«ЕЖЕЛГІ ДҮНИЕНІҢ МИФОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ПОЛИТЕИЗМ» ПӘНІ БОЙЫНША БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ
Эссе, оның мазмұндық – құрылымдық ерекшеліктері
Эссе (франц. еssai) – бұл прозалық әдеби жанр. Француз тілінен аударғанда «очерк» немесе «нобай» деген мағынаны білдіреді. Эссе автордың дара әсерін, белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын көрсетеді. Ол белгілі бір сұраққа толық жауап бермейді, тек сол мәселеге қатысты өз ойын немесе әсерін көрсетеді. Эссе жазу кезінде логика, ойды дәйектеу мен ақпаратты сауатты жеткізу қабілеті жақсы дамиды. Баяндау стилі көбіне сөйлеуге бағытталған.
Эссенің мақсаты - оқырманның ойлануына түрткі болу. Эсседе автор өзінің көзқарасына көндірмейді, ол өз ойы арқылы оқырманды ойландырып, мәселені талқылауға шақырады.
Эссенің негізгі белгілері:
Мәселені қамтитын және оқырманның ойлануына ықпал ететін белгілі бір қысқа тақырыптың болуы.
Субъективті авторлық ұстаным. Эссені ерекшелейтін нәрсе – онда қандай да бір мәселеге тоқталған автордың көзқарасы, оның әлемге деген қатынасы, сөйлеуі мен ойы болады.
Сөйлеу стилінде жазылады. Эсседе күрделі тұжырымдар мен тым ұзақ сөйлемдер болмауы керек.
Оқырманмен байланыс орнату үшін еркін стильді ұстану маңызды. Сонымен қатар, эссені іші сленгке толған сапасыз мәтінге айналдырып, артық кетудің қажеті жоқ.
Мәтінге – әртүрлі интонация қолданылған қысқа, қарапайым және түсінікті сөйлемдер жақсы эмоционалдық өң береді.Мәселеге толық талданым жасау. Жеке көзқарасты нақты деректерге сүйене отырып көрсетіп, дәлел келтіру керек.
Салыстырмалы түрде қысқа болғаны жөн. Қанша бет болатынына қатысты ешқандай шектеулер жоқ, бірақ эссе шағындығымен ерекшеленеді.
Құрылысы еркін болады. Эссе – қандай да бір нақты шеңбердің аясында жазылмайды. Мәтіннің құрылысы мәселеге әртүрлі жағынан қарауға тырысатын автордың логикасына бағынады.
Көзқарасты жеткізу логикасы. Еркін құрылысқа қарамастан, эсседе ішкі тұтастық, пікірін білдіретін авторлық мәлімдемелердің дәйектілігі болуы керек.