Мақпал Жұмабай Жоғалған тілдер туралы жыр


Бала Брайан – батыр Брайан



Pdf көрінісі
бет3/3
Дата04.01.2017
өлшемі292,57 Kb.
#1151
1   2   3

 

Бала Брайан – батыр Брайан  

 

Мэн тілі  

 

       Бөбегім,  сенің  тілің  шығып,  әрбір  сөзіңе  сүйсініп  жүрген  кезім.  Сенің 

туған  тіліңде  сөйлеуің  –  мен  үшін  ғана  емес,  бүтіндей    жұртың    үшін 

маңызды. Келешегі бар тілде  сол халықтың бөбектері сөйлейді. Сәбилерінің 

тілі  туған тілінде шығады...   Ағылшындық аналар тілін ойлап,  мен секілді 

үрейленбейтін шығар?! Ағылшын тілі – 400 млн-нан астам адамның ана тілі, 

бұдан  бөлек  ол  тілдің  1  миллиардтан  астам  сөйлеушісі  бар.    Ағылшын  тілі 

қарқынды дамып, тарихтың өне бойында жүздеген тілдің жойылуына  себеп 

болды.  Отар  елдерінің  барлығын  ағылшынша  сөйлеткені  былай  тұрсын, 

Англияның  түбі  бір  кельт  тілдерінің  жойылуына  да  себеп  боп  отырғанын 

біреу  білсе,  біреу  білмес.  Ирланд  теңізінде  орналасқан  Мэн  аралы  да  туған 

тілінен  айырылып  қалды.  Мэн  халқы  тұтастай  ағылшын  тілінде  сөйлейдтін 

болды.  Арал  көлемі  –  572  шаршы  шақырым.  Халқының  саны  70  мыңның 

үстінде.  

       Мэн  аралы  жер  бетінде  8500  жыл  бұрын  пайда  болған  деседі...    Бұл 

аралды  ерте  заманда  кельттік  тамыры  бар  тайпалар    жайлаған.  Мэн  тілі  де 

сол  кезеңдерден  бастау  алады.    Тарихқа    зер  залсақ,  Мэн  аралы  бір 

жаулаушыдан екінші басқыншының қолына өтіп отырған.  Мәселен, арал 8-9 

ғасырларда    Норвегияның,  12-13  ғасырларда  Шотландияның  қол  астында 

болды.  Одан  кейінгі  кезеңдерде  аралға  Англия  иелік  етті.  1405  жылы 

Ағылшын королі Генрих IV бүтін аралды Джон Стэнли атты феодалға тарту 

етеді. Феодал әулеті аралға анда-санда ғана аяқ басатын еді,  билікті лорд – 

сол әулеттің сенімді өкілі жүргізіп отырған. 1704 жылға дейін жер солардың 

жекеменшігі саналды. Мэн Парламенті – Тинвальд сол жылы  лордтан ондай 

әлеуетті  алып,  жерді  шаруаларға  бөліп  берді.    Осы  ғасырда  аралда    заңсыз 

сауда айналымы күшейіп, бұл жағдай Англияға аса ұнай қоймайды.  Британ 

парламенті 1785 жылы аралды  лордтан  70 мың фунтқа  сатып алу туралы 

шешім  шығарады  да,  жерді    Ұлыбританияның  корольдік  иелігіне  өткізеді. 

Қазір  де  Мэн  аралы  –  Британияның  қол  астында.  Тәуелсіздігі  жоқ. 

Ұлыбритания королевасы – ел басшысы болып саналады.  Сыртқы саясатқа 

байланысты  шешімдер  Англияда  қабылданады.  Ішкі  тұрақтылыққа  жауап 

беретін  Лейтенант-Губернаторды  да  королева  тағайындайды.    Корольдік 

аралдың  ішкі  істеріне  араласпайды,  ел  ретінде  өзінше  дамуына  мүмкіндік 

берген.  Осы  еркіндікті  соңғы  жылдары  Тинвальд  сәтті  пайдаланып  келеді. 

Мэн  халқы  үшін  аса  маңызды  заңдар  шығарып,  ұлттық  жаңғыруға  жол 

ашты... 


     Аралды  дамытып,  сақтау  үшін  мэндіктер  не  істемеді  десеңізші?!  Түрлі 

аңыздар  шығарып,  өткен  ғасырдың  басында  миллиондаған  туристті  еліне 

тартты.  Бұл  дәурен  өткен  соң,  экологиялық  таза  кіп-кішкентай  көліктер 

шығара  бастады.  Бірақ,  еуропалық  автоалпауыттар  аралдың  өнімін  әп  сәтте 



нарықтан  ығыстырып  тастады.  Енді  не  істемек  керек?  Мэндіктер 

экономикасының  негізгі  тетігі  –  туризм  екенін  қынжыла  мойындады... 

Жергілікті  ғалымдар  құйрығы  жоқ  мысық  тұқымын  ойлап  тапты.  Байырғы 

транспорт  түрлері  –  атты  трамвайлар  жаңғыртылды.    Жәндіктің  суреті 

салынған тиындар шығарылды. Көлік жылдамдығына шек қоймау туралы заң 

күшіне  енеді.  Осының  нәтижесінде,  жылдамдықты  сүйетін  адамдар  Мэнге 

ағылатын болды. Бұдан басқа да мың түрлі қызық қадамдар жасалды. Жаның 

ашиды.  Шынында да, мұның бәрі жан сақтау үшін істелді. Әрі қарай бұлай 

жалғаса беруі мүмкін емес еді. Тинвальд аралды еркін экономикалық кеңістік 

деп жариялады.  Осылайша,  Мэн  –  офшорлық  аймаққа  айналып  шыға  келді. 

Осы кезде елге қоныс аударушылар көбейді.  Онсыз да жоғалудың алдында 

тұрған тіл  құрдымға кетті.  

        1974 жылы 27 желтоқсанда Нед Мадрел дүниеден озды. Ол  мэн тілінде 

сөйлейтін  соңғы  адам  ретінде  дүние  жүзіне  танылған  еді.      Қарапайым 

балықшының сөзі таспаға жазылып, бейнесі көптеген фильмге арқау болды. 

Бірде    Нед  туралы  фильмнің  бірін  жасөспірім  Брайан  Стоуел  көріп,  оның 

туған  тіліне  деген  қызығушылығы  артады.  Жас  бала  ана  тілін  үйренгісі 

келетін  тағы  бір  замандасын  тауып,    Нед  Мадрелге  барады.  Осылайша, 

ақсақалдан туған тілдерін үйреніп, өзара сөйлесетін деңгейге жетеді. Бірнеше 

досын  да  тартып,  мэнше  сөйлеуге  баулиды.  Сол  сәтте  дәл  осы  Брайан 

баланың мэн тілін тірілтуге ұйытқы боларын ешкім білмеген еді... 

      Брайан  Стоуел    ержетіп,  Англияға  қоныс  аударып,  физика  пәні  

оқытушысы  болып    еңбек  етіп  жүрген  еді.  Бірақ,  туған  тілі  туралы  ойлары 

тыным  бермей,  ол  1991  жылы  еліне  оралып,  мэн  тілін  оқыту  әдістемесін 

жасап  шығарады.  Осы  кезде  Тинвальд  халық  арасында  сауал  жүргізіп, 

мэндіктердің  туған  тілге  деген  көзқарасын  зерделеп  жатқан  еді.  Сауалнама 

нәтижесі,  халықтың  басым  көпшілігі  ана  тілін  үйренгісі  келетінін  көрсетті. 

Парламент көп созбай,  мэн тілінің дамуы үшін жауап беретін жаңа құзырлы 

қызмет ашып, байқау жариялады.  Байқауға Брайан да өз құжатын тапсырып, 

жеңіп шықты. Шынайы тіл жанашыры жойылған мэн тілінің қайта жандануы 

үшін  батыл  істер  жасады.  Нәтижесінде,  мектептерде  мэн  тілі  оқытыла 

бастады.  Арал  халқының  ұлттық  рухы  көтеріліп,  тілге  деген  құлшынысы 

шындап оянды.  

     Брайан  бүгінде  зейнетке  шыққан.  Ол  сонда  да  мэн  тілін  насихаттаумен 

айналысады.  Радио  бағдарлама  жүргізеді.  Мэн  тілі  курстарын  өткізеді.  Ана 

тілін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайды.  

      Бөбегім, ең кереметі, бүгінде мэн тілінде тілі шыққан бөбектер бар. Адам 

айтса сенгісіз тағдыры бар, көзсіз батырлардың арқасында қайта тірілген  мэн 

тілі енді  қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріп, заң тіліне  – заман тіліне 

айнала ала ма?  Ол туралы сен жазасың, ол туралы  сен жыр етесің! 

 

 

 



 

 


 

Сен неге сөйлемейсің, Сеговиа? 

Аяпак тілі  

 

         Бөбегім,  адам  баласы  үшін  сөйлесудің    мәні  қандай  зор  десеңші. 

Әсіресе,  туған  тіліңде  тілдесуге  не  жетсін!  Сен  бірден  енді  астың,  сөздік 

қорыңда ондаған сөз ғана болса да, біз бір-бірімізді еркін түсінеміз. Екеуміз 

күн  ұзақ  әңгімелесеміз!    Өмірге,  анаңа  деген  шексіз  махаббатыңды  осы  он 

сөзге    сыйдырып  тұрғаныңа  сүйсінем.  Ертең  сен  ер  жетесің,  шұрайлы    ана 

тіліңде сөйлеп,  тек ана тілінде ойланасың. Күлгеніңде де, жылағаныңда да – 

туған тілің саған сүйеу болады. Бөбегім, адам баласының шын бақыты осы. 

Шын  бақыт  емей  немене?!  Ал  мына  аяптық  ақсақалдар  шын  бақытсыз!  

Мексиканың  Табаско      штатының  Аяп  ауылында    көне  аяпак  тілінде 

сөйлейтін екі адам ғана қалды. Олар бір-бірімен сөйлеспейді. Мұның себебі – 

екеуінің  арасындағы  жанжал.  75  жасар  Мануэль  Сеговиа  мен    69  жасар 

Изидро  Веласкестің  арасындағы  араздық  қашан  басталғанын  жергілікті 

халық  ұмытып  та  қалды.  Бірақ,  қыңыр  шалдардың  бір-біріне  деген  өкпесі 

жазылар емес. Екеуі, тіпті, аяпак тілінің соңғы сөйлеушілері екенін де түсініп 

тұрған жоқ.  

        Аяпак –  үндіс тайпасы. Ал аяпак тілі – Мексика аумағындағы 70 үндіс 

тілінің  бірі.  Үндістердің  бұл    қонысын  испандық  конкистадорлар  жаулап 

алып,  қанды    қырғындармен  ғажайып  өркениетін  жоқ  еткені  белгілі.  Мына 

ащы  ақиқатқа  қараңызшы?!  Мексика  жерін  мекен  еткен  жергілікті  үндістер 

Кетцалькоатльға арналған  қасиетті қорғанға табынатын еді.  Кетцалькоатль, 

яғни Құдай  күндердің күнінде сақалды ақ адамның бейнесінде  бұл қорғанға  

аяқ  басуы  керек  болатын.    Испандық  Эрнан  Кортес  бастаған  басқыншылар   

аңыздан  хабардар  еді.  Конкистадорлар    өздерін  құдды  Жаратушыдай  ұстап, 

аңызға  сай  әрекет  етті.    Күллі  халық  оларды  қуанышмен  қарсы  алып,  ас 

ұсынды.  Жаугер  тайпалар  қару-жарағын  тастап,  Кетцалькоатльға  ағылды. 

Жауыз басқыншылар алты мың адам жиналған қорғанға кіріп, бір шоғырын 

қақпаға  қалдырды.  Қарсы  алу  салтанаты  басталған  тұста  қақпалар  тарс 

жабылып, аз конкистадор алты мың адамды жайратып салды. Қатігез  Эрнан 

Кортес  бұл  қорғанды – үндіс өркениетінің  «миына, басына»  теңеген еді. Ол 

«Алдымен,  үндістердің  басын  жұлып  тастау  керек»  деген  жоспарын 

жауыздықпен жүзеге асырып, қорған сыртындағы үрейленген  жұртшылықты 

оңай жаулап алды...  


        Сол  жұлынған  бастың  қаны  әлі  сорғалап  тұр.  Қасірет  қой.    Бір-біріне 

ренжіп, өзара тілдеспей отырған екі ақсақал да бүгін испан тілінде сөйлейді. 

Балаларының тілі де испанша шыққан. Аяпак тілінде екі сөздің басын құрай 

алмайды.  Сеговиа  туған  тілінде  соңғы  рет    он  жыл  бұрын  дүниеден  озған 

ағасымен тілдескен. «Бала күнімде елдің бәрі аяпакша сөйлейтін еді. Енді бұл 

тіл менімен бірге өлетін шығар» деп жалғызсырайды ол.  Жалғызсыраса да,  

ағалық қадам жасап, Веласкеске баруға батылы жетпеді.  

          Жуырда Индиана университетінің лингвистері Аяп ауылына арнайы ат 

басын  тіреді.  Ғалымдардың  мақсаты  –  көне  аяпак  тілінің  негізін  зерттеп, 

сөздігін жасау болатын. Бірақ,   аяптық екі ақсақал ғалымдарға көмектесуден 

бас тартты. Олар туған тілдерін сақтаудың соңғы мүмкіндігінен айрылғанын 

сезген жоқ. Себебі, бұл зерттеу жұмысына қыруар қаржы бөлінген еді... 

        Бөбегім,  бұл  дүниеде  халқыңның    мүддесінен,  ұлтыңның  мұратынан 

артық ештеңе жоқ екенін ұмытпа!   

 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

Екатерина – қазақтың қардашы  

 

Гагауыз тілі   

 

 

        Бөбегім,  сен  өмірге  келгелі    бірінші  рет  жыраққа  іссапарға  кеттім.  Бұл 



дүниеде  ана  мен  баланың  махаббатына,  сағынышына  жететін  ештеңе  жоқ 

екен ғой. Осы сапарда сөзі де, өзі де жойылып бара жатқан тілі – түркі, діні – 

христиан гагауыздармен танысам деп кім ойлаған. 

       Екатерина  екеуміз  бір-бірімізге  бауыр  басып  қалдық.  Бауырын 

гагауыздар  «кардаш»  дейді.  Бір  ананың  құрсағынан  шыққан  адамдар  – 

қарындастар!!! Қарындас, яғни қардаш гагауыз халқы үшін өте қастерлі сөз. 

Олар «қардаш» деп сөз бастайды. Бұл – олардың ұраны, бірлігі. 

      Екатеринамен  әңгіме  дүкен  құрған  осы  он  күннің  ішінде  қазақ  пен 

гагауыздың  тілін  әбден  салыстырдық.  Гүл  –  чичек,  ақын  –  бәйітші,  ағаш  – 

аач,  қаһарман  –  каҺраман...  Осылайша  мыңдаған  сөзді  тізуге  болады.  Міне, 

алдымыздан «Бақыр» деген дүкен шықты.  

Екатерина, гагауызша бұл сөз нені білдіреді? 



Бақырдың екі мағынасы бар. Бірі – шелек, бірі – тиын... 

Осы жерде тіліміздің 99,9 пайыз ұқсастығына, туыстығына оның да, менің де 

күмәніміз қалмады. Гагауыз тілінің түркі тілдер тобына жататынын заманауи 

ғылым  да  растайды.  Енді  мен  Екатеринаға  қазақ  пен  гагауыздың  түбі  бір 

түркі  екенін  дәлелдеп  келемін.  Ол  әлі  де  түркілік  тамырын  мойындағысы 

келмейді...  Әрине,  бұған  себеп  көп.  Бүгінгі  күнге  дейін  гагауыз  халқының 

тұжырымдалған  тарихы  болған  емес.  Әр  түрлі  саяси  күштердің  ықпалына 

қарай  әр  кезеңде  олардың  шығу  тегі  туралы    гипотезалар  өзгеріп  отырған. 

Мәселен,  гагауыздардың  арғы  тегі  –  грек  деген  түсінік  христиандық  

сенімдеріне  қарай  дүркін-дүркін  туындап  отырады.  Бұл  болжам  соңғы 

жылдары грек ғалымдары мен діндарлары тарапынан қуатталып  келеді. Енді 

бір  күштер  гагауыздардың  тегі  –  болгарлар  екенін,  бір  замандарда  күштеп 

түркілендірілгенін айтады. Ал тарихи дәлелдер мен  дәйектер гагауыздардың 

түркілік тамырдан тарағанын растайды.  Бүгінгі күнге дейін гагауыз тарихын 

гагауыздың  өзі  жазбауына  әрі  тарихты  зерделеу  ісінің    кенжелеуіне 

байланысты  бұл  гипотеза  түбегейлі  мойындалмай  келеді.  Екатеринаның  да 

түркілік  тегіне  күмәнмен  қарайтыны  сондықтан.  Бірақ,  ол  Оғыз  деген 

бабасының болғанын анық біледі.  

      ...Алтай  мен  Карпаттың  аралығын  көшпелі  тайпалар  жайлағанын,  бір 

заманаларда  тайпалық  мемлекеттердің  даңқы  асқанын  бүгінгі  ғылым 

түбегейлі  дәлелдеді.  Оғыз  мемлекеті  де  біздің  жерімізде  құрылып,  даңқы 

аспап па еді?! Гагауыздар да Еуропа жеріне қоныс аударған жауынгер оғыз 

тайпасының  бір  тармағы.  Олардың  ұлы  көші  Х-ХІ  ғасырда  болған  деп 

шамалаймын. Ал енді гагауыздардың өзін де, өзгелерді де толғандырған дін 

мәселесіне  келейік.  Қайсыбір  тарихшылардың  айтуынша,  гагауыздардың 

басын  біріктіріп,  алғашқы  патшалығын  құрған  Кейқауыз  деген  билеушісі 


болса керек. Гагауыз этнонимінің шығуы да осы есіммен байланыстырылып 

жүр. Шыңғыс ханның жорықтары күшейіп, жаһангер жолындағы елдерді тізе 

бүктіріп  жатқанда  Кейқауыз  Византиямен  келісімге  келеді.  Өзара  келісімге 

сәйкес Византия гагауыз патшалығын қорғауды өз міндетіне алады. Есесіне, 

христиандықты  қабылдау  туралы  шарт  қояды.    Солай  болады  да.  Тарихи 

деректерді  сараласаңыз,  гагауыздардың  христиандыққа  өтуі  ХІІІ  ғасырға 

тұспа-тұс  келеді.    Сол  күннен  бастап,  гагауыздар  балаларына  діни  есімдер 

берді. Кирилл, Дмитрий, Степан...  

       Гагауыздар  1906  жылы  Комрат  Республикасын  құрып,  тәуелсіздігін 

жариялайды.  Егемен  елді  алты  күннен  соң,    Ресей  Империясы  құлатып, 

еркіндік  аңсаған  халықты  енді  бас  көтерместей  езіп  тастайды.  Бүгінгі  күні 

Молдова  елінде  Гагауыз  Автономиясы  бар.  Онда  130  мыңға  жуық  халық 

тұрады.  Кеңестік  билік  орнаған  тұста  гагауыздар  ұйысқан  аумақ  әр  түрлі 

елдің  еншісінде  кетіп,  олар  бір-бірінен  қол  үзіп  қалды.  Басым  көпшілігі  – 

Украина, Түркия, Грекия, Ресей жерінде. Өзбекстан мен Қазақстанда да бар. 

Жалпы саны – 220 мың. 

      Қазіргі күні гагауыздар молдаван тілінде сөйлейді. Кеңестік кезеңде орыс 

үстемдігіне  сай  орыс  тілінде  тілдескен.  Гагаузия  аумағында  мемлекеттік 

молдаван  әрі  ресми  орыс  тілімен  қатар,  гагауыз  тіліне  де  ресми  мәртебе 

берілген.  Дегенмен,  гагауыз  тілі  жыл  өткен  сайын  құрдымға  батып  барады. 

Жас буын бұл тілде сөйлемеуге айналды. Ұлттық таным да өзгеріп, гагауыз 

халқы  ұлттық  бет-бейнесінен  ажырап  барады.  Туған  жерін  тастап,  басқа 

елдерге көшіп кетушілер көп. 2012  жылы ЮНЕСКО гагауыз тілін жойылып 

бара жатқан тілдердің қатарына қосты... 

       Гагауыздар  атам  заманнан  етін,  сүтін,  майын  мал  терісіне  салып 

сақтаған. Мал шаруашылығымен күні кешеге дейін айналысқан. Түркілердің 

төлқұжаты – жылқы өсіріп, қымыз ішкен.  Бүгінде ұлттық құрбан мейрамын 

құрбандыққа  мал  шалып,  атап  өтеді.  Тұсаукесер  рәсімін  жасайды.  Салт-

дәстүрімізде  ұқсастықтар  өте  көп.  Екатерина  кәдімгідей  таңғалды.  Кейбір 

салттарының шығу тегін, себебін енді саралап жатыр. Ол қазақ туралы білген 

үстіне  біле  түскісі  келіп,  жоғалғанын  тапқандай  қуанды.  Мен  оған 

тарихымыздың  да,  танымымыздың  да  бір  екенін,  өткеніміздің  мақтануға 

тұрарлық  ортақ  тарих  екенін  түсіндірдім.  Интернеттен  «Алтын  киімді 

адамды»  көрсеттім.  Оның  рухы  көтеріліп,  атажұрты  бар  екеніне  шындап 

толқыды.  

      Бөбегім,  мен  Екатерина  бастаған  гагауыздарға  ән  салып  бердім.  Қазақ 

әндерінің сазына ұйып, ән иірімдерін әлдебір түйсіктерімен сезініп, белгісіз 

күйге  түскендерін  жеткізді.  Қазақтың  әні  мына  гагауыз  қызын  неге 

толқытты?!  Бөбегім, әнге халықтың мыңжылдық тарихы, болмысы,  танымы 

сіңеді.  Екатеринаны  толқытқан  сол  күш  шығар?!  Өйткені,  Екатерина  – 

қазақтың қардашы. 

 

 



 

 


 

Бақ па, сор ма? 

 

Сусуами тілі  

 

          Бөбегім,  сенің  туған  далаңның  сұлулығын  былай  қойғанда,  жер-су 

атауларының  қандай  ғажап  екенін  білесің  бе?!    Өзің  сүйетін  Алматыңның 

тарихына үңілші. Бұдан екі мың жыл бұрын да Алматының атауы дәл осылай 

болған...  Ал бұл елдің атауын алдынан жүгіріп шыққан қап-қара адамдарға 

қарап, басқыншылар  жергілікті «Папуа»  сөзін бүтін халыққа теліген. «Жаңа 

Гвинея» деген тіркестің де халықтың тарихына түк қатысы жоқ. Бұл жердің 

әр  жотасына  дейін  отарлаушыларының  есімдері  берілген.  Миллер,  Шредер, 

Виктория, Луизиада, Адельберт... Осылайша тізе беруге болады. Елін-жерін, 

езгіге түскен рухын азат ету үшін бұл халыққа әлі ұзақ уақыт керек... 

          Папуа – Жаңа Гвинеяның  6  миллионнан астам  халқы бар. Ең қызығы, 

бұл елде  800 тіл бар.  Дүние жүзіндегі  тілдердің ең көп шоғыры осы елде.  

Таңғаларлық  құбылыс!    Тілдердің    осылайша  көбеюіне  не  түрткі  болған? 

Көптілділігі  Папуаның бағы ма, соры ма?    

          Иә,  кез  келген  дамушы    тіл  басқыншылық,  саяси  үстемдік, 

орталықтандырылған  басқару  жүйесі    арқылы  өз  әлеуетін  арттырады.  Ал 

Папуа  Жаңа  Гвинеяның  тайпалары  ежелден  билікке  құмартпай,  соғыспай,  

бір-бірімен  іргелес,  тату-тәтті  ғұмыр  кешкен.  Ешбір  тілдің  жазуы,  дәстүрлі 

әдебиеті  қалыптаспаған.  Тілдердің  жойылмай,  бүгінге  жетуінің  бір  себебі 

осы.   


         Он  тоғызыншы  ғасыр.  Еуропаның  басқыншы  мемлекеттері  дүниені 

бөліске салған алапат кезең. Папуа жері кен байлығынан кенде емес. Қазіргі 

күні де алтын өндіруден бұл ел әлем бойынша 11-орында тұр. Сондықтан да 

бұл жерді кімдер жауламады дейсіз?! Голландықтар, ағылшындар, немістер, 

француздар.  Тіпті,  әр  провинциясы  әр  мемлекетке  қараған  талас-тартысқа 

толы кездер өтті. Папуа Жаңа Гвинея 1975 жылы тәуелсіздігіне жетті. Әйтсе 

де,  тілі  тәуелсіздік  алған  жоқ.  Ағылшын  тілі  –  ресми  тіл.  Оның  қажеттігі 

артып  тұр.  Әсіресе,  білім  саласында.  Оған  себеп,    Папуа  –  Жаңа  Гвинея 

тәуелсіз  мемлекет  болғанымен,    құрамына  бұрынғы    Британия  колониасы 

болған  мемлекеттер    кіретін    Ұлттар  Достастығы      мемлекетаралық 



қауымдастығына  мүше ел.  Соған сәйкес, бұл елдің де мемлекет басшысы –  

Елизавета ІІ...   

        Папуа  –  Жаңа  Гвинеядағы  сөйлеушісі  ең    көп  тіл  –  160  мың  адамның 

туған  тілі  энга  тілі  болса,    сусуами  тілін  білетін  екі  отбасы  ғана  бар.  Олар 

Моровия  провинциясының  Манки  ауылында  тұрады.  Бұл  елдімекенде  1980 

жылы сусуами тілінде сөйлейтін 50 адам болған еді, 2000 жылы оның 10-ы 

ғана  қалғаны  расталды.  Сусуами  тілінің  соңғы  сөйлеушілерінің  тағдырын 

лингвистер  жіті  бақылап  отыр.  Қасіреті  сол,  үйдің  жас  балғындары  туған 

тілдерін  білгенімен,  сусуамише  сөйлегісі  келмейді.  Бір  сөзбен  айтсақ,  олар 

«өздерінен басқа ешкім түсінбейтін, ешкімге керек емес» тілден бас тартып 

отыр. Туған   балаларын  туған тілінде сөйлетуге әке-шешесінің де шамасы 

келмей қалды.   

         Бүгінгі  күні  папуа  тілдерінің  арасында  өзара  тартыс  басталғандай. 

Сөйлеушісі  көп  тілдер  сөйлеушісі  аз  тілдерді  жұтып  жатыр.  Сауда  тіліне 

айналған жергілікті тілдер күш алуда. Жас буынның аңсары да сол тілдерге 

ауды.  Сор деп осыны айт! 

      Бөбегім, папуалықтардың сен есейгенше қанша тілі қалар екен?! 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

Трасянка һәм шіріген шөп 

Белорус тілі   

 

        Бөбегім, тілдің бесігі – тәуелсіздік деген едім ғой. Тәуелсіз бола тұра, өз 

қолымен өз тілін тұншықтырып жатқан халықтардың бар екенін білесің бе? 

Бұл – сұмдық! Бұл  - сатқындық! Әлемдегі тіл проблемасын саралап отырсаң, 

белорус  тілі  трагедиясының  осыған  дейін  айтылған  ешбір  тілдің  тағдырына 

ұқсамайтынын  сезінесің.  Ұлттық  тілдің  өшуі,  құлдырауы  Белоруссияда  

тәуелсіздігін алғаннан кейін басталды.  

        Кеңес  Одағы  ыдыраған  соң,  жеке  дара  елдігіне  жеткен  мемлекеттер 

сынды  Белоруссияда  да  ұлттық  жаңғыру  болды.  Орыстық  үстемдіктен 

арылудың  алғышарты  –  ана  тілде  сөйлеу  екендігін  әр  азамат  сезінді. 

Қоғамдық  өмірдің  барлық  саласы  белорустене  бастады.  Белорус 

тарихшылары  бұл  құбылысқа  «ұлттық  жаңғырудың    екінші  кезеңі»  деген 

баға  берді.  Бірінші  кезең  –  Ресей  Империясы  құлап,  Белорус  Халық 

Республикасы  құрылған  шақ.    Зиялылардың  ұлттық  мемлекет  құруға  бар 

күш-жігерін сарп еткен уақыты. 1940 жылы  бұл күрестің жұрнағы да қалған 

жоқ. Оқымыстылар мен қайраткерлер, сөз зергерлері жаппай қуғын-сүргінге 

ұшырап,  атылып-асылды.  Міне,  енді,  егемендікке  қол  жеткізген  соң,  халық 

белорус тілінің дамып, оның қанат жаятынына әбден сенген еді... Бірақ, 1994 

жылы  ел президенті  ретінде алғашқы рет сөз алған  Александр Лукашенко 

Минск  Педагогикалық    университетінің  мінберінде  тұрып,  халыққа  орыс 

тілінде үн қатты. Президенттің бұл қылығына сын айтып, қарсыласқандар зал 

ішінде  көп  болды.  Оларға  Лукашенко:  «Осында  мені  түсінбей  отырғандар 

бар  ма?!»  деген  кекесінді  сауал  қойды.  Президент  осы  кездесуде  ел  ішінде 

белорустендіру  саясатының асыра жүргізіліп жатқандығын сынға алды. Бұл 

–  белорус тілінің бұдан кейінгі тағдырын айқындаған қорқынышты сөз еді...  

Бұдан  да  қорқыныштысы,  жиналған  қауымның  Президент  сөзінен  кейін  ду 

қол шапалақтауы еді...  

      Белоруссия  тәуелсіздігін  жариялаған  соң,  артынша  белорус  тілінің  де 

мәртебесі   мемлекеттік  тіл  деп айқындалды.  Белорус  тілі бұл құзіретін ұзақ 

сақтай  алмады.  1995  жылы  мамыр  айында  бүкілхалықтық  референдум 

өткізілді. Күн тәртібіндегі мәселе – «Сіз белорус тілімен қатар, орыс тіліне де 

мемлекеттік  мәртебе  берілгенін  қалайсыз  ба?».  Референдум  нәтижесі 

таңғаларлық. Халықтың 83,3 пайызы «Иә» деп жауап берді. Билік те, халық 


та  осы  шешімімен  ана  тілдерін  ақтық  сапарға  шығарып  салғандай.  Олай 

демеске амал жоқ.  Референдумнан кейін белорус тілі символикалық сипатқа 

ғана ие боп қалды. 

         Жиырма  жылда  бәрі  өзгерді.  Бүгінгі  күні  белорус  халқының  30 

пайыздан  азы  ғана  туған  тілінде  сөйлей  алады.  ЮНЕСКО  белорус  тілін 

жойылып  бара  жатқан  тілдердің  санатына  қосты.  Бұл  шындықты  ұлтшыл 

белорустер де жылап тұрып мойындайды.  

       Бүгінгі  күні  белорус  тіліндегі  мектептер  жаппай  жабылып  жатыр. 

Күштеп  емес,  әрине.  Ата-аналар  балаларын  белорус  мектептеріне  беруден 

түбегейлі бас тартуда. Сыныптарға бала толмай, тіпті, кейбіріне мүлдем бала 

келмей,  бос  қалуда.  Нәтижесі,  көз  алдымызда.  Белоруссияда  жылына  орта 

есеппен 100 мектеп жабылады. Орыс мектептерінде белорус балаларының 75 

пайызы  білім  алады.  Жоғарғы  оқу  орындарының  90  пайызы  орыс  тілінде 

оқытады.    Белорус  тілінің  қажетсіздігін  дәлелдейтін  мына  дерекке  қараңыз. 

Белорус  филологиясы  мамандығына  түсу  үшін  ең  төменгі  балл  (22  балл) 

жинасаңыз  да  жеткілікті.  Ал  басқа  мамандықтар  үшін  230  балл  алсаңыз  да, 

аздық етуі мүмкін.  

        Белоруссияда  «трасянка»  деген  ұғым  әрі    термин  пайда  болғалы  біраз 

болды.  Бұл  сөздің  төркіні  –  «шіріген  шөп»  дегенге  саяды.  Яғни,  трасянка  - 

орыс  тілі  мен  белорус  тілінің  қоспасынан  туған  жаңа  тіл.  Белорус 

лингвистерінің тілімен айтсақ, бұл – «чудовищное смесь языков». Трасянкада 

лексикалық негіз – орыс тілінен, ал фонетика мен грамматика белорус тілінің 

заңдылықтарынан тұрады. Соңғы деректерге сүйенсек, трасянкада  халықтың 

93 пайызы сөйлейді.  

       Белорус саясаткерлері «мемлекет тәуелсіздігі тіл мәселесіне тәуелді емес, 

тіл мен тәуелсіздікті бір-біріне телудің қажеті жоқ. Екеуі – екі бөлек дүние» 

деген  сыңайдағы  пікірлер  айтуға  бейім.  Бөбегім,  мұндай  ұстанымның 

ғұмыры ұзақ емес.  

 

 

 



 

 


 

Қайдасың, Алеут қыраны?  

 

Алеут тілі 

 

Бөбегім,  сенің  құстарға  деген  сүйіспеншілігіңе  таңданам.  Жан-жағыңа  зер 

салып,  тіршілік  атаулыны  тани  бастағаныңда    назарың  құстарға  ауды. 

Екеуміз  күн  ұзақ  кептерлерге  жеп  беріп,  бағаналарда  отырған  құстарды 

бақылаушы едік қой. Сенің алғашқы қадамдарың да балапанның аяқалысына 

ұқсайтын.  Екі қолыңды құдды қанатың сынды сермеп-сермеп жіберіп, апыл-

тапыл жүгіретінсің...  Қазіргі  сүйікті ойының да – құс балып ұшу.  Апаң мен 

атаң да, анаң мен әкең де қанатын жайып, самғайды үйдің ішінде.  Бөбегім, 

сонау Тынық мұхитының солтүстік жағалауларында Алеут қыраны деген құс 

бар. Ол – қыран атаулының ірісі.  Алеут қыраны табиғатта тым аз кездеседі.  

Бұл  құс  Жапония,  Колифорния  мен  Орегонға  дейін  ұшып,  осы  аумақты  да 

жайлағанымен, Алеут  аралдарына қайта орала береді.  Өйткені, бұл аралдар 

– Алеут қыранының туған мекені... Ал сен осы аралдарда  алеут деген халық 

тұратынын білесің бе? Алеут қыраны мен алеут халқы – тағдырлас. Екеуі де 

жоғалудың аз алдында тұр.  

Алеуттер – Алеут аралдарының байырғы тұрғындары.  Бүгінде бұл халықтың 

бір  шоғыры    Ресейдің  Камчатка  өңірін,  енді  бір  шоғыры    Солтүстік 

Американың  Аляска  жерін  мекен  етеді.    1867  жылы    Ресей  Империясы   

Аляска  мен  Алеут  аралдарын    АҚШ-қа            басыбайлы  сатып  жіберді.  Осы 

оқиғадан  бұрын    жүздеген    алеут    Командор    аралдарына  күштеп 

қоныстандырылған  еді.  Бұл  адамдар    жергілікті  жердің    байлығын  игеріп 

жатқан    Ресей-Америка  бірлескен  компаниясына  азық-түлік,  киім-кешек 

дайындауға міндеттелді.  Осылайша, бұлар өз тамырларынан қол үзіп, Беринг  

және Медный аралдарында  біржолата қалып қалды.  

       2000    жылғы  санаққа  сенсек,  АҚШ    мемлекетінде  17 004  алеут  бары 

анықталған. Оның 2000-ы алеут тілін жетік біледі. Оған себеп,  1920 жылға 

дейін алеут балалары өз тілінде білім алған.  Дәл осы жылы  бұл іске тыйым 

салынып, тек 1970 жылы жойылу алдында тұрған тілде қайтадан білім беріле 

бастады.    Бұған  қоса,  америкалық  алеуттер  діни  кітаптарын  өз  тіліне  дер 

кезінде  аударып,  сол  арқылы    ұлттық  тілін  сақтауға  күш  салған.    Ал 



Командор  аралдарындағы    алеут  халқы    мен  алеут  тілінің  ахуалы  басқаша.  

Олардың  саны  700-дің  ар  жақ,  бер  жағында  ғана.    Алеуттер  орыстанып, 

басқыншы  халыққа  жұтылып  кетті.  Діні  де,  ділі  де  өзгерген.    Ғасырлық 

наным-сенімдерінен  жерініп,  проваславие  дінін  қабылдаған.  1980  жылдан 

бері алеут тілін факультативтік негізде оқыту жөнінде бастамалар көтеріліп, 

бұл  идея  белгілі  бір  деңгейде  жүзеге  асты.  Дегенмен,  бұл  қадамдар 

алеуттердің туған тілін сақтай алмайтыны анық еді.   

Ең таңғаларлығы, алеут тілінің диалектілері көп. Әр диалектіні жеке дара тіл 

ретінде  қарастыру  тенденциясы  белең  алған.  Меніңше,    тілді  дамытып, 

сақтауға кедергі келтіретін бірден-бір себеп осы.   Командор аралдарындағы 

алеуттер де екі диалектіде сөйлеген. Бірі – Медный, бірі – Беринг диалектісі. 

Бүгінгі  күні  небәрі  3  адам  медный      диалектісінде  сөйлесе,  4  алеут    қана 

беринг  диалектісін  біледі.  Ресейдің  лингвист  ғалымдары  екі  диалектіні  бір-

біріне  ұқсамайтын  жеке  тіл  деп  таныған.    Медный  диалектісінің  әлемдік 

тілдік тәжірибеде кездесе бермейтін құрылымы бар.   Бұл тілде сөздің түбірі 

–  алеутше,  ал  жалғауы  –  орысша.  Мәселен,  «тунухтаем»  дейді    алеуттер, 

«тунухта»  деген түбір сөзге орысша  «ем» жалғауы жалғанып, «әңгімелесіп 

отырмыз» деген мағына береді... 

Бөбегім,  қазақ  жастарының  арасында  да  осылайша  туған  тілін 

шұбарлайтындар  бар.    Мұндай  тілбұзарлықтың  арты  –  тілді  құрдымға  

апаратынын  жан-дүниеңмен  сезінуге  тиіссің.  Бұл  қауіп  орыс  тілінің 

ықпалындағы барлық тілдерге төніп тұр.   



 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет