М.М. АХМЕТОВА
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің 2-курс магистранты
«КОНЦЕПТ» ТЕРМИНІНІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
Аннотация
Мақалада «Концепт» терминінің шығу тарихы мен жалпы лексикадағы зерттелуі,
сондай-ақ концептіні алғаш зерттеген қазақ ғалымдарының зерттеу еңбектері жайында
қарастырылған.
Кілт сөздер: лингвистика, антропоөзектік парадигма, «концепт» термині,
концептілердің зерттелуі, ғаламның тілдік бейнесі, семантикалық категория.
Ключевые слова: лингвистика, антропоцентрическая парадигма, термин «концепт»,
исследование концепта, языковая картина мира, семантическая категория.
Keywords: linguistics, anthropocentric paradigm, а term "concept", research of concept,
language picture of the world, semantic category.
ХХ ғасырдан бастап нормативті грамматикалармен қатар, тілге жаңа қырынан зер салу,
оның ішкі идеялық философиясына назар аудару, антропоцентристік сипатын талдап
қарастыру қазақ тіл ғылымында тың лингвистикалық мәселелердің өзектелуіне әсер етті.
Өйткені қазіргі кездегі лингвистиканың (мейлі жеке, мейлі жалпы тіл білімі болсын) басты
мақсаты – тілді тіл үшін зерттеу емес, адамды тануға негізделген.
Осыған орай, тілтаным іліміндегі антропологиялық парадигманың пайда болуы
нәтижесінде – тілдің барлық мүмкіншілігін сан-салалы қырынан айқындау арқылы сол
тілді тұтынушы субъектінің, яғни жоғары деңгейлі сана-сезім мен қоғамдық-тарихи,
мәдени тіршіліктің иесі – адамның рухани болмысын тереңірек тануға жол ашылды [1,3б].
Ең алдымен, тіл білімінде осы антропоөзектік бағыттың негізінде туындаған «концепт»
термині және оның шығу тарихы мен зерттелуі жайында зерделеудің маңызы зор. Жалпы
«концепт» термині тіл білімінде заманауи термин болғанымен, оны талдаумен
ортағасырлық ғалымдардың да айналысқанын байқаймыз.
Ең алғаш концепт терминін «Латын-орыс сөздігінде» философ Ансельм (1033-1109)
пайдаланған болатын. Латын тілінде бұл термин мынадай мағынада қолданылған: 1)
байланыс, жиынтық, жүйе (связь, сумма, система); 2) қойма (склад); 3) құқықтық актілер
тұжырымдамасы (заключение законных актов); 4) ұрық қабылдау; 5) сөйлем.
ХІІ ғасырда П. Абеляр қандай да бір зат атауы өз табиғатына қарай дыбысталу кезінде
сол таңбаланған заттың мазмұнына қатысы жоқ деп есептейді, бірақ белгілі бір
«жүктелу» күшіне бағынатындығын айтады. Бұл күшті адамдарға Құдай береді. Дегенмен
Абеляр пайымдауындағы атаулар «заттарды қабылдау құралы» болып табылады екен.
Абеляр концептіні адамдардың бір-бірімен және құдаймен қарым-қатынасында
қарастырған. Абеляр танымындағы концепт мазмұн болып табылады[2, 11].
ХІV ғасырда номиналистер мен реалистер арасындағы дау қанат жая түсті. Бұл даудың
негізі атау, идея және заттың арақатынасы жайында еді. Осы көзқарастар нәтижесінде
философия тарихына «концептуализм» деген атпен енген «бірыңғай номинализм» пайда
болды. Ортағасыр философиясында концептіні қандай да бір мағыналық функцияға
негізделген айрықша «психологиялық білім», атау ретінде түсіну қалыптасқан [2, 11].
Қазіргі заман білімінің қорына "концепт" деген сөзді ең алғаш енгізушілердің бірі орыс
ойшылы С.А. Аскольдов (1870-1945) еді. Сондай-ақ қазіргі заман ғалымдары концептіні
- «квант знания» [3, 90], «единицу ментальности данной культуры» [4, 49] т.б. деп
анықтап келеді.
«Ғаламның тілдік бейнесі» жөнінде айтқан Аристотельдің ойын қазіргі
күні әркім әр саққа жүгіртіп, түрліше түсініп жүргені рас. Болмыс пен тілдің
сабақтастығын көпшілік мойындайды. Осындай сабақтастықтың санадағы бейнесі
лингвистика ғылымында «концепт» я болмаса «эйдетикалық белгі» деп түсініліп жүр[5,
43б].
Тіл мен ойлау мәселесі ресейлік тіл білімінде біршама зерттелген. Негізінен бұл салада
Е.Ф.Карский, А.А.Шахматов, А.А.Потебня, А.Н.Афанасьев, В.Н.Телия, А.Н.Соболевский,
Д.С.Лихачев, В.В.Воробьев, В.А.Маслова, Н.Д.Арутюнова, Е.С.Кубрякова,
А.Н.Мороховский, Н.К.Рябцева, В.Айрапетян, В.В.Колесов, А.Я.Гуревич, А.Вежбицкая,
М.Минский, т.б. ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырыла келіп, «концепт»
терминінің теориялық негізі қаланды.
Концептілік мәнге ие доминант сөздердің (концепт терминінің баламасы) терминдік
мағынасы әр ғылым саласында әртүрлі кездеседі. Жалпы «концепт» – лингвокогнитология
ғылымының категориясы болуымен қатар лингво-логика-философиялық категория.
Адамзат баласы қарапайым өмірде жан мен тән, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық,
ар мен ұят, т.б. сөздерді күнделікті тұрмыста жиі қолданса да, олардың мән-мағынасын
алуан түрлі түсінеді, ал кейде жете көңіл бөле бермейді. Ол сөздердің беретін мазмұнын,
ұғым-түсінігінің ішкі астарын ашу адамның тілді білу деңгейі мен өмірлік тәжірибесіне,
біліміне қарай түрліше болады[5, 44б].
Концепт мәселесімен кешенді түрде зерттеу жүргізген ғалымдар Д.С.Лихачев,
А.Вежбицкая, В.В.Колесовтың еңбектерінде концепт термині негізінен мынадай екі
аспектінің шеңберінде қарастырылады. Біріншіден, концепт рухани мәдениеттегі тірек
сөздер деп танылса, екіншіден, ол психоментальды құбылыс, алғашқы түсінік деген
тұжырымдамаларды қамтиды.
Ю.С.Степановтың еңбегінде концепт адам баласының санасында нақты ұғымдар
түрінде емес, сөз тудыратын ассоциациялар мен таным түсініктердің жиынтығы ретінде
көрсетіле келе, «Концепт не только мыслится, они переживаются. Они – предмет эмоций,
симпатий и антипатий, а иногда и столкновений» деген анықтамаға ие болады [6, 40-41б].
А.А.Залевская: «Концепт тіл білімінде сөздің қолданылуы мен мағынасын
байланыстырушы когнитивтік негіз ретінде танылады» – дей келе, концепт терминін
когнитивтік лингвистика ғылымының нысаны екендігін анықтай түседі [7,382б.].
Концепт термині өзінің күрделілігіне қарай көптеген ғалымдар назарын аударуда.
Концепт мәселесіне келгенде ғалымдардың пікірі әртүрлі десе де болады. Бұл мәселе
жалпы және жеке тіл білімінде де тән үрдіс.
А.Я.Гуревич мәдени концептілерді: «кеңістік», «мәдени универсалды» деп аталатын
философиялық элементтер және «мәдени категориялар» деп аталатын екі топқа бөлсе [8,
85б.], В.А.Маслова бұлардан үшінші бір топты «ұлттық мәдени категорияларды» бөліп
шығарады [9, 51б.]. Ғалымның мәдени категория дегеніне ар, ұят, жан, тән, ерлік, мәрттік,
кеңшілдік т.б. концептілерді жатқызуға болады. Аталған концептілер бір-бірімен
байланыса келе концептілік өрісті құрайды. Концептілік өріске «ұят» лексемасы бар
образды сөз оралымдарына қатысты тірек ұғымдар аталған мәдениь концептілердің
бірден-бір элементі ретінде танылады. Бір ғана «ұят» концептісі арқылы бүтін бір
этностың өзіне тән, өзге ұлттардан ерекше болмыс бітімін аңғаруға болады. Қазақ халқы
«ұят» деген инсандық қасиетті ең жоғарғы адамдық қасиеттерге жатқызады. Адамның
адам екендігін танытатын бірден-бір көрсеткіш «ұят» категориясы. «Ұят» арқылы
адамның азаматтық ортадағы адами болмысы танылады. Осы «ұят» деген адами ерекше
қасиетті әр қазақ баласы қалайда қастерлеп жүруге бар күш жігерін жұмсайды. Осы
айтқандарды мынадай тілдік деректер негізінде танып білуге болады. Мысалы: «Өлімнен
ұят күшті», «Бет көрсе, жүз ұялады», «Ұяттан өліп кете жаздады», «Ұялған тек тұрмас»
т.б. мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестердің семантикалық құрылымына үңілу
арқылы «ұят» лексемасының концептілік өріске қатыса алатынын көруге болады. «Ұят»
концептісі адамның азаматтық қасиетін сақтау арқылы тектілік, тәртіптілік, азаматтық,
инсандық, адамгершілік, дегдарлық, мәрттік, т.б. әлеуметтік мәнділігі жоғары логикалық
модельді білдіретін концепт жасауға құрылымдық элемент ретінде қатысады[5, 45б].
С.Р.Воркачевтың түсіндіруінше: «концепт – бұл мәдени белгіленген вербальдық
мағына, сөйлеушілердің өзіне тән тілдік қолданыстарын айту үшін жеке концептіні тілдік
тұрғыдан түсінуге, соған сәйкес лексика- семантикалық парадигма жасалады», – десе
[10,47б.], академик Д.С.Лихачев:
«концепт қатарына кіретін лексемалардың (өмір, махаббат, ес, бақыт, іс- әрекет, т.б.)
мағынасы ұлттық тілдік сана мен ұжым тілінің «қарапайым әлем бейнесін» жасайды.
Мұндай концепттердің жиынтығынан тілде концептілік қабат құралады» – деп, тұжырым
жасайды [11,3б.].
Лингвистика ғылымында «концепт» термині кей жағдайда «ұғым» және
«грамматикалық немесе семантикалық категория» мағынасында түсіндіріліп жүр. Жалпы
концепт мәселесі – лингвистика мен философияның бір-біріне деген өзара ықпалының
күшеюінің негізінде туындаған тілдік құбылыс. Оның лингвистикалық мазмұнға ие бола
бастағанын тілдің мағыналық жағын талдауда көптеген құнды ескі де жаңа танымдық
ақпараттардың пайда болуымен тікелей байланысты[5, 46].
Е.Абақан: «Концепт (ұғым) сөздің мағынасы ретінде түсініледі. Бірақ ол жалпылаудың
(абстракцияның) ең жоғарғы деңгейін білдіретін ұғым – концепт емес – «оқиға процесс
«дерек» туралы ұғым. Сондықтан «концептуальды талдауда» сөздің немесе сөйлемнің
контекске, яғни нақтылы мағынаға қатысты анықталуы тиіс» – деп, лингвистикадағы
«концепт» пен логикадағы «ұғым» терминдерінің ара жігін ажыратып береді [12, 46б.].
Қазақ тіл білімінде концепт мәселесі когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттаным,
этнолингвистикалық бағыттарда жазылған зерттеулердің ғылыми апаратына толықтай
енді. Концепттінің беретін мән-мағынасын дәйектеу, бұл термин арқалаған
лингвистикалық ұғымды теориялық тұрғыдан тиянақтау әлі де толыққанды қолға алынбай
келеді. Бүгінгі таңда қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік парадигманың зерттелуі
Г.Смағұлова, Ж.Манкеева, Н.Уәлиұлы, Э.Сүлейменова, А.Алдашева, С.Сәтенова,
Ф.Оразбаева, Г.Сағидолда, Б.Момынова, Г.Қосымова, А.Салқынбай, Б.Қасым, А.Ислам,
т.б. зерттеушілердің еңбектерінде тілдік тұлға, ақиқат болмыстың тілдегі бейнесі,
танымдық әрекет, тілдік сана, тілдік және типтік модельдер, тілдік қатынастың маңызы,
тіл мен мәдениеттің сабақтастығы, ұлттық дүниетанымның тілдегі көрінісі, мәдени
лексиканың табиғаты, ғалам бейнесіндегі тілдің орны, эстетикалық талғам мен тіл
біртұтастығы деген мәселелерге байланысты қарастырылған. Антропоцентристік
бағыттағы нысандарға нақты зерттеу жүргізген Қ.Жаманбаева, Б.Ақбердиева,
Г.Снасапова, А.Сейілхан, А.Сейсенова, С.Жапақов, М.Күштаева, А.Сыбанбаева,
Ш.Елемесова, Ә.Алмауытова, Ж.Акимишева, К.Күркебаев, Б.Тілеубердиев, Э.Оразалиева,
Қ.Қайырбаева, А.Әмірбекова,т.б.еңбектерінде рухани және материалдық мәдениеттің
тілдегі көрінісі сөз болады. Сонымен қатар қазақ тіл біліміндегі когнитивтік
лингвистиканың қалыптасуын Э.Оразалиеваның бес парадигмаға жіктеп қарастыруы
көптеген ғалымдар мойындаған концепциялардың бірінен саналады [13,19б.].
М.Күштаева зерттеу еңбегінде концепт теориясының ғылыми тұжырымдамасын
жасайды. Онда «концепт» және «ұғым» терминдері, бір жағынан сөздің мазмұн межесінің
түрлі даму кезеңін бейнелесе, екінші жағынан, оның түрлі қызметін көрсетеді. «Концепт»
және «ұғым» тек қана сөздің таяныш боларлық ментальды түсінігімен қатар, әмбебап
мәдени түсінік ретінде де ажыратылады – деп [14, 35б.], концепт пен ұғым арасында
біршама айырмашылық барын көрсетеді.
Концепт дегеніміз индивидтің, тілдік ұжымның, лингвистикалық қоғамдастықтың
ақиқат туралы білім жүйесі болып табылады» [15, 47-48б.].
Концепт дегеніміз – тиісті лексика-семантикалық парадигманы құрайтын тілдік іске
асырылымдардың тұтас бір қатарын білдіретін вербалды мағына, тілдік мәнерге ие және
этномәдени ерекшелікпен белгіленген ұжымдық бірлік [16, 122-123б.].
Қазақ тіл білімінің антропоцентристік бағыттағы зерттеулеріне өзіндік
үлгі боларлық пікірлері мен ғылыми потенциалы күшті ғалым Н.Уәлиұлының пікірше:
«концепт индивид санасында сәулеленген сезімдік- заттық образдың (перцевтивті модус)
негізінде пайда болады. Концепт негізінде сезімдік тәжірибе жатады. Сезімдік-заттық
образ (код) концептің ядросы болып табылады. Осы заттық код белгілі бір объектіні
терең, жан-жақты білген сайын жаңа мәндік белгілермен байи түседі. Осының
нәтижесінде концептің мазмұны ұлғаяды, мазмұны кеңи түседі. Әлгі белгілердің
қайсыбірінің мәнділігі күшейе түсуі, қайсыбірінің көмескіленуі ықтимал.
Концептілердің табиғатын жан-жақты саралай келе, терең танып білу үшін тілге
қатысты сөз мағынасын жетік меңгерумен қатар концептілік талдау арқылы кең мағлұмат
алуға болады. Тілдің ойды материалдандыру ерекшелігі концептінің көптеген тілдік
ақпараттарды тарату қызметін жете зерттеу кезек күттірмейтін мәселелердің бірінен
саналады. Сондықтан да осы бағыттағы зерттеулердің әлі де болса аздығы бұл мәселенің
шешімін толық таппағандығының айғағы.
ӘДЕБИЕТ
1 Сұлтан Ж. Тілтанымдағы антропологиялық парадигманың Қ.Жұбанов
мұраларындағы көрінісі. // кандидаттық диссертация. Алматы
2
Воробьев, В. В. Лингвокультурология (теория и методы). Москва, 1997-331.
3
Карасик, В. И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. Москва, 2004-389.
4
Попова, З. Д. Понятие «концепт» в лингвистических исследованиях. Воронеж,
2000-30.
5
Жиренов С. Когнитивтік лингвистика. Оқу құралы. Алматы, 2010.
6
Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования. -М.:
Школа «Языки русской культуры», 1997. -824 с.
7
Залевская А.А. Введение в психолингвистику. -Москва, 2000, -390 с.
8
Гуревич А.Я. Категория средневековой культуры. -М.: Наука, 1984. -185с.
9
Маслова В.А. Введение в лингвокультурологию. -М.: Наследие, 1997.-268 с.
10 Воркачев С.Р. Концепт счастья понятийный и образный компоненты //Известия
Серия литературы и языка. Том 60/6 ноябрь, 2001.-79 с.
11 Лихачев Д.С. Концептосфера руского языка // Известия РАН. Серия литературы и
языка, Т 52. № 1, 1993. -С 3-9.
12 Абақан Е. Тілдің мәдени философиясы. - Алматы: Айкос, 2000. -184 б.
13 Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. –Алматы:Ан-
Арыс, 2006.
14 Күштаева М.Т. «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени
мазмұны. Фил. ғыл. канд... дис.: 10.02.02. -Алматы: А.Байтұрсынұлы ат-ғы Тіл білімі
иниституты, 2002. -192 б.
15 Жапақов С.И. Эпикалық фразеологизмдердің когнитивтік негіздері. Фил. ғыл.
канд... дис.: -Алматы: А.Байтұрсынұлы ат-ғы Тіл білімі иниституты, 2003. -117 б.
16 Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасындағы ғаламның тілдік бейнесі //Қазақ тілі мен
әдебиеті журналы. -Алматы, 2005. № 11. -15-18 б.
Резюме
Генезис и исследование термина «Концепт»
Рассматривается сущность и история исследования термина «концепт», а также работы
казахских ученых, впервые исследовавших концепт в своих трудах.
Summary
Genesis and research of term "Concept"
This article examines the nature and history of research of the term "concept", and works of
Kazakh scientists the first studied the concept in their writings.
Поступила 27.03.2013 г.
Достарыңызбен бөлісу: |