Осындай шаралар арқылы Столыпин орыс шаруаларын Қазақ жеріне қоныс аудару қозғалысына күшті серпін берді. Егер 1895-1905 жылдары Қазақ өлкесінің далалық облыстарына 294296 адам қоныстанса, ал 1906-1910 жылдар арасында қоныстанушылар саны 770 мың адамға жетті. 1897 жылғы санақ бойынша Дала өлкесінде орыстардың үлесі 20% құраса, ал 1917 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша олардың үлесі 42%-ға жетті. Түркістан өлкесінде орыс шаруаларының үлес салмағы 3,7%- дан 7,9% -ға дейін өсті. 1893-1905 жылдары қазақтардан 4 млн. десятина жер тартып алынса, ал 1906-1912 жылдары 17 млн десятинаға, 1916 жылы 40 млн десятинаға, 1917 жылы 45 млн десятинаға жетті
. Тартып алынған жерлер негізінен Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстарында болды. Бұл облыстардан 40,5 млн десятина, Жетісудан 4 млн десятина, Сырдария облысынан 500 мың десятина ең құнарлы жер алынды.
XX ғасырдың басында Қазақ өлкесінде тау-кен өнеркәсібі даму үстінде болды
Өйткені, қазақ жерінің қазба байлығын игеруде жақсы жолға қойыла бастаған еді. 1902 жылы барлығы 18695 жұмысшы еңбек ететін 197 өндіріс орны жұмыс істеген. Тау-кен өндірісімен бірге өнім өңдейтін шағын кәсіпорындар жуйесі де қалыптаса бастады. Бұл кезеңде өлкеде 690 кәсіпорын болса, ал онда 7297 адам жұмыс істеген. XX ғасырдың ең ірі деген өндіріс орындарына Қарағанды көмір шахталары, Қазақ өлкесінің шығыс және орталық аудандарындағы түсті металлургия, Орал-Ембі мұнай өңдеу кәсіпорындары кірді.
Ісжүзінде бұл өндіріс орындары шетел кәсіпкерлерінің, негізінен ағылшын, француз, американдықтардың қолында болды. «Спасск мыс кеніші» акционерлік қоғамының төрағасы ағылшын парламентінің мүшесі Артур Фелл, ал төрағаның орынбасары Франция президентінің жиені Эрнест Жан Карно болды. Орыстық-Азиялық деп аталатын Риддер мен Екібастұз кеніштерінің корпорациясы ағылшын компаниясының иелігіне беріліп, оған болашақ АҚШ президенті Герберт Гувер мен ағылшын қаржыгері Уркварт қаржы салды.
Қазақ жері арқылы өтетін теміржолдарды салу нәтижесінде теміржол жұмысшыларының саны өсе бастады. Мысалы, Орынбор-Ташкент темір жолының ұзындығы 1656 км құраса, ал онда істейтін жұмысшылардың саны 30 мыңға жетті. Бұл теміржол 1901-1905 жылдары салынып, Қазақ өлкесіндегі ең негізгі магистральге айналды. Жол бойында Шалқар, Қазалы, Перовск, Түркістан сияқты ірі бекеттер жұмыс істеді.