М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Базарға келіп едің ат терлетіп,
Бос жүрсің әр нәрсені тамаша етіп.
Сен бүйтіп далбаса боп босқа жүрсең,
Жұрт тарқап, сауда бітіп қалар кетіп.
(Мәшһүр-Жүсіп, 89 б.)
Абайда біреудің «астық» алуы баяндалғанда,
«базар» сөзі өз мағынасында жұмсалса, енді
біреудің «маржан» алуы туралы мәлімделгенде,
мағына кеңеюін де байқаймыз. Рас, базарға
барған адам шын маржанды, асыл затты алуы да
мүмкін. Әйтсе де бұл жолдардан кейінгі – сөзді
біреу ұғып, біреу ұқпайтынын, тесік моншақтың
жерде қалмайтынын, итке маржан керек еместігін,-
бәрін салыстыра дәйектесек, «маржан» сөзі мәнін
тар мағынада ұғумен шектелуге болмайтынын
аңғарамыз. Мұның бәрі «базар» сөзін Абайдың әрі
өз мағынасында, әрі ауыспалы мәнде жарыстыра
пайдалану үлгісі, демек бір сөзге көп мән сыйғызу
шеберлігі десек, бұл іспетті жетістікті Мәшһүр-
Жүсіптен келтірген үзінді хақында да айтуға
болады. Лирикалық қаһарманның базарға «ат
терлетіп» (демек көп әрекет етіп) келуін, қазір
бос жүруін жариялауы тұсында «базар» сөзінің
ауыспалы кең мағынада, күрес, әрекет алаңы
ретінде беріліп тұрғаны анық.
Екі ақын да шен-шекпенге сатылуды, халық
қамын ойламауды батыл түйрейді:
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон бола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!
(Абай, 113 б.)
Тарту деп медаль, наград ала берді,
Өз басы аман, жұртты отқа сала берді.
Пайдасын үрім-бұтақ ойламады,
Күйікте кейінгілер қала берді.
(Мәшһүр-Жүсіп, 62 б.)
Өз жұртын оңған бар ма жатқа сатқан,
Ерді елдің пайдасы үшін хақ жаратқан.
Ойлайтын елдің қамын ерді жібер,
Жерінен суырып алып көрде жатқан.
(Мәшһүр-Жүсіп, 67 б.)
Абайда орыс ұлығынан «шенді шекпен» алғанға
мәз болған болыс сыналып, оған қоса ар-ұятын
сатудың оқалы тон болмайтынына назар аударылған.
Мәшһүр-Жүсіп болса, жеке бір болыстың емес, бір
кездегі ел билеушілердің өз бастарына берілген
тарту, наградаларға сатылып, ел қамын ойламағанын
шенейді. Осы орайда бұл іспетті сын үлгісін
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» өлеңінде
өрбітіп бергенін еске салғымыз келеді. Мұның бәрі
ХІХғасырдың аяғы мен ХХғасырдың басындағы
қазақ ақындарының біріндегі ойды екіншілері
дамытып, дәстүр сабақтастығын берік ұстағанын
көрсетеді. Екі ақынның да сөз зергері екенін,
балама қолданудағы үндестіктерін кеңірек дәлелдеу
үшін, «ұйқы», «ұйықтау» сөздерін пайдалану
ерекшеліктеріне үңілейік:
Абайда:
Өткен күнгі қызығым,
Ұйықтап көрген түстен кем. (241 б.)
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар. (254 б.)
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме,
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме! (281б.)
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек? (282 б.)
Мәшһүр-Жүсіпте:
Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы,
Айырылмай жақсы менен жаман парқы.
Баласы дін мұсылман, ояныңдар,
Көрінер өз пайдасы жұрттың нарқы. (33б.)
Таң атса, жатамысың ұйықтап, бақытым?!
Менің де таянған-ды жүрер уақытым.
Қолымда аттанарда жоқ нәрсені,
Барғанда тәңірі алдына қайдан таптым?! (81б.)
Бұл мысалдардың көбінде «ұйықтау»
бүкіл бір халықтың қараңғылығын, көнбістігін,
әрекетсіздігін білдіруге арналса, осы орайда
соған қарама-қарсы қойылып отыратын екі
ақынның «ояну» сөздерін қолдану үлгілеріне назар
аударайық.
Абайда:
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын. (119б.)