Өзімшілдік ішкі сезімдердің біреуі – ашу. Екінші кісі тарапынан бізге әдейі көлденең тартылатын бір бөгетке, кедергіге ұшырасақ, біздің жанымызда ашу сезімі пайда болады. Бізге бір жансыз нәрсе зиян қылса, кедергі болса, яки бір адам байқамай бізге кедергі жасаса, біз оған ашуланбаймыз. Қысқасы, ашу сезімі адамда екінші бір адамға қарсы ғана оянады. Баланың ашуланып қуыршақты, шыбықты ұруы баланың сол нәрселерді жанды деп білуі нен. Ашу ең күшті дәрежеге, құтыру дәрежесіне жеткенде, адам ақылынан айырылып, не істегенін білмейді. Балада қайрат әлсіз, бала өзінің күшін шамалай алмайды һәм маңайындағы нәрсенің бәрін жанды деп біледі. Сондықтан балада ашу сезімі тез оянады: ол жылдам ашуланады. Баланың ашуы жылаумен, айғай салумен һәм ашу тудырған нәрсеге зиян келтіруге ұмтылумен жарыққа шығады. Бала қатты ашуланғанда не шалқасынан, не етпетінен домалайды, жер тепкілейді. Қолына түскен нәрсені тырнайды, тістейді. Баланың мұндай ашуын бітіру үшін долданып жатқан баланы байқамағандай болу керек. Бала өзі басыл ған соң, ұрыспай, жай ғана балаға былай долданудың ұнамсыз екенін, түбі пайдасыз екенін ұқтыру керек. Ашуланған бала сол ашуды туғызған нәрседен өш алуға ұмтылады. Балаға өш алдырып үйретпеу керек. Адамнан, малдан өш алдыру былай тұрсын, жансыз нәрседен де өш алдыру дұрыс емес. Мысалы, табалдырыққа сүрініп жығылған балаға табалдырықты ұрғызу яки ұру жөнге келмейді. Өш алдырып үйрету баланы малға, жанға – бәріне де қайырымсыз, қатал қылып шығарады.
Қорқу сезімі адам жанында адам бір бақытсыздық күт кенде болады. Қорқу сезімінің бірнеше басқышы бар. Жеңіл қорқу тынышсыздану деп, қатты қорқу үрей ұшу деп аталады. Қорқу сезімінің күштілігі келе жатқан қорқын ыштың шамасына, дененің сезімпаздығына байлаулы. Қиялы бұзылған яки денесі ауру адам қорқақ болады. Корқу сезімі неғұрлым күшті болса, оның жанға һәм денеге әсері де сонша күшті болады. Үрей ұшқанда адам қозғала алмай, сөйлей алмай қалады. Есінен айрылады, кейде кенет шашы да ағарып кетеді.
Бала тым қорқақ келеді. Мұның себебі – баланың қиялы тым тірі һәм денесі әлсіз. Бала желден, сықырлаған есіктен қорқады, қозыдан, лақтан қорқады, жат кісіге жоламайды. Әсіресе көп қорқытылған бала тым қорқақ болады. Ал енді қорқытылмай өскен бала батыр болады. Мұндай бала қараңғы үйге кіріп жүре береді. Жалғыз жатып ұйқтай береді. Баланы қорықпайтын ер қылып өсіру үшін оның денесін һәм жанын сау, берік қылып тәрбие қылу керек. Алдымен баланы ешбір уақыт қорқытпау керек. Бөки келеді, жалмауыз кемпір келеді, пері, жын, шайтан, албасты, обыр келеді деген сықылды сөздермен баланы қорқыту қып‑қызыл зиян. Мұндай сөздерді, ертегілерді, әңгімелерді естіп өскен бала өмір бойы су жүрек, қорқақ болады. Жасында қорқытып үйренбеген бала өскенде ер болады. Ер болып үйренуден адамға ер болу керек деген құр сөз пайда бермейді. Ерлікке іспен үйрету керек. Мысалы, қараңғы үйге кіруге қорқатын баланы үлкен адам өзі бірге алып кіргізіп үйретсе, бала қорықпайтын болады. Тырсылгүрсіл, қатты атыс, соғыстың ішінде жүрген адам қорқудың не екенін білмейді.
Жоғарыда айтылған баланы қорқыту қате деген сөзден балаға жаза қылудың дұрыс еместігі келіп шығады. Яғни баланы жазамен қорқыту еш дұрыс емес. Жазамен қорқытқанда бала нәрсені істегісі келіп істеп, болмаса істемегісі келіп істемейді емес, жазадан қорыққаннан ғана не істейді, не істемейді. Яғни бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді. Баланы ұру, соғу ісі – адамшылыққа ұнамайтын іс. Ұрылып, соғылып тәрбие қылынған бала жанының бар жақсы мінездерінен, ақылынан, есінен айрылып, миғұла болады. Өтірікші, алдауыш болады. Су жүрек, жасқаншақ болады. Ұру баланың денесіне де көп зиян келтіреді.
Қазақта бала ұрмайтын ата‑ана сирек шығар. Талай ата «жүгермек» деп, талай ана «көкала келгір» деп жап‑жас балаларын салып‑салып жіберіп, сілейтіп тастаушы еді‑ау!
Әсіресе молдекелер!
Таң атқаннан күн батқанша, көк шыбық сынғанша сабайды. Баланың көзі кітаптан кішкене бұрылып кетсе, салып жібереді. Қарғыс тигір көк шыбықтың сорлы баланың арқасына шып‑шып тимейтін шағы бар ма еді? Көк шыбық тиген сайын қайқаңдап, жас жүрегіміз елжіреп, көзіміз ыстық жасқа толып, зарменен әліпсін‑ә, әлбәсін‑әй деп талайымыз отырмап па едік? Молда атын көтерген хайуан бар күшімен құлағымыздан тартқанда, тістеніп тұрып тілімізді тартқанда, талайымыздың құлындағы дауысымыз құраққа шықпайтын ба еді?
Надан молданың осындай хайуандық әсерінен талайымыз‑ақ «сабақ», «молда» деген сөздерді естігенде денемізге суық су құйып жібергендей болмаушы ма едік.
Қазақтың кейінгі буын балалары! Хайуан құлықты надан молдалар заманында тумағаныңа қанша шүкірлік қылсаң да аз.
Ал енді баланы ұрма, ұрыспа, сөкпе дегеннен бала біржола тізгінсіз болсын, істеген істері туралы ешкімге жауап бермесін деген сөз шықпайды. Абзалы, тәрбиеші баланың нашар істі өзі істемеуіне, нашар мінезден өзі қашуына тырыссын. Яғни ешкім айтпай, қорқытпай, баланың өзі жамандықтан, нашар мінездерден жиренетін болсын. Баланы мұндай қылып шығару қорқыту, үркіту арқасында емес, бәлки махаббат, жылы сөз, жұмсақ іс арқылы ғана болуға мүмкін. «Жылы‑жылы сөйлесе, жылан інге кіреді» есте болу керек. Таяқ адамды емес, үйретсе аюды ғана үйрете алар.
Жоғарыда біз бала істеріне жауапты болуға тиіс дедік. Бұл сөздің мағынасы баланың нашар ісіне жаза шеттен алынып келінбесін. Яғни бір нашар іс үшін баланы ұру, ұрсу, бір нәрсе бермеймін, яки бір нәрсесін алып қоямын деп қорқыту жарамайды. Бұлай істегенде бала нашар істен сол істің нашар болғандығы үшін тыйылмайды, бәлки таяқтан, сөзден аман қалу үшін, бір нәрсені алу, яки бір нәрседен айрылып қалмау үшін ғана тыйылады. Ал енді бала нашар істен сол істің нашарлығын біліп тыйылсын десек, сол істің нашарлығын іспен көрсету керек. Яғни нашар істің нәтижесі де нашар болатынын бала іспен көрсін. Мысалы, өтірік айтқан адамның сенімі кетеді, ұрлық қылған адамның қадірі кетеді.