М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ «Көз» сөзін қолданып, соны тіркес жасау
үлгісі Мәшһүр-Жүсіпте де бар:
Қалмасын жерде десең айтқан сөзің,
Өзіңнің өз бойыңда болсын көзің (93 б.)
Сөйтіп, екі ақында да «көз» сөзі ауыспалы
мағынада қолданылумен бірге мүмкін емес дерлік
екінші ұғыммен шектесу арқылы үшінші бір жаңа
сипатты сөз кестесін тудырған. Мәселен, дерексіз
ұғым көңілдің көзі болмайтыны белгілі. Әйтсе де осы
екі ұғымның ұштасуы нәтижесінде мүлде тың бейне
жасалып тұрғаны анық. Осы іспетті пікірді Мәшһүр-
Жүсіп сөз қолданысы туралы да айтуға болады.
Дерексіз ұғымды заттандырудың сөз мағынасын
кеңейтуде, образ әсерлілігін арттыруда үлкен роль
атқаратынын біз бұрын да айтып келдік. Осы орайда
сөздің, өлең сөздің, мәнін ашу үшін, екі ақынның
дерексіз ұғымды заттандыру, демек шарттылықты
пайдалануына назар аударғымыз келеді:
Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. (Абай, 89 б.)
Сөз осал бола қалды не қылғанда,
Шақпақтай от шығады шағылғанда.
Көңілдің дариясында сөз- бір гауһар,
Кісісі танып алар табылғанда
(Мәшһүр-Жүсіп, 73).
Қарайсың жақсы сөзге көзді сүзіп,
Кейбір сөз елжіретіп кетеді езіп.
Әр жерде бөлек-бөлек жүрген сөзді,
Түсірер жұрт көзіне өлең тізіп (Бұ да сонда, 74).
Абайда дерексіз ұғым «өлең» сөзінен кейін
деректі – жандыға тән «патша» сөзі мен дерексіз
«сөз» аталымы тіркестіріле алынып, салыстыру,
балау жүзеге асқан. Сол арқылы өлеңнің жай
сөз тізбегі емес, сөздердің ең мықтысы, патшасы
екендігі анықталады. Ал «жеңіл» сөзі айтылуы
тұсында дерексіз ұғым өлеңнің белгілі бір салмаққа
ие болуы берілсе, «жылы» - сол дерексіздің
заттанғаны сондай, белгілі бір температураға жетуін
айғақтайды. Ал, шумақтың соңғы тармағында
дерексіз «өлеңнің» заттануының белгісі оның
белгілі бір пішінге көшіп, «теп-тегіс жұмыр»
болуы қажеттігі айтылады. Мәшһүр-Жүсіпте сөздің
заттанғандығы соншалық: шағылуы, шағылғанда,
тіпті, оның шақпақтай от шығаруы бейнеленеді.
Сонымен бірге дерексіз «сөздің» гауһарға балануы,
гауһар болғанда да көңіл дариясындағы (тағы да
шарттылық, заттандыру жемісі) гауһарға ұқсатылуы
берілген. Үшіншідегі «жақсы сөзге» көз сүзіп қарау
да, кейбір сөздің елжіретуі де олардың белгілі
бір затқа немесе жан иесіне айналуын шегелейді.
Сондай-ақ не зат, не жан иесі тәрізді әр жерде бөлек-
бөлек жүрген сөздерді өлеңнің «тізіп» жұрт көзіне
түсіруі де – шарттылық пен заттандыру жемісі .
Абай ойшыл ақын, философ ақын деп
жүрміз. Кейін Мәшһүр-Жүсіпті де солай атап,
дәлелімізді қоса өрмесек, жұртты жаттанды,
үстірт пайымдаулармен мезі етіп алуымыз мүмкін.
Асылы, әр ойды, әр баға, айдарды аз мысалмен
болса да, дәлелдеп беруге ұмтылған жөн.
Сонан бері рахымсыз көп жыл өтті,
Орақ келер, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.
Ауыр ойды көтеріп ауырған жан,
Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ,
Сенің де басың имек жерге таман.
(Абай, 292 б.).
Піскен егін сықылды аспан жасыл,
Қыс пен шілде, жаз бен күз,- бар төрт фәсіл.
Ай- орағы егінді оратұғын,
Әбден білсе, сөз бар ма мұнан асыл?!
Жазғытұрым емес біз, болдық қой күз,
Қыс боп қалдық дегенше күдерді үз.
Жалаңдатып орағын алып тұрған,
Оратұғын сондағы егіні- біз!
Жер жыртып, жазғытұрым тұқым шашпай,
Күз болса, қаптың аузын қалдық ашпай.
Кім орғанын білмейміз, аңқиямыз,
Көрмеген ойын шығып бір көз баспай.
(Мәшһүр-Жүсіп, 81 б.).
Екі ақын да өмірдің соңы болатынын көзге нақты
елестету үшін, піскен егінді оруды шебер пайдаланған.
Абайда лирикалық қаһарманның біраз жас жасағаны,
көп бейнет шеккені «жылы мен суықтың бәрін көріп»
«қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған» жолдары арқылы
аңғартылса, Мәшһүр-Жүсіпте балалық шақты,
жастықты – жазғытұрымға, жазға; ал егделікті- күзге,
кәрілікті қысқа балау нәтижесінде өмір өткіншілігі
дәлелденген. Тек Мәшһүр-Жүсіптің кейін жазғаны
бар емес пе, Абай өрнегіне не қосты дегенге келсек,
ол осы үзіндінің өзінде де тұр. Мәселен, Мәшһүр-