Егер өмір алтын болса, зергері – мұғалім,
Егер өмір теңіз болса, гауһары – мұғалім.
Егер өмір жүзік болса, көзі – мұғалім,
Егер өмір ақын болса, сөзі – мұғалім.
Шухрат
Мен - өмірден бақытын тапқан жанмын. Өйткені, мен жүрек қалауыммен ұстаз болдым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын, өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмірде қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адамды өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені, мен - ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын. Міне, Осындайда «Ұстаз-ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.
Әрине, ұстаз болу үшін жоғарғы педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізі аласың деп білемін. Бұл менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік діңгегі.
Мектепте мұғалім болып жұмыс істегеніме жиырма тоғыз жыл болды, ұстаздық жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Мен өз мамандығымды шын жүректен жақсы көремін. Педагогикалық ұстанымымды халық даналығының мына сөзімен айта аламын: «Ұстазы талантты болса, Шәкірті талапты болады». Ұстаздың ең жақсы марапаты – шәкірттерінің жалындаған көздерін көру және пәнге деген шынайы қызығушылық. Балаларға жаңа нәрсені үйрету үшін мұғалімдер өз кәсіби деңгейіңізді көтеріп отыру керек. Ол үшін біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, шеберлік сыныптары бар. Бірақ мұнымен қоса мұғалімнің дүниетанымы кең болуы керек.
Қазіргі дамыған қоғамда оқушылардың білім деңгейіне қойылатын заманауи талаптар ұстаздың алдына жаңа ақпараттық технологияларды үнемі меңгеруді басты мақсат етіп қояды. Бұл сапаның дамуына сабақта оқытудың әдіс-тәсілдері үлкен әсер етеді, ол үшін мұғалімнің өзі үнемі кәсіби шеберлігін шыңдап отыруы қажет. Әрбір сабақта сіз, сөзсіз, маңызды сәттерді көріп, оларға балаларды қызықтыру керексіз
Мен жаңартылған білім беру мазмұнына көшу басталғанда қатты қобалжыдым. Себебі, дәстүрлі білім беруге әбден қалыптасқан біздерге бұл өзгеріс алынбас « қамалдай» көрінді. Алайда, көштен қалмау үшін «Қазақстан Республикасының педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары аясында бірінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту» (2014 ж), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша 80 академиялық сағат көлеміндегі мектеп тренерлерін оқыту (2016ж ), « Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың тілдік және коммуникативтік құзырлылықтарын дамыту» ( 2014 ж), «Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің құзіреттілігін арттыру» ( 2021ж) курстарынан өттім.
Осы курстардың арқасында жаңартылған бағдарламаға деген көзқарасым күрт өзгерді. Бұған дейін үрей, белгісіздік, жаңартылған бағдарламаның мәнін түсінбеушілік болды. Қазір бәрі өзгерді. Осы бағдарламамен жұмыс істей бастағанда мен көптеген сұрақтарға жауап таптым. Дәстүрлі оқыту стилінен мектеп оқушыларының танымдық белсенділігін, ойлау дербестігін қамтамасыз ететін жаңа дамыта оқыту моделіне көшу қажет екенін түсіндім. Дәл осы бағдарлама арқылы біз сабақты жандандыра аламыз, оқушыларды өз бетінше сыни тұрғыдан ойлауға үйрете аламыз.Маған бұл жаңартылған бағдарлама ұнайды, өйткені сабақта алған білімдерін қолдана отырып, мұғалім де, оқушы да үнемі жаңа нәрсеге ұмтылады, бір мезгілде қатысады. Мұғалім тәлімгер емес, сабақта туындаған қиындықтарды жеңуге көмектесетін дос. Қазіргі сабақта мұғалім өз оқушыларының сабақтағы өзіндік іс-әрекеті барысында білім алуына жағдай жасап, олардың іс-әрекетін бағыттауы қажет.
Қорытындылай келе, балалар қызығушылық танытса оқиды, жасайды, ойлап табады, қалай істеу керектігін көрсетсе, оларда идея туатынын атап өткім келеді.
Дегенмен, менің мұғалім мамандығымдағы ең бастысы, Лев Толстой тұжырымдаған ережені ұмытпау керек: «Іске деген сүйіспеншілігі бар мұғалім жақсы мұғалім болады.Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса,ол-кемел ұстаз » Бәлкім, мен осы кемелдікке жарты жолда келе жатқан шығармын, бірақ бұл менің жолым екенін анық білемін, мен одан таймаймын және осы жоғары атақты ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын.
«Менің мамандығым- менің мақтанышым» дегенді айтудан еш танбаймын.