ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСТІҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ.
ДӘРІС №2
XX ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюімен ерекшеленді. Отарлық саясат, әсіресе аграрлық салада пәрменді жүргізілді. Өйткені аграрлық мәселе қоныстандыру саясатына тығыз байланысты еді. Қазақ өлкесі бірнеше қоныстандыру аудандарына бөлінді: Торғай-Орал, Семей, Сырдария, Жетісу. Патша өкіметі «Қоныс аудару қорынна» (Переселенческий фонд) қуру үшін Қазақ өлкесіндегі «артық» жерлерді анықтайтын қоныстандыру басқармаларын құрды.
Қоныстандыру басқармалары әрбір қазақ отбасы 15 десятина жер үлесін алуға құқылы деген ереже енгізіп, ал қалған жердің барлығы Мемлекеттік меншік министрлігі басқаратын қоғамдық жер қорына берілетін болды. Мұндай тәртіптер қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуіне әкеп соқтырды. Агроном А. Кауфманның есебі бойынша, мал шаруашылығының қалыпты өмір сүруі үшін, әрбір көшпелі шаруашылыққа, мысалы, Сырдария ауданында 145 десятина жер, ал Жетісуда 110 десятина жер қажет еді.
1906 жылы Ресейдің премьер-министрі болып тағайындалған П.Столыпин елде аграрлық реформа жүргізуді қолға алды. Столыпиннің аграрлық реформасының түпкі мәні селоларда аграрлық буржуазияны, яғни орта дәулетті кулактар тобын қалыптастыру арқылы Ресейдегі аграрлық мәселені шешу болатын. Реформа бойынша шаруаларға әзіне тиесілі жер үлесімен қауым құрамынан шығып, жеке хутор құруға рұқсат етілді. П. Столыпин Ресей империясының шеткі аймақтарына, соның ішінде астық өндіру үшін өте қолайлы Қазақ өлкесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ жеріне Ресейден келген шаруаларды қоныстандыру мен кулак шаруашылықтарын құру үшін оларға жеңілдіктер беру жүйесі енгізілді. Әрбір хуторға 45 десятина жарамды және 15 десятина егістік жер берілетін болды. Жер бөлуші мекемелерге жергілікті көшпелі қазақтардың жерін тартып алып, олардың орнына орыс шаруалары мен кулактарды орналастыруға рұқсат берілді.