Сонымен, қорытындылайық... Мен ата-аналардың осы жиналыстағы көңіл-күйі мен сезімдерінің қандай болғандығын келтіріп көрейін.
1) Сынып жетекшісі ақыл сұрағанда, ата-аналардың психологиялық ахуалы күрт көтеріліп, олар өздерін жоғары ұстап, ақыл айтып, көтеріңкі көңіл-күйде болды.
2) Балаларының шынын айтқан таспаны тыңдағанда, ата-аналарды бір-біріне қарама-қарсы сезімдер биледі: бір жағынан олар әбіржіп әрі ұялып, ыңғайсызданып қалса, екіншіден, оларды ашу-ыза кернеді («Мұнысы несі?!. Мен оны жазаласам – жақсы болсын деген ниетімнен емес пе?!. Бұл бәленің қалай ғана әкесінің/анасының жасағанын елге айтуға дәті барды екен?!. Қап, тоқтай тұр: үйге барғаннан кейін сазайыңды шындап танытпасам!..»).
3) «Теледидар» слайдын көрген соң ата-аналар шынайы сезімде болған секілді: олар іштей жүректерін жылатып, өздерінің дұрыс әрекет жасамағанын түсінген секілді. Ата-аналар мына екі нәрсені іштей мойындаған секілді: «Мен баламды білмейді екенмін ғой!.. Мен баламды қалай тәрбиелеу керек екендігін де білмейді екенмін-ау!»...
4) Сынып жетекшісі өздерінің балаларына келеңсіз тәрбие беруіне «көзі ашылған» ата-аналарды ұялтқан жоқ. Оларға ақыл айтқан жоқ: керісінше, олармен ақылдасты, бағана айтқан ұсыныстарын қабылдап, оларды қалайша шынайы түрде жүзеге асыруға болатындығы туралы ойларымен бөлісуге шақырды.
5) Нәтижесі. Ата-аналар жиналыс басында бала тәрбиесі туралы ақылды басқаларға айтып, оларды басқаларға қажетті және міндетті деп түсінген еді. Жиналыс соңында ата-ана енді бұл айтқандарының бәрі де өздері үшін қажетті әрі міндетті екендігін мойындаған. Олардың бұл ақыл-кеңестерді балаларын тәрбиелеуде қолданады деп тұжырымдауға болады деп есептеуге әбден тұрарлық.