М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ бөледі. Бір адамның әрі басқаның кемшілігін
байқағыш екені, әрі өзіне керек істі мүлде
көрмейтіні, қайшылығы нақты ашылған. Шартты
түрде «соқыр» деп алынған ол құмырсқадай
ұсақ заттарды көргіш те, одан ірірек нәрсе,
жан-жануар атаулыны мүлдем көрмейтін болып
алынған. Бір адамның бір затқа ересен қырағы
бола тұра, екіншісін мүлде көрмеуі оқырманға
көп ой салғандай. Шартты түрде «саңырау» деп
аталған екінші адам болса, ол қатты шыққан дыбыс
атаулыны мүлде қабылдамайды да, өте бәсең
үнді, сыбырды, «құлақтыдан» бұрын естіп қояды.
Ақын өлең аяғында «саңырау» дегені- «бәрін өзім
білдім» деп, ұзақ ойға салынған, «өз жанының
пайдасын» естімейтін адам екенін айтады. Ақын
шартты түрде «жалаңаш» деп аталған үшінші адам
арқылы өмірінің өткінші, қысқа екенін ұмытып,
ойға алғанының бәрін тындырдым деп, бос жүрген
жандарды сынайды.
Өлеңде айтылатын өзекті идея, негізгі сын
тек бұл айтылғандарда емес. Ақын өзіне керек істі
көрмеушілікті, естімеушілікті, азға тоқмейілсуді
сынап қана қоймайды. Суреткер басты назарды
көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, бардан емес,
жоқтан айырыламын деп, адасушыларға аударады.
Көрмеу, естімеу, ештеңесі болмау- бір кемшілік,
бір жоқтық болса, одан үлкен қасірет тағы тұр. Ол
көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, «жоқтан»
айырыламын деушілік, өтірікке алданушылық деген
ойға саяды автор. Бұл өлеңде де ақынның қайшылық
сипаттарды кең қамтып, адам сырын түкпірлей
ашу бағытындағы елеулі жетістігі. Бұл Мәшһүр-
Жүсіптің ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ
жазба әдебиетінің қомақты табысы.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Шайтанның
саудасы» өлеңін ақынның жиені Қасенғали
Жүсіповтен белгілі жазушы Зейтін Ақышевтің
1937 жылы жазып алып, оны мектеп оқулығын
құрастырушылар: Қ.Бекхожин, мен Е.Смайыловқа
ұсынғаны белгілі. Содан бастап ақынның осы
өлеңі алдымен мектеп оқулықтарына (1940-1946),
кейін жоғарғы оқу орнына арналған хрестоматияға
(1959, 1983) енді. Сонымен қатар бұл туынды
орысшаға аударылып, 1978 жылы Ленинградтан
шыққан «Поэты Казахстана» антологиясында
(құрастырушы- М.Мағауин) жарияланды.
Әлем әдебиетінде қоғамды жайлаған
келеңсіздіктерді жинақтап көрсетіп, шенеу үшін
шартты сюжет үлгісі қолданылып келгені мәлім.
Мәселен, XVI-XVII ғасырдағы испан жазушысы
С.Сервантестің «Дон Кихот» романындағы
орталық қаһарманның «батырлық» жасамақ болған
оғаш істерін, жел диірменмен айқаспақ болған т.т.
күлкілі әрекеттерін өмірде болған, не жүзеге асуы
ықтимал шындық көрінісі дей алмайтынымыз анық.
Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы орыс жазушысы
Н.В.Гогольдің «Өлі жандар» дастанындағы бас
тұлға П.И.Чичиковтың өлі жандар тізімін арзанға
сатып алып, бай болып көрінгісі келуі де өмірде
іске асуы мүмкін, шындықтан көшірілген іс-
әрекет емес. Біздіңше, бұл шартты сюжет қоғамды
жайлаған сорақылықтарды барынша түйреу үшін
қажет болған. Атап айтқанда, Чичиков аралауы
нәтижесінде бейқам, самарқаулардың өкілі болып
Манилов көзге түссе, қомағайлық- Собакевич,
сараңдық- Плюшкин т.т. арқылы шенелген. Демек
белгілі бір адамдардың жиынтық бейнесін жасау
үшін өмірде іске асуы ықтимал істерден гөрі
шартты әрекеттердің мүмкіндігі кеңірек болса,
суреткер оны орынды пайдаланып отырған. Соның
бір көрінісі- қазақ ақыны Мәшһүр-Жүсіптің ХІХ
ғасырдың соңғы ширегінде жазған «Шайтанның
саудасы» өлеңі. Расында, шайтанның базарға
барып сауда жасауы, дерексіз ұғым: зорлық, алдау,
күншілдік, тәкаппарлықты белгілі бір бұйым
тәрізді тез сатуы т.т.- бәрі өмірде болмайтын
шартты әрекеттер жемісі.Шығарма басындағы
Ғайса пайғамбардың: «Жұрт барса, тері, терсек,
жүн сатады, // Сататын малғұн сенің не пұлың
бар?» - деп шайтанға сауал қоюы өмірде іске асуы
ықтимал, шындыққа сай алынған сөз қолданысын
танытады. Ал шайтан жауабы- шарттылық айнасы:
Артқаным бір есекке ылғи жалған.
Жалғанда өтірік жоқ мұнан қалған.
Нанбасаң еріп бірге көзіңмен көр,
Базарға қызығымды қалай салған.
Жүгім бар бір есекке мекер-хайла.
Мұнымнан келтіремін үлкен пайда.
Бір тиыннан он тиын пайда аламын,
Көптің басы қосылған жиын жайда.
Күншілдік бір есекке тиеп артқан.
Жібек, кендір арқанмен буып тартқан.
Базарға мұнан бұрын көп барғанмын,
Жерім жоқ бұл саудадан залал тартқан.
Артқаным бір есекке ылғи зорлық.
Есепсіз мал табамын қылмай ұрлық.
Мен алмай оның малын кім алады,
Иттер бар көріп жүрген малдан қорлық.