11.С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында Сұлушаш пен Алтай арасындағы ғашықтық сезім арқылы ақынның махаббатқа адалдық туралы ойын талдап жазыңыз.
Әр ғылымның белгілі бір кезеңі жасаған жаңалығымен есте қалады. Әдебиет тарихына да өзгеше бір серпін мен жаңалық әкелген Сәбит шығармалары, соның ішінде «Сұлушаш» еді. Себебі, өзі көрген, сезінген, жүрегінің түбінен терең орын алған нәрселерінің бәрін маржандай етіп тізіп, поэмаға енгізген Сәбит үлкен мадаққа ие. Сондағы Сәбиттің «Сұлушаш» поэмасын жазудағы мақсаты неде? Сұлушаш пен Алтай арқылы өзінің махаббатқа деген адалдығын жеткізу ме?
Поэманың басты кейіпкерлері – Сұлушаш пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Олар бір-біріне ғашық болады, бірақ қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Сұлушаш байдың қызы болса да, оның кедейлігін мін санамай, оның адамгершілік қасиетін бағалайды. Мұның өзі С.Мұқановтың өз өміріне тым қатты ұқсайды. Сәбит те сіңірі шыққан кедей отбасымен шығып, өзінің еңбекқорлығының, бейнетқорлығының арқасында оқуымен алыса жүріп, биіктерден көрініп тарихта аты қалған Сәбитке айналды. Ал, Сұлушаштың поэмадағы прототипі – әйелі Мариям. Шығармада Сұлушашты суреттеуі өмірдегі Мариямға қатты ұқсайды. Себебі,Сәбит екеуі қанша қиыншылық көріп, барар жері болмаса да мойымайды. Әйелі Мариямның айтуы бойынша, ақынның әйеліне жиі айтатын сөзі «шашыңнан айналайын,Мариям» болушы еді. Сәбиттің әйелімен қырық жылдан аса бірге өмір сүруі мен осы поэманы негізге алсақ, Сәбиттің махаббатқа кіршіксіз адал екенін байқауға болады.
Армандарына жету жолында жастар көп қиындық көрді. Озбырлардан қанша қысым көрсе де, олар өз сезімдері жолында бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық - оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауда паналаған кездерінде, ашығып-торыққанда, оларға осы сезім қуат берді. Әлеуметтік теңсіздіктеріне қарамай бір-бірін ұнатып, махаббаттарына берік болған екі жастың бақыты баянды болмай, екеуі деқашып жүріп мерт болғаны қандай өкінішті. С.Қырабаев: « «Сұлушаш» махаббат тақырыбына жазылған шығарма емес,үлкен саяси әлеуметтік туынды»,-деуіне, бәлкім, келіспеуіміз де мүмкін. Бірақ, сол кездердегі тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеген қоғам мен заманды негізге ала отырып, ақын шынайылық пен махаббатты көрсете білді.
Қорытындылай келе, «Сұлушаш» поэмасында автор әлеуметтік мәселелерді, екі ғашықтың махаббат жолындағы трагедиялық тағдырын, олардың арасындағы ғашықтық арқылы махаббатқа адалдық пен ардың тазалығын суреттейді. Сонымен қатар, ақын жазған поэмасы арқылы өзін Алтай санап, Сұлушашына-Мариямға деген мөлдір махаббаты мен оған адалдығын жеткізе білді.