Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы - Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма - біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.
Қазақстан аумағындағы Шу-Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ, біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.
Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады.
Архив - 2025
Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.
Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет .
Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.
Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.
Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |