Мазмұндама
Қызыл жебе Ш.Мұртаза
Шерхан Мұртаза – ұлтымыздың рухани дамуына, әдебиетіміздің өркендеуіне өміршең шығармаларымен үлес қосқан көрнекті халық жазушