұлттар мен ұлыстарды өркендететін ұлы тұлғалар ғана екенін бүгінгі таңда бізге тарих дәлелдеп отыр. Сондықтан, осындай ел мен елді байланыстыратын игі іс-шаралар болашақта да жалғасын табатыны күмәнсіз.


Ғалымжан Өтелбайұлы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет