М.Қанабекова



Pdf көрінісі
бет2/21
Дата30.01.2017
өлшемі1,98 Mb.
#3013
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

 
1
.2. Стилистиканың дәстүрлі салалары мен қазіргі 
даму бағыттары
 
 
Стилистиканың  зерттеу  нысаны  –  лексика-фразеология, 
грамматика және фонетика қарастыратын тілдік тұлға-бірліктер. 
Бұл тұлға-бірліктер қолданылуда әр түрлі стилистикалық бояуға 
ие  болады,  оның  жиынтығы  стилистикалық  құралдарды  құрай-
ды.  Бірақ  стиль  тілдің  стилистикалық  бояуға  ие  емес  бейтарап 
элементтері  арқылы  да  жасалатынын  ескерсек,  бұл  мәселенің 
әлдеқайда күрделі екенін түсінеміз. 
Қазіргі  қазақ  тілінің  стилистикалық  құралдары  тілдің 
барлық деңгейлерін қамтиды: фонетикалық, лексикалық, морфо-
логиялық,  синтаксистік.  Тілдің  ең  бай  стилистикалық  бейнелі 
құралдарының  қатарына  мәнерлеуіш-көріктеуіш  тәсілдері  жа-
тады  (метафора,  метонимия,  мақал-мәтел,  тұрақты  тіркестер, 
синонимдер, т.б.). 
Тілдік құралдардың стилистикалық жұмсалу мүмкіншілік-
тері  өте  кең,  әртүрлі фонетикалық құралдардың  мүмкіндігі  ды-
быстардың  әр  түрлі  стильдік  мақсатта  қолданылу  ерекшелігіне 
байланысты. Мысалы, дыбыстардың мәтін ішіндегі қайталануы 
(ассонанс, аллитерация), интонация, екпін, оның түрлері т.б. бай 
стилистикалық  ресурсқа  ие  фонетикалық  құралдар.  Сөздердің 
көп мағыналылығы, олардың ауыспалы мағыналарда, синоним-
дік, омонимдік, антонимдік қатарларда жұмсалуы, көнерген, та-
рихи  сөздердің,  жаңа  сөздердің  әр  түрлі  мақсатта  жұмсалуы  – 
бұлардың  бәрі  лексиканың  стилистикалық  мүмкіндіктерін  көр-
сетеді. Ал морфологиялық стилистикалық құралдарға сөз тапта-
рының,  оларға  тән  әр  түрлі  категориялардың  стилистикалық 
мақсатта  жұмсалуы  жатады.  Ғалымдардың  пікірінше,  синтак-

систің  стилистикалық    мүмкіндігі  мол.  Өйткені  тілдік  қарым-
қатынас  сөйлем,  оның  әр  түрлі  мақсаттық  түрлері,  үлгілері  не-
гізінде жасалатыны белгілі. Сондықтан сөйлемнің құрылымдық 
түрлері,  сөйлем  мүшелерінің  әр  түрлі  қолданысы,  инверсия-
ланып  жұмсалуы,  жай  сөйлем,  құрмалас  сөйлем  түрлері, 
синонимдік қатарлары - бұлар бай стилистикалық ресурстардың 
қатарына жатады. Мұны зерттейтін стилистиканың саласы – тіл 
құралдарының  (ресурстар)  стилистикасы  деп  аталынады.  Көп-
теген  орыс  тілі  ғалымдары  стилистиканы  тіл  білімінің  аталған 
салаларымен тығыз байланысты екендігін баса айтады. Мәселен, 
Г.О.Винокур:  «Стилистика  обладает  тем  свойством,  что  она 
изучает язык по всему разрезу его структуры сразу, т.е. и звуки, 
и формы… но зато с особой точки зрения. Это особая точка зре-
ния  и  создает  для  стилистики  в  чужом  материале  ее  собствен-
ный  предмет»
3
    десе,  В.Виноградов:  «Стилистика  общенарод-
ного национального языка охватывает все стороны языка: и лек-
сику, и грамматику, и  фонетику»
4
 - деп баға береді. 
Қарым-қатынастың  әр  түрлі  саласында,  пікір  алысудың 
мақсат-міндеттеріне  сәйкес,  ойдың  мазмұнына  лайық  осы 
аталған тұлға-бірліктерді таңдау мен ұйымдастырудың жалпыға 
ортақ принциптері қалыптасады. Бұл жағдай тілдік құралдардың 
қызмет  ету  процесінде  әр  түрлі  функционалды  стильдердің 
жасалуына  негізделеді.  Белгілі  бір  салада,  қарым-қатынастың 
белгілі  бір  түрінде  осы  тілдік  құралдардың  қызмет  ету  ерек-
шеліктеріне қарай функционалды стиль түрлері ажыратыла бас-
тайды. Бұл – функционалды стилистиканың міндетіне жатады.   
Жалпы  тіл  білімінде  жаңа  бағыттардың  пайда  болуы 
стилистика  ғылымының  да  дамуына  ықпал  етіп,  стилистикада 
тілдің  функционалды  қырлары  көбірек  назарға  іліне  бастады. 
Стилистика    ғылымының  даму    бағыты  басқа    ғылымдармен  
сабақтас.  Қазіргі    стилистиканың  негізгі    кезеңдері  ертедегі  
антикалық  риторика  және  поэтика,  көркем әдебиет, шешендік  
өнер ғылымдарымен  өзара  байланысып  жатыр.   
                                                           
3
 Винокур Г.О. Избранные работы по русскому языку. М., 1959, с. 223 
4
  В.В.Виноградов.  Итоги  обсуждения  вопросов  стилистики//Вопросы 
языкознания, 1954. № 1. 

Қазіргі  стилистиканың  жалпы  филологиялық,  тілдік 
немесе әдебиеттік тұрғыдан жіктелуі де оның мазмұны мен даму 
бағыттарының әртүрлі екендігін көрсетеді.  
В.В.Виноградов  стилистиканың  өзара  бір-бірімен  байла-
нысты,  бірақ  өзіндік  мәселелері,  мақсат-міндеттері,  өлшемдері 
мен категориялары бар басты  үш түрін бөліп көрсетеді. Олар: 
1)  «жүйелердің  жүйесі  ретіндегі»  тілдің  стилистикасы 
немесе құрылымдық стилистика, ол тілдің функционалды стиль-
дерін де  зерттейді; 
2)  сөйлеу  (сөз)  стилистикасы,  ол  ауызша  және  жазбаша 
сөздің қоғамдық шартталған түрлері мен жанрлары арасындағы 
мағыналық және экспрессивтік-стилистикалық сипаттағы айыр-
машылықтарды  зерттейді  (мыс:  дәріс,  пікірталас,  баяндама, 
әңгімелесу, мақала, ғылыми пікір, құттықтау хат т.б.); 
3) көркем әдебиет стилистикасы, ол көркем шығарманың, 
жазушының стилін құрайтын барлық элементтерді зерттейді. 
М.Н.Кожина  стилистиканың  төрт  бағытын  немесе 
аспектісін көрсетеді: 
1) тілдің стилистикалық байлығын (қорын) зерттейтін ба-
ғыт, бұл сипаттама стилистикаға жатады, өйткені ол тілдегі бар-
лық  бояулы  құралдарды,  сөздер  мен  тілдік  тұлғалардың,  құры-
лымдардың  бейнелеуіш  қасиеттерін,  мағыналық-функционал-
дық  мүмкіндіктерін  зерттейді.  Бұл  бағыттың  негізгі  бір  ныса-
нына тілдің стилистикалық синонимиясы жатады; 
2)  функционалды  стилистика.  Ол  функционалды  стиль-
дерді зерттейді; 
3) көркем әдебиет стильдері туралы ғылым немесе көркем 
әдебиет стилистикасы; 
4)  практикалық стилистика.  
Қазіргі қазақ тіл ғылымында стилистиканың қалыптасқан 
дәстүрлі салалары төмендегідей: 
- тіл (ресурстар немесе құрылымдық) стилистикасы; 
- функционалды (қолданыстық) стилистика; 
-  көркем әдебиет стилистикасы; 
-  практикалық стилистика. 
Тіл құралдарының (құрылымдық) стилистикасы тілдік құ-
ралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерін олардың нақты қол-
дану  жағдайына  қатыссыз  тұрғыда  зерттесе,  қолданыстық 

(функционалды)  стилистика,  керісінше,  тілдік  құрылымдардың 
қызмет  ету  ерекшеліктерін  олардың  белгілі  бір  жағдайларда 
(мысалы,  белгілі  бір  жанрлық  ерекшеліктері,  ауызша,  жазбаша 
т.б.)  қолдануымен  байланысты  қарастырады.  Көркем  әдебиет 
стилистикасы  тілдік  құралдардың  ерекше  эстетикалық  салада, 
ерекше  жағдайдағы  қолданысын:  көркем  шығармада  өнер  құ-
былысы  ретіндегі  қызметін  зерттейді.  Ал,  практикалық  стилис-
тиканың  міндеті  –  стилистикалық  тілдік  мәдениетті  қалыптас-
тыру.  Бұған  негіз  болатын  тілдің  стилистикалық  қорын  және 
оның  қызмет  ету  заңдылықтарын  меңгеру,  мұның  өзі  сөз  қол-
данудың  стилистикалық  нормаға  сәйкес  дағдысын  қалыптас-
тырады. 
Жоғарыда  көрсетілген  стилистика  салаларына  қатысты 
ой-пайымдауымыздан  қысқаша  мағлұмат  берер  болсақ,  стилис-
тиканың  басты  дәстүрлі  саласы  –  функционалды    стилистика 
қоғамның  әр  алуан  саласындағы  коммуникативті  міндетке 
тәуелді  тіл  қызметінің  заңдылықтарын  қарастырады  әрі  сөздің 
базалық, экстралингвистикалық және стиль құраушы факторлар-
дың  ықпалынан  пайда  болған  бағыты.  Функционалды  стилис-
тика  қолданыс  тілі  стилистикасы  деп  те  аталады.  Ол  бәрінен 
бұрын  функционалды  стильдердің  жұмсалу  заңдылығы  мен 
өзіндік  қызметін  және  өзге  де  функционалды-стильдік  өзгеше-
ліктерді,  яғни  «стилішілік»  («подстильдік»)  жанрлық  жағдаят-
тықты  және  т.б.  зерттейді.  Тілдің  жеке  стилистикалық  мүмкін-
діктерін  қарым-қатынас  мақсаты  мен  міндетіне,  мазмұн  сипа-
тына, ойлау формасына және әрбір әлеуметтік саладағы қарым-
қатынастың  жағдаяттық  ерекшелігіне  байланысты  зерттеу 
функционалды  стилистика  міндетіне  кіреді,  басқаша  айтқанда, 
әрбір  сөйлеуші  мен  айтушының есінде  болатын  стилистикалық 
басты ұстанымдарының негізгісі – қарым-қатынас саласына бай-
ланысты тіл құралдарын орынды әрі тиімді қолдану керек, одан 
кейін оның  мақсаты мен міндетін, жағдаят, айтылым мазмұны, 
жанр  және  т.б.  экстралингвистикалық  факторлары  да  қатаң  ес-
керілуі  қажет.  Сонымен, функционалды стилистика  дегеніміз – 
әртүрлі қарым-қатынас саласында, адамның іс-әрекеті түрлеріне 
сай  қолданылу  заңдылығын,  сонымен  қатар  функционалды 
стильдер  мен  басқа  да  функционалды  түрлерінде,  белгілі  бір 

қарым-қатынас  аясында  тілдік  құралдарды  таңдау  мен  үйлес-
тіруді зерттейтін лингвистикалақ ғылым.                                                   
Бұл  мәселе  көптеген  ғалымдардың  пайымдауларында  қа-
зіргі заманғы стилистиканың ең негізгі және ірі де көлемді, бо-
лашағы зор бағыты болып табылады. Дәл осы бағыттың қалып-
тасуы  ХХ  ғасырда  стилистиканың  жеке  ғылыми  пән  ретінде 
қалыптасуымен тығыз байланысты. Функционалды стилистика-
ның ерекшеліктері мен негізгі мәселелерін зерттеудің маңызды-
лығы және өзектілігі туралы отандық ғалымдармен қатар шетел 
тілші-ғалымдары,  сондай-ақ  орыс  тіл  білімін  зерттеушілер  бір-
неше рет ой-пікір таластырып, тәжірибе алмасқаны байқалады.              
Қазіргі кезеңдегі функционалды стилистиканың өзектілігі 
мен  дамуы  құрылымдылықтан  гөрі  функционалдық  аспектіде 
жүргізілген  лингвистикалық  зерттеулердің  жалпы  сипатталуы-
нан  көрінеді.  Осыған  байланысты  прагматикалық  бағыттарға, 
соның  ішінде  стилистикаға  осы  сипатталу  бағдары  жатады, 
өйткені  стилистиканың  негізгі  қарастыратын  мәселесі  –  мәтін, 
яғни  тілдің  функциялану  заңдылықтары  енетіні  кездейсоқтық 
емес.  Стилистиканың  негізгі  екі  бағыты  –  «тіл  құралдарының 
(ресурстар)  стилистикасы»  және  «функционалды  стилистика», 
бұлар – тілдің құрылымдық және функционалдық екі аспектісін 
көрсетеді. Функционалдық тек стилистикаға ғана қатысты емес, 
сонымен  қатар  тіл  ғылымының  басқа  да  салаларымен  тығыз 
байланысты екені белгілі.  
Стилистиканың  әріден  келе  жатқан  дәстүрлі  саласының 
тағы  бірі  –  тілдің  стилистикалық  қорын  зерттейтін  тіл  құрал-
дары  (ресурстар  немесе  құрылымдық)  стилистикасы.  Тіл  құ-
ралдары  стилистикасы  тіл  стилистикасы  деп  те  аталады.  Тіл 
құралдары  стилистикасы  барлық  тіл  деңгейлеріндегі  тұлға-бір-
ліктердің  қызмет ету амалдарын қарастырады, яғни тілдің сти-
листикалық  бояуға  ие  құралдарын,  тілдік  тұлғалардың  (ды-
быстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-
қолданымдық  реңктерін  зерттейді.  Жазушы  тілінде  қолданы-
латын  көріктеуіш-бейнелеуіш  құралдар  да  осы  стилистиканың 
құрамына  жатады.  Тілдің  стилистикалық  синонимдік  қатары  – 
оның  негізгі  зерттеу  аймағын  құрайды.  Бір  сөзбен  айтқанда, 
жалпыхалықтық  тілдік  қордың  (байлықтың)  стилистикалық 

құрамын  зерттейді,  ал  ол  стилистиканың  негізгі  базасын  құ-
райды. 
Бұлардың  ішінде  жеке  ғылыми  бағыт  ретінде  қарқынды 
дамып келе жатқан көркем әдебиет стилистикасының отандық 
ғылымда 
жеке 
сала 
болып 
қалыптасуы 
академик 
В.В.Виноградовтың есімімен тығыз байланысты екендігі белгілі. 
Негізгі  нысаны  –  көркем  әдебиет  тілі,  оның  стилі.  Көркем 
әдебиет  стилистикасы  туралы  ғылыми  бағыт  жөнінде 
В.В.Виноградовтың  пікіріне  жүгінсек:  бұл  лингвоәдебиеттану-
шылық  сипаттағы  тарихи  ғылымды  білдіреді.  Ол  тарихи  тұр-
ғыдан дамуда әдеби тіл мен көркем әдебиеттің әртүрлі стильдік 
ерекшеліктерін  зерттейді,  ол  бәрінен  бұрын  нақты  бір  даму 
деңгейіндегі  әдеби  тіл  мен  көркем  әдебиеттің  стилистикалық 
бағытын,  талабын  қаншалықты  қамтамасыз  ете  алатындығын 
қарастырады.  В.В.Виноградовтың  іліміне  тән  тың  пікірлерінің 
бірінде  қалыптасқан  ұлттық  әдеби  тілдің  негізінде  функцио-
налды  стильдердің  даму  мүмкіндігі  көрсетілген.  Ал  негізінде 
ХІХ  ғасырдағы  орыс  әдеби  тілі  осы  бағытта  болатын.  Бұл  ба-
ғытқа жеке сөйлеу стилистикасы немесе жазушы стилі мен жеке 
көркем  шығарма  стилін  жатқызуға  болады.  Белгілі  зерттеуші 
В.В.Виноградов негізін салған көркем әдебиет стилистикасының 
негізгі  мәселелерінің  бірі  –  көркем  шығармадағы  автор  сурет-
теуінің берілуін зерттеу болып табылады. 
Практикалық стилистика тілді тұтынушыны стилистика-
лық  сауаттылыққа  тәрбиелеу,  әрбір  функционалды  стильдің 
нормалық  табиғатын,  өзіндік  белгілерін  терең  тану  мен  оны 
тілдік  тәжірибеде  орынды  қолдануға  дағдыландыру,  сөйлеудің 
өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес ойын дұрыс құрастыру қабілетін 
арттыру болып табылады. Лингвист-ғалым В.Матезиус мектепте 
тек  грамматиканы  ғана  емес,  сонымен  қатар  стилистиканы  да 
тиімді оқыту қажеттілігі туралы нақты пікір айтқан. Бұл сөйлеу  
мәдениетін  жоғарылататынын  нақты  деректер  арқылы  пайым-
дайды.  
Практикалық стилистика бағытының пайда болуы ешқан-
дай  нақты  теориялық  негізі  болмағандықтан,  «ортологиядан» 
(«дұрыс сөйлеу» ілімінен) бөлініп шыға алмағанына тарих куә. 
Қазіргі  кезеңде  практикалық  стилистика  өзінің  функционалды 
бағытын  тереңдетуде  белсенді  рөл  атқарып  отыр,  ал  оның  пә-

ніне  барлық функционалды  стильдерде  және  тіл мен  сөйлеудің 
әртүрлі жағдаятында тіл құралдарының стилистикалық нормада 
дұрыс қолдануын қарастыру қажеттігі туындайды. Демек, прак-
тикалық стилистика коммуникативті сөйлеу қызметінде стилис-
тикалық  дағды  мен  қабілетті  қалыптастыруға  ықпал  етуі  тиіс, 
әрбір сөйлеушінің  стилистикалық сөйлеу мәдениетін қалыптас-
тыруға, сауаттылық деңгейін көтеруге тәрбиелейді.                                       
 Ғылымдағы  зерттеулерге  сүйенер  болсақ,  стилистика ғы-
лымының даму тарихында басқа ғылымдар сияқты өзге де пән-
дермен арақатынасы,  байланысы  артты.  Жалпы  тіл  ғылымында 
ХХ ғасырдың   ІІ жартысынан  бастап гуманитарлық ғылымдар 
саласында  парадигматика  мәселесі  орнықты,  қарым-қатынас 
процесіндегі тілдің қызметі мен грамматиканың белсенді әрекеті 
(қызметі)  сөйлеу  жағдайындағы  күрделі  мәселеге  ғалымдар 
ерекше  назар  аудара  бастады.  Адамды  тіл  арқылы,  тіл  арқылы 
адамды зерттеу мәселесін  шешу де стилистиканың  да зерттеу  
нысаны болады. Адам өзінің ғылыми, мәдени, әлеуметтік талап-
тарын қанағаттандыратын ұғымдар (концепт) әлемін жасау үшін 
ақпараттарды  тілдік  арнадан  алады.  Адамның  ақыл-ойының, 
көзқарасының,  дүниені  танып  білуінің  жиынтығы  философия-
дағы  сана,  психологиядағы  сезім,  когнитологиядағы  таным  ар-
қылы  қарастырылады.  Сана,  сезім,  таным    белгілі  таңбалар  ар-
қылы  айтушы  мен  қабылдаушының  өзара  әрекеттестігінде 
белгілі кеңістікке  тарайды. Осы кеңістіктегі барлық құбылысқа 
«ой салып, түрткі болып оятатын» таңбаның әрекеті. Олар функ-
ционалды стильдер  өрісінде де қолданыс табады да, нәтижесін 
беріп  отырады.  Стилистика  ғылымы  аясының  кеңеюіне  сөйлеу 
актілерінің теориясы мен прагматиканың  дамуы зор ықпал етті. 
Яғни,  тілді  оқып  үйрену  дәстүрлі  тілдің  құрылымдық  зерттеу 
аспектілерінің  аясынан  ығыстырыла  бастады.  Адамның  тілді 
пайдалану  мәселесі психология, логика, когнитивті лингвисти-
ка,  әлеуметтану,  лингвомәдениеттану  т.б.  көптеген  салаларда 
кеңінен қарастырыла бастады.  
Осыған орай қазіргі тіл білімінде стилистиканың даму ба-
ғыттарының  бірнеше  түрі  айқындалып,  ғалымдар  тарапынан 
ғылыми  тұрғыдан  негізделіп,  жүйелі  зерттеле    бастады.  Олар-
дың қатарына ортостилистика, мәтін стилистикасы, прагмас-
тилистика,  экспрессивтік  стилистика,  диахрондық  (тарихи) 

