Инфляцияның әлеуметтік-экономикалық зардаптарына ең алдымен инфляциялық салықты жатқызады. Ол заңды түрде белгіленбесе де, барлық халық үшін міндетті төлем.
Халық үшін инфляциядан келетін зиян оның болжануына байланысты болады. Соған орай инфляцияны болжанатын және болжанбайтын деп бөледі.
Болжанатын инфляцияны адамдар алдын ала біліп отырады. Сондықтан оған дайын болуы мүмкін. Мысалы, экономикалық субъетілер жылдық инфляция деңгейі 10 % болады деп жорамалдайтын болса, онда олар өздерінің атаулы (номиналды) табыстарын өзгертеді: келісім-шарттарда жалақысын көтеруді, аренда ақысын өсіруді алдын-ала қарастырады. Банктік операцияларда атаулы пайыздық мөлшерлеме нақтыға қарағанда 10% -ға өседі.
Болжанбайтын инфляция күтпеген жағдайда тосын пайда болады. Ол бағаның кенеттен өсіп кетуі салдарынан туындайды. Болжанбайтын инфляцияның әкелетін салдарлары:
табыс пен байлықтың халық топтары арасында қайта бөлінуі: қарыз берушіден (кредиторлардан) қарыз алушыға (дебиторларға);
халықтың нақты табысының төмендеуі, әсіресе тұрақты табыс алатын әлеуметтік топтардың (зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері);
халықтың жинаған ақша қорының құнсыздануы;
Инфляцияның қоғамға әкелетін экономикалық және әлеуметтік зардаптары:
Елдің ұлттық табысы мен байлығы қоғамның әр түрлі топтарының арасында қайта бөліске түседі.
Инфляцияның жоғарғы қарқынмен өсуі ұзақ мерзімге жоспар жасауды қиын жолға қояды, кәсіпкерлердің тәуекелін өсіреді.
Қоғамның саяси тұрақтылығы бұзылады, әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.
Ұлттық тауарлардың бәсеке қабілеттілігі төмендейді, экспорт азаяды, жұмыссыздық өседі.
Шетелдің тұрақты валютасына сұраныс өседі, ол капиталдың шет елге ауысуына әкеледі.
Ақшаның құнсыздануы халықтың тұрмыс деңгейін төмендетеді.
7. Халықаралық қатынастарды, жұмыс күшін ұдайы өндіру шарттарын бұзады, экономикалық қылмыстар мен астыртын экономикалық дамуын жеделдетеді.
Қазақстанда жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшу терең эқономикалық дағдарысты жеңумен қоса жүргізілді. Өндірістің құлдырауы экономиканың барлық салаларында жүріп жатты.
Қазақстан Республикасындағы өтпелі кезеңдегі инфляция себептеріне мыналарды жатқызуға болады:
ұлттық экономикада өндірістің терең құлдырауынан болған тауар тапшылығы;
өндірілген өнімдерге энергетиканың, материалдардың, еңбектің жоғары мөлшерде жұмсалуы;
өз тауарлары мен қызметтеріне бағаны негізсіз көтеруге мүмкіндік берген жеке тауар өндірушілер монополизмі;
мемлекеттік бюджеттің тапшылығы, оны бүркемелеу үшін мемлекет қағаз ақша шығарады;
мемлекеттің өнімсіз шығындарының жоғары деңгейі;
басқа мемлекеттердегі экономикалық дағдарыстардың ықпалы.
Реформаның барлық кезеңінде инфляция экономикалық дағдарыстың дәлелді сипаты болып табылады. Тұтыну бағалары 1992 ж. – 3006 %-ды, 1993 ж. – 2266 %-ды құрады. Инфляцияның айлық қарқыны көбіне 30 % мөлшерінен асты, ал 1993 ж. қараша айында ол 55 %-ға жетті. 1994 ж. сегіз ай мерзімінде инфляция деңгейі 1993 ж. Осы мерзіммен салыстырғанда 608 %-дан 759 %-ға көтерілді.
ҚР Ұлттық банкісі жүргізген қатаң монетарлық саясат арқасында жағдай өзгеріп, инфляция айына 18-19 % деңгейінде тұрақтанды. Инфляцияның жалпы деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі 1997 ж. – 11,2 %%; 1998 ж. – 1,9%; 1999 ж. –17,8%; 2000 ж. – 9,8%; 2001 ж. – 6,4 %, 2006 жылы 8,7 %-ды құрады.