Махмұт Қашқари (11ғ) – түркі ғалымы, әйгілі «Диуани лұғат ат-түрк»



Дата16.10.2022
өлшемі17,72 Kb.
#43482
Байланысты:
Документ Microsoft Word (2)


Махмұт Қашқари (11ғ) – түркі ғалымы, әйгілі «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектің авторы. Толық аты-жөні – Махмұт ибн әл-Хусейн ибн Мұхаммед. Туған жері – қазіргі Қырғызстан жері, Ыстықкөл жағасындағы (кей деректе Шу бойындағы) Барсхан қаласы. Махмұттың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени-саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұт осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты-жөнінде қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен “Қашқариді” тіркеуінің мәнісі де содан. Ғалымның туған, өлген жылы белгісіз. Ол жөнінде өзі де, басқа зерттеулер мен сол тұстағы жазбаларда да ештеңе айтылмайды. Ол Қашқарда алған білімін одан әрі толықтыру мақсатымен Бұхара, Нишапур, Бағдат қалаларында болады, түркі тілінен бөлек араб, парсы тілдерін жетік меңгереді. Өз заманының аса білімді филологы, тарихшысы, этнографы, географы ретінде танылады.
Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк » атты еңбегі 1072 жылы 25 қаңтарда басталып, 1074 жылы 10 ақпанда жазылып біткен. Еңбектің түпнұсқасы бізге жетпеген. Оның жалғыз көшірмесі 1266 жылы жазылған. М.Қашқаридің еңбегі туралы алғашқы деректер ХІV ғасырдан басталады. Еуропаға тараған М.Қашқари еңбегі туралы алғашқы хабарлардың бірі – 1904 жылы Венгер академиясы жариялаған лингвистикалық жинақтағы мәлімет. М.Қашқари еңбегінің шын мәнінде зерттеу обьектісіне айналуы оның үш томдық түпнұсқасы 1915-1917 жылдары Стамбулдағы Ахмет Фирхат баспасынан шығу кезеңінен басталады.
Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты кітабы былай басталады: «Қайырымды, мейрімді Алланың атымен бастаймын. Енді Мұхаммедтің ұлы Құсайынның перзенті Махмұдтың айтар әңгімесіне назар салыңыз: «Мен Тәңірдің гүлденген мемлекетті түркілердің топырағында жаратқанын, өмір бірліктерімен сол топырақты ғажайып өрнектегенін көрдім. Тәңір оларды түркілер деп атап, асқан салтанатқа ие қылды. Түркілер өздерінің қатарына қосылғандарды барлық игі тілектеріне ортақтастырып, залымдардың зорлық-зомбылықтарынан сақтады. Олардың қаһарынан сақтану үшін түркілердің салты мен жолын ұстау сол заманының ақыл иелеріне дәстүр болып қалыптасты. Қасіретті мұңын түсіндіріп, шегіну үшін түркілерге өз тілдерінде сөйлеуден басқа жақсы жол жоқ» (Аманжолов К.Р. Қазақстан тарихы дәрістер курсы. 1 – кітап. А., 2004. 137.б ).
Түркі елі мен түркі тілі туралы осындай ой айтқан Махмұт Қашқари өзі жайында: «Сонымен, мен сол түркілердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан, соғыс ісіне мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шаһарлары мен сахарасын бастан-аяқ аралап шықтым. Түрік, түркімен, оғыз, шығыл, яғма, қырғыздардың сөздерін және (сөздерінің) қасиет, құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым. Мен бұл істерді осы тілдердегі әрбір кішігірім айырмашылықтарды парақтап білу үшін істедім. Сонымен олардың әрқайсысының тілі менің көңілімде ұялап, берік сақталып қалды. Мен оларды мұқият реттеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым. Бұл бір мәңгілік жәдігерлік, таусылмас-түгісілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат ат-түрк – Түрік тілдерінің диуаны» деген ат бердім» – деп баян етеді (Дала даналары. А., 2001.94.б). ХІ ғасыр табалдырығында тұрып ғұлама түрік тілі мен елі туралы хәм өзі туралы осындай тұжырымдама айтқан.
Махмұт Қашқари – түркінің тұңғыш тіл маманы, түркі тілінің оқулығын жасаған, грамматикасын түзіп, жалпы түркі әлемінде тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Түркология тарихында ол тұңғыш тарихи-салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды. Оның осы тілдерді салыстырмалы зерттеу тәсілі бүкіл Шығыс тілшілеріне ортақ зерттеу тәсілі ретінде өзінше бір мектеп болып қалыптасты. М.Қашқаридің өз айтуы бойынша ол бүкіл түркі халықарын түгелдей аралап шыққан да, сол кездегі Қарахандықтар мемлекетінің астанасы болған Қашқар қаласына барып, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматика оқулығын жазуға кіріскен. Оның еңбегінде өз заманының түркі тілдері сол тілде сөйлейтін халықтардың географиялық, орналасу тәртібі бойынша Византиядан шығысқа қарай рет-ретімен аталып өтіледі.
Тілдердің тазалығы мен қолданылу ерекшелігі жағынан М.Қашқари татар, ұйғыр тілін өз алдына жеке топ етіп, бөліп қарайды да, қырғыз, қыпшақ, оғыз, яруқ тілдерін таза түркі деген пікір айтады. М.Қашқаридың ойынша түркі тілдерінің ең жеңілі – оғыз тілі де, ең жақсысы, қолдануға қолайлы тіл – яғма, туғси тілдері мен кәзіргі Қазақстан территориясын, яғни Іле, Ертіс, Еділ өзендерінің бойын жайлаған халықтардың тілі. Күні бұрын қолданылып жүрген тілдер деп, бұл тілдер ішінен башқұрт, татар, қырғыз, үйғыр тілдерін айтуға болады дейді. Сонымен, түркі тілдерінің М.Қашқари жасаған алғашқы классификациясы екі түрлі негізге: 1. түркі халықтарының орналасу ретіне, яғни, географиялық мәліметтерге, 2. түркі тілінің әрбір тобының өзіне тән фонетикалық, морфологиялық қасиеттеріне, яғни лингвистикалық қасиеттерге сүйенген (Қ.Аманжолов). Ғалымның бұл кітабы ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы есепті. Онда өте бағалы, кейбір жағдайларда таптырмайтын, ХІ ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпалары жайындағы мәліметтер енгізілген. Сөздік этноним, топоним, рулық терминдер, әртүрлі қызмет атаулары, тағамдар мен сусын атаулары, үй, жабайы жануарлар, құстар, айлар мен апта күнтізбесі, дәрілік жабдықтар, астрономия, әс­кери, медициналық, діни т.б. атаулары қамтылған. Сол кездегі түркі халықтарының дүниені қабылдауы, этикалық нормалары мен құндылықтары, өзін-өзі ұстау әдеті тілге тиек етіледі. Әртүрлі тайпалар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар, Қазақстан мен Орта Азия аумағында болған кейбір тарихи оқиғалар жайында (мәселен, Ескендір Зұлқарнайын жорығы туралы) құнды мәліметтер бар. Тарихшылардың назарын өзіне аударған – шығармадағы дүние жүзінің ерекше картасы. Кітапта 400 мақал-мәтел бар.
Махмұт Қашқаридың дөңгелек картасы әлемнің ең ежелгі түрік картасы ретінде белгілі. Осы картада Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап түркі дүниесінің ежелгі шаһарлары, елді мекендері, жер бедері түгелдей дерлік қағаз бетіне түскен. Ертіс, Іле, Еділ секілді ірі өзендер, Ыстықкөл, Абысғұн (Каспий) секілді көл, теңіздер сол күйі аталады. Әр сол Х-ХІ ғасырлардағы атауларымен жазылған. М.Қашқари осы картаны назарға ұсынып, сипаттаумен қатар Рум жерінен сонау ұлы мұхитқа дейінгі аралықтағы түрік тайпаларының барлығына сипаттама беріп шығады. Әрі жер көлемін көрсетеді. Қай жерден қай жерге дейін мекендейтінін айтады. Ғалымның «Түркі сөздігінде» 45-тен астам түркі тайпасы мен руының аты аталады, олар: оғрақ, арғу (арғын), елке, оғыз, түрк, яғма, түркмен, шігіл, қашқар, қарлұқ, қыпшақ, үйғыр, қырғыз, бұлақ, соғды, татар, бұлғар, табғаш, басымыл, сувар, башғырт, таңғұт т.б. Әрі әр тайпаның тілдік ерекшеліктеріне тоқталады, тілді таза сақтаудың әлеуметтік, географиялық алғышарттарын сөз етеді. Осынау ең көне дәуірдегі түркінің әлемдік картасы, түркі дүниесі жөніндегі егжей-тегжейлі сипаттама, талдаулар ғалымның өлмес мұрасының басты бір қасиеті (Жүз жиырма тұңғыш. 1 – том. А., 2015. 115б.).
Мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің, сонымен қатар, тұрақты тіркестердің сонау ІХ-ХІ ғасырлардан бүгінге дейін жалғасқан тарихи жолы сайрап жатыр. «Қарындас десе, қарамадық. Қайын десе, қарадық», «Қонақ келсе, құт келер», «Кісі аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Күміс күнге қонса, алтын аяғымен келер», т.б. Бұл мақалдар М.Қашқаридың І-томында жинақталған. Қазіргі қазақ мақалдарының құрылысымен, үлгісімен тектестігін байқау да қиын емес. Кейбір қазіргі мақалдарды мағына жағынан да қайталап еске салып тұрғандай. Қазақ жұртының «Ел іші – алтын бесік», «Ер көркі – сақал, сөз көркі – мақал», «Не ексең соны орасың» секілді мақалдары ХІ-ХІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштердің мақал, нақылдарымен тікелей ұш тасып жатады. Ұлттық тарихи -мәдени мұраның өлмейтін өркені, өшпейтін тынысы, жоғалмайтын қазынасы.
Ежелгі түркі халықтарының сөздері қатарында жүрген есім сөздер, етістіктер, топонимдер, аңыздар, мақалдар қазір де қазақ тілінде жан-жақты қолданылады. Оның сыртында, сөздікте аталатын жер аттарының, тарихи оқиғалардың, соғыстардың, аңыз – хикаялардың дені казіргі қазақ жерінің аумағына тікілей қатысты. Мысалы: Ескендір Зұлқарнайын мен Шу деген түріктің жас батырына қатысты тарихи хикаядағы Шу шаһары, Шу атауы бүгін де жақсы мәлім. Ал, «Барс» атты шағын мақалада М.Қашқари түркі жыл қайыруының пайда болуын аңдататын мүлде жаңа аңызын ұсынады. Аңыз оқиғасы Іле өзенінің бойында өткендігі айтылады. Түркі қағаны өзі жаңылыса берген соң, жыл санауды ыңғайлы бір ретке түсіруді ойлайды. Ол үшін жылдарды 12 хайуан атымен атауды ұсынады. Содан кейін, аңға шыққанда аң, хайуан атаулыны Ілеге қарай тоғытып, қуалайды. Сонда Іленің арғы бетіне бірінші болып тышқан жүзіп шыққан екен. Одан кейін ілесе жүзіп шыққан жан-жануарлардың аттарын рет-ретімен белгілеп, санап, 12 жылдың атауларын белгілейді. 12 жылды бір мүшелге санайды. Жыл атаулары, реті қазіргі қолданылып жүрген жыл аттарына толық сәйкес келеді. Осы хикаяның өзі-ақ тарихымызды, ел тарихына тікелей қатысты байырғы оқиғаларды жақын таныстырып, ұлттық мәдениетіміздің өзіне ғана тән шарт, белгілерін алдыға көлденең тартатындай. (А.Егеубаев).
Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігі» – осыдан 10 ғасыр бұрын жазылған ұлы ескерткіш. Бүкіл түркі қауымының тіліне де құрмет белгісі, еліміздің, ғылымымыздың мәртебесін арттыратын, білім жолына жаңа бетбұрыс қадамдарға жол ашатын энциклопедиялық анықтамалық, рухани төлқұжатымыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет