Қатындар қазаныңның қақпағын жап,
Кетпесіп Алакүшік жалап ішіп.
Қатын сөзі бүгінгі ақын-жазушылар шығармаларында да көп кездесіп, көркем шығарма желісіне, оқиғаға ерекше реңк беріп тұрады. Мысалы:
– Көзінен қан ағып қатының қалады, бақадай шулап балаларың қалады… (Қ. Қараманұлы).
– Бұтын салбыратып қатыныңды мойныңа арқалап жүр, маған десең! (О. Сәрсенбеков).
– Ұрпақ керегін ұғатын болсаң, ана бедеу қатыныңнан алдымен құтыл! (Б. Нұржекеұлы).
–Жоқ, інім қатынсыз қалды деп қорқып отыр ма екем? (Б. Нұржекеұлы).
– Әй мына қатын қалай-қалай сөйлейді, әй? (С. Бақбергенов).
– Ана пұшық қатын әбден мойныма мініп алды (Ә. Найманбаев).
– Біздің қатынның шапанының етегі албаң-далбаң (С. Бердіқұлов).
– Темекіні сора түсіп, қайқы тұмсық қара қатын енді өзінің дағдылы қалпына ауыса бастады (О. Сәрсенбаев).
– Әлгі ас пісіретін май бөксе қатынға шай қайнаттырып ішпесем, бағанағы сүрі қазы мені шөлдете бастады (З. Жакенов).
Бұл мысалдарға арқау болып тұрған қатын сөзінің тарихы өте әріде. Бұл туралы мынадай дерек бар. М. Оразов, Ә. Қайдаров: “Тарихи салыстырмалы тұрғыдан қарасақ, қатын сөзі қазақ тілінде де, басқа түркі тілдерде де қолданылып, жақсы мағына берген. Ертеректе хатын сөзі түркі-монғол тілдерінде “ханша”, госпажа мағынасында қолданылған” - дейді [41, 116 б.].
Осыған ұқсас мынадай пікір бар: “Хатун” деп көне түрікте қаһан әйелдері мен қыздарын атағаны мәлім. “Қатын” - баба түрікте “даңқты әйел адам” (знатная женщина), үлкен дәрежелі кісінің әйелі. Жалпы, “сәждығ”, яғни шашты делінеді [42, 6 б.]. Өзбек халқы бұл сөзді күні бүгінге дейін жағымды сөз ретінде пайдаланады. Мысалы: Қыз-қотынлар бирлашингиз! Кейін ғасырлар өте келе жағымсыз мағына үстеліп, жағымды мағына аластатылған.
Б. Қыдырбекұлы бұл сөздің тарихи түбірлері туралы былай дейді: “Хатын сөзіндегі түбірдің “қақ” болмай, “хат” болуы түркі тілдеріне тән дыбыс сәйкестігі заңдылығымен байланысты. Шамасы “қат”, “хат” түбірлері өте ертеден түркі және моғол тобына ортақ болса керек” [43, 65 б.]. Осы сөз туралы академик Р. Сыздық былай дейді: …Қатын сөзі күні кешеге дейін, Абайдың өзінде әдеби норма болған, яғни бұдан 60-70 жыл бұрын қазақ жұртшылығы қатын сөзінен тұрпайылық көрмеген. Бұл сөздің тіпті ертеректе ханның, императордың, ұлы әміршілердің некелі жары деген титулдық маңынасы болғанын білеміз. Шыңғыс ханның төрт әйелі ғана “хатун” лауазымына ие болған, қалғандары кіші, құма сияқты атаулармен аталған кіші сөзі бабаларымыздың тілінде көне замандардан сақталған, ол “біреудің жұбайы, қосағы, жары” (орысша “жена”) дегенді білдіреді. Абай эпопеясында Бердіқожа (М. Әуезовтің ұлы атасы) Құнанбайға қызын “кішілікке бермеймін” дейді ғой, мұны бүгін оқырман “кіші” сөзінің мағынасынан шығарып, кіші әйелі ретінде, яғни тоқалдыққа бермеймін дегені деп ұғады. Ал дұрысында кішілікке сөзін әйелдікке дегеннің баламасы деп түсіну керек, тіпті бәйбішеніде кіші деп атаған. Ол дәуірлердегі тілімізде “кіші”, “қатын” сөздері норма болған болса, бұл күнде бірі көнеріп мағынасы күңгірттеніп қолданыстан кеткен, екінші тұрпайы стиль элементіне ауысқан. Қазіргі қазақ тілінде біреудің әйелі, қосағы, жұбайы мағынасы үшін де, жалпы “ұрғашы әйел заты” ұғымы үшін де жаппай, кең қолданыстағы сөз -“әйел”, демек, бұл - әдеби норма” [31, 58 б.].
Жоғарыдағы мысалдарда қатын жазушылардың өз сөзінде емес, кейіпкер тілінде ғана берілген. Осы тұрғыдан оны тарихи сөздердің қатарына жатқызуға болады. Дегенмен бұл сөз ара-тұра күнделікті өмірде пайдаланылады. Мағынасы күңгірттенгенмен тілдік қолданыстан мүлдем шығып қалды деп айтуымызға болмайды. Бұл сөз жалпы халыққа түсініктілігімен, айқындылығымен, табиғи да қарайымдылығымен ерекшеленеді. Ә. Болғанбаевтың “Қазақ тілінің синонимдер сөздігінде” осы сөзді төмендегідей синонимдерімен бірге келтірген. Олар: әйел, қатын, зайып, жамағат [44, 50 б.]. Тіліміздегі қатын сөзінің бұл синонимдері әдеби норма болып саналады. Тіл зергерлері әйел, зайып, жамағат сөзін қалай пайдаланса да ыңғайлы.
Әйелге байланысты айтылатын қаншық сөзі де күнделікті өмірде ауыз екі тілде, көркем шығармада эмоционалды-экспрессивті реңкімен ерекшеленіп тұрады. Қатын сөзі секілді бұлда әйел баласын қорлау, төмендетуден пайда болған. Көбінесе ауыз екі тілде қыз-балаларға қатысты айтылады. Мысалы:
- Әй, қаншық, ойының осылсын!
Достарыңызбен бөлісу: |