Сұлулық сезімдерін тәрбие қылу. Әр адамңың сұлулық сезімдері әр түрлі нәрседен оянымпаз болады. Біреудікі музыкадан, біреудікі сұлу суреттен, біреудікі поэзиядан. Искусствоның әйтеуір ірі бір түрінен ләззат алмайтын, біреуіне құмар болмайтын адам болмайды. Тәрбиешінің міндеті – балада искусствоның қандай‑қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол ынтасын, сол туғызатын сұлулық сезімдерін өркендету. Өркендету жолдарынан төмендегі жолдарды көрсетуге болады:
1) Балаға жаратылыс сұлулығынан ләззат алғызу. Жаратылыста неше түрлі сұлулықтың бәрі бар. Бала бұлақтың былдырын, судың сылдырын, жапырақтың сыбдырын, орманның күңіренгенін, теңіздің гүрілдегенін естісін; жымыңдаған жұлдыздар себілген көк шатыр көкті, түрлі түсті кемпірқосағын, буыны жоқ бұраңдаған қайыңды көрсін. Жаратылыс сұлу. Бала сол сұлу жаратылыстың құшағында болсын. Балада сұлулық сезімдері еріксіз оянады. Тәрбиеші жаратылыстағы түрлі сұлулықтарға баланың іскерлігін аудара білу керек.
2) Баланың маңайындағы нәрсенің бәрі жинақты, ретті, таза болсын. Таза деген сөзді қымбат деп ұғу қате. Тег інде қымбаттың бәрі сұлу деп ұғу қате ғой. Баланың маңа йындағы нәрсе қымбат болмасын, таза, ретті, тәртіпті болсын. Үйдің іші, киім‑кешек, ыдыс‑аяқ – бәрі таза болуға тиісті. Баланың үсті‑басы, денесі, беті‑қолы – бәрі таза ұсталуға тиісті. Баланың маңайындағы жүрген адамдар ретті, тәртіпті, таза болуға міндетті. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді. Тазалыққа үйренген бала таза болады. Былыққа үйренген бала былық болады. Ас жеп отырып әжесі жалаңаш қолымен мұрнын сіңбіріп яки баланың нәжісін ұстап, қолын жөндеп шаймастан тағы асқа кіріссе, бала да осыны істейді. Кейбіреулердің былықтықты ырыс көруі надандықтың әбден асқынғандығы ғой.
Баланың маңайындағы сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Былық сөздерді естіп өскен бала өмір бойы былық, былапыт тілді болады. Отағасы‑ау! Бала‑шағаның алдында былық‑былапыт сөздерді сапырып сөйлеуіңді қой. Қайдағы құдай атқан сөздерді естіп өскен ұлыңда қандай әдеп болады, қызыңда қандай қылық болады?!
Және баланың маңайындағы адамдардың жүріс‑тұрыс тары да әдепті, сұлу болуға тиісті. Сұлу дене, сұлу қоз ғалысты көріп өскен баланың денесі де, қозғалысы да сұлу болады. Жер жүзінде біздің қазақтың денесінен, қазақтың жүріс‑тұрысынан жексұрын дене, жексұрын жүріс‑тұрыс кемде‑кем‑ақ шығар. Аяғы қисық, жауырыны қушық. Ақыл қарында тұратындай‑ақ, қарны буаз биенің қарнындай салбырап жатса, би болады‑мыс! Семіз болып пысылдап отырса, айбынды «адам» болады‑мыс! Кейбір мырзалар сал боламын деп жүргенде қиқаңдай ма керек, бұраңдай ма керек, қарап тұрсаң жүрегің айнып, құсқың келеді. Осыларды көріп өскен қазақ баласының денесінде не сұлулық болады? Қазақ! Жұртқа күлкі болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру үйір болмайды.
3) Баланы сұлу искусствомен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін. Неше түрлі сұлу түрл ерді, түстерді көрсін. Сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Түрлі музыка құралдарының әуендерін тыңдасын, сурет салып үйренсін, ән салып, музыка құралдарын ойнап үйренсін. Міне, осыларды естісе, баланың сұлулық сезімдері өркендейді. Білу керек, топас адам – тірі өлік.
Құлық сезімдері
Адам өзінің әрбір ойына, әрбір ісіне ішінен баға беріп отырады. Ізгі ой, ізгі іс адамда жағымды сезім туғызады. Адамға қалай да болса, қашан да болса пайда келтіретін ой һәм іс ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу – адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе.
Ойдың яки істің ізгі яки жауыз болуына қарап, сол ойға яки іске іштен баға бергеңде, адамда болатын жағымды яки жағымсыз сезімдер құлық сезімдері деп аталады. Құлық сезімдері жасқа, дұрысын айтқанда білімге қарап, әр адамда әр түрлі болады. Білім неғұрлым төмен болса, құлық сезімдері де сонша төмен, тар болады. Мысалы, білімі кем адам бір ой яки іс түбінде пайдалы болып шығар ма, жоқ па, оны байқай алмай, сол уақытында жағымды, пайдалы болса, оны ізгі ой, ізгі іс деп біледі. Ұрлық қылған надан адам «ұрлық түбі қорлық» екеніне көз жібере алмай, уақытындағы пайдасын ғана көреді. Бала барлық еркелігінің, барлық тілегінің орындалып отырғанын ғана жақсы көреді. Еркеліктің орыңдалуын ізгілік деп біледі, еркеліктің орыңдалмауын жауыздық деп біледі. Ал енді адам есейген сайын, дұрысы, білімі артқан сайын оның құлық сезімдері де жоғарылай, тереңдей, кеңейе береді. Яғни адам ақылы тереңдеген са йын дүниеде ол жалғыз өзі тұра алмайтындығын, басқа адамдармен бірге тұруға мұқтаждығын, өзінің ойын һәм ісін басқа адамдардың ойлары һәм істерімен қабыстырып отыруға міндеттілігін, яғни өз басына келетін пайдаға ұмтылып, өз басына келетін зияннан безбей, сол өзгемен бірге дүниеде тұратын басқа адамдарға да пайда келіп, зиянның болмауын тілеу тиістілігін, міне, адам білімі, ақылы тереңдеген сайын осыларға ұмтылады. Яғни оның құлық сезімдері осылай тереңдейді.
Мысалы, балада бір ауыздан анасын сүю сезімі оянады. Ананы сүю, анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Біраз ес білген соң туысқандық сезімі, яғни араласып айналасында жүрген адамдарды сүю сезімі оянады. Онан соң білім тереңдеңкіреген кезде адамда елін сүю сезімі оянады. Өз‑өзін сүю сезімі жер жүзіндегі барлық адамзатты сүю сезіміне алып барады. Бұл сөздердің көрінісі – ізгілік деген сөздің дұрыс, һәм толық мағынасы мынау екен: әр адамның өзін сүюі, яғни жауыздықтан безіп, ізгілікке үмтылуы, туысқандарын сүюі, яғни оларға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, өз елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп, зиян келтірмеу, һәм басқаларға зиян келтірткізбеу, ең негізінде біткен адамзатты дос, һәм бауыр көру екен. Міне, кімде‑кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе біткен адам баласы бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз. «Әсіресе» деген сөзді қосуымыздың мәнісі мынау: адамның өзін‑өзі сүюі, туысқандарын сүюі бұл ол адамның құлық‑мінездерінің төмен тұрғандығын көрсетеді. Өзін‑өзі соқыр сезіммен мал да сүйеді, пайдаға ұмтылады, зияннан безінеді. Туысқандарын мал да сүйеді, бие құлынын қорғайды. Адамның шын мағынасымен адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт. Өзінің һәм жақындарының ғана пайдасын іздемей, жалпы момын халықтың пайдасын іздеуі шарт. Халық пайдасын өз пайдасынан да ілгері қоюы шарт. Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін. Қазақтың жазушысы Міржақып Дулатов бір өлеңінде:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан, шаруаңа жараса, алаш,–
дейді. Міне, алашты халық десек, халықты шын сүйген адам «жарты жаңқасы» қалғанша халық үшін қызмет істеуге тиісті. Өз елін сүю дегеннен адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды. Бұлай болса жер қанға тұншығып, бұзақылық белең алып, жауыздық өрлеп, жер жүзінде тыныш тұрмыс болмас еді. Европа мемлекеттерінің мына 1914 жылдан бері қан төгіп жатқаны, одан бұрынғы да соғыстар бұған айқын дәлел. Әрбір халық бір‑біріне жау болсын деп ұғу қате, адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті. Міндетті ғана емес, еріксіз сүймек. Жер жүзіндегі адам адамды сүймек. Бұл – адамның жаратылысындағы негізгі мінез.
Осы жерде «дін сезімдері» деп аталатын сезімдер туралы бір‑екі сөз айтып өтейік. Бірқатар адамдарда мынадай бір пікір бар: адамның құлық сезімдері күшті болу үшін, яғни адам ізгі болу үшін, жауыздықтан тыйылып, еркіндікке ұмтылу үшін адамда дін сезімдері күшті болуы керек. Дін сезімдерінің негізі – дүниені жаңартушы, дүниеде барлық нәрсені істеп тұрушы бір тәңір бар деп сену һәм сол тәңірге адам өзін пенде деп білу. Тәңірінің құдіреті алдында адам өзінің әлсіздігін сезіп, тәңірге құлшылық қылу, яғни жауыздықтан тыйылып, ізгілікке ұмтылу. Барлық кемшіліктен азат тәңірге жағу үшін барлық кемшіліктен безу.
Ізгілік істесе – тәңірінің көңілін табуға, разылығын алуға, махаббатын тартуға яғни жұмаққа кіруге сену. Жауыздық істесе – тәңірінің наразылығын алуға, ашуына, қаһарына ұшырауға яғни тамұққа кіруге сену. Міне, дін сезімдерінің негізі – осы. Осы дін сезімдері күшті адам яғни тәңірінің барлығына, құдіретіне сиынып, онын махабатын алуға, қаһарына ұшырамауға ұмтылатын адам өмір бойы ізгілікке ұмтылып, жауыздықтан безбек.
Дін сезімдері туралы пікір осы. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Бұл пікір туралы бұл күндегі үстем ой, ғылымға сүйенген үстем ой мынадай: дін сезімдеріне мұнша артық баға беру, адамды жауыздықтан бездіріп, ізгілікке ұмтылдыратын – дін сезімдері ғана деп ұғу дұрыс емес. Құлық сезімдері, яғни адамның жауыздықтан безіп, ізгілікке ұмтылатын мінезі адамның жаратылыстарында бар. Кісі өлтіру, ұрлық қылудың жауыздық екенін білу үшін дінді білу шарт емес. Ізгілікті сезу – адамның жаратылысына, табиғатына берік байланған нәрсе. Дін ескі емес, адам ескі. Дін ескі емес, жаратылыс, табиғат ескі. Ізгілікке ұмтылдыратын дін адамн ың жаратылысын жасаған емес, ізгілікке ұмтылатын адамның мінезі дінді туғызған. Сондықтан адамның кұлық‑сез імдеріне дін сезімдерін негіз қылып алу, адамның құлықты бо луын дінді болуына байлау дұрыстыққа келмейді. Бұл – бір.
Екінші, адамның бір нәрседен тыйылуы, бір нәрсеге ұмтылуы екінші бір затты сыйлағаннан, сол затқа жағыну үшін болмай, дұрыстық үшін болса, нағыз тынымды, тиянақты, игі ұмтылу һәм тыйылу осы болмақ. Бір адамды сыйлап істелген ізгілік рия болса, «тәңіріні» сыйлап істеген ізгілік те рия. Рияның адамға пайдасы жоқ. Рия адамды түземек емес, бұзбақ. Кемшіліксіз идеал бар: адам дүниеде ісін идеал үшін істесін, идеал үшін тұрсын, және сол идеалдай түгел боламын, кемшіліксіз боламын деп ұмтылсын.
Құлық сезімдерін өркендету жолдары
Кұлық сезімдерін өркендету үшін төмендегі жолдарды көрсетуге болады.
1) Баланың маңайындағы адамдардың құлықты болуы. Бала ізгі құлық пен жауыз құлықты айыра алмайды. Оларды бала маңайындағы ересек адамдардың сөздері һәм істері бойынша ғана айырады. Солар бойынша ғана ізгі мен жауыз құлық туралы ұғым жасайды. Мысалы, бала атасының ұрлық қылғанын білсе, ұрлық қылу ізгі құлықтан саналады екен деп ұғады. Сондықтан баланың ізгі құлықты болуы үшін оның маңайындағы адамдар, ата‑ана, туғантуысқандары өздері ізгі құлықты болуға тиісті. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны қылады.
Және баланың бірге ойнайтын жолдастары да дұрыс, ізгі құлықты болсын. Балаға ересек адамнан өзіндей бала жақын. Бала өз құрбысына еліктегіш, өз құрбысының тілін алғыш, құлқына, мінезіне сенгіш келеді. Өзінің ізгі, жауыз құлқын бала құрбылары арқылы жарыққа шығарып әдеттенеді. Сөгіседі, ұрысады, төбелеседі, ұрласады, өтірік айтысады. Осы себептерден тәрбиеші баланың жолдаст арының дұрыс құлықты болуларына өте ықтият қылу ке рек. Балада құлық сезімдерінің бекуі, кеңеюі, тереңдеуі үшін балаға әдебиеттен, тарихтан өрнек әңгімелер сөйлеу һәм оқыту керек. Әрбір ұлттың әдебиетінде ізгі һәм жауыз құлыққа өрнек болғандай әңгімелер толып жатыр. Солармен дұрыс пайдалана білу керек. Яғни әдепті бол, әділ бол, өтірік айтпа деген сықылды. Құрғақ, жалаңаш сөзде пайда жоқ. Баланың алдына құлықтың әрбірі әдейі киініп өрнек күйінде ғана келсін. Өрнектен нәтижені бала өзі‑ақ шығарып алады.
2) Үйде һәм мектепте дұрыс тәртіп болу. Үй һәм мектептегі тәртіп баланы ізгі құлықтарға әдеттендірсін. Әдеттендіру мынадан табылады. Үй һәм мектептегі тәртіп құбылмалы болмасын, яғни ата‑ананың, мұғалімнің күйіне қарап тәртіп өзгеріп отырмасын. Тәртіп өзгермейтін ізгі құлық заңдарына негізделген болсын. Болмаса, бүгін жараған іс ертең жарамайтын болып отырса, балада тәрбиешіге сенім қалмайды. Бұл – бір. Екінші, баланың жаратылысы, табиғаты тілейтін нәрседен баланы тыю дұрыс емес. Жүгіруден, ойыннан тыю сықылды. Баланың жаратылысы тілейтін нәрседен тыйсаң, бала бұл жасама тәртіпті оп‑оңай бұрып кетеді. Яғни бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді. Баланың өтірік айтуы, алдауы оны жасама тәртіп ішіне қамаудан. Маңайындағы тәртіп, тұрмыстың құрылысы баланың жаратылысына қайшы болса, бала ондай тәртіпті аттап өтеді. Үшінші, тәрбиеші мен баланың арасы өте жақын болуға тиісті. Екеуі біріне‑бірі шет, жат деп қарамасын. Екеуінің арасында сенбеушілік болмасын. Бала тәрбиешіні мұңын тарқата алғандай, қуанышына ортақтаса алғандай, сырын шеше алғандай досым деп білсін. Бала тәрбиешіні осылай деп білсе, ол уақытта одан ешбір ойын, ешбір ісін жасырмайтын болады. Жасырмайтын болса, өтірік айту, алдау сықылды ұнамсыз құлықтарға орын да қалмайды.
3) Баланы құлық туралы ой жүргізіп үйрету. Бала барлық ізгі құлықтарды өзі басынан кешіріп, яки маңайыңда ғы адамдардан көріп, біліп бітіре алмайды.
Алдағы өмірінде құлықтардың әлденеше түрлеріне ұшырауға мүмкін. Ол уақытта мен мына құлықпен таныс емеспін, сондықтан мұны ешнәрсе деп айта алмаймын деп отыра алмайды ғой. Алда, болашақ өз істеріне һәм басқа адамдар ісіне құлық көзінен баға бере алуы үшін оның құлық туралы ерте күннен ой жүргізіп үйренуі тиіс қой. Сондықтан тәрбиеші, балаға түрлі істерді құлық көзінен салыстырып, сынатып үйретуге міндетті. Бала салыстырып, сынап үйрен се, құлық туралы белгілі берік бір ұғымға ие болады. Ол уақытта алдағы өмірінде дұрыс пен терісті, ізгі мен жауызды, ақ пен қараны дұрыс һәм жеңіл айыратын болады.
Қайрат
Біз кітабымыздың басынан бері жан көріністерінен ақыл һәм ішкі сезім көріністерін баяндадық. Енді жан көріністерінің үшінші түрі қайратқа көшеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |