М.Қанабекова



Pdf көрінісі
бет5/21
Дата30.01.2017
өлшемі1,98 Mb.
#3013
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

2.3.2. Ресми-іскери стиль 
 
Өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан қазақ әдеби тілінің әр 
стильдік жүйесінің: публицистикалық стильдің, көркем әдебиет 
стилінің,  ресми  стильдің,  ғылыми  стильдің  сараланып,  жеке-
жеке қалыптасып, дами бастағаны әдеби тіл тарихынан белгілі. 
Сонау XVІІІ ғ. ІІ жартысында негізі қаланған ресми-іскери 
стиль бүгінде тілі байып, стильдік дәрежесі жетіле түсті, зерттеу 
нысанына алынып, ғылыми тұрғыдан біршама игерілуде. Ресми-
іскери  стиль,  оның  қалыптасу  тарихына  қатысты  ой-тұжырым-
дар  І.Кеңесбаев,  М.Балақаев,  Р.Сыздық,  Е.Жанпейісов, 
Б.Әбілқасымов,  Н.Ерғазиева,  А.Алдашева,  З.Ахметжанова, 
Қ.Қадашева,  Э.Сүлейменова,  С.Ережепова,  Л.Дүйсембекова,  
Б.Әбілмәжінова,  А.Дуанбекова,  т.б. ғалымдар еңбектерінде не-
гізделіп қарастырылды.  
Ресми-іскерлік стиль өзге жазба стильдерге қарағанда, ер-
терек  қалыптасты.  Оның  басты  себебі  –  ол  мемлекет  өмірінің 
негізгі санаттарында (сыртқы қарым-қатынас, жеке меншікті бе-
кіту, сауда т. б.) қызмет етті. Келісім-шарт, заңдар, қарыз, мұра-
герлік  және  тағы  басқа  жазбалар  жаңа,  ерекше  «тілді»  қа-

лыптастырды. Ол даму, қалыптасу барысында бірқатар өзгеріс-
терге ұшырағанымен, өзінің негізгі белгілерін сақтап қалды.  
Академик  Рәбиға  Сыздық  қазақ  жазба  әдеби  тілінің  ұлт-
тық  кезеңіне  дейін  ресми  іс-қағаздар  стилі  және  эпистолярлық 
(хат-хабарлар)  стилі  болғанын  айта  келіп:  «Хан  жарлықтары, 
өзге елдермен арадағы қарым-қатынас қағаздары, тарихи шежі-
релер  сияқты  жазба  дүниелердің  қажетін  ортаазиялық  түркі 
әдеби  дәстүрлеріне  негізделген  қазақтың  ескі  әдеби  тілі  өтеп 
отырды.  Қазақ  хандарының  канцеляриясы  ресми  хат-хабар-
ларын,  іс-қағаздарын,  үкім-жарлықтарын  осы  тілде  жүргізді»  – 
деп жазады
10

ХХ ғасырда жаңа мемлекеттік құрылым, саяси, құқықтық, 
шаруашылық  қатынастар  ресми-іскери  стильге  бірқатар  өзге-
рістер  әкелді.  Жеке  адамдар,  мекемелер  арасындағы  қатынас, 
мемлекетаралық қатынас жазбаша құжаттарды, хат, куәлік, тағы 
басқаларды  қажет  етті.  Бұларда  ресми-іскери  стиль  көрініс 
тапты.  
Ресми-іскери құжаттардың тілі – клише, стандарт, шаблон 
құрылымдардың жиынтығы екенін еске алсақ, өзінің қалыптаса 
бастаған  кезінен  бастап  іскери  стильдің  бүгінгі  таңда  біршама 
жетілгенін,  әрі онда  тұрақты  сөз  орамдарының,  стандарт  тілдік 
бірліктердің  орныға  түскенін  байқауға  болады:  тұрақтанған 
үлгілердің, қысқартулардың мол болуы, материалдың белгілі бір 
тәртіппен орналасуы, құжаттың белгілі бір қалып, үлгі бойынша 
толтырылуы, ақпаратты ықшам да дәл бере отырып, белгілі бір 
тілдік құрылымдарды орнықтыра түседі. 
Стилистикаға  арналған  еңбектерде  ресми  стильдің  екі 
түрлі қызмет атқаратындығы түсіндіріледі: бірі – информативтік 
(ақпарат  беру)  қызмет;  екіншісі  –  волюнтативтік  (іске  итерме-
леу)  қызмет.  Мәселен,  анықтама  үлгісінде  ақпараттық  немесе 
хабар беру қызметі басым көрінсе, бұйрықта бір іске итермелеу 
не  болмаса  сол  істі  орындауға  міндеттеу  қызметі  анық  байқа-
лады; ал хаттама құжатында әрі ақпараттық (тыңдалды), әрі бір 
іске  итермелеу  (қаулы  қабылданды,  шешім  шығарды)  қызмет-
тері қатар жүзеге асады
11.
 
                                                           
10
 Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 2005, 43-б. 
11
 Стилистика русского языка. Л., 168 б. 

Ғалым  Л.Дүйсембекова  «Қазақ  ресми  іс  қағаздары»  атты 
зерттеу  еңбегінде:  «Іс  қағаздар  тіліндегі  стандарт  тілдік  бірлік-
тердің  қалыптасуы  мен  қолданысы  сөздердің  грамматикалық 
тұрғыдан  да,  стильдік  тұрғыдан  да  қатесіз  тіркесуімен  тығыз 
байланысты. Ресми-іс қағаздар стилінің талабы ойды дәл, анық, 
қысқа,  нақты  жеткізу  болса,  онда  қолданылатын  стандарт  тір-
кестер  үшін  грамматикалық  тұлға  мен  мазмұнның  сәйкестігін 
сақтау – негізгі талаптардың бірі», – деп жазады. 
Ресми стильдің үш шағын түрі айқындалып қалыптасқан:  
-  әкімшілік-кеңсе  (іс  қағаздары)  шағын  стилі  (анықтама, 
өтініш,  өмірбаян,  түйіндеме,  мінездеме,  арыз,  хаттама,  хабар-
ландыру, бұйрық, жеке іс парағы). Бұдан басқа азаматтық қаты-
настарды  реттейтін  сенімхат,  қолхат,  келісімшарт,  тапсырыс 
қағаздары, еңбек келісімі, т. б.  
-  таза  заң  шағын  стилі  (заң,  қаулы-қарарлар,  жарлық, 
жарғылар, азаматтық, қылмыстық істер актілері,т.б.);  
-  дипломатиялық  шағын  стилі  (келіссөз,  мемлекетаралық 
шарттар,  іскери  хат,  үндеу,  нота,  мазмұндама,  меморандум, 
конвенция, т.б.). 
Ресми-іскери  стильдің  ауызша  түріне  түрлі  жиналыстар-
дағы,  салтанатты  мәжілістер  мен  құрылтайлардағы  сөздерді, 
мемлекеттік  және  қоғам  қайраткерлерінің  баяндамаларын,  жа-
рыссөздерді, мерейтойға байланысты ресми құттықтауларды т.б. 
жатқызуға  болады.  Ауызша  сөйлеу  әсіресе  елшілік  кездесу-
лерде, мемлекет, мекеме қызметкерлерінің іскерлік қарым-қаты-
насында маңызды орын алады. Сондай-ақ қазіргі таңда ауызша 
ресми  стиль  жанрларының  қатарына  іскери  әңгіме,  қызмет  ба-
бымен  телефонда  сөйлесу,  жұмыс  барысы  туралы  ауызша  есеп 
беру де жатқызылып жүр.  
Ресми  стильдің  түрлері  белгілі  бір  қалыпқа  түскен  үлгі 
бойынша  жазылады  да,  онда  саяси-публицистикалық  лексика, 
әкімшілік  терминдер  мен  номенклатуралық  атаулар  жиі  қолда-
нылады (мекеме, ұйым, өкілеттік, ақпараттық хат, шарт, ке-
лісім,  ереже,  қаулы,  нұсқау,  өтінемін,  сенім  білдіруші,  келісіл-
ген, төменде қол қоюшылар, қолхат, куәлік, күн тәртібі, шешім 
қабылданды,  бұйрыққа  жіберілсін,  Ұлы  мәртебелі,  т.б.).  Логи-
калық жүйелі құрылған ой құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі, 
ондағы сөздердің орын тәртібі
 қалыптасқан құрылымнан тұрады. 

Сөйтіп,  мазмұны  қысқа  әрі  тұжырымды  түрде  жазылатын,  сөз-
дері  тура,  нақты  мағынада  жұмсалатын,  тұрақты  сөз  орамдары 
бар,    қолданылу  аясы  мен  практикалық  қажеттілігі  әр  түрлі 
стиль ретінде танылады. 
Ресми-іскери  стиліне  тілдік  тұрғыдан  қойылатын  талап-
тар: 
1)
 
түйіндеменің дәлдігі немесе бір мағыналылығы;  
2)
 
айқындық немесе жүйелілік;  
3)
 
логикалылық;  
4)
 
баяндаудың ықшамдылығы; 
5)
 
басы артық сөздің болмауы; 
6)
 
құрамының тұрақтылығы.  
Таза  лингвистикалық  тұрғыдан да  мәтінге  қойылатын  та-
лаптар  болады.  Қазақ  тілі  заңдылықтарына  сәйкес  құрылған, 
өзіндік лексика-грамматикалық жүйесі бар стиль түрі, іс қа-ғаз-
дарын, әр түрлі құжаттарды толтырғандағы басты талап – қазақ 
тілінің табиғи нормаларын жетік меңгеру. Тұрақты қалып, үлгі-
лер тілдің барлық деңгейінде – лексикада, морфология, синтак-
сис  саласында  көрініс  тауып,  ресми-іскери  стильдің  өзіндік 
ерекшеліктерін  көрсетеді.  Лексикада  –  ресми  құжаттар  мен  іс 
қағаздарына тән тұрақтанған тіркестер, кәсіби термин мәніндегі 
сөздер мен сөз тіркестерін, әкімшілік терминдерді орнымен қол-
дану;  синтаксистік  құрылымында  логикалық  жүйелі  құрылған 
ойдың  құрмалас  сөйлемдер  (себеп,  мақсат,  шартты  бағының-
қылы  сабақтастар)  арқылы  берілуі,  т.б.    талап  етіледі.  Іскери 
стильде  мекемелердің  атауларын,  жеке  тұлғалардың  атақ-лауа-
зымдарын,  қызметін  білдіру  үшін  қалыптасқан  көп  құрамды 
есім сөздер жиі қолданылады: мемлекеттік ұйым, келісімге бай-
ланысты,  техникалық  көмек  көрсету  мақсатында,  жаңа  ере-
жеге көшуіне байланысты, ғылыми қызметкер, жұмыс беруші, 
премьер ханым, Сіздің рұқсатыңызбен! 
Ал  іскери  қатынастарда  аса  маңызды  ресми  стиль  түрі  – 
іскери хаттар, оның мәтіні көбінесе ресми түрде біреуге бағыт-
талып жазылады (құрметті Жәнібек Нұрланұлы...), бұл түрінде 
қалыпты  үлгілер  мен  тұрақты  тіркестер  сиректеу  кездеседі,  ой 
еркіндеу құрылады. 
Жалпы  алғанда,  іскери  хаттарда  сюжет  желісі  (хабарлау, 
баяндау), шешендік этикет фразалар кездеседі: құрметті, қадір-

лі,  шақырамын,  ниет  білдіремін,  ниет  білдіргеніңізге  рахмет, 
рахметімізді білдіреміз, алғыс айтамыз т.т.  
Шақыруымызды  құп  алып,  болашақ  іс-жоспарымызды 
талқылауға арналған  кездесуге келеді деп ойлаймыз (қатысады 
деген ниеттеміз). 
Құрметпен Нұралы Нұрланұлы! 
Ресми-іскери стильдің өзге стиль түрлерінен ерекшелігі  – 
тұрақты  оралымдар  мен  қалыпты  құрылымының  көп  кездесуі-
нен,  жай,  құрмалас  сөйлемдерінің  саралануынан,  тұрақты  бір-
ліктер  арқылы  кез  келген  ақпарат,  хабарламаның  нақты  жеткі-
зілу  сипатынан  көрінеді.  Дәлел  ретінде  ресми  стильдің  бір-екі 
үлгілерін келтірелік: 
Анықтама 
Осы  анықтама  Камалова  Ғазиза  Еркінқызының  Қазақ 
мемлекеттік  қыздар  педагогикалық  университеті  қазақ  фило-
логиясы және әлем тілдері факультеті күндізгі бөлімінің 4-кур-
сында оқитынын растайды. 
Анықтама Алматы қаласы Әуезов аудандық паспорт бө-
ліміне тапсыру үшін берілді. 
Анықтама  2013  жылдың  31  желтоқсанына  дейін 
жарамды. 
Қазақ филологиясы факультетінің деканы_____ А.А.Сатбекова 
                                                              (қолы) 
 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 
Қазақ тіл білімі кафедрасы 
мәжілісінің №3 хаттамасынан 
көшірме  
            Алматы қаласы                 2012 жыл, 12 қараша   
 
        Күн тәртібі:  
1.Кафедраның  аға  оқытушысы,  филология  ғылымдары-
ның кандидаты Б.Қ. Қошпанованың жоғары және арнаулы оқу 
орындарына  арнап  жазған  «Іскерлік  қазақ  тілі»  атты  оқу  құ-
ралын баспаға ұсыну туралы. 
        Қаулы: 
1.Кафедраның  аға  оқытушысы,  филология  ғылымдары-
ның  кандидаты  Б.Қ.Қошпанованың жоғары  және  арнаулы  оқу 

орындарына  арнап  жазған  «Іскерлік  қазақ  тілі»  атты  оқу 
құралы баспаға ұсынылсын. 
Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, 
ф.,ғ.,д., профессор Т.Ермекова 
Хатшы                  С.Самархан 
 
Ресми іскери стильдің қысқаша талдау үлгісі: 
1.Қарым-қатынас  аясы  (қолданылатын  орны):  іскери  хат-
тар  мен  кеңсе  құжаттарында,  іс  қағаздарында  (жазбаша  түрі), 
мемлекет, мекеме қызметкерлерінің іскерлік қарым-қатынасын-
да, елшілік кездесулерде, сот үрдісінде (ауызша түрі). 
2.Қарым-қатынас  мақсаты:  хабарлау,  нақты  мәліметтер 
беру, т.т. 
3.Стильдік сипаты: ресмилік, нақтылық, дәлдік. 
4.Тілдік ерекшеліктері: 
а)  лексика-фразеологиялық:    кітаби  сөздер  мен  даяр  тір-
кестер, экономикалық-құқықтық терминдер мен стандарт бірлік-
тер:  шарт,  контракт,  міндет,  жақ  (тарап),  жауапкершілік, 
заң, арбитраж, шығын, төлем,т.т. 
ә)  морфологиялық:  күрделі  зат  есімдер,  есімшелер,  сын 
есімдер (көрсетілген, берілген, келтірілген, жоғарыда аталған, 
осы,  келесі,  орынбасар,  тапсырыс  беруші,  орындаушы,  төлем 
иесі  т.с.);  қыстырма  сөздер  (байланысты,  соған  сәйкес,  бірін-
шіден,  екіншіден,  бір  жағынан,  екінші  жағынан  т.с.);  сілтеу 
есімдіктері  (бұл,  сол,  осы  сонда  т.б.);  етістіктер  (тапсыру, 
жеткізу,  көрсету,  айырбастау  т.б.);    қысқарған  сөздер  (ААҚ, 
ЖШС, ЖАҚ, БК, БАҚ, ТК,т.б. 
б)  синтаксистік:  хабарлы  сөйлемдер,  сабақтас  құрмалас-
тар, бірыңғай мүшелі сөйлемдер, т.т.  
            
 
2.3.3.  Ғылыми стиль 
 
Ғылыми  стиль  –  ғылымның  дамуымен,  ғылыми-зерттеу 
еңбектердің  пайда  болуымен  байланысты  туған  стиль.  Оған  әр 
мамандық,  әр  ғылым  саласында  жазылған  шығармалар  тілі 
жатады. 

Функционалды  стильдердің  пайда  болуын,  қалыптасу 
жолын,  әдеби  тіл  тарихында  алатын  орнын,  маңызын  қарас-
тыратын  тарихи  стилистика  деп  аталатын  маңызды  саласы  ай-
қындалып  қалыптасуда.  Тарихи  тұрғыдан  сол  ғылым  саласы 
үшін  аса  қажет  диахрондық  аспектіде  зерттеулер  қазақ  сти-
листикасында  соңғы  кезде  ғана  зерттеу  нысанына  айнала  бас-
тады. Ал қазіргі уақытта қазақ тілі үшін тәжірибеде пайдалы нә-
тиже  бере  алатын  ғылымның  бар  мүмкіндік  тұғырын  айқын-
дайтын, прагматикалық мақсат көздейтін синхрондық сипаттағы 
функционалды  стилистика  мәселесі  маңызды  болып  отыр. 
Өйткені  қазіргі  стиль  түрлерін  жалпы  тұтастай  зерттеуге  мүм-
кіндік беретін стилистиканың бұл саласы жетекші рөль атқарып 
отыр
12

Ғылыми стиль  мәселелерін  зерттеу  ісі  көрнекті  ғалымдар 
Ә.Қайдар, 
Ө.Айтбайұлы, 
Р.Сыздық, 
Б.Әбілқасымов, 
М.Серғалиев    т.б.  еңбектерінен  басталып,  қазіргі  кезеңде  оның 
әр  түрлі  тұрғыдан,  әсіресе  коммуникативтік-функционалдық, 
диахрондық-синхрондық  аспектілерде  қарастырыла  бастауы 
Ш.Құрманбайұлы,  Ш.Біләлов,  Ш.Мәжітаева,  Д.Әлкебаева, 
С.Әлісжанов,  Ж.Әмірова,  Ж.Құрмамбаева  т.б.  зерттеушілердің 
еңбектерінде жалғасын табуда.  
Әдеби  тілдің  функционалды  стильдері  бүгінгі  күй-дең-
гейіне белгілі даму жолдары арқылы келгені белгілі. Сондықтан 
кез келген стиль түрі, оның ішінде ғылыми стиль тек синхрон-
дық  тұрғыдан  ғана  емес,  диахрондық  тұрғыдан  да  сипатталып, 
теориялық терең меңгертуді қажет етеді.  Қазақ тілінде ғылыми 
стильдің  қалыптасуы,  негізінен,  өткен  ғасырдың  20-30  жыл-
дарынан  басталады.  Оның  көш  басында  А.Байтұрсынов, 
Ә.Бөкейханов,  Х.Досмұхамедов,  М.Жұмабаев,  Ж.Аймауытов, 
М.Дулатов,  Т.Шонанов,  Ә.Ермеков,  Н.Төреқұлов,  Қ.Жұбанов 
т.б.  сынды  тұлғалар  тұрды.  Оның  ішінде  қазақ  тілінің  ғылым 
тілі  ретінде  қалыптасып,  дамуына  А.Байтұрсынов  еңбегінің 
үлесі зор. Мәселен, А.Байтұрсыновтың 1912-1928 жылдары жа-
рық  көрген  әліппелері,  оқулықтары  мен  тіл-құралдары,  жазу, 
емле,  терминология  мәселелері  жайындағы  сыни  мақалалары, 
қазақ  тілінің  табиғаты  мен  құрылымдық  жүйесін  танып-
                                                           
12
Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. А., 2007, 8-б. 

танытудағы  осындай  сан  салалы  еңбектері  оның  ғылым  тілі 
ретінде толық қалыптасуына, ғылыми стильдің  орнығуына зор 
ықпал  етті.  Сонымен  қатар  М.Дулатовтың  «Есеп  құралы», 
М.Жұмабаевтың  «Педагогикасы»,  Ж.Аймауытовтың  «Тәрбие 
жетекшісі»,  «Психологиясы»,  Х.Досмұхамедовтың  «Жануарла-
ры»,  «Табиғаттануы»,  «Адамның  тән  тірлігі,  Қ.Кемеңгеровтың 
«Оқу  құралы»,  «Қазақша-орысша  тілмашы»,  Ә.Ермековтың 
«Ұлы  математика  курсы»  т.б.  еңбектерін  ғылыми  стильдің  қа-
лыптасуының  алғышарттары  деп  тануға  болады.  Қазақтың  ірі 
тұлғаларының, мәдениет қайраткерлерінің қазақша ғылым тілін 
дамытудағы  келелі  мәселелерді  көтеруі  тегіннен-тегін  емес. 
Өйткені  ғылыми  тіл  ғылым  жетістіктерін,  ғылыми  ақпаратты 
жеткізетін  тіл  ғана  емес,  Ә.Қайдардың  сөзімен  айтқанда,  «ғы-
лым  тілі    бүгінде  әдеби  тіліміздің  ең  сүбелі  саласы,  жон  ар-
қасы». 
Бұл  функционалды  стиль  түрі  –  ғылыми  негізде  жаса-
латын өзіндік қалыптасу  заңдылықтары бар, стильдік өңі ерек-
ше  әдеби  тілдің  бір  тармағы.  Оның  қалыптасып,  дамуы  көп 
жанрлы  ғылыми-зерттеу  жұмыстарының  жүргізілуіне,  ғылыми 
еңбектердің  пайда  болуына  тікелей  байланысты.  Бұл  –  тілдің 
ғылыми қарым-қатынас аясындағы қызметін арттыра түсетіндігі 
белгілі. Әрі ғылыми стильдің жаңаша тілдік-стильдік құрылым-
дарының  жасалуына,  оның  толыққанды  стиль  дәрежесінде  та-
нылуына  зор  ықпал  етеді.  Олай  болса,  бүгінгі  таңда  ұлттық 
ғылым  тілі  дамуының  заңдылықтары  мен  қағидаларын  айқын-
дайтын  ғылыми  стильдің  маңыздылығы  айрықша.  Сол  үшін 
ғылыми стильдің функционалды стильдер жүйесінде алатын ор-
нын, оның қазіргі жанрлық түрлерін, ғылыми мәтіннің стильдік-
құрылымдық ерекшеліктерін тереңірек тануды қажет етеді. 
Ғылыми  стильде  зерттеу  нысаны  болған  зат,  құбылыстар 
ғылыми  негізде  сипатталып,  белгілі  бір  теориялық  негіздермен 
дәлелденіп,  логикалық  жағынан  нақтыланып,  белгілі  жүйеге 
құрылған өзекті, дәлелді, ой қисыны қорытындыланған ғылыми 
тұжырым 
жасалады. Кез келген
 ғылыми-зерттеу жұмысында тео-
риялық  тұжырым-қағидасының  шынайылығына,  ақиқаттығына 
сендіру, өзектілігін, жаңашылдығын дәлелдеу көзделеді. Демек, 
ғылыми  стильдің  екі  түрлі  қызмет  атқаратындығын  аңғарамыз: 
бірі    –    ғылыми  ақпаратты  жеткізу  ғана  емес,  сол  ақпараттың, 

көп жағдайда жаңалықтың ақиқаттығын дәлелдеу де; екіншісі – 
оқырманның  немесе  тыңдарманның  логикалық  ойлау  қабіле-
тінің  белсенділігін  арттыру
13
.  Осы  аталған  жайттар  ғылыми 
стильдің негізгі сапалық белгілерін айқындайды. Олар: 
- логикалылық; 
- нақтылық не айқындылық
- дәлдік – ғылыми стильдің сақталуына тән шарттар. 
Олай  болса,  ғылыми  қарым-қатынас  аясы  айтылған  ойдың 
нақтылығымен,  қисындылығымен,  бір  мағыналы  болуымен  және 
дәлдігімен  ерекшеленеді.  Ғылым  аясындағы  ойлаудың  басты  түрі 
ұғым  болып  келеді.  Н.Уәлиұлының  тұжырымдауынша,  ғылыми 
стильде  тіл  амал-тәсілдерінің  дерексіз  сипатта  «ұғым»  түрінде 
болуы  ғылыми  стильдің  басты  айырым  белгісі  болса,  сөздің 
деректі  сипат  алып,  оның  образға  көшуі  көркем  әдебиет  стилінің 
басты айырым белгісі
14
.  
Логикалылық  –  ғылыми  ойдың,  ақпараттың  мәтін  ішінде 
жүйелі  орналасып,  олардың  арасында  тығыз  мағыналық  бай-
ланыстың болуы, ұғымдық бірліктің сақталуы. Зерттеу еңбектен 
алынған мына үзіндіге назар аударалық: 
«Ұлттың  рухани  дүниетанымын,  салт-санасын,  ұлттық 
мінезін өн бойына жиып, сан ғасырлар өтсе де санадан өшпей-
тін  ұлт  тіліндегі  асыл  қазыналардың  бірі  –  фразеологизмдер. 
Фразеологизмдер  –  сандаған  жылдар  мен  ғасырлардың  қазы-
насы,  бұл,  бір жағынан, екінші  жағынан,  ол  –  жеке  қаламгер-
лердің табысы, еңбегі, ізденісі. Фразеологиялық тіркестер – се-
мантикалық  шоғырлар,  яғни  жеке  сөз  мағыналарының  бір-
бірімен түйісуінен туған жаңа мағыналық дүниеліктер. Демек, 
белгілі  бір  қаламгердің  жалпы  тілдік  қазынасын  және  көр-
кемдік байлығын зерттеуде оның фразеологиясын тауып тану 
ерекше орын алады.  
М.Дулатұлы шығармаларында өзі өмір сүрген қоғамдағы 
қазақ  халқының  тұрмыс-тіршілігі,  елдің  саяси  өміріндегі 
                                                           
13
Серғалиев М. Стилистика негіздері. А., 2006, 91-б. 
14
Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: Филол. ғыл. док. ... дисс. 
– А., 2007, 104-б. 
 

өзгерістер,  ұлт  бойындағы  жағымсыз  мінездер,  ескі  әдет-ғұ-
рыпты сынға алып отырады. Ұлтқа тән руханилықты болмыс-
бітіміне жиған қаламгер тілдегі фразеологизмдерді өз мақсат-
мүддесіне орай қолданып отырады. Мысалы:  «Әрбір ақыл иесі 
адам  қара  қазан,  сары  баланың  қамын  ойламай,  бұрынғыдай 
пайдасыз дүрмекпен кете берсе, құдай алдында мойындарынан 
үлкен  борышы  түспей,  кейінгі  нәсілінен  де  қарғыс  алуында 
шибһе жоқ;  Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз 
бар – төбесі тесік;  Қазақ баласы енді оянбасаң, мәңгіге шейін 
ұйқың  ашылмай,  қараңғыда,  құлдықта,  тістегеннің  аузында, 
ұстағанның  қолында  кеткенің»,  т.б.  Мысалдағы  қара  қазан, 
заттық  мәдениетімізді  білдіретін  лингвомәдени  бірлікке 
тоқталсақ.  Қара  қазан  –  қазақ  ұғымында  отбасындағы  тоқ-
шылық  пен  берекенің  белгісі.  Қазанның  осындай  символдық 
белгісі  туралы  этнограф  С.Кенжеахметұлы  былай  дейді: 
«Қазанның  басқа  ыдыстарға  қарағанда  қазақ  өмірі  мен 
мәдениетінде  алатын  орны  мүлде  жоғары.  Өйткені  ол  – 
күнделікті  тіршілік  құралы.  Қазақ  дастарханына  түсетін 
тағамдардың  барлығы  да,  ең  алдымен,  осы  қазаннан  өтеді. 
Халық жай ғана «қазан» демей, оны «қара қазан» деп қастерлеп 
айтады.  Бұл  жерде  «қара»  сөзі  «қасиетті,  киелі,  берекелі» 
деген  ұғымды  білдіреді».  М.Дулатұлы  өз  отбасының  қамын 
ойламаған  адамнан  ұлт  болашағын  ойлау  әсте  шықпайтынын 
халық  санасынан  орын  алған  қара  қазан,  сары  баланың  қамы  
тұрақты тіркесі арқылы дәл береді» (Ғылыми зерттеуден). 
Келтірілген  бұл  үзіндіде  ғылыми  стильге  тән  сапалық 
белгілер,  ойдың  логикалылығы  толық  сақталған.  Өйткені  мән-
мәтінде бастан аяқ ғалым пікірінің, өзіндік көзқарасының бірте-
бірте даму  динамикасы  бар.  Бір  ойдан  екінші  ойдың  туындауы 
байқалады. Ең алдымен, фразеологизмдерге анықтама бере оты-
рып,  оның  жалпы  лингвистикалық  сипатына  тоқталады.  Фра-
зеологизмдер  –  ұлттық  дүниетанымның  көрсеткіші,  лингво-
мәдени  бірлік  екендігіне  оқырманның  назарын  аудара  отырып, 
қаламгер  тілінде    қандай  мақсат-мүддемен  қолданылғандығын 
дәлелдеп,  тілдік деректер арқылы нақты дәйектейді. Сол арқы-
лы  сан ғасырлық халық тілінің байлығы, ұлт тіліндегі асыл қа-
зыналардың бірі – фразеологизмдер екенін түйіндейді. 

Сондай-ақ  айқындылық,  дәлдік  шарттарының  сақталу 
мәнісі – ғылыми ой-пікірлердің түсінікті қабылдануы, нақтылы 
жеткізілуі,  тілдік  бірліктердің  ешбір  бояусыз  тура  мағынада 
қолданылуы.  Ғылыми  стильге  тән  нормалық  талаптардың  жү-
зеге асқандығын төмендегі үзінділерден байқауға болады: 
Әрбір  ғылымның  өзіне  тән  зерттеу  объектісі    болады. 
Психология ғылымы зерттейтін объектіні (пәнді) бірден түсіну 
қиын, әрі ол – күрделі мәселе. Өйткені психикалық құбылыстар 
зерттеуші адамның дүниетанымдық көзқарасына байланысты. 
Психология,  психика  деген  түсініктер  гректің  «псюхэ»  –  жан 
деген 
сөзінен шығады, «логия» – ілім.
 Бұл ғылымның өзіндік таң-
басы – псю деп аталатын грек сөзі. Сонымен, психология – жан 
туралы ілім. Ол құбылыстарды  жүйелі түрде топтастырып, 
болмыс  пен  фактілерді    салыстыра  отырып  зерттейді.  Қа-
былдау,  ес,  ойлау,  ерік,  сезім  деп  аталатын  тағы  басқа  пси-
хикалық  процестер  адамның  ішкі  дүниесі  мен  бейнелеу  қасие-
тінің,  күллі  жан  дүниесінің  тіршілігі  немесе  оның  сыры  деп 
аталады. Осы орайда, біз психологияның жантану жайындағы 
ғылым екеніне  көз жеткіземіз. 
 Логиканың  зерттейтін  пәні  –  дұрыс  ойлаудың  заңды-
лығы мен формасы. Ойлау – адам миының жемісі. Ой тіл арқы-
лы жүзеге асырылады. Тіл – ойдың құралы. Тілсіз ой болмайды, 
ойсыз  тіл  болмайды.  Тілдің  атқаратын  қызметі  көп.  Тіл  ар-
қасында адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Ғылым 
мен  практикада,  жасөспірімдерді  тәрбиелеу  мен  оқытуда 
тілдің рөлі өте зор (Оқулықтардан). Мұнда берілген ой айқын, 
оқырман қабылдауына түсінікті, сөз қолдануда дәлдік сақталған. 
Психология,  логика  ғылымдарына  тән  ұғымдар  мен  терминдер 
сол ғылымдардың мазмұнын айқындауда тура мағынада жұмса-
лып,  тиісті  үғым  мен  атауларға  анықтама  беріліп  отырады,  ой-
дың дәлдігі осы тұстардан бірден аңғарылады. 
Ғылыми  стильдің  шағын  үш  түрі  айқындалып  қалыптас-
қан:  
- таза ғылыми шағын стилі (белгілі бір ғылым саласының 
мамандарына арналған);  
- ғылыми-көпшілік шағын стилі (қалың көпшілікті ғылым 
саласындағы жаңалықтар мен жетістіктер туралы хабардар ету); 

-  ғылыми-оқулық  шағын стилі  (нақты  бір  ғылымның  тео-
риялық негіздерін игерту, ғылыми түсінік қалыптастыру). 
Зерттеушілер
15
 ғылыми стильдің қазіргі жанрлық түрлерін 
төмендегіше саралап көрсетеді:  
-  академиялық  (таза  ғылыми)    мәтіндер:  монография,  ма-
қала, диссертация, тезис, ғылыми есеп, баяндама, хабарлама, жа-
рыссөз; 
-ақпараттық-ресми    мәтіндер:  реферат,  түйін  (резюме), 
түйіндеме (аннотация) т.т.; 
-анықтамалық-энциклопедиялық    ғылыми    мәтіндер:  эн-
циклопедия, анықтамалық, сөздіктер т.т.; 
-ғылыми-бағалауыштық  мәтіндер:  рецензия,  пікір,  са-
раптама қорытындысы т.т.; 
-ғылыми-оқу мәтіндері: оқулық, оқу құралдары, дәріс т.т.; 
-ғылыми-нұсқаулық  мәтіндер:  нұсқаулық,  әдістемелік 
құралдар, бағдарлама, ұсыныстар т.т.; 
-ғылыми-іскерлік мәтіндер: а) ғылыми  және  техникалық 
құжаттар;  авторлық    куәлік;  стандарт,  техникалық    талаптар, 
т.т.;  ә)  басқару  мәтіндері:  акт,  ұсыным,  келісім,  жоба,  қаулы, 
шешім, жоспарлық құжат, есеп, т.т.  
Жоғарыда  берілген  жанрлық  түрлері  көбінесе  ғылыми 
стильдің жазбаша түрлерін көрсетеді: монография, диссертация, 
оқулық, оқу құралдары, мақала, пікір, сыни пікірлер, мақала не 
баяндама  тезистері,  ғылыми  есеп,  т.б.    Ал  ғылыми  стильдің 
ауызша  түрлеріне:  дәріс,  баяндама,  жиын,  ғылыми  конферен-
циялардағы жарыссөздер, ғылыми сұхбат, т.б. жатады. 
Орыс  тілі стилистикасының  авторы М.Н.Кожина  ғылыми 
стильдің  ауызша  түрінде  диалог  пен  монолог  формалары бола-
тындығын  айтады.  Монологтің  баяндау,  сипаттау,  толғам  және 
сыни  түрлері  бар  деп  есептейді.  Ал  диалогке  пікірталас  (дис-
куссия)  не  ғылыми  айтыс,  интеллектуалдық  әңгіме,  пікір  алма-
сулар, т.б. енеді. Монолог – бір жақтан ғана берілетін ой болса, 
диалог – екі немесе бірнеше адамның арасында өзара ой бөлісу, 
пікір айту болып табылады.  
                                                           
15
Жанры и жанровые разновидности научного стиля. М.,1989, с. 22-23
  
 

Функционалды  стильдерді  бір-бірінен  ерекшелендіріп 
көрсететін  қыры  –  таза  тілдік  белгілері  (лингвистикалық  ерек-
шеліктері)  екендігі  белгілі.  Демек,  ғылыми  стильдің  лингвис-
тикалық сипаты дегенде, тілдің қандай құрылымдық түрлерінде 
болмасын,  әдеби  тіл  норма  талаптары  қатаң  сақталынуы  тиіс. 
Мәселен,  фонетикалық  ерекшеліктері  кез  келген  автордың, 
ғалымның  дәрісті  дұрыс  оқи  білу,  сөйлей  білу  шеберлігі  тұр-
ғысынан  байқалады.  Ғалым  ғылыми  ойын  баяндауда  не  сөй-
леуде  назар аударарлық белгілі  бір  ұғымға, жаңа ақпарат,  түсі-
нікке айрықша екпін беріп, тілдік талдамаларын дауыс қарқыны, 
интонация  арқылы  саралап,  мәнді  белгілерін  көрсетуге  ұмты-
лады. Лексика-фразеологиялық ерекшеліктерін сипаттағанда, ең 
басты  көрсеткіші  –  терминологиялық  жүйемен  байланыстылы-
ғы,  терминдерге  қатыстылығы  айқындалады.  Яғни,  терминдік 
лексиканы, халықаралық, салалық терминдерді әр ғылым саласы 
ерекшелігіне  қарай  жүйелі  де  жиі  пайдаланады. Семантикада  – 
мағыналық  дәлдіктің  болғаны  шарт.  Сөздер  негізінен  тура  ма-
ғынада  жұмсалады,  ауыспалы  мәндегі  сөздер  болмайды.  Лек-
сикада – атау сөздер мен жаңа бірліктер, морфологияда зат есім 
тұлғалы сөз таптары, сондай-ақ сын есім, етістік, оның шақтық 
категориясы, есімдік, шылаулар, қыстырмалар,т.б. түрлері, син-
таксис саласы бойынша сөз тіркестерінің көптеген түрлері, күр-
деленген  сөйлемдер,  жай  (толымды,  жайылма,  жақсыз)  сөйлем 
түрлері, құрмалас сөйлемнің құрылымдық түрлері қолданылады. 
Мәселен,  күрделі  ойдың  логикалық  жүйесін  бұзбай,  бірізді 
баяндалуы  үшін  жиі  жұмсалатын  сөйлемнің  түрі  –  сабақтас 
құрмаластар.  Күрделі  ойдың  жүйелі,  қисынды  берілуін  ғылыми 
мәтіннен  келтірілген  төмендегі  сөйлемдерден  аңғаруға  болады: 
Бүгінгі таңдағы жеке тұлғаны тануға бағытталған ұмтылыс 
ғылыми  көзқарастардың  жаңаруының  негізгі  мақсаты  болып, 
көптеген ғылымдардың нысанасына айналып отырғанына  ғы-
лыми  әдебиеттерді  саралау  барысында  көз  жеткіземіз.  Тіл 
білімі нысанына «тілдік тұлға» категориясының енгізілуі жал-
пы  тұлға  ұғымының  жаңа  мазмұнмен  толығуына  мүмкіндік 
жасап,  тілді  зерттеудің    құрылымдық-функционалдық  аспек-
тісі  аясынан  шығып,  адамның  санасы,  ойы  мен  рухани  қыз-
метімен  тығыз  байланыстағы  антропологиялық  тіл  біліміне 
айналуына  негіз  жасалды.  Антропоөзектік  парадигмада  «тіл-

дік тұлға» түсінігінің, анықтамасының пайда болуы, оны зерт-
теу қағидасы мен теориясы орыс тіл білімінде жасалғанымен, 
«тіл және тұлға» мәселесі, тілдің қызметі мен өмір сүруін оны 
тұтынушы  тұлғамен  байланыста  зерттеу  идеясы  тіл  білі-
мінде  барлық  кезеңдерде  де  болды  (Ж.Ермекова.  Мағжан 
Жұмабаевтың тілдік тұлғасы). 
Ғылыми стильдің қысқаша талдау үлгісі: 
1.Қарым-қатынас  аясы  (қолданылатын  орны):  ғылыми 
еңбектер мен зерттеулерде, ғылыми баяндамаларда, дәрістерде, 
ғылыми кеңес, мәжілістер, пікір алысуларда, т.б. 
2.Қарым-қатынас  мақсаты:  заттар  мен  құбылыстардың 
себеп-салдарын,  жалпы  ерекшелігін  ашып,  теориялық  мәлімет 
беру;  мәнді  белгісін  көрсету;  шындықты  ұғым  түрінде  логика-
лық жүйемен пайымдау. 
3.Стильдік сипаты:  негізгі айтылатын  ой  дәлелді,  логика-
лылық, дәлдік, қисындылық, т.б. 
4.Тілдік ерекшеліктері:  
а)  лексика-фразеологиялық:    тура  мағыналы  атау  сөздер, 
ғылыми терминдер,... 
ә)  морфологиялық:  осы  шақ  және  ауыспалы  келер  шақ 
тұлғалы етістіктер,... 
б)  синтаксистік:  хабарлы,  толымды,  жайылма,  сабақтас 
сөйлем түрлері, күрделі синтаксистік тұтастық, ... 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет