Ғылыми жұмыс нәтижелері негізінде оларды қолданысқа енгізу бағытында мынадай ұсыныстар жасаймыз:
1. Жоғарғы оқу орындарындағы оқыту ісінде (қазақ тіл пәні бойынша) сөз семантикасы пәнін енгізу. Себебі сөз семантикасы лексика саласында ғана айтылып, көп мәселелердің басы ашылмай, тек жалпылама түрде түсіндіріліп келеді. Сөз мағынасын – сөздің «жанына» теңеген К.Ахановтың сөзін ескерсек, тіліміздегі құдіретті әрбір сөздің мағынасына жете үңіле зерттеуді талап ететіндей.
2. Сөз мағынасын оқытуда тілдік негіздер теориясына сүйене отырып анықтауды ұсынамыз. Себебі сөз мағынасын анықтау барысында жүргізілген игі талпыныстар нақты нәтиже бере қоймаған, көбіне бірін-бірі жоққа шығарып келген. Ал тілдік негіздер теориясы арқылы сөздің тұңғиық түбіндегі дұрыс мағынасын анықтауға септігін тигізеді.
3. Сөз семантикасын оқытуда өзіміздің ұстазымыз Ш.Бекмағамбетовтың семантика, тілдің жалпы теориялық мәселелері, оның дүниетанымдық негіздері мен тіл философиясы талданған «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» атты монографиясын, М.Оразовтың сөз мағынасының құрылымдық элементтері мәселелері жөнінде жазылған «Қазақ тілінің семантикасы» атты еңбегін, Ғ.Хасановтың «Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы» ғылыми жұмысын т.б. жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің студенттеріне, магистранттарына сөз мағынасын оқытуда пайдалануды ұсынамыз.
4. Лексикалық семантика пәніңде мынадай мәселелер қарастырытуы керек: семантика мәселелерінің теориялық ұғымдары, лексикалық мағына, грамматикалық мағына, сөзжасамдық мағынаның бір-бірінен айырмашылығы мен ұқсастығы, сөз семантикасындағы макромағыналар, денотаттық мағына, сигнификаттық мағына, реляциялық мағына, сезімдік мағына ерекшеліктері, сөз семантикасындағы микрожүйесі, архисема, өзек сема, ортақ сема, арнайы сема, сема ерекшелігі мен айырмашылығы;
5. Тіл білімінде лексикалық семантиканы түсіндіруде тілдік негіздер теориясына сүйену ғылыми тұрғыдан негізді болуымен қатар, түсінуге қызғылықты, студенттердің белсенділігін туғызатын фактор болып табылады.
Қандай технология, әдіс-тәсілдер болмасын, оқытушы оны сабақ жоспары арқылы іске асырады. Біз, сөз мағынасын оқыту әдістемесінде төмендегідей практикалық және лекция сабақ жоспарының үлігісін ұсынамыз. Тақырыптар С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі «Қазіргі қазақ тілі семантикасы» пәні бойынша «Қазақ филологиясы» мамандығының студенттері үшін жасалған әдістемелік нұсқаулықтан алдық.
Достарыңызбен бөлісу: |