Сыртқы сезімдерді тәрбие қылу. Сыртқы сезім адамның жан тұрмысы үшін аса қымбат болғандықтан, баланың бұл сезімдерін аса жақсы тәрбие қылу керек. Бірінші, бұл сезімдердің сау һәм берік болуына, екінші, бұл сезімдердің өткір, терең, дұрыс болуына ыждиһат қылу керек. Және бұл сезімдерді тең тәрбие қылу керек. Бұлардың біреулері жақсы тәрбие қылынып, біреулері нашар тәрбие қылынса, жан‑тұрмысы да тегіс, бүтін болмақ емес. Онда да кетіктік, кемдік болмақ.
Енді сыртқы сезімді жеке‑жеке тексерейік.
Көру. Көру құралы – көз. Көз ұясы деп аталған шұңқырдың арт жағында мидан көру нервтері келіп бұтақтанады. Сыртқы дүниедегі бір зат яки бір көрініс көру нервтеріне әсер береді. Нервтер бұл әсерді миға алып барып, миды оятады. Мидан әсерді жан қабыл қылып алып, жанда көру әсерленуі болады. Таза көру әсерленулері екеу: жарық әсерленулері һәм түс әсерленулері. Бұлардан басқа тағы екі әсерлену бар: заттың қозғалысы һәм түрінен әсерлену, екінші түрлі айтқанда, зорлық һәм қашықтық әсерленулері ұзақ тәжірибелерден соң ғана болады. Бұл сөздің дәлелі мынау: тума соқыр адам операция жасап доктор көзін ашып жібергенде заттардың түрін айырмайды дейді. Мысалы, заттардың қайсысы домалақ, қайсысы төрт бұрышты екенін айырмаса керек. Және көзі ашылған тума соқыр заттардың қашықтығын да айырмайды дейді. Яғни заттардың бәрі көзге жап‑жақын тұрғандай. Аяқ аттаса соғылып қалатындай көрінсе керек. Тегінде жас бала да бастапқы кезде осы көзі жаңа ашылған тума соқыр сықылды болатын шығар‑ау.
Баланың көру әсерлері. Баланың көру сезімі бірте‑бірте көп тәжірибелер арқылы ғана ұлғаяды. Бастапқы кезде баланың көзі тіпті көрмейді деуге болады. Жаңа туған баланың көзіне жақындатып бір затты алып барсаң, бала кірпігін де қақпайды. Тегінде баланың ұзақ уақыт кірпік қақпауы – көрмегендіктен. Жұмыс қылмаған дене шаршай ма? Қажи ма? Әрине, жоқ.
Бала ең алдымеи жарықты көреді, шамға қарайды. Шамды жүргізсең, шамға еріп көзін жүргізеді. Бірақ балада екі көзбен бір жерге қарау тез болмайды. Баланың бір көзі бір затқа қарағанда, екінші көзі екінші затқа қарап тұрады. Яки басы бір жаққа бұрылғанда, көзі екінші жаққа қарап тұрады. Үшінші айға қарағанда ғана бала екі көзімен бір жерге қарай алады. Және бала бастапқы кезде көзін билеп, өзі тілеп, бір затқа қарай алмайды. Баланың көзін билеп, өзі тілеп қарай бастауы екінші айда басталады. Ал енді үшінші, төртінші айда бала бақылап қарауға үйрене бастайды. Бұл уақытта баланың бар ісі заттардың түсін һәм түрін айыру болады. Үш жасқа дейін бала түстерді төмендегі тәртіппен айырып үйренеді: сары, қызыл, күрең, қара, алқызыл, сұр, жасыл, көк. Түр айыру қиынырақ болғандықтан, заттардың түрін бала кеш айырады. Әйел бала түстерді, ер бала түрлерді тезірек айырады деседі. Ал енді заттардың қашықтығын айыру балаға өте қиын жұмыс. Алты айға толған бала да кішкене саусақтарын жайып аламын деп айға ұмтылады. Бала заттардың қашықтығын көп тәжірибелерден соң ғана айыра бастайды. Екі жасқа қарағанда бала кәдімгідей көретін болады.