Zh.K.Kadyrzhanova Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan, Almaty, e-mail: zhansaHYPERLINK "mailto:zhansaya99333@gmail.com"ya99333@gmail.com, +7778 247 4330 The works of A. Baitursynov is the origins of functional grammar It is known that a person uses language primarily for communication purposes. The implementation of communication between the addresser and the addressee directly depends on the language, in addition, a person brings the whole process out through the language, thanks to the functions of the language. And this is the most important feature of functional grammar. The main difference between traditional grammar and functional grammar is that the following takes the necessary units of language from each level of the language and makes the study the main principle depending on the meaning. The main form of traditional grammar is a sentence in language, the main form of functional grammar is a sentence in speech. This article will examine how functional grammar was reflected in A.Baitursynov's research and what impact its principles had on scientists and researchers who followed him. It is clear from the works of the scientist that the problem of grammar has not arisen in Kazakh linguistics today. After all, the idea of such conceptual categories as modality, uncertainty, studied within the framework of functional grammar, begins with the works of A.Baitursynov. Keywords: functional grammar, modality, uncertainty, traditional grammar
Тілдің ең басты қызметі – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыру. Тілтанымдық зерттеулер, бағыттар тілдің негізгі қызметтеріне сәйкес өрістейді. Осыған орай барлық зерттеу құрылымдық, антропоөзектік және салыстырмалы-тарихи тұрғыда жүйелі түрде жүргізіледі. Ғалымдар тілді дәстүрлі құрылымдық үлгі бойынша зерттеудің нәтижесінде іргелі ғылыми жетістіктерге қол жеткізді. Өткен ғасырда әлемдік тіл білімінде салыстырмалы-тарихи жүйе аясында да табысты зерттеулер жасалды. Ал антропоөзектілік ұстанымы кейінгі жылдары зерттеле бастаса да, қарқынды дами бастады. Бұл бағыт бойынша тілді дербес құрылым ретінде ғана емес, адаммен, тілден тыс факторлармен байланысқан біртұтас жүйе ретінде зерттеу өзекті мәселеге айналды. Антропоөзектілік шеңберінде тілді прагматикалық, когнитивтік, функционалды, коммуникативті тұрғыда қарастыратын жаңа бағыттар қалыптасты. Соның ішінде тілді категория, ұғым шеңберінде қарастыратын функционалды бағыттың орны ерекше. Жұмсалымды грамматиканың теориялық мәселелерімен В.Г.Адмони, А.В.Бондарко, В.Г.Гак, Н.Ю.Шведова, Д.Н.Шмелев сынды ғалымдар айналысып, оның қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты. Жұмсалымды грамматиканың басты ұстанымы тіл бірліктерін бір ұғым аясында топтастырып, тілді біртұтас жүйе ретінде, жұмсалым аясында зерттеу, болмыс пен тілдің, логика мен тілдің арасындағы тығыз байланысты қарастыру, сөздің қолданыс аясында танылатын семантикалық өрістерін толық ашу екені белгілі. Ал қазақ тіл білімінде жұмсалымды грамматика туралы алғашқы ойтамызықтар Алаш зиялылары еңбектерінен бастау алады. Бұл туралы О.Жұбаева «А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі функционалды грамматика мәселелері» атты мақаласында жұмсалымды грамматика тақырыбы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қозғалғанын, ғалым тікелей «функционалды грамматика» деген атауды, тіл білімінің осы бағытына қатысты терминдерді қолданбаса да, белгілерін көрсеткенін тілге тиек етеді. Ол ғалымның ізбасарлары саналатын Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов секілді ғалымдардың ғылыми зерттеулерінде де бұл тақырып жалғасатынын айтады [1, 34]. Автор одан әрі пікірін дәйектеуде қазір зерттеліп жүрген белгілілік/ белгісіздік категориясының бастауы есімдіктер арқылы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде көрінетінін айтады. А.Тураева «Қазақ тіліндегі белгілілік пен белгісіздіктің функционалды-cемантикалық категориясы» атты кандидаттық диссертациясында бұл категорияның лексикалық құралдары ретінде белгісіздік, сілтеу, жіктеу есімдіктерін санайды. Қазіргі қазақ тіл білімінде есімдік 7 мағыналық топқа бөлініп жүр, ал А.Байтұрсынұлы есімдікті беске жіктейді. Соның ішінде анықтау есімдігіне қазір өздік, жалпылау деп танылған есімдіктерді жатқызады. Ал болымсыздық есімдігін танықтық есімдігі деп көрсеткен [2, 70-78]. А.Тураева «Бұл орайда ғалымның белгілілік және белгісіздік категориясының өзіндік ерекшеліктерін терең түсінгені, оларды ортақ мағынаны, яғни белгілілік пен білгісіздікті білдіруіне қарай топтастырғаны байқалады», – дейді [3]. Ахмет Байтұрсынұлы сын есімнің табиғатын танытуда да нәрсенің мағынасын, қызметін негіз етіп алғаны анық байқалады: «Нәрселердің сынын көрсететін сөздерді сын есім дейміз» [4, 131]. Ғалым оның тек сыны, сыр сыны деген екі түрін көрсетіп, былай түсіндіреді: тек сыны заттың, нәрсенің тегін көрсетеді, сыр сыны заттың нәрсенің ішкі, тысқы сипатын танытады. Сыр сынының үш түрі бар. Олар жай шырай, талғаулы шырай, таңдаулы шырай. Қазір қазақ тіл білімінде салыстырмалы деп аталып жүрген шырайдың түрін талғаулы деп береді, асырмалы шырайды таңдаулы шырай деп көрсетеді. Бұл ерекшеліктер Қ.Рысалды еңбектерінде сын дәрежесі категориясының аясында қарастырылып жүр. Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар өзіне тән сын-сипат, белгілері бойынша ерекшеленеді. Қ.Рысалды «Сын дәрежесі категориясы: функционалды-коммуникативтік табиғаты» (қазақ және неміс тілдері негізінде) атты докторлық диссертациясында, «Белгі дәрежесі – заттар мен құбылыстардың сапалық, сандық айқындылығының синтезі» атты мақаласында сын дәрежесі категориясы туралы зерттеп, «тілде сапалық сын, қимыл-сын белгілерінің сандық айқындалуын біртұтас жалпылап алып сын дәрежесі категориясы деп қарау осы тілдік категорияның табиғатына сай келеді», – дейді [5, 66]. Ғалым сын дәрежесі категориясының сынның салыстырмалы (градуалды) және салыстырмасыз (интенсивтік) дәрежелері деген екі субкатегориясын бөліп көрсетеді. Сынның салыстырмалы дәрежесінің өзін іштей теңдік дәреже микроөрісі, үстемелі дәреже микроөрісі, асырмалы дәреже микроөрісі деп үшке, салыстырмасыз дәрежесін бәсеңділік дәреже микроөрісі, күшейтпелілік дәреже микроөрісі деп үшке бөледі. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде рай категориясының он бес түрі аталады: тұйық рай, билік рай, ашық рай, шартты рай, ереуіл рай, реніш рай, қалау рай, сенімді рай, мұң рай, көніс рай, қайрау рай, азалы рай, теріс рай, болжал рай [4, 158]. Бұл рай түрлері жұмсалымды грамматиканың негізгі категорияларының бірі модалды семантиканы беруде жұмсалады әрі модалдылық категориясының микроөрістеріне сай келеді. Сондықтан қазақ тіл білімінде модалдылықтың зерттелуінің түп бастауын А.Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау орынды. Ғалым модалды категорияда ядро қызметін атқаратын райдың он бес түрін ерекше топтаған. Ал Қ.Кемеңгерұлы «Оқу құралында» (1928, 1929) райдың бұйрық, ашық, болжау, шартты, қалау, теріс секілді алты түрін атайды. Қ.Жұбанов етістіктің шағы мен өңін бөлмей, шақ категориясының құрамындағы модалды мәндерді былай бөлген: 1) өткен шақ (айғақ өңді, аулақ өңді, мойындау өңді, күмән өңді, айғақ баяғылық, аулақ баяғылық, әдетше баяғылық, опық баяғылық, арман баяғылық); 2) келер шақ (кесімді, болжалды, мақсатты, тілекті, сенімсіз төл шақ); 3) осы шақ (дағдылы осы шақ, дәл осы шақ – жалпы осы шақ, кәдімгі осы шақ, қазіргі осы шақ, әзіргі осы шақ) [6, 388-389]. Профессор Қ.Жұбановтың жіктеуіне сәйкес айғақ өңді өткен шақта істің шын мәнінде болғанын айтушы куә ретінде қатыса сөйлейді, ал керісінше аулақ өңді өткен шақта істің болғанын айтқанымен, өзі сол істе болмағанын, яғни куә емес екенін білдіреді. Мойындау өңді өткен шақта сөйлеуші істің болып-болмағанын мойындау арқылы білдіреді. Күмән өңді өткен шақта сөйлеуші өзінің күмән- күдігін білдіреді. Модалдылықсыз ешқандай сөйленім болмайды. Сөйлеуші әрқашан өзінің пікірін, ойын, тілегін, жалпы ішкі халін білдіріп отырады. Бұл жіктеулерден Қ.Жұбановтың модалды семантиканы шақ категориясымен (темпоралдылықпен) астастыра бергенін байқай аламыз. А.Ысқақов та адам баласының қандай да бір нәрсені хабарлағанда, жай хабарлап ғана қоймай, соған қатысты ойын да білдіретінін айтады. «Өйткені ондайда көңіл, ой құбылысы арқылы айтылатын хабардың анықтығы, танықтығы, ақиқаттығы, шындығы, айқындығы, неғайбылдығы, күдіктілігі, күңгірттігі, күмәнділігі, болжалдылығы, жорамалдылығы, ықтияттылығы, тыңғылықтылығы, үстіртіндігі, шалағайлығы, орындылығы, мүмкіндігі, ықтималдығы... тәрізді жай-жапсарлар да, сондай-ақ, аяныш, жалыныш, қуаныш, реніш, жиреніш, өкініш, өтініш... сияқты көңіл күйі жайлары да аңғартылып отырады. Сөйлеушінің я жазушының көңіл қошының осындай сәттері модальдік (арайлық) реңк деп аталады» [7, 310]. Етістіктің рай категориясын модалды семантиканы берудегі негізгі тілдік бірлік ретінде көрсетіп, іштей ашық рай (индикатив) және неғайбыл рай (ирреалды) деген екі салаға бөледі. С.Исаев та сөйлеушінің қандай да бір іс-әрекетке, жалпы ақиқат дүниеге көзқарасын, модалды семантиканы білдіретін, парадигмалық жүйеден тұратын етістіктің грамматикалық категориясын рай категориясы ретінде таниды [8, 294]. Алайда бір ғана етістіктің рай категориясының шеңберінде барша модалды семантика берілмейтінін айтады. «Қазақ грамматикасында» рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, қалау рай, шартты рай сияқты төрт түрі көрсетіліп жүр. О.Жұбаева сөйлеушінің дүниеге деген көзқарасы тек төрт түрлі раймен шектелмейтінін баса айтады. Ол ғалымдардың райды топтауларына назар аударып, А.Байтұрсынұлы мен Ы.Мамановтың жіктеулерін салыстырады. Қазақ тіліндегі райларды жіктеуде А.Байтұрсынұлынан кейін ерекшелік танытқан ғалым ретінде Ы.Мамановты тануға негіз бар. Себебі Ы.Маманов сөйлеушінің белгілі бір істің болып- болмауы туралы немесе өзге де түрлі көзқарасы модалды мағыналардың қатарына жататынын айтып, райдың 6 түрін көрсетеді: ашық рай, қалау рай (ерікті қалау рай – алғым келеді, тілекті қалау рай – мен алғаймын), бұйрық рай, шартты рай, шарттылық рай, өкініш рай [9, 94]. С.Құлманов «Қазақ тіліндегі мүмкіндік модалділігінің функционалды- семантикалық өрісі» атты кандидаттық диссертациясында Ш.Балли, В.В.Виноградов, М.Б.Будильцева, Г.А.Эслон, А.В.Бондарко, Н.Е.Петров, Е.И.Беляева, түркі тілдерінде қарастырған М.В.Зайнуллин, Э.У.Илебаев, Ф.А.Агаева, қазақ тілінде А.Байтұрсынұлы, Ы.Маманов, Н.Т.Сауранбаев, И.Ұйықбаев, Е.Н.Жанпейісов, К.Ищанов, А.Н.Нұрмаханова, Н.Оралбаева, О.Төлегенов, З.Ерназарова, Л.С.Дүйсембекова, Қ.Мамаділов, Б.Ж.Доскеева секілді ғалымдардың еңбектерін негізге ала отырып, қазақ тіліндегі модалды семантиканың берілуін кешенді түрде зерттеуді мақсат еткен. Ол А.Байтұрсынұлы атап көрсеткен райдың он бес түрі (тұйық, билік, ашық, шартты, ереуіл, реніш, қалау, сенімді, сенімсіз, болжал, мұң, көніс, қайрау, азалы, өтініштеу, теріс) модалдық мағынаның түрлері деген пікірін білдіреді: «Мұнда А.Байтұрсынұлының райлардың семантикалық түрлерін ажыратуда негізге сүйенгені «мағына» болғандығы аңғарылады. Яғни автор тілдік категорияны тануда «мағынадан тұлғаға қарайғы» бағытты ұстанған деп есептейміз. Демек, жұмсалымды грамматиканың бұл бағыты ғалым еңбегінде имплицитті «беріліп» тұр» [10, 42]. Ғалым көрсеткен райлардың ішінде билік рай қазіргі тіл білімінде бұйрық райға сай келеді. Ал бұйрық рай ядросы ретінде жұмсалатын микроөрістің бірі – тыю модалдылығы. Ахмет Байтұрсынұлы одағайлардың да бір қызметі тыю екенін айтады. Ал жұмсалымды грамматика аясында тыйым мәні (прохибитив) С.Құлмановтың еңбектерінде бұйрық модалдылығының бір мағынасы ретінде көрсетілген. О.Төлегенов бұйрықты сөйлемдердің құрылымдық-мағыналық 8 ерекшелігін көрсетеді. Олар – тіке бұйрық білдіру; тоқтау салу, тежеу; ұсыныс жасау, тапсырма беру; жалпы ескерту, сақтандыру; тілек, өтініш білдіру, жалыну; келісім білдіру; іске шақыру, үндеу. Л.С.Дүйсембекова «Қазақ тіліндегі бұйрық райдың парадигмасы мен мағыналық құрылымы» атты кандидаттық диссертациясында бұйрық райдың 28 түрлі мағыналық реңкін, 5 тобын атап көрсеткен. Соның бірі – ескерту тобына жататын тыйым салу мәні: «Бұйрық райдың тыйым салу мағынасы дегеніміз – айтушының амалдың немесе қимыл-қозғалыстың бұдан былай істелінбеуін немесе мүлде жүзеге аспауын орындаушыдан үзілді-кесілді талап етуі» [11, 111]. «Ұлға отыз үйден тыю, қызға қырық үйден тыю» дейтін халқымыздың тілінде сақталған көптеген тыйым үлгілері бар. Мәселен, «тізеңді құшақтама», тізені құшақтау – жалғыз қалудың, «үлкеннің жолын кеспе», үлкеннің жолын кесу – әдепсіздіктің белгісі саналған. Тыю өрісін тек бұл қырынан емес, тұтас жүйе ретінде әртүрлі тілдік бірліктер арқылы берілу тұрғысынан да қарастыруға болады. Модалдылық категориясының тыю өрісі лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдер арқылы тілде репрезентацияланады. Шылаулар, оның ішінде демеуліктер арқылы тыйым мәні беріледі. Бұл қатарда ғана (қана), тек, -ақ секілді шектеу (тежеу) мәнді демеуліктер бар. Бұл демеуліктер өзі тіркескен сөзге шек қою, тежеу мағыналарын үстейді, сөйлеу актілерінде бұл тыю мәнінде де көрініс табады. Түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрылым секілді болымсыздық қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктер; қой/ ғой секілді нақтылау мәнді демеуліктер де мәнмәтінге қарай тыю мәнін беруде көрінеу түрде де, көмес түрде де қолданылады. «– Айызың қанар әлі-ақ, жұбатшы мынаны! – Баланы ағамның алдына әкеп тастай салды. Әдеш баламен болып кетті» (Т.Н., Шығ.) деген сөйлемде «кейін де мауқыларыңды басарсыңдар, тұра тұрсаң қайтеді» деген сұраулы тыйым мәні көмес түрде берілген. Кейіпкердің (күйеуі мен әйелінің арасындағы жағдаят) дәл осы нұсқада сөйлеуі қонағын жақтыртпау прагматикасынан туған. «Сыртқа шыққан соң мен екеуіне де өктем сөйлеп, өзімнің басымдығымды білдірдім. – Тек сүйісуші болмаңдар және көп тұрмаңдар. Мен өзім бақылап тұрам, – дедім» (С.М., Шығ.); «– Маған кірме дегенім қайда? Таңертең ғана көрістік емес пе?» (Ж.Қ., Шығ.) деген сөйлемдерде көрінеу мәнде берілген. Ал тыю мәнінде жұмсалатын одағайларға мыналарды жатқызуға болады: Айда! Тәйт! Сап-сап! Кәне! Жә! Тек! Мәлік келгір! Жамандатқыр! Тәйірі! Әй! Тәк! Ойбай! А.Байтұрсынұлы одағай сөздердің қатарында тыйым мәні барын айтып, «... тыйу, қайыру, тоқтату үшін айтылатын ... сөздер һәм шығатын дыбыстар – бәрі одағай болады», – дейді және одағайды ілездік, еліктеу, шақырыс деген түрлерге топтайды. Сөйлеу актісінде А.Байтұрсынов атаған шақырыс одағайларының ішінде адамға қарата жекіру мағынасында қолданылатын тек! тәйт! қой! секілді одағайлардың табиғатында тыйым мәні байқалады деуге негіз бар. «– Болды, бара ғой. – Түу, әже-ай, осыған бола жұмысымнан бөлiп. Маған ешкiмнiң көзi де, тiлi де тимейдi. –Тәйт әрi! Күпiр сөйлеме!» (С.М., Шығ.) деген сөйлемде «күпірлік қылмау, артық сөйлемеу» сынды тыйым мәнімен қатар халықтың танымы да көрінеді. Сын-қимыл үстеуі арқылы да тыю мәні беріледі. «Ағажан-ай, ақырын басыңызшы, клавиатурадан түтін шығарып жібердіңіз ғой» (Ж.Қ. Шығ.) деген сөйлемде «жайлап жасаңыз» деген прагматика көмес түрде өтініш мағынасымен астастырылған. Кейіпкер тіке айтпай, бұлай сөйлеуі арқылы қыз балаға тән иба-ізетін сақтаған. «Не болды-ей?! Не болды сонша оқыранып?! – дедім алақаныммен сауырынан шапаттап» (Ж.Қ. Шығ.); «– Ешқайда кетіп қалғамын жоқ, ертеңді-кеш ақ дастарханыңнан ас ішіп жүрмін ғой, – деді қоңырайып. – Неге сонша қапаланасың?» (Ж.Қ. Шығ.). Бұл үстеулерден жасалған тыйым мәнінде өтініш, тілек мәндері үстемелене беріледі. Бұйрық рай формалары арқылы тыйым мәні көрінеу түрде беріледі. Бұйрық райдың ІІ жағы дәл осы семантиканы беруде де ядро болады: «Бөжей оны қатты серпіп жіберіп, тоқтатып: – Атпа, тарт былай! Әруақ бары рас болса, бұдан келген келді көрермін! – деді...» (М.Ә., Шығ.); «– Жағаласпа, шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал... тепкі көрмекпіз ғой...» (М.Ә., Шығ.). Етістіктің модалдық құрылымдары, яғни -у болма, -ға/-ге барыс септігі тұлғасындағы -у тұйық етістігі мен болымсыз формадағы бол етістігі арқылы да тыйым мәні беріледі. Н.Оралбаева бұл аналитикалық форма туралы: «-ушы болма аналитикалық форманты қимылдың жасалуына тыйым салынатынын білдіреді. Бұл мағынаны оның құрамындағы екі морфеманың әрқайсы жеке тұрғанда білдіре алмайды», – дейді [12, 129]. Ауызекі сөйлеу тілінде де бұл аналитикалық формант арқылы тыйым мәні актив түрде беріледі: Асқынған ауруды өз бетінше емдеуге болмайды. Аққуды атуға болмайды. С.Құлманов -ып, -іп, -п және -а, -е, -й көсемше тұлғалы ойла, байқа, аспа етістіктері мен сөйле етістігінің тіркесі арқылы бұйрықтық мағынасының тыйым салу реңкі берілетінін айтып, мынадай мысалдар келтіреді: «- Әй, оттамашы... – Ей, оттамаң қалай? Байқап сөйле, бала, үйіңді таппай қаласың (Д.Исабеков); - Өй, Тәкежан, аспай сөйле. Аяғыңды аңдап бас (М.Әуезов)». -й бер формантының болымсыз -й берме формасы да тыю мәнін бере алады: «– Қой, болды, Хадиша. Зарлай берме (Д.Исабеков); – Балам, өткеннің елесін тірілту – өліктің көрін қазғанмен бірдей. Есіңе ала берме, жақсылыққа бастамайды (М.Мағауин)». -ып, -іп, -п көр, -у қой форманты да тыю мәнін беретін аналитикалық форманттардың қатарына жатады: Сөйлеп көр, жылауыңды қой. Халқымыздың бай тілдік қорында сақталған тыйым сөздер арқылы тікелей осы мағына беріледі. Туыстық қатынасқа және адамның жай-күйіне байланысты тыйымдардан мынадай мысалдар келтіруге болады: ат құйрығын кеспе, ата-енеңнің, қайын ағаңның атын атама, аяғы ауыр әйелге қоян етін жеуге болмайды, аяғы ауыр әйелге түйенің етін жеуге болмайды, аяғыңды айқастырып жатпа. Мақал-мәтелдер арқылы да тыйым мәні беріледі. «Көпке топырақ шашпа» деген мақал арқылы бәріне бірдей жала жаппа деген тыйым мәнін үстелген. «Су ішкен құдығыңа түкірме!», «Білмесең үндеме, Білгенді күндеме!», «Ұлық болсаң – кішік бол», «Аққуды атпа, досыңды сатпа», «Қайғыға болаттай берік, Жездей төзімді бол», «Қайғыңды әзілге жеңдір! Зілді сөзге жеңдір!», «Ойға терең бол, Өсекке керең бол», «Күлме досқа, келер басқа» сынды мақалдардың бәрінде түпкі мән - жаман әдет, теріс қылықтан тыю, тәрбиелеу. «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, Байқамай шайқап сөйлесең, көрсетер бір «өнер», «Келінім, саған айтам, Қызым, сен тыңда», «Жақсы сөз – жарым ырыс» секілді мақал-мәтелдерде баланы, келінді, қызды, жалпы ұрпақты тыю көмес түрде берілген. Мысалы, «Мәскеуге келген сайын сонда оқитын баласы Мұрат екеумізді шақыртып алатын еді; бір сапарында «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» демекші, ұлына құлаққағыс қылғаны ма, маған қарап: – Әй, Сарбала! (Мені солай атайтын). Сен жазуға талаптанып жүрсің ғой. Ал, нағыз қаламгер адам үш нәрседен қашық болуы қажет. Карта ойнама! Оған салынсаң құмарпаздыққа ұшырап, алтын уақыттан ұтыласың. Бір-біріңе ырың-жырың қарыз болып тәжікелесіп жүріп, достарыңнан ажырайсың. Одан соң қазіргі кезде темекі тартуға құмар жастар көп. Ол денсаулыққа өте зиянды нәрсе, – деді» деген жазушы Құлтөлеу Мұқаштың М.Әуезов туралы естелігінде мақалдың астарындағы тыйым мәні айқын көрініп тұр. Мұндай ерекшеліктерді халқымыздың болмыс ерекшелігімен біте қайнасқан әрі байырғы замандардан бері тілімізде де орныққан сөйлеушінің прагматикасымен тығыз байланысты деп тұжырымдауға болады. Бұйрықты, реплика ретіндегі лепті сөйлемдер арқылы да тыйым мәні айқын беріледі: «– Ал жүрейік, шешей. – Қайдағы шешей! Өзің орта жасқа келген жігітсің» (Қ.М.); «– Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер! – деді» (М.Әуезов, Шығ.). Сұраулы сөйлемдер арқылы осы мәннің берілуі: «Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да, ыза болды. – Өй, балам-ау, мына жер – жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып, жаман ырым бастағаның не қылғаның? – деді (М.Әуезов, Шығ.)»; «– Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме! Тіпті, басың жас, үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жүр. Өзімен кетсін! Көріп-біліп нетесің? – деді. (М.Ә., Шығ.). Мүшеленбейтін сөйлемдер, оның ішінде вокатив сөйлемдер: «Қашаннан бері Серкебаев бола қалдың? Оның сыры да белгілі. Шайбай басқа жауап айта алмай: – Өй, Махмұт! Өй, Махмұт! - деп, өзіне тән ширақ қимылмен лап етіп, Сұлтанмахмұтты алдынан орап құшақтай алып еді» (Д.Ә.). Ж.Ибраимова вокатив сөйлемдердің табиғатында белгілі бір кісінің ойындағысын айтуға тыйым салу, сөйлеушіні тоқтату мәндері барын айтады. Мүшеленбейтін сөйлемдер бастауыш, баяндауыш болып жіктелмейтінін ескерсек, вокатив сөйлемдерге тыйым мәнін сыйғыза білу коммуникативті мақсаттан, оның ішінде тілдің үнем табиғатынан туындаған деп түйіндеуге болады. Мәнмәтін құрамындағы мына үзіндіні алсақ, «– Ақырын, ұят болады! Қазақ болмай кету – оңай, сенің үйге қондырмағаныңа оның ештеңесі де құрамайды, айналып келгенде, өзің ұятқа қаласың. «Үйінен қуып шықты», – деп, жұртқа ертең әдейі жаяды. Үндеме, «таспен атқанды аспен ат» (Б. Нұржекеұлы, «Бір өкініш, бір үміт») отбасылық қатынасқа негізделген күйеуі мен әйелі арасындағы тыйым мәні көрінеу түрде берілгені байқалады. Кейіпкер сөзінде гетерогенділіктің белгісі, пікірді экспрессивті жеткізуге ұмтылыс бар. Кейіпкер тек бір ауыз сөзбен тыйып ғана қоймай, қазақтың қонақжай халық екенін еске сала отырып, танымдық аспектіде берген. Сонымен қатар мәтін деңгейінде жалпы бір-біріне байланысты сөйлемдер, «ақырын» сын-қимыл үстеуі арқылы, «үндеме» болымсыз етістігі арқылы, әйелінің оғаш қылығына деген наразылығы, тыюы берілген. «– Сенде тәуба жоқ! – Өз көзін алақанымен қатты-қатты сүйкеп, Бәтжан күйеуіне алара қарады. – Мың жерден жыласаң да жасаған иенің жазуы болады. Жоқ жалғызды жоқтап жылай бергенше, бір жалғыздың амандығын ойлап тәуба десеңші, байғұс» (Б. Нұржекеұлы «Бір өкініш, бір үміт») деген мысалда тыю мәні көмес түрде берілген. Кемпірінің шалының көңілі босағанына тоқтау айтып, оның астарында «жаман ырым шақырма» деп босқа жылаудан тыюы көрініс тапқан. «Жоқ жалғызды жоқтап жылай бергенше, бір жалғыздың амандығын ойлап тәубә десеңші, байғұс» деген сөйлемді логикалық түрде параллель түрде құрастыру арқылы экспрессивті реңкті көрсеткен. Бұл сөйлемнің табиғатында шешендік сөздерге тән мотив байқалады. Келесі мысалда да тыю мәні көмес түрде байқалады: «– Қызықсың, тәте, мен Зейнел түгіл айдаладағы елдің баласына да жақсы бол деп тәрбиелеуге тиіспін, мен мұғаліммін. Сөйте тұрып өз ініме жамандық ойлайды дегенге шынымен-ақ нанасың ба? Кейбір жөн-жосықты менің әлі білмеуім мүмкін. Шәзия да білмейді, сен енді бізден үлкенсің ғой, кішкене үлкендігіңді жасасаңшы» (Б. Нұржекеұлы «Бір өкініш, бір үміт»). «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» дейтін халық даналығында үлкенге сөз қайтару, асыра астам сөйлеу – әдепсіздіктің белгісі. Әпкесін бос ұрыстан тыйған інінің ізеті тұтас мәнмәтін арқылы беріліп тұр. Әрі бұл сөйлеу актісінен полемикалық қатынас байқалады. Р.Әмір «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері» атты еңбегінде сөйлеуші пікірін айтар алдында екінші жақтың оған кері қайтаратын жауабын ескеретінін, пікірі де осыған сәйкес құрылатынын айтады. Яғни полемикалық сипат тікелей сөйлемнің құрылымына әсер етеді. Кейіпкер әпкесінің қатты мінезінен сескеніп, тікелей айтпай, көмес түрде айтуы арқылы үйдегі ұрыстың алдын алып тұр. «– Қой, шырағым, сен әлі жассың. Бір қыз үшін басыңды бәйгеге тікпе. Тілімді алсаң, рұқсат бере алмаймын, – деді Естеміс» («Қобыланды батыр» жыры) деген сөйлемдерде әкенің баласын тыюы көмес түрде берілген. Бұл қаратпа, қыстырма сөздер арқылы, сөйлем арқылы көрініс тапқан. Бұның да түп бастауы қазақы тәрбие, ұлттық болмысқа тікелей байланысты. Ер жігіттің жауапты қадамының алдында үлкендер бата берген, орынсыз қылығына тоқтау айтқан. Жырдағы бұл үзінді арқылы жас баласын тыйған әкенің тәрбиесін көре аламыз. Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Бай мұралы ауыз әдебиетіміздің ішінде естірту, көңіл айту өлеңдерінің астарында да тыю мәні бар. Халқымызда өлген адамның артынан жоқтау бар да, қатты жылау құпталмайтын істердің қатарына жатады. Өйткені қайтыс болған адамның рухы тынышталмайды деп ұғынған халқымыз естірту, көңіл айту өлеңдеріне осы мағынаны сіңіре білген.