Дәріс 2. Педагогиканы адамның білімі туралы ғылым ретінде зерттеу
Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы
Педагогика - адамтану ғылымының саласы ретінде
«Педагогика» ұғымы ежелгі гректің «payda» «gogos» - баланы жетектеу деген сөзінен алынған. Педагогика ұзақ уақыт бойы философияның бір бөлігі ретінде дамып, екі негізгі философиялық тұжырымдамалар негізінде қалыптасқан. Бірінші тұжырымдамада атақты философтар Сократ пен Платонның идеялары жинақталған. Олардың көзқарасы бойынша, адам дамуының негізгі факторлары – оның табиғи қабілеттері. Ал сыртқы жағдайлар адамның дамуына елеусіз әсер етеді, - деп есептеген. Ал, екінші тұжырымдамада ежелгі грек ойшылдары Гераклит, Демокрит, Эпикурдың идеялары біріктіріліп, адамның дамып, тәрбиеленуін ең алдымен - қоршаған орта және сыртқы жағдайлар белгілейді деп көрсеткен.
Белгілі орыс педагогы К.Д.Ушинский ғылыми педагогиканың қалыптасуының маңызды кезеңі – халық педагогикасы деп есептеген. Ол педагогикалық тәрбие жүйелерін халық өмірінің ерекшеліктерімен байланыстыра түсіндіреді. Содан кейін педагогиканың дамуында екі үлкен кезеңді белгілейді:
1) ғылымға дейінгі кезең
2) педагогикалық ғылым ретінде қалыптасу кезеңі
Ал соңғы уақытта неміс педагогы Франц Хофман педагогиканың дамуының үш кезеңін көрсетті:
1. Ерте кезең. Оны автор тәрбие даналығы деп атайды. Бұл адамзаттың қарапайым педагогикалық ойлаудан тәжірибемен тексерілген ойлауға қарай көшу кезеңі. Осы кезеңдегі педагогикалық көздер: Ежелгі Египет папирустары, «Соломон притчаларының кітабы» және т.б.
2. Екінші кезең – «Пайдагогия». Бұл кезеңінің қалыптасуында Ежелгі Грецияның педагогикалық ойлары ерекше орын алады. Бұнда педагогикалық білім саяси, философиялық және психологиялық білімнің бір бөлігі болып табылады.
3. Педагогиканың дербес ғылыми теория ретінде қалыптасу кезеңі. Бұл кезең ұлы чех педагогы Я. А. Коменский есімімен тығыз байланысты. «Ұлы Дидактика» еңбегі. Я. А. Коменскийдің «Ұлы Дидактика» еңбегі педагогиканы ғылым ретінде жүйелеген оқулық және әдістемелік құрал болды.
Педагогика ғылымының негізгі зерттейтін мәселесі жеке адамның дамуы, оның арасында болған заңды байланыстарды зерттеу және оның негізінде оқыту процесі мен тәрбиелік жұмыстардың теориялық және әдістемелік проблемаларын шешу, яғни арнайы ұйымдастырылған процесс барысындағы тәрбиенің теориясы мен әдістерін айқындайды.
Педагогиканың зерттеу нысаны – объективті шындықтағы педагогикалық іс-әрекет. Зерттеушілер педагогиканың нысанын индивидтің дамуына жағдай жасайтын объективті құбылыстағы шынайылық ретінде қарастырады.
Педагогика – адамды педагогикалық процесте өмір бойы дамытудың құралы және факторы ретінде қарастырады. Оның мәнін, заңдылықтарын, ағымдарын, даму бағыттарын зерттейтін ғылым саласы болып табылады. Педагогика бұл тұрғыдан педагогикалық процесті ұйымдастырудың теориясы мен технологиясын, педагогтың іс-әректін жетілдіру формалары мен әдістерін және оқушылардың әр түрлі іс-әректтері мен оларды ұйымдастыру тәсілдерін зерттейді.
|