Мақпал Жұмабай Жоғалған тілдер туралы жыр


Мұражайдан жеткен жанайқай



Pdf көрінісі
бет2/3
Дата04.01.2017
өлшемі292,57 Kb.
#1151
1   2   3

Мұражайдан жеткен жанайқай  

 

Катоба тілі  

 

Бөбегім,  еңбегің  бүлк-бүлк  етеді.    Қазағым  бала  «тас»  дегенде  еңбегі  де 



тастай  қатады  дейді.  Алыстағы  катоба  халқында    ертеректе    нәрестенің  

маңдайын  кеңейтіп,  жалпақтап,  жазықтап  жіберетін  дәстүр  болған. 

Осылайша еңбегі қатпаған  еркек кіндік сәбилердің бас сүйегі адам қолымен 

өзгертілген.  Бастың  мұндай  кейпі  адамға  батырлық,  ержүректік  береді  деп 

сенген бұл жауынгер  тайпа.  Әр халықтың сеніміне,  танымына  тек бас июге 

тиістісің. Таңғалып, не табалауға хақың жоқ.  

1996  жылдың  қаңтар  айында  жазықмаңдайлылардың  өкілі  Қызыл  бұлт  көз 

жұмды.  Бұдан  сәл  уақыт  бұрын,    ол  қалың  көпшілікке  өзінің  катоба  тілінің 

соңғы  сөйлеушісі  екенін    ресми  түрде  жариялаған  еді.  Осы  жүректі 

шымырлатар  шындығымен  Қызыл  бұлт  әп  сәтте  дүниеге  танымал  болды. 

Үндіс  баласы  туған  тайпасының  әнұраны  мен  аңшылық  жырларын  таспаға 

басып,  Смитсон  мұражайына  өз  қолымен  табыс  еткен.  Жер  бетінде  катоба 

деген  тілдің  болғанын  адамзат  ұмытпасын  деген  тілегінен  туындапты  бұл 

ойы... 


Бұл тайпа қазіргі Солтүстік және Оңтүстік Каролинаның  түйіскен жеріндегі 

Катоба  өзенінің    бойын    жайлаған.  «Катоба»  деген  сөздің  өзі  «өзен  халқы» 

деген  ұғымды  білдірсе  керек.  Үндістердің  жеріне  европалық  басқыншылар 

аяқ  басқан  кезде  катобалықтардың  саны  он  мыңның  үстінде  болған. 

Отарлаушыларға  қарсы  күрес,  тайпааралық  жанжалдар,  батыстан  жеткен 

эпидемиялық аурулар, қала берді ішімдікке деген әуестік бұл жұрттың санын 

мүлдем азайтып жіберді.   

Бөбегім,  ішіңді  удай  ашытатын  мына  шындыққа  қарашы.  Ерлік  рухы  аңыз 

болған   үндістер араққа салынды дегенге сене аласың ба? Әсіресе , Солтүстік 

Американы жайлаған ірілі-ұсақты тайпалардың түбіне дәл осы арақ жеткен.   

Олардың  ғасырлар  бойы  мұқалмаған  айбаты  мен  жігерін,  намысы  мен 

қайратын  арақ  еш  қиындықсыз-ақ  жеңген.  Ал  Амазонканы  жағалай  жатқан  

қайсыбір  тайпалар  үшін  есірткі  нағыз  қасірет  әкелген.  Еуропа 

басқыншылығы  үндістерді  жерінен  айырса,  солармен  бірге  жеткен  әдеттер 

оларды  мақсат-мүддесінен,  ұлы  мұраттарынан  айырды.  Отарлаушылардың 

саясаты да осы  еді.  

Иә, 1728 жылы катобалықтардан 1400 адам ғана қалды. Ал 1826 жылғы санақ 

нәтижесі  110  катобалықтың  қалғанын  жариялады.  Бүгінде  өзін  катобалық 

санайтын 2600 адам бар. Бұл тайпа федералдық билік тарапынен ресми түрде 

мойындалғанымен, олар ана тілінен біржолата қол үзіп қалды.  

Бөбегім,  нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамастан, қай-қайсы халық та адам бола 

білу,  адам  боп    боп  қалу  сынды  ізгілік  идеясын  қуаттайды.  Катобалықтар 

өздерін ертеректе «Ийай» немесе «Ниай» деп атаған екен. Қазақшаласақ, бұл 

«Адам»  әрі    «Нағыз  адам»    деген    мағынаны  білдіреді.  Ниайлардың 

жанайқайы  Смитсон  мұражайынан естілетін сынды... 


 

Кит аулап, итке  шана жеккен  

 

Керек тілі  



 

Бөбегім,  кез  келген  халықтың  ертегісі  арқылы    тарихын,  танымын,  тұтас 

болмысын    тануға  болады.  Бұл  халық  та  ертегішіл.  Әңгіме  –  керектер 

хақында.  Бір  өзгешелігі,  олардың  ертегілерінде  баяндау,  суреттеу  мүлдем 

жоқ.  Есесіне,  ертегінің  өне  бойы  кейіпкерлердің  өзара  әңгімесінен  тұрады. 

Диалогқа  құрылған  бұл  ертегілердің  оқиғасы  да  тез  өрбиді.  Құрылымы 

ерекше  мұндай  ертегілер  басқа  халықтарда  кездесе  бермейді.  Ал  біздің 

қазақтың  ертегілері, керісінше, «ерте, ерте, ертеде...» деп басталады.  

Иә,  жиырма  бірінші  ғасырда  ізім-ғайым  жоғалған  керектердің  тарихы  енді 

адамзатқа  ертегі  тәрізді.  Ерте,  ерте,  ертеде  алып  киттерді  аулайтын  керек 

дейтін  батыр  халық  болыпты.  Керектер  итті  көлік  ретінде  пайдалану 

дәстүрінің  иесі.  Ең  алғаш  иттерге    шана  жегіп,  алысты  жақындатқан  осы 

жұрт. Олар Тынық және Солтүстік мұзды мұхиты жағалауларының байырғы 

тұрғындары.  Бүгінде керек жері Ресей Федерациясының еншісінде.  

Керек  тілі  де,  керек  халқы  да  жер  бетінен  мүлдем  жойылды.  Бұған  себеп, 

өткен  ғасырдың  30-40  жылдары  олардың  туған  жерінен  басқа  аймаққа 

қоныстандырылуы.  Кеңестік  билік  керек  қоныстарын  «келешегі  жоқ 

елдімекен»  деп  танып,  тұрғылықты  халқын  чукча  ауылдарына  көшірді. 

Оларлың  ата  кәсібі  –  кит  аулау  ісі  ресейліктер  тарапынан  әбден 

коммерцияланды.  Бұған  қоса,  түрлі  эпидемиялардан,  жұқпалы  індеттерден 

онсыз да аз халық қынадай қырылды.  Уақыт өте келе, керектер чукчалармен 

сіңісіп,  ассимиляцияға  ұшырады.    Бүгінгі  күні  чукчалар  да  аз  ұлттардың 

қатарына жатады.  

Екінші  дүниежүзілік  соғыстан  кейін  керектердің    небәрі  100  өкілі  қалғаны 

расталды.  Ресми  мәртебесі  жоқ  керек  тілі  чукот  тілі  мен  орыс  тілінің 

қыспағынан шыға алмады.  Ал  1991 жылы керек тілін білетін үш адам ғана 

тіркелді.  Олар Екатерина Хаткана, Николай Етынкэу, Иван Уваргынгын еді. 

2002 жылғы санақ нәтижелері керек тілінің 15-ке жуық сөйлеушісі бар екенін 

алға  тартты.  Бірақ,  бұл  дерек  шынайы  шындыққа  сай  емес  сынды.  Себебі, 

2005  жылы  Екатерина  Хаткана  көз  жұмғанда,  халықаралық  қауымдастық 

керек  тілінің  де,  керек  халқының  да  жер  бетінен  мүлдем  жоғалғанын 

күрсініспен мойындады.  

Теңіз  морждары  мен  кит  сүйектерінен  жерге  үңгіп  үй  тұрғызып,  бет-

жүздеріне  бедерлеп  сурет  салған  керек  халқының  соңғы  өкілі  Екатерина 

өмірінің  соңында  қызының  туған  тілін  білмейтініне  өкініп,  «Туған  тілмен 

ғана түсіндіріліп, көкейге түйілетін дүниелер болады екен»,- депті. Екатерина 

чукот жігітімен отасқанымен, балалары чукот тілін де білмейді. Олар орысша 

сөйлейді...     

Бөбегім,  бабаларымыз  қыз  баласының  тағдырын  бір  ауыз  сөзге  сыйдырып,  

«қыз  –  жатжұрттық»  дейді.  Бұл  сөздің  астарында,  туған  ұясынан  ұшып 

шығып,  басқа  шаңыраққа  қонып,  ғұмыр  бойы  табалдырығына  табынып 


өтетін  әйел  затының  болмысы  жатса  керек.  Қазіргі  кезде  басқа  ұлттың 

азаматына  тұрмысқа  шығып,  шетел  асып  жатқан  қаракөздеріміз  көп.  

Көкейіме  өксік  тығылып,  қазақтың  сол  қыздарынының  тағдыр  талайына 

алаңдаймын.  Кінәлаймын.  Сөгемін.  Ақыры,  санама  сол  қыздар  ұрпағына 

қазақтығының дәнін егіп, ана тілінің сәулесін төгіп жүрген болар деген үміт 

келеді.  Иә,  қазақтың қызы Хаткана кейуана сынды өкінбеуге тиісті.  

 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

Томография – тіл сақтау құралы 

 

Эвенк тілі 

 

         Бөбегім, 



сен  ауырып  қалдың.  Дәрігерлер  «анестезия  салып, 

томографияға  түсіреміз»  деді.  Мен  келіспедім.  Сені  мұндай  сынақтарға 

салмаймын.    Ал  эвенк    халқы    тағдырындағы  ең  соңғы  әрі    ең  басты  

сынақтан  өтіп  жатыр.  Томографиядан  біз  бас  тарттық,  олардың  бас  тартуға 

қақысы жоқ.   

      Бөбегім,  Ресей  Ғылым  академиясының  Сібір  бөлімшесі  ерекше  іс 

бастады.  Иә,  бұл  туралы  естігенде,  жүрегім  шымыр  етті.  Жойылып  бара 

жатқан  халықтың,  яғни  тілдің  өкілі    бірнеше  сағат  бойы  томографқа 

түсіріледі. Ол туған тілінде ұғынықты әрі дұрыс сөйлеуі керек. Сөйлеушінің 

бүкіл  іс-қимылы,  сөйлеуге  қатысатын  дене  мүшелері  түгелдей      магнитті-

резонанстық  таспаға  жазылады.  Әдетте  мұндай  томографиялық  құрылғылар 

медициналық мақсатта адам саулығы үшін қолданылады. Ал мына зертхана 

оны тілді сақтау үшін пайдаланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 60 адам өз тілін 

таспаға  түсіруге  ниетті  болған.  Нәтижесінде,  ол  тілдердің  дыбысталуы,  

айтылуы,  сол    сәттегі  мидың  әсері,  басқа  да  ерекшеліктер  ғылыми  тұрғыда 

тұңғыш рет зерделенді. Зерделенген тілдердің қатарында  эвенк тілі де бар.   

        Кеңес  Одағы  ыдырағанымен,    Ресей  Федерациясының  құрамына  еніп, 

егемендігіне  қол  жеткізбеген  қаншама  халықтар  бар?!  Еркіндігінен 

айырылған  сол  халықтардың  барлығының  тілі  қайғылы  жағдайда.  Бірі  – 

жойылса, енді біріне қатер төніп тұр. Ресей Федерациясындағы 136 тілдің 20-

сы  ізім-ғайым  жойылып  кетсе,  22-сі  бүгін-ертең  жойылуы  мүмкін.  Қалған 

тілдердің  тағдыры  қыл  үстінде.    Қауіпті  алдын  алып,  тілдерді  сақтап  қалу 

мүмкін  болмай  тұр.  Өйткені,  ол  халықтардың  тәуелсіздігі  жоқ.  Тілдің 

дамуына ықпал ететін заңдық құжаттары да жоқ. Ең қайғылысы, ол тілдердің 

жас буын  үшін еш қажеттілігі болмай тұр.  

      Ал  эвенк  тілі  –  жойылу  алдындағы  тіл.  2002  жылғы  санақ  бойынша  

35 357  эвенк  бар  екені  расталды.  Олардың  тек  7 584-і  ғана  туған  тілінде 

сөйлейтін болып шықты.  

Эвенктер өз заманында  ұлан-асыр жерді иеленді. Тарихтың өне бойында тек  

бұғы  бағумен  айналысты.  Кеңес  Үкіметі  орнап,    1932  жылы  халықтың 

қолындағы  бұғылар  тізімделіп,  қолдағы  бар  малмен  колхоздар  құрылды. 

Айналасы  екі  жылдың  ішінде  эвенктердің  сан  мыңжылдық  шаруашылығы 

түбірімен өзгеріп, бұл  халық бұғы емес, көкөніс пен картоп өсіретін болды. 

Ал  араға  жиырма  жыл  салып,  бұғы  шаруашылығы  мүлдем  жойылды. 

Эвенктер    ақыр  аяғы  дәрілік  өсімдіктер  жинап,    жерге  жабысты  да  қалды... 

Бұғыларды  жою  арқылы  кеңестік  билік  эвенк  халқының  тұтас  болмысына, 

дәстүр-салтына,  мәдениеті  мен  өнеріне,  ең  бастысы,    тіліне  балта  шапты. 

Айтқандай-ақ,  эвенктер  осыдан  бастап,  жеке  дара  халық  болудан  қалды. 

Оларды тарихымен жалғап тұрған соңғы үміттер бұғылармен бірге үзілді. 

  


       Эвенктердің  жеріне  орыстар  және  басқа  да  халықтар  жүйелі  түрде 

қоныстандырылды.  Ал  эвенктердің  өзі    Ресейдің  11  аумағына  күштеп  

қоныстандырылды.  Бір  шоғыры  Саха  жерін  мекен  етсе,  енді  бірі  Бурятияда 

тұрады.    Тарыдай  шашылған  халықтың    тілін,  жалпы  болмыс-бітімін 

сақтауына,  дамытуына  еш  мүмкіндігі  жоқ.  Бүгінде  Бурят  Мемлекеттік 

университетінде  эвенк  тілінің  мамандары  даярланады.  Бүтін  халық  осы 

жерден түлеп шығатын эвенк тілі мұғалімдеріне  үмітпен қарайды.  

 

      Бөбегім,  тілдерді  магнитті-резонанстық  томография  арқылы  зерттеу 



жобасын  іске  асырушылардың  қатарында  жойылып  бара  жатқан  тілдердің 

өкілдері де бар. Олар үшін бұл медициналық құрал халықтың  жанын, рухын, 

бүтін  болмысын  сақтаушы  тетікке  айналып  отыр.  Олар  бұл  зерттеу  туған 

тілдерін сақтауға негіз болады деп сенеді...  

 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

Улво – нивхтердің ұлы арманы 

Нивх тілі 

        Бөбегім,  сен  үйге  келген  адамның  алдынан  жүгіріп  шығып, 

амандасасың!  Шығарып  саласың!  Сен  үшін  өте  маңызды  дүние  бұл. 

Қазақтығың әр қадамыңнан білінеді.  Ал бұл халықтың  тілінде амандасу мен 

қоштасу сөзі мүлдем жоқ.  Олар өздерін «нивх» деп атайды. Біздіңше, «ескек 

есіп, желкенді қайықпен жүретін адамдар». 

         Нивх  халқының  қилы  тағдыры  жеріне    орыстар  аяқ  басқан  кезден 

басталды.  1849  жылы  Невельский    бастаған  орыс  экспедициясы  Амурға 

табан  тіреді.  Артынша  Амурдың  сағасында  бірнеше  орыс  елдімекені  пайда  

болды.  Нивх  жеріне  орыстар  ағылып  келе  берді,  келе    берді...    Әу  баста 

«жергілікті  халықты  жерінен  ығыстырмау,  негізгі  шаруашылығына  қол 

сұқпау»  туралы  құжаттар  болды.  Сондықтан,  қоныстанушылар  алғашында 

жер  игерумен  айналысты.      Дегенмен,  бұл  тыйымның  ұзаққа  созылмасын 

Ресей  билігі  де,  нивхтер  де  сезетін  еді.    Осы  тұста  нивхтің  беделді  кейбір 

ұлдары    орыстан  келер  қауіпті  көкірек  көзімен  саралап  алмастан,    Ресей 

құрамына  қосылу  туралы  ұрандарды  қуаттап,  қолдай  бастады.  Бұл  кезде 

нивхтердің  жеріне  америкалықтар  да  көз  тігіп,  олар  кит  аулайтын  аумаққа 

қайта-қайта  баса-көктеп  келгіштеп  жүрген.  Басқыншылардан  қорғайтын 

қорғаушы  табылғандай  нивхтер  орыстың  бауырына  тығылды.  1850  жылы 

нифх  жеріне    Ресей  туы    тігілді.  Міне,  нивхтердің  сан  мыңжылдық 

шаруашылығы  –  балық  аулау  ісіне    орыстар  енді    шындап  кірісті.  Олар  ата 

кәсібінен нивхтердің өзін ығыстыра бастады. Нивх халқы  ата кәсібінен ғана 

емес,  ата  жолынан  да  қалай  тайып  кеткенін  аңғармай    қалды.  Оған  дәлел, 

1899  жылы  Амурдың  төменгі  ағысындағы  нивх  балаларына  арналған  

миссионерлік  мектептердің  саны  оннан  асты.  Сауат  ашумен  қатар,  мұнда 

христиандық негіздері жүйелі түрде оқытылды.   

         Кеңес  Үкіметі  орнағаннан  кейін  Ресейдің  нивхтерге  қатысты  сценариі 

былайша  өрбіді.    Өзі  аз  халық    әр  тарапқа    қоныстандырылды.  Олардың  

жартысы  Амурдың  сағасында,    жартысы  Сахалин  аралында  қалды. 

Нивхтердің  ғасырлық  өмір  сүру  салтына  қол  сұғылып,    олар  дәстүрлі  

үйшіктерінен  көпқабатты  ғимараттарға    көшірілді.  Алғашында  мұндай 

үйлерге  үйрене  алмаған  байғұс  нивхтер  үйінің  ішін  үңгірге  ұқсатып, 

түрлендіріп  алды.  Ал  нивх  балалары  сол  кездегі  білім  жүйесіне  сәйкес 

интернаттарға  орналастырылды.  Туған  үйлерінен  алыстаған    жас  буын 



тілдерінен  айырылды.      Тамырынан  да  қол  үзіп  қалды.  Саралап  отырсаң,  

Ресей отар елдерінің барлығына осындай саясат жүргізгенін түйсінесің.  Бізге 

де... 

        1926  жылғы  санақ  4076  нивх  қана  бар  екенін    растады.  Арада  ғасырға 



жуық  уақыт  өтсе  де,  нивхтердің  саны өскен  жоқ.  2002  жылы  олардың  саны 

5200-ге жетті. Соның ішінде туған тілін білетіні  – 688.  Бұлардың 100-і ғана 

туған тілінде  жетік сөйлеп, жазып-сыза алады.   Басым көпшілігі – 1920-1940 

жылдар аралығында туған адамдар. Яғни, қарттар... 

        Бүгінгі  күні  нивх  тілі  Сахалин  облысының  бірнеше  мектебінде  3 

сыныпқа  дейін  оқытылады.  Ал  қалған  сынып  оқушыларына      факультатив, 

яғни таңдау пәні ретінде оқыту қарастырылған.  

         Нивх  тілінің  бүгінде  екі  диалектісі  бар.  Әу  бастан  бұл  тілдің  бірнеше 

диалектісі  болған.  Нивх  тілінің    жоғалуына  себеп  болған  мәселенің  бірі  – 

осы.    Кеңестік  саясат    «диалект  дауын»  өз  пайдасына  қолданды.  Бір  халық 

ешқашан  түйіспейтін  екі    жолмен  кетті.  Екі  диалектіге  арналып,  екі  түрлі 

әліпби  жасалды,  әдістемелер  жазылды...  Ең  соңғы  әліпбиді  1979  жылы  

нивхтің арда ұлы Владимир Санги жасады. Бұл әліпбиді Ресей Федерациясы 

ресми  түрде  мойындап,  бекітті.    Владимир  Санги  тілді  дамытуға  арналған 

бүкіл оқулықтарды бір өзі жазып шықты.  

        Владимир  Санги  –  нивхтің  бағына  туған  адам.  Жоғалуға  айналған 

халқын  қаламымен  түртіп  оятқан  жазушы.  Кеңестік  кезеңде  оның 

шығармалары  дүние  жүзіне  танылды.  Халқының  тағдырын  қаламгерлік 

тағдырына  арқау  еткен  Санги  әлем  назарын  нивхтерге  аударды.  Мәскеудің 

әдеби  элитасына  еніп,  Ресейдің  Мемлекеттік  сыйлығын  алған      жазушы 

әнебір  жылы    барлығын  тастап,  туған  жері  Ногликиге  тартып  кетті...    Әрі 

қарай Владимир Санги адам айтса нанғысыз істер бастады!  Нивх әдебиетінің 

классигі,  негізін  салушысы    Санги  ұлы  мақсатының  жүзеге  асарына  тым 

сенімді еді.  Ол  нивхтердің байырғы  өмір сүру салтын тірілтіп,  далаға  алып 

кетпекші болды.  Нивх халқының тілін, танымын, болмысын  жандандыруға  

арналған  жоба  әзірлеп,  оған  небәрі  22  жыл  ғана  керек  деп  жариялады.    Өзі 

бас  болып  Улво  деп  аталатын  қыстаққа  қоныс  аударды.  Шаруашылық 

мәселелерін  де  шешіп  қойды.  Жұртын  ата  кәсіпке  оралтпақ!    Кетнивгун 

тайпасы  оны  көсемі  деп    таныды.    Басқасын    былай  қойғанда,  Сангидің 

нивхтердің  асыл  текті  иттерін  тірілтуге    жергілікті  биліктен  ақша  бөлдіртіп 

алғанын айтсаңызшы. Иә, иә, жоғалуға айналған сол иттер бүгінде арпылдап 

тұр...  


         Бүгінде    Сахалинде  алпауыт  мұнай  компаниялары  жұмыс  істеуде. 

Нивхтер солардың қажетіне жарап тұр. Негізгі табыс көзі де – солардан. Бір 

сөзбен  айтсақ,  мұнайшыларды  тамақтандырады,  киімін  тігеді.  Шаруа  көп.  

Азын-аулақ ақшасын тастап,  Сангидің артынан Улвоға ере  қоюға  батылы 

жеткендер  көп  емес.  Десе  де,  Владимир  Санги  нивхтердің  ұлттық  рухын 

оятты. Дүние жүзінің жойылып бара жатқан жұрттарына үміт отын сыйлады. 

Біріккен  Ұлттар  ұйымының  өзі  нивх  қаламгерінің  батыл  істерін  мақұлдап, 

барынша қолдады. Оны беделді Кенесінің мүшесі етіп алды. 

          Бөбегім,    Шыңғыс  ағаң  Айтматов  нивхтың  қайсар  ұлы  Владимир 

Сангиге  арнап  «Теңіз  жағалай  жүгірген  тарғыл  төбет»  шығармасын  жазды. 

Шығарма әп сәтте төрткүл дүниеге жайылып кетті...  Теңіз дауылында қалған 

желкенді  қайық  –  Санги  ғой!  Өзегіме  өксік  тығылып,  тәп-тәтті  ұйықтап 

жатқан саған қараймын... 

 

 



  

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



Бард болғың келе ме? 

 

Корн тілі 

 

       Бөбегім,  ерте-ерте,  ертеде,  ежелгі  кельт  жерінде  Артур  атты  патша 



болыпты. Иә, иә,  ерлік рухы бүгінгі күнге жеткен сол әйгілі Артур ғой. Ал, 

сен  оның  туған  тілі  тұңғиыққа  батқанын  білесің  бе?!  Корн  тілінде  17-

ғасырдың  аяғына  дейін  қазіргі  Англияның  оңтүстік  батысындағы  Корнуолл 

халқы  сөйлеген.  1677 жылы корн  тілінің  соңғы  сөйлеушісі  Долли  Пентрита 

көз жұмды...  

      Корн  жерін  жаулау  6-ғасырларда  басталып,  ол  10-ғасырда  толықтай 

Англияның вассалына айналды. Бұл жағдайда да жергілікті халықтың тіліне 

аса  қауіп  төнбеді.  Өйткені,  экономикалық  тұрғыда  Корнуолл  жерінен 

ешқандай  пайда  жоқ  еді.  Тек  қалайы  кені  шығатын    бұл    аумақ 

басқыншыларды қызықтыра қоймады.  

      Корнуоллдықтардың  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  өмір  салтына  16- 

ғасырда    ағылшындар  шындап  қол  сұқты.  «Құдайға  құлшылық  ету  тек 

ағылшын  тілінде  жүруі  тиіс»  деген    Англия  реформасы  бәрін  өзгертті.  Бұл 

шешімге  қарсы  шығу  –  өлімге  бас  тігумен  бірдей  еді.  Бірақ,  жеке  дара  ел 

болуды, еркіндікті аңсаған  халық 1549 жылы орталық билікке қарсы шығып, 

көтеріліс  жасады.    Бас  көтерген  4  мың  корнуоллдық  өлтіріліп,  елдің  ашу-

ызасы,  күресі    басып-жаншылды.  Келесі  жылы  корнуоллдықтар  тағы  да 

қарсылық танытты. Дәл осы жолы халықтың азаттық арманы қарулы күшпен 

енді  қайта  көтерілместей  күл-талқан  етілді.    Осы  оқиғадан  кейін  Корнуолл 

есін жиған жоқ. Ағылшын тілі қоғамдық өмірдің барлық саласына батыл ене 

бастады. Ең алдымен,  ағылшын тілі сауда саласын басып алды. Ел ішіндегі 

байшыкештер  де  биліктің  тілінде  сөйлеп  шыға  келді.  Олар  ағылшын  тілін 

білмейтін  қарапайым  жұртшылықты  менсінбей,  мінейтін  жағдайға  жетті. 

Жергілікті  жастар  осы  мекенге  қоныс  аударған  ағылшындармен  отасып,  өз 

тілдеріне немқұрайлы қарайтын болды. Негізі, корн тілінің өсіп-өркендеуіне   

заңдық  негізде  ешқашан      тыйым  салынған  жоқ.  Орталық  билік  корн 

халқының өз тілін өзі жұтуына «жол ашып», байғұс тілдің тағдырын сырттай 

бақылап тұрды.  1600 жылы корн тілі мен әдебиетінің алтын ұясы саналған  

Гласни  монастыры мен оның  жанынан  ашылған  мектеп  жабылып,  корн  тілі 

ел  өмірінен  мүлдем  ажырады.  Корольдік  билік  тарапынан  Інжілді  бұл  тілге 

аудару  мақұлданған  жоқ.  Қасиетті  кітап  сол  күйі  корн  тіліне  ешқашан  

аударылмады.  

       Арада  біраз  уақыт  өткенде,  құрдымға  батқан  корн  тілінің  тағдыры  

халықтың зиялы қауымын, тіпті, ағылшын элитасын да ойландыра бастады. 

Тіл зерттеушілері мен  ғалымдар ұйысып,  корн тілін сақтауға күш біріктірді. 

Олар  корн  тіліндегі  бай  әдеби  мұраны  ел  аралап  жүріп  жинады.    Алыс 

ауылдардан корнша  бір ауыз сөз білетін адамдарды да іздеп тауып, олардың   

әр  сөзін  хатқа  түсірді.  Тіл  жанашырлары  бір-бірімен  шама-шарқынша  корн 

тілінде  хат  алмасты.  Корнуоллдан  шыққан  ғалымдар  бұдан  кейін  де  тіл 


мәселесіне  келгенде  әрдайым  сергектік  таныттты.  Дүркін-дүркін  тілдің 

грамматикалық, фонетикалық ерекшелігін зерделеген еңбектер жарық көрді.  

        19  ғасырда  Ұлыбритания  халқы    кельттік  тамырларына  қайта  үңіле 

бастады.  Бұл  кезең  тарихта  «Кельт  реннесансы»  деген  атаумен  қалды.  1901 

жылы Кельт-Корн қоғамы құрылды. Араға төрт жыл салып, Генри Дженнер 

«Корн тілінің анықтамалығын» жазып шығарды. Міне, осы оқиға корн тілінің 

жандануына  себеп  болды.  Бүкіл  корнуоллдықтар  Генриді  корндық  рухты 

тірілткен ұлттық батыр ретінде таныды.  

       Корн  тілі  жайлы  жазылған  әр  кезеңдердегі  құжаттардың  бірде-бірі  

жоғалмай,  бүгінгі  күнге  жетіп  отыр.  Құндылығы  сол,  қазіргі  ғалымдар  осы 

тарихи  деректерді  пайдаланып,  корн  тілінің  негізін  қалпына  келтіруде.    20-

ғасырда корн тілінің  үш түрлі нұсқасы жасалды. Ғалымдар үшеуін де сақтап, 

корн  тілінің  диалектісі  ретінде  қарастыруды  ұсынуда.  Көрдің  бе, 

корнуоллдықтар  қажырлы  еңбектің,    көз  жасы  мен  арманының  арқасында 

дүниеге келген бір сөзін де жоғалтқысы келмейді енді... 

      Корн  тілі  бүгінде  орталық  билік  тарапынан  автохтонды  тіл  деп 

танылғанымен,  ешбір  құқықтық  мәртебесі  жоқ.  Билік    оған  ресми  тіл 

мәртебесін  беруге  қарсылық  білдірді.  Бұл  қадамын  Үкімет  «тілдің  қолдану 

аясының кеңуі мен дамуын  заң арқылы емес, шынайы көмек көрсету арқылы 

жүзеге  асыру  керек»  деген  «жалынды»  сөздерімен  түсіндірді.  Осылайша, 

шүпілдеп тұрған шындықтың бетін бүркемелеп жаба салды.   Корнуоллдық 

жергілікті  билік    тіл  дамытумен  айналысатын  лингвистикалық  ұйымдарды 

қаржылық тұрғыда қолдай бастады.  Ал орталық билік корн тілінің мәселесін 

журналистер  дабыл  көтерген  сәттерде  ғана  «уақытша»  еске  алады.  Тіл  – 

азаттыққа бастайтын қуатты күш екенін корольдік іштей сезеді.  

    Тілдік  ұйымдардың  алдында  әзірге  бір  ғана  үлкен  мақсат  тұр.  Ол  – 

Корнуолл  аумағындағы  барлық  мектептерге  пән  ретінде  корн  тілін  енгізу.  

Тілді  жан-жақты  дамыту  үшін  қаражат  мәселесі  қолбайлау  болуда.    Бүгінгі 

күні  корн  тілін  3500  адам  біледі.  Бұл  –  халықтың  1  пайызынан  азы.    Оның 

400-і корнша еркін сөйлейді.  

     Бөбегім,  корнуолл  халқы  1928  жылдан  бері  қыркүйек  айының  алғашқы 

жексенбісінде  ұлттық  мейрамы  Горсед  салтанатын  өткізеді.  Бұл  мейрам 

Генри  Дженнердің  бас  болуымен  ұйымдастырылып,  дәстүрге  айналған  еді. 

Мақсаты  –  корндықтарды  Бард  қатарына  қабылдау  және  корн  тіліндегі 

екінші есімін беру. Бард атағы корн мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан 

тұлғаға  беріледі.  Корн  тілін  еркін  білетін  адамның  да  Бард  атануға  қақысы 

бар. Ең алғашқы рет Ұлы Бард мәртебесі Генри Дженнердің өзіне берілді. Ол 

әп сәтте Гуас Михал боп шыға келді!  

     Бөбегім,  корнуоллдықтар  үшін  бүгінгі  күні  ең  үлкен  ерлік  –  туған  тілін 

білу болып тұр. Ал Бард болғысы келетіндердің қатары аз емес.  Айтпақшы, 

Құдайға  құлшылық  ету  амалдары  аз  уақыттан  бері  корн  тілінде  жүргізіле 

бастады. 

 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет