«Құмаш Нұрғалиев атындағы гимназиясы» КММ ЖАС ҰРПАҚТЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕУ: ІЗДЕНІС, ТӘЖІРИБЕ, НӘТИЖЕ Болатов Арман Мұратханұлы
Директордың у.м.а.
e-mail: arman-bolatov@mail.ru
«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай қай заманда, қай тарихи кезеңде болмасын ұлттық тәрбие мен құндылықтарға аса мән берілгені баршамызға мәлім. Бүгінгі қоғамда да тәрбие туралы сұрақтар түйінді мәселелердің бірі ретінде шыңдалады, өзгереді, дамиды. Халық даналығында: «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» деген сөз бар. Қазіргі жаһандану заманында құндылықтар жүйесінің алатын орны айрықша. Өйткені рухани-адамгершілік құндылық – адамзаттың жан-дүние қасиеттерінің өлшемі болып табылады. Оның жетістікке ұмтылуы, басқаларға жанашырлық білдіруі, айналадағы адамдарға қайырымдылығы, дұрыс өмір сүру жайында ізденуі, өзін-өзі бағалап, сол арқылы әлемді тануы. Ал осы адами құндылықтарды білуде, тануда балаларымызға дұрыс бағыт-бағдар беру баршамыздың міндетіміз болып жүктеледі. Құндылықтар негізінде білім беру барлық тараптардың: мектеп, отбасы, қоғамдық орталардың қатысуымен кешенді түрде ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын. Құндылықтар негізінде оқыту жаңа заманның талабына сай тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, қоғам өміріне бейімдеу, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдауға және меңгеруге, салауатты өмір дағдыларын негіз жасауға бағыттайды. Қазіргі жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы – ол құндылықтар деп білемін. Сандық технологиялардың қарқыны жоғары болған заманда адамға 3 қасиет керек. Олар интеллект, энергия, әділдік. Интеллект ақыл-оймен ұштасқан идеялардың, жаңалықтардың іс-әрекеті. Ал энергия жоғары нәтижелер көрсету үшін керек қайрат, жігер, денсаулық. Осылардың барлығының басын қосатын әділдік. Егер осы әділдік болмаса, алдыңғы екеуінен пайда болмайтыны сөзсіз. Міне қоғам жастарын осы бұлжымас қағидадан бастап тәрбиелеу маңызды. «Тyғaн тiлiн cүюдeн бacтaлaтын мaxaббaт, eлжaндылықтaн aдaмзaтты шeкciз құpмeттeyгe дeйiн өceдi. Жacынaн тyғaн xaлқының дaнaлығымeн cycындaп, oның өcиeтiнeн нәp aлып, әдeбиeттi cүйiп, coл apқылы ұлтжанды aзaмaт бoлып өcepi xaқ», - деп көpнeктi әдeбиeттaнyшы Ш. Eлeyкeнoв [2, б. 12] дәл басып айтқан. Рухани-адамгершілік тәрбиелеу процесінде шынымен «бүгінгі жас ұрпақ қандай?» деген сұраққа алдымен жауап беру керек сияқты. Қазіргі балалар өзімен санасуды талап етеді, ережелерді қабылдамайды, тең әрі шынайы қарым-қатынасқа мұқтаж және интернеттің шынайы досы. Осы орайда екінші сұрақ пайда болады. Сонда қазіргі мектеп жасындағы балаларда қандай кедергілер бар? Әрине ол тайм-менджмент. Уақытты дұрыс пайдаланбау. Өз гимназиямдағы алынған сауалнаманың қорытындысына сәйкес, әр бала шамамен 7, 8 сағат смартфон, планшетте отырады екен. Көбінесе әлеуметтік желілерге кіреді және ойындарды ойнайды. Әлеуметтік желіде 83% әзілдер, вайндарды тамашалайды екен. Екінші кедергі қоғамда өзін ұстауы. Қоғаммен қарым-қатынасы жөнінен тұлғаның айналысындағы адамдардың пікірінің басым бөлігі негативке толы болып келеді. Үшінші кедергі қимылдың аздығы. Бұл мәселе әлем бойынша өзекті екені баршаға мәлім.
Сурет 1 - ерекше баламен ерекше дүние
Сурет 2 - Әкелер мектебі Осы қорытындыларды ескере келе гимназиямызда құндылықтарға негізделген білім беру жобасын ұйымдастырдым. Жоба бойынша гимназиядағы нәтижеге бағытталған іс-әрекет негізгі 3 бағыттан тұрды. Алғашқы бағыты гимназия жайлылығы. Кез келген балаға «сен қандай мектепте оқығың келеді?» деп сұрасаң, білім алушы заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған, мектеп жақсы дизайнда әрленген, барлығы ыңғайлы болғанын айтар еді. Осы тарапынан біраз жұмыстар жасалынды. Гимназия ауласын жарықтандыру, құндылықтарға сәйкес стендтер, моторика, ойлау дағдыларын дамытатын құралдар, ерекше балалардың ерекше қасиеттерін ашу бойынша шаралар ұйымдастырылды. Инклюзивті білім беру бойынша гимназияның дарынды баласы жетекшісінің қолдауымен қолжетімді материалдан Қазақстан картасын жасап шықты. Таныстырылымы аудандық семинарда болды. Еңбексүйгіштікке дағдыланған оқушының қабілетін сыныптастары білмейтін еді. Ал оқу-тәрбие үрдісіндегі құндылықтарға директормен «оқушы үні» көшбасшылық сағаты, ақындар мектебі, бата беру, кітап оқу жобалары жүргізілді. «Оқушы үні» көшбасшылық сағаты нәтижесі ойдағыдай болды. Бірде осы сабақ кезінде қоқысты шашпау, тазалық туралы тақырыпта болған болатын. Оқушыларға кері байланыс кезеңінде қоқысты неге шашатындарын сұрадым. Мүмкін басқа себептері бар шығар деген ниетпен осындай ситуациялық сұрақ қойдым. 9 сыныпта оқитын оқушы басты себеп қоқыс жәшігінің аздығы мен олардың ғимараттан алыс орналасқанын дәлелмен айтты. Шыныменде үлкендер ойланбаған жағдай. Осы күнге дейін қоқысты 100, 200 м қашықтықта орналасқан жәшікке салу уақыттыда алады және оған үлкен ынта керек. Оқушы үнін тыңдау нәтижесінде қоқыс жәшіктері көбейтілді және нәтижесінде қоқыс шашу тоқтатылды. Кітап оқу бойынша аптаның бірінші күні 1 сағат кітап оқу сабақ кестесіне кіргізілді. Осы уақытта директор, педагогтар, оқушылар, қамту қызметкерлері барлығы кітап оқиды. «Оқуға құштар мектеп» бағдарламасы бойынша 80 көркем әдебиет кітаптарымен кітапханамыз толықты. Әр айға екі құндылықтан қойылды. Құндылықтар мереке, айтулы күндерге байланысты реттеліп отырды. Мәселен осы қараша айына патриотизм мен жауапкершілік құндылықтарын алдық. Осы гимназиядағы бүкіл шараларда, атап айтсақ, апталықтарда, сабақ үрдісінде, үзіліс уақыттарында басқада іс-әрекеттерде осы екі құндылық дәріптелуі тиіс. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай ұлттық құндылықтарға мән беру аса маңызды деп ойлаймын. Ақындар мектебінің шәкірттері өз өлеңдерін әр түрлі тақырыптарда қозғайды. Гимназиямызда туған жер, мезгілдер, Абай атамызға арналған ақындардың жүрекжарды өлеңдері жазылған бұрыштар жинақталған. Халқымыздың дәстүрлі жоралғыларының бірі бата беру. Бата жаттау үрдісі тіпті кейбір үлкендерге өнеге болатыныны хақ. Эмоцияларды шығарудың позитивті жолдары киккер спорт, футбол, волейбол, судоку, «квест» ойындар, стол теннисі балаларды бірлікке, көшбасшылыққа жетеледі. Тіпті сынып арасында балаларға қосылмайтын, жекеленетін жасөспірімдер осындай тимбилдингте өзін көрсетіп, командалық белсенділік пен жоғары көрсеткішке жетуде үлкен рөл атқарды. Бұл өз кезегінде балалар арасында сыйлы болуға, құрметтеуге лайық жан екеніне дәлел бола алды. Үшінші бағыт ата-аналармен жұмыс деп аталады. «Даналық мектебі» жобасында әкелер, аталар, апалар, аға-әпкелер, аға-жеңгелер мектебінің жұмыстарын жандандыру тиімді. Себебі баланы тәрбиелеуде әке мен анадан басқа тұлғалардың өз үлесі бар. «Бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген қанатты сөз бар. Жаңа форматтағы шаралар ата-аналардың қ ызығушылығын тудырды. Асқар тау әкелердің шеберлігін басқа қырларынан көру мектеп үшінде, бала үшінде ерекше болды. Көптеген ұсыныстарды талқыладық. Бұл отбасылық құндылықтарды, дағдыларды жаңғыртумен оқушының отбасы мүшелерімен өзара дұрыс қатынасын тіл табысып, түсінісуін, бірін-бірі сыйлау, үлкендерді құрмет тұтуға үйретеді.
Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты тәрбиелеуді талап етеді. Жасөспірімдердің жасын, жас ерекшелігін, психикалық үрдістерін ескере отырып рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу үшін мынандай міндеттерді орындауымыз керек:
Талдау, түйін жасау, шығармашылық қабілетіне қозғау салу.
Тұлғаны рухани-адамгершілік тәрбиелеудің маңызы зор екенін осыдан-ақ байқауға болады. Халық даналығында «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтанда баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, адамгершілік сынды құнды қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеу келешек қоғамды тәрбиелеу деп білемін. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісін озық етіп тәрбиелеу – біздің отанымыз алдындағы борышымыз. Жастарымыз өз отанына қызмет етуге лайықты ұрпақтар катарынан болғай!
Пайдаланылған әдебиеттер
Ш.Елеукенов, Замандас парасаты. Әдеби сын. Алматы: Санат, 1977 ж.
«Басшыға арналған әдістемелік нұсқаулық» Астана, 2017
Әл-Фараби философиясы//Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 томдық. – Астана: Аударма, 2005. 2 том. – 460 б.