Елшілік байланыстар. Орыс елшілері мен жаулаушылары Ноғай жеріне билер мен мырзаларды Ресейге жақын жазғы жайылымдарда кездестіру үшін көктемгі уақытта келетін болған. Ал қысқы уақытта елшілердің жол жүруі өте қиын болған, бұл, әрине ауа-райына ғана қатысты емес. Орыс миссияларының келу жиілігі Ордамен арадағы ағымдардағы мәселелердің маңыздылығы ғана байланысты болды. Әдетте, елшіліктер жылына бір рет алмасады. Көбіне ол елшіліктер одан құру немесе патша әскерлеріне көмек көрсету үшін атты әскер жіберу сияқты төтенше жағдайларда келетін.
Мемлекеттік елшілер тікелей келіссөздер жүргізумен бірге маңғыт ақсүектеріне арналған грамоталар алып келетін. Елшілік Приказ ол құжаттарды орыс тілінде жазды, ал маңызды құжаттарды приказдың аудармашылары түрік тіліне аударатын, бұл жағдай құжатты оқуда қателікке жол бермеу үшін жасалатын еді де оны ноғай жағы қуана құптайтын. Осы жерде Елшілік приказының қызметіндегі лауазымдарға түсіндірме бере кеткен жөн. Жаушы – ХҮІ ғ. төменгі елшілік шен, ол елшіден, оның өкілінен төмен тұрған және дипломатиялық тапсырмамен бір елге, князьдыққа үкіметтің атынан өкіл болып жұмсалатын. Ал осы Приказдағы аудармашылар – шет ел тіліндегі құжаттарды орыс тіліне аударушы болса, тілмаштар (толмач) шетелдіктермен ауызекі әңгімелерді аударатын болған. Осындай қызметшілер тобы болғаннан кейін ноғайлардың түрік тіліндегі жазбаларын елшіліктегілер ешқандай мүдіріссіз тиісті орындарға тапсыратын.
Ендігі бір мәселе, елшіліктер алмасу, оларды қабылдау режимдеріне байланысты. Жазба деректерден бұндай рәсімдер жүйесінің алтынордалықтардың кезінен қалыптасқанын көреміз. Осы тарқырыпқа қатысты деректер ноғайларға қарағанда орыс қарым-қатынастарында көбірек сақталған. Осы екі елдің Ресеймен қатынастары өте ұқсас болғаны байқалады. Елшілік Приказында елшінің жүріс-тұрысы, өзге қызметшілермен қарым-қатынас тәртібі арнайы жазбамен реттеліп отырған. Онда елшінің өзін күтуші қызметкерлерге тиісті мөлшерден артық сыйлық жасалмауы (тіпті бопсалағанына қарамастан), “аса таяқ салығын” төлемеу туралы тапсырмалар беріледі. Оның мәнісі бидің шатырына енер алдында елшілік жолына күзетшілер аса таяқты көлденең тастайтын болған, оны аттап өту үшін сыйақы берілуі тиіс. Орыс елшілері тапсырманы бұлжытпай орындап, ақша беруден бас тартқанда оны күшпен алған жағдайлар да кездесіп отырған. ХҮІ ғасырда билер елшілерді өздерінің шатырларында қабылдаған. 1580 жылдары Орыс би Ресеймен байланысын үзу үшін православия монархының елшісін аттан түспей қабылдаған. Бұндай жағдайларда елшілер ешқандай келіссөз жүргізбеуі тиіс болған.
ХҮІІ ғ. Үлкен Ноғай Ордасының әлсіреуіне байланысты елшілік хаттама біршама өзгеріске ұшырады. Орда патшаның вассалына айналды, ендігі жерде би елшіні өзінің жеке қонағы ретінде қабылдап, патша грамоталарын бас киімін шешіп тыңдауы тиіс болды [45, 60)
Мәскеуде шет елдік қонақтарды қазынашылық мекемесі жүргізді. Өйткені ноғайлармен және Бақшасараймен қатынас мәселесі қазынаның шығын статьясына жататын еді. Қазынашылардың ведомоствосы – Кремльдің Қазынашылық сарайында қалада патша жоқ кезде елшілерді қабылдау жүргізілетін. Сол сияқты көшпелілердің елшілеріне Еділ сыртына жіберілетін елшіліктерге қызмет жасау үшін татарлар пайдаланылатын. Бұл түсінікті де, өйткені татарлар Ресей мен мұсылман әлемі арасында аралық байланыстырушы қызмет атқарды. Татарлардың шығыс халықтарымен тілі, діні, әдет-ғұрпының бір болуы оларды осы іске мамандандырды. Оның үстіне Ресейдің шығыс халықтарымен байланыста татар тілін қолдану дәстүрі орныққан еді.
Ноғай елшілері мен саудагерлері Ресей шегіне өткеннен бастап оларды астанадан күтіп алуға арнайы жіберілген қызметкерлер, немесе владимирлік, нижегородтық, казандық воеводалардың бөлген адамдары алып жүрді. Жол бойы оларға жергілікті тұрғындар азық-түлік бөлуге міндетті еді.
Мәскеуге келген елшілер төлеңгіттерімен бірге арнайы Ноғай сарайында күтілетін. Ол Сарай туралы ең алғашқы дерек 1535 жылдан бастап кездеседі. Ноғай сарайынан өзге де елшілерді күтетін орындар болды. 1555 жылы 15 адам, 150 жылқымен келген Қасым б. Шейх-Мамайдың елшілігі ноғай сарайына орналасса, олардан екі апта кейін келген Исмаил бидің 50 адам, 300 жылқымен келген елшілігін Панишкино селосына орналастырады. Сол дәуірдегі құжаттарда Ноғай сарайынан өзге де ноғай елшілігі мен сауда адамдарын күтетін мекендердің саны көп болуынан елшілік және сыртқы экономикалық қатынастардың өте белсенді және табысты деп айтуға да болады, жүргізілгендігін көреміз.
Мәскеуге келген ноғайлар өздерін күтушілерге жасалған жағдайға барынша төзімділікпен қараған. Оның есесіне елшілік кезіндегі қолайсыздықтар туралы патша елшілеріне үнемі еске салып отырған.
Патшаның немесе ұлы князьдың арнайы қабылдауы елшілерді орналастырғаннан біршама уақыт өткен соң іске асқан. Ноғай жағы қабылдау уақытын тездетуді өтінген, өйткені қабылдаудың кешіктірілуі Орданың беделіне нұқсан келтіреді деп есептелген. Елшілерді тыңдаған патша шығыс дәстүрімен олармен төс түйістіріп сәлемдесіп, ықылас білдірген және олардың қайтуына орай жауап хат тапсыратын қоштасу қабылдауын өткізетін. Көбіне Ноғай елшілері өз билеушілерінің атынан дипломатиялық қатынастарды, өзара міндеттерді реттейтін шартнама түзеді және өздерімен бірге орыс елшісінің алдында растауы тиіс “Сенім грамоталарын” ала кететін.
Ноғай-орыс қатынастарының ең маңызды элементі көшпелілердің билеушілеріне сыйлықтар мен төлемдер беру. “Ноғай және Қырым елшілері Ресейге тек арғымақтар алып келеді – деп орынды атап көрсетеді тарихшы Н.М.Рогожин – Қайтарда олар аң терілері, тондар, маталар, мылтық, морж сүйегі, қолөнершілердің бұйымдарын тұтас керуен етіп алып қайтады” [36, 97]. Әрине, ноғайлардың негізгі мүддесі сыйлық сұрамсақтау болды деу әділетсіздік болар еді. Орыстардың ноғайларға алғаш рет сыйлықтар үлестіруі Иван ІІІ Жаңбыршы биге 1504 жылдың қазанында жолдаған грамотасында аталады. Әрине, оны Русьтің Алтын Ордаға төлем тұрған алымының жаңғыртылуымен түсіндіруге болады, әйтсе де ендігі кезекте оның функциясы өзгерді: сыйлық үлестіру арқылы мырзалардың тонаушылық жорықтарының алдын алу, Мәскеуге қарсы топты жікке бөлу сияқты нақты мақсат көздеп тартылған тарту-таралғыларды көшпелілер қалыпты жағдай ретінде қабылдап үйреніп қалған. Тіпті онсыз келіссөз жүргізудің мәні де болмайтын.
Тарту-таралғыны тоғыз түрінде тарту Алтын Орда дәуірінде хан сарайында орныққан еді. Ақшаны, затты немесе жылқыны, тоғызды еселеп тарту мысалы “үш тоғыз”, “бес тоғыз” түріндегі өлшемдер біздің қазақ халқының арасында соңғы кезге дейін салт-жоралғыларда сыйлық өлшемі ретінде сақталып келгендігін айта кетуге болады. Орыс және ноғай елшілерінің арасында осылайша жасалған тарту-таралғылардың түрі, саны жөнінде айтыстар жиі болып тұрған. Патша достық қатынас жағдайында елшілердің талаптарын толығымен қанағаттандырып отырған. Дегенмен сыйлықтың сапасы және санының жетімсіздігі туралы арыздар үнемі қатаң түрде орындалмай тасталған. Мысалы, “Патшаға оның патшалық тартуының мөлшерін өзгелердің белгілеп беруі деген бұрын-соңды болмаған”, “біз қызмет пен достықты ешкімнен сатып алмаймыз” [29. д. 8. л. 143] деген мазмұндағы патша жауаптары осы тұжырымдарды дәйектей түседі.
Ноғай ордасына келген Мәскеу елшілігінің құрамы ерекше өлшем түріне енеді. Елшінің дәрежесі мырзаның Мәскеу алдындағы және оның өз руластары арасындағы беделін танытатын. Әдетте Ноғай Ордасына бір немесе екі бояр ұлдары қатардағы жаушылармен бірге келетін. 1580 жылдары Орыс би төңірегіндегі Ресейге қарсы топты жікке бөлу мақсатында осы деңгейдегі сегіз елшіні бірден жіберген еді [29, д 8, 127]. ХҮІІ ғасырдың басынан бастап Мәскеу бөлшектенген ұлыстарға бұндай жоғары дәрежелі елшіліктер жібермейтін болды.
Ноғай билеушілерінің Ресейге деген қатынастарының салқындауы мәскеулік елшілер мен жаушылардың далаға келгенде бидің бұйрығымен немесе оның хабарынан тыс жағдайда тоналуы немесе оларға сыйламаушылық білдіру түрінде көрініс тапты. Бұндай жағдайда үкімет Ордаға баратын елшіліктерді тоқтатып қойды, егер Мәскеуде ноғай елшілері болса, оларды “шөміштен қысты” немесе қабылдамай, ешқандай тартусыз, қорлайтын мағынадағы грамоталармен қайтарып жіберетін. Егер орыс елшілігін ноғай жерінде күшпен ұстап отырса, онда бұл елшілерді қамауға алды.