Байланысты: М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер.
2.2. «Абай жолы» романадағы балаларға қатысты орындалатын салт-дәстүрлер. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлерде кеңінен көрініс табады.
Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткен соң, құрбылары жиылып, бастаңғы істеп жатыр (Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. 1, 2-кітап. 210 б.). Бастаңғы (салт) – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 21 б.). Оспан мен Еркежан, Әубәкір мен Пәкизатты жөргегінен алып бауырларына салып өсірген. Ақылбайды Ұлжан өз бауырына салып, өз баласы қылып алды (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 216 б.). Бауырына салу (ғұрып) – баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни бауырына салуы. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін бауырына салып алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды («Ата жолы» тарихи танымдық сайты: http://www.atazholy.kz). Базарға ертіп бар да, шешелеріне, інілеріне алатын базарлығы болса, өзің таңдап алып бер! - деген (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 114 б.). Базарлық (дәстүр) – алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны "базарлық" деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 26 б.). ...Құнанбайдың жаңағы бетіме Абайды сөз қыла бастады. Бөжей мен Байсалға қарап -Сендер мұның сүндетке отыртқанда не дегенін естіп пе едіңдер? – деп аз күліп алады. Қаратай күле отырып: – Сүндетке отырғызғанда ауырсынып жылап жатқан: «Құдай-ай, бұл қорлықты көргенше, қыз қып неге жаратпадың!...» депті. Сонда шешесі: «Ақылсыз балам-ау, қыз болсаң бала таппас па едің, содан қиын боп па?» десе, мынау «Ойбай, онысы тағы бар ма еді?» деп,жылауын тия қойып,шыдай беріпті ,- деді. Үлкендер ақырын мырс-мырс күліп қояды [2, 13]. Сүндет той – қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер балаларын бес-жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызады. Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Алдымен "бір, екі. үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!" деп тақпақ үйретеді, "сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың" деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді.