Зерттеудің ауқымы мен болашағы. Мөлшер категориясы – көптеген
логика-семантикалық құрылымдардан құралатын, қазақ тілінің барлық
деңгейлері мен тарихи кезеңдерін қамтып жататын өте ауқымды категория.
Сондықтан мөлшер категориясының тілдік табиғатын бірер ғылыми жұмыстың
көлемінде және бірнеше ғылыми бағытта ғана ашу мүмкін емес. Болашақта
ұлттық тілдің даму кезеңдеріндегі мөлшер тілдік категориясының негізгі базасы
мен ұлттық құндылықтардың қалыптасуын анықтауға баса назар аударылады.
Жұмысқа енбей қалған әр тарихи кезеңдердегі тілдік деректер толықтай
жинақталып, жұмыстың мазмұны және материалдық аясы ұлғайтылады. Әрі осы
жинақталған ауқымды тілдік деректер негізінде мөлшер категориясы
этимологиялық, концептуалдық бағытта арнайы қарастырылады.