4-апта №7 дәрістің тақырыбы: Математиканы оқытуды ұйымдастыру Сағат саны: 1 Мақсаты: Математиканы оқытуды ұйымдастыруын түрлерін меңгеру. Математикадан оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі — сабақ. Әрбір сабақтың өзіне тиісті міндеті, мақсаты, бағыт-бағдары және логикалық жағынан аяқталған болуы тиіс.
Сондықтан мұғалім сабаққа даярланғанда алдымен оның мақсаты мен міндетін анықтап, оларды жүзеге асырудың тиімді жолдары мен әдістерін іздестіреді, оқу жұмысын ұйымдастырудың түрлерін таңдайды. Математиканы оқыту әдісі оқытудың түрімен және сабақтың құрылымымен тығыз байланысты, ал кейбір жағдайларда оқыту әдісі сабақтың құрылымы мен оны ұйымдастырудың түрлерін анықтап береді.
Сабақтың басты белгісі — оның дидактикалық мақсаты. Осы белгінің негізінде сабақтың типі анықталып, сарапталады. Дидактикада сабақ: а) жаңа материалды оқып-үйрену; ә) білімді баяндандыру және ол білімді қолдана білу іскерлігі мен машықтарын шыңдау; б) өтілген материалды қайталау және жүйелеу; в) білімді бақылау және тексеру; г) аралас (комбинациялық) сабақтар болып сарапталады.
Бір типтегі сабақтардың дидактикалық мақсаты ортақ, құрылымы ұқсас болады.
Сабақ құрылымы деп оның тұтастығы мен әр алуан варианттарының негізгі көріністерінің сақталуын қамтамасыз ететін сабақ элементтерінің жиынтығын айтады. Сабақтың күрамдас бөліктері өзара тығыз байланыста болады және белгілі тәртіпте жүзеге асырылады.
Сабақ құрылымы қойылған мақсатқа, оқу материалынын мазмұнына, қолданылатын оқыту әдістері мен тәсілдеріне, оқушылардың дайындық денгейіне және оку процесінде сол сабақтың алатын орнына байланысты анықталады.
Сабақ құрылымы әр алуан болады. Тіпті параллель кластарда өткізілетін сабақтардың құрылымы бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген факторларға байланысты сабақтың құрылымы ұдайы өзгеріп, класқа бейімделіп тұрады. Әр сабақта әрбір мүғалімнің өзіне тән «қолтаңбасы» көрінеді.
Мысалы, құрама сабақ мынадай схемада жүргізілуі мүмкін:
1) ұйымдастыру кезеңі;
2) үй тапсырмаларын тексеру;
3) өткен материалдарды сұрау;
4) жаңа материалды өту;
5) өткен материалды баяндандыру;
6) үйге тапсырма.
Алайда бұл схеманы ұдайы сақтауға болмайды, кластың ерекшелігіне, оқушылардың дайындық дәрежесіне және т.б. факторларға байланысты ол өзгертіліп, кемелдендіріліп отырады.