Дәріс 3. Педагогикалық зерттеу негіздері
Педагогика ғылыми пән ретінде
Педагогика ғылымының міндеттері және құрылымы
Педагогика – бұл білім мен тәрбие беру әрекетін түрлі бағытта зерттейтін арнайы ғылым. Бұл білім беруді өзінің құрамдас бөліктерімен бірлікте қарастырып зерттейтін, өзінің зерттеу объектісі ретінде санайтын бірден – бір ғылыми пән. Педагогика білім және тәрбие беру туралы бірден-бір арнайы, кең ауқымды ғылымдар жүйесінің қатарына кіреді. Педагогиканың негізгі салалары: педагогика тарихы, этнопедагогика, халықтық педагогика, отбасы педагогикасы, әлеуметтік педагогика, жас ерекшелік педагогикасы, мектепке дейінгі тәрбие, тәрбие теориясы мен әдістемесі, мектеп педагогикасы, жоғары мектеп педагогикасы, кәсіптік педагогика, қосымша білім беру, басқару педагогикасы, түзелту - еңбек педагогикасы, әскери педагогика, салыстырмалы педагогика, жеке пәндер әдістемесі, арнайы педагогика т.б. Арнайы педагогиканың өзі бірнеше салаға бөлінеді: сурдопедагогика - сөйлеу және есту қабілеттері нашар адамдарға, тифлопедагогика - көру қабілеті нашар, зағиптарға, олигофренопедагогика – ақыл есінде кемшілігі бар адамдарға, логопедия – тілінің кемшілігі бар адамдарға тәрбие және білім берумен айналысады.
Педагогика кез келген ғылым сияқты шынайы болмысты бейнелейді. Сондықтан, педагогикалық болмысты педагогикалық әрекетті ғылыми қарастыруға алынған болмыс деп анықтауға болады.
Педагогикалық зерттеулерде іргелес ғылымнан алынған ұғымдарды бөліп көрсетуге болады. Психологиядан («қабылдау», «меңгеру», «ақыл-ойдың дамуы», «еске сақтау», «іскерліктер», «дағдылар»), кибернетикадан («кері байланыс», «динамикалық жүйе») т.б. салалардан алынған көптеген ұғымдар педагогикада кеңінен қолданыс табуда.
Педагогиканың объектісі, пәні және қызметтері
Объект – осы ғылым зерттейтін шынайы болмыстың саласы. Пәні – объектіні осы ғылым тұрғысынан көре білу тәсілі. Нысан дегеніміз - зерттеушінің танымдық әрекеті бағытталған шынайы болмыс, ал пән дегеніміз - зерттеудің нысанын (объектісін) ғылыми тұрғыдан көру тәсілін бейнелейтін зерттеу субъектісі мен объектісі арасындағы буын.
Достарыңызбен бөлісу: |