стилистика және синхрондық стилистика, салыстырмалы-сал-
ғастырмалы  стилистика,  жалпы  стилистика,  дара  стилис-
тика,  кодтау  стилистикасы,  декодтау  стилистикасы  жатқы-
зылады.  Жалпы  тіл  ғылымында  стилистиканың  даму  бағытта-
рының  жоғарыдағыдай  түрлерінің  пайда  болуы  стилистика 
табиғатының өте күрделі ғылым саласы екендігін айқындайды. 
Жалпы  тіл  ғылымында  тарихи  стилистика  көп  зерттеле 
қойған  жоқ  (орыс  тіл  ғылымында  осындай  көзқарастар  кезде-
седі).  Қазақ  тіл  ғылымында  қазақ  әдеби  тіл  тарихы  бойынша 
функционалды  стильдердің  қалыптасуына  байланысты  зерт-
телген    Р.Сыздықова,  Б.Әбілқасымов,  С.Исаев  т.б.  еңбектерін 
атауға болады. Демек, тарихи стилистика диахронды зерттеулер 
негізінде  функционалды  стильдердің  пайда  болу,    қалыптасу 
дәуірін, олардың даму тарихын толық басшылыққа ала отырып 
зерттеуді  мақсат    етеді.  Диахронды  аспектіде  зерттеулер  қазақ 
тілі стилистикасында енді зертеу нысанына алына бастады, бұл 
тұрғыдан  қазақ  әдеби  тілінің  даму  тарихында  функционалды 
стильдердің алатын орны, рөлі мен  маңызы көбірек сөз болады. 
Қазақ стилистикасы үшін де бұл әлі күрделі мәселе болып отыр.  
Ғалым Д.Әлкебаеваның пайымдауынша, кез келген ғылым 
саласы үшін диахрондық аспектіде зерттеу тарихи тұрғыдан сол 
ғылым саласы үшін өте  қажет екендігі баса айтылады
5
. Қазіргі 
уақытта  қазақ  тілі  үшін  тәжірибеде  пайдалы  нәтиже  бере  ала-
тын,  ғылымның  бар  мүмкіндік  тұғырын  айқындайтын,  прагма-
тикалық  мақсат  көздейтін  синхрондық  сипаттағы  стилистика  
мәселесі маңызды орынға ие болып отыр.  
Стилистиканың жаңашыл да маңызды бағыттарының  бірі 
–  экспрессивтік стилистика. 
Экспрессивтік стилистика – тілдегі экспрессивтік құрал-
дар мен әдіс-тәсілдердің ерекшеліктерін, қызметін қарастырады. 
Қазіргі  стилистикада  көріктеу,  шеберлік    тәсілдері  көркем  әде-
биет  стиліне  ғана  тән  деп  қарауға  болмайды,  ол  барлық  стиль 
түрлерінде  коммуникативті-прагматикалық  мақсатпен  жүзеге 
асатын  шеберлік  тәсілдері  экспрессивтік  стилистикада  жан-
жақты  көрініс  табады.  Сөйлеушінің  сезім-күй  әрекеті  арқылы 
ойды  көркемдеп  жеткізудегі    ұтымды  экспрессиялы  құралдар-
                                                           
5
 Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. А., 2007.- 8 б.   

дың  қызмет  ету  ерекшеліктерін  қарастыратын  стилистиканың 
маңызды  саласы  екендігі  С.Қоянбекованың
6
  зерттеуінде  дәлел-
деніп,  теориялық  негіздері  дәйектеліп  беріледі.  Яғни  экспрес-
сивтік  стилистиканың  мазмұны  мен  ұғымдары,  жалпы  стилис-
тикалық  жүйедегі  орны  анықталып,  сөз  мәдениетіне  ықпалы 
көрсетіледі,  экспрессивтіліктің  әр  түрлі  стилистикалық  амал-
тәсілдер жүйесі арқылы жасалатыны талданады. 
Зерттеушілер  М.Серғалиев,  Д.Әлкебаева  стилистиканың 
қазіргі бағыттарының қатарына автор мен қабылдаушының ара-
сындағы  кодтау  және  декодтау  стилистикасы  да  жататынды-
ғын  дәлелдейді.  Ғалымдардың  пайымдауынша,  кодтау  стилис-
тикасы  –  қолданыс  тіліне  қатынасушылардың  қызметіне  қарай 
тілді  айтушы  не  жазушының  стилистикасы.  Бұл  туынды  ав-
торының  шығармашылық  стиліне  баса  көңіл  аударуды  қажет 
етеді.  Ал  декодтау  стилистикасы  –  қабылдаушының  (тыңдар-
манның,  оқырманның)  стилистикасы.  Декодтау  стилистикасы 
мәтінді  түсіндірудің  теориялық  базасы  болып  табылады.  Шы-
ғарманың контексіндегі коннотациялық мағынаға баса назар ау-
дару, тілдік бірліктердің көркемдік ерекшелігін көрсету мәселесі 
т.б. қарастырылады. 
Стилистика  бағыттары  арасынан  салыстырмалы  (немесе 
сыртқы)  стилистиканы  да  ерекше  бөліп  қарастыруға  болады. 
Бірақ  ол  салыстырмалы  лингвистика  (грамматика,  лексиколо-
гия)  сияқты  нақты  емес,  бұның  ара-жігі  тек  Батыстық  тіл  білі-
мінде  ғана  нақты  көрініс  тауып,  жеке  бағыт  ретінде  қарасты-
рылғанын байқауға болады. Әдетте, ол салыстырылып отырған 
тілдердің,  мәселен,  неміс  тілі  мен  француз  тілі  т.б.  тілдердің 
ұлттық  белгілерін,  сипатын  көрсеткенде  ғана  аталып  көрсе-
тіледі. Шындығында, соңғы кездері салыстырмалы түрде қарас-
тырылатын  тілдердің  қызметі,  заңдылықтары  мен  стилисти-
калық құралдары салыстырмалы зерттеулерде кездеседі.              
Сонымен қатар, қазіргі таңда мәтін стилистикасы ерекше 
бағытта  қарастырылып,  зерттелуде.  Бұл  мәселе  кеңінен  жан-
жақты  талдауды  қажет  етеді.  Мәтін  стилистикасын  зерттеуге 
                                                           
6
 Қоянбекова С.
 
 Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері: Фил.ғыл. 
докторы авторефераты. – А., 2008. 

байланысты  еңбектер  жеткілікті  дәрежеде  дамып  келеді.  Мәтін 
стилистикасы  термині  тіл  білімі  саласында  кеңінен  қолданыс 
тауып отыр, алайда осы ұғымның табиғаты жайында ғылымның 
даму үрдісінде біржақты анықтама берілген жоқ.  
Теориялық  тұжырымдар  мен  нақты  тілдік  талдау  үлгіле-
рінде  мәтін  стилистикасының  анықтамалары  В.В.Виноградов 
еңбектерінен бастау алып,  Г.О.Винокур, Б.А.Ларин т.б. зерттеу-
лерінде жалғасын табады. Аталған зерттеушілердің еңбектерін-
дегі  пікірлерге  сүйене  отырып,  В.В.Одинцов  тіл  білімі  тари-
хының  жаңа  сатысында  стилистиканың  қазіргі  таңдағы  жаңа 
бағыттағы мәтін лингвистикасына қатынасын анықтады. Өз ең-
бектерінде  ол  мәтін  стилистикасына  неғұрлым  терең  және  тео-
риялық 
тұрғыдан 
негізделген 
сипаттама 
береді. 
В.В.Одинцовтың  анықтамасы  бойынша,  «Мәтін  стилистикасы 
сөйлесу    шығармашылығы  (көркем  әдеби)  композициялық-сти-
листикалық түрлер мен формалар, конструктивті әдістер мен сөз 
құралдарындағы  сөз  қызметінің  құрылымдық-стилистикалық 
мүмкіндігі.  Мәтін  стилистикасы  сөйлеу    стилистикасының  құ-
рамына кіреді»
7
  
Сөйлеу стилистикасының құрамдас бөлігі бола тұрып мә-
тін  стилистикасы  белгілі  бір  мазмұнды  беру,  жеткізуде  қарым-
қатынас процесінде қолданылатын күрделі тілдік стилистикалық 
құрылымдарды  қарастырады.  Мәтін  стилистикасы,  біріншіден, 
көркем шығарма тілін немесе сөйлеушінің тілін терең әрі толық 
түсінуге көмектеседі. Екіншіден, мәтінді құрудың немесе дұрыс 
сөйлеудің  жолдарын  көрсете  отырып,  тілдік  мәдени  бірліктер 
мен  дағдыларды  жетілдіруге,  дамытуға  көмектеседі.  Ол  үшін 
мәтінді  талдаудың  методологиялық  негіздері  мен  әдістемелік 
ұстанымдарын білу керек. Мәтінді стилистикалық талдау тілдік 
шығарманың  басты  идеясын,  негізгі  ойды  терең  түсіне  білуге 
үйретуді көздейді.           
Кез  келген  сөйлеушінің  ойы,  көзқарасы,  оның  өз  ойын 
қалай  жеткізуі  мен  тілдік  материалды  тиімді,  түсінікті,  анық, 
көркем етіп ұйымдастыра алуымен танылады. Міне, осы жерде 
                                                           
7
 Одинцов В.В. О языке художественной литературы. М., 1973, с.97. 
 

мәтін  стилистикасының маңыздылығы  келіп  шығады. Мәтіннің 
қалай  берілгендігін,  қалайша  көркем,  анық,  түсінікті  беріліп 
тұрғанын,  мәтін  композициясын  анықтау  мәтін  стилистикасы-
ның  міндеті  болып  табылады.  Бұл  міндетті  жүзеге  асыру  үшін 
мәтін  стилистикасы  тілдік  шығармалардың  құрылымдық,  сти-
листикалық  мүмкіндігін,  композициялық-стилистикалық  фор-
маларды және олардың түрлерін, сөйлеу тіліндегі тілдік бірлік-
тердің  қолданысқа  ену  жолдары  мен  конструктивтік  тәсілдерін 
зерттейді.  Осылайша,  мәтін  стилистикасы  тілдің  статикалық 
емес, динамикалық күйін зерттеуге бағытталады. Тілдің динами-
калық  күйін  зерттеу  қатысымдық,  яғни  коммуникативтік  линг-
вистикаға негізделеді. 
Стилистиканың  мән-мазмұны  мен  тілдің  коммуникатив-
тік-прагматикалық аспектісі тұрғысынан қазіргі жаңашыл бағы-
тымен  айрықша  орын  алатын  прагмастилистика  ғылымы  да 
зерттеуге  алына  бастады.  Прагмастилистика  стилистиканың 
жаңа  бағыты  ретінде  дискурс  пен  мәтіннің  тілдік ауызша  және 
жазбаша қатысым барысындағы стилистикалық сипаты мен маз-
мұнын  зерттеуді  өз  нысанына  алады.  Ғылыми  еңбектерде  дис-
курс сөздің ауызша формасы болса, мәтін шығарманың жазбаша 
түрдегі  сипаты  деп  көрсетіледі  және    екеуі  де  прагматикалық 
стилистиканың зерттеу нысанын құрайды делінеді. Дискурс пен 
мәтін  қатысымдық,  тілдік  бірлік  ретінде  танымдық,  коннота-
тивтік, эмоционалды-экспрессивті мазмұнның көрсеткіші болып 
табылады,  сондықтан  мәтіннің  мағыналық-ақпараттық  мазмұ-
нын тану стилистика мен прагматикалық мақсатты бірлікте ала 
отырып зерттегенде ғана мүмкін болады. 
Сөйтіп,  стилистиканы  жеке  пән  ретінде  қалыптастыруда 
В.В.Виноградов  бастаған  бірқатар  зерттеушілердің  ғылыми  ой-
тұжырымдары  негіз  болған.  Өткен  ғасырдың  60-жылдарында 
іргесі  қаланған  лингвистикалық  стилистиканың  қазіргі  таңда 
қызмет ету аясы кеңіп,  жаңаша бағытта қарастырыла бастады. 
Қазіргі  таңда  стилистика  аясы  біртұтас  күрделі  нысандарды 
зерттеуге,  оның  түрлерінің  және  жаңа  бағыттарының  қалып-
тасуына үлкен ықпал етуде. 
Жинақтай  келгенде,  жалпы  стилистика  зерттеу  бағыт-
тарына қарай мынадай басты құрылымдарға  тармақталады: 

1. Тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы – тіл құ-
ралдарының ( құрылымдық) стилистикасы. 
2.  Әртүрлі  қарым-қатынас  аясындағы  тілдің  қолданылу 
заңдылықтарын  қарастыратын  –  функционалды  немесе  қолда-
ныстық стилистика. 
3. Көркем әдебиет стилистикасы. 
4. Нормативті-практикалық стилистика.  
5. Мәтін стилистикасы. 
6. Экспрессивтік стилистика. 
7. Прагматикалық стилистика. 
8. Тарихи стилистика. 
9.  Кодтау және декодтау стилистикасы. 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет