- Өздері сасып, көбейіп кетіпті тағы (О. Сәрсенбаев).
- Ананы бір, мынаны бір сұрап жүр, әлі құрығанын қарапайым жұрт қайдан білсін (Б. Нұржекеұлы).
Бұл мысалдардағы қатыны, сайқалдың, бықсыта, сасып, мыңқылдап дегенде жалпы халықтық қолданыстағы қарапайым сөздердің негізінде пайда болған дисфемизмдер. Қазақ тілбілімінде қарапайым сөздерді арнайы зерттеген ғалым Т.Т. Пірімбетов былай деді: “Қарапайым сөз категориясы қай тілде болмасын негізінен күрделі тілдік құбылыс болып келеді. Қазіргі уақытта жалпы түркологияда қарапайым сөздерді әдеби тіл нормасына жатпайтын сөйлеу тілі элементі ретінде қарастырады. Қазақ тілін зерттеушілер де қарапайым сөз категориясы турасында осы пікірді қолдайды.”
Негізінен, қарапайым сөздер ретінде қандай тұлғаларды тану керек деген мәселеде бұл категорияның мына секілді бірнеше белгілерінің барын атауға болады.
1. Қарапайым сөздер жалпы халық қолданылатын таралу шегі (изоглосы) болмайтын тұлғалар: бөсербай “мақтаншақ әрі өтірікші”, шойнақ “ақсақ” “жыртақай” “күлегеш”, бөшкебай “семіз” т.б.
2. Қарапайым сөздер әдеби нормаға жатпайтын сөйлеу тілі элементі: сандалма, былшылдама “сөйлеме”, аума “жарымес”, атаусыз “ассыз, тамақсыз”, кемшік “кем” т.б.
3. Қарапайым сөздердің әдеби варианттары болуы шарт. Бұл жөнінде Ш. Сарыбаев: “К просторечиям нужно, как нам кажется, отнести и также собственный казахские слова и слова иноязычного происхождения, которые имеют литературное произношение”, - деп көрсетеді. Мысалы, жымқыру -ұрлау, тызылдақ - күйгелек, мыңқылдама - сөйлеме, көди-сөди - майда зат, майда-шүйде, қопалақ - икемсіз т.б.
4. Қарапайым элементтердің нақты белгілерінің бірі-көпшілігі тұрпайы мәнді тұлғалар болып келеді: қыртпа “сөйлеме”, салдақы “жезөкше”, қатын “әйел, жолдас, келіншек”, буаз “аяғы ауыр әйел”, оттама “сөйлеме, тыныш отыр” т.б. Ал, бірқатар қарапайым сөздердің тұрпайылық мағынасы болмайды: кәдеуескі “кәдімгі”, біреуісін “біреуі, біреуін”, кірпікшешен “кірпі”, кәрмәншік “карманщик”, кеууіш “кебіс” т.б.
5. Қарапайым элементтердің басым көпшілігі эмоционалды-экспрессивтті тұлғалар болуымен қатар, бағалама (оценочность) қасиеттерінің болуында: шалапай “олақ, орашолақ”, бөшкебай семіз”, кәрі қарға “қарт”, сайқал “жезөкше”, мондыбас “ұйқышыл” т.б.
Бұл айтылғандарды қорыта келе, қарапайым сөздерге мына секілді анықтама беруге болады. Қарапайым сөз деп сөйлеу тілі элементі ретінде жұмсалатын, әдеби нормаға жатпайтын, жалпы халықтық тілдегі басым көпшілігі тұрпайы болып келетін, экспрессивті-эмоционалды реңкі бар сөздерді, сөз тіркестерін, грамматикалық тұлғаларды атау қажет. Қарапайым элементтер әдеби тіл үлгілерінде қолданылғанда көбінесе стильдік қызмет атқарады [61, 71-73 бб.]. Қарапайым сөздерді жан-жақты зерттей келе, Т.Т. Пірімбетов олардың 5 түрлі ерекшелігін осылайша басшылыққа алған болатын. Тіліміздегі қарапайым сөздердің мынадай ерекше сипаттары олардың дисфемизм болуына негіз бола алады.
1. Кез келген затты немесе адамды кемсітіп, төмендетіп айтады;
2. Тілдегі диалектілер сияқты шектелмейді, жалпы халыққа түсінікті болады;
3. Көркем әдебиет тілінде пайдалануға ыңғайсыз, дөрекі болып келеді. Осы үш ерекшелігі дисфемизмдерге де тән мұндай қарапайым сөздер дисфемизм бола отырып, көркем әдебиетте сан қилы жағымсыз мән тудыру үшін қолданылады және тек қана кейіпкерлердің тілінде ғана айтылады. Мысалы:
- Мешкей деген жақсы ат емес дегендей, жұрттың соңында қалыпты (Б. Ыбырайымов).
- Егер рас болса бүйтіп қарабет болғанша, сенің қаныңды ішіп қарабет болармын біржола! Дауды бітті деп алып, қайдағы бірдемелерді қайта бықсытқанын сіз ұялмағанда, кісі екен деп көңіл аудармай отырған сайтанқұлдар біз ұялуымыз керек екен ғой? (Б. Нұржекеұлы).
- Балпылдай бермей, жап аузыңды, -деп зекіген еді (З. Жәкенов).
Достарыңызбен бөлісу: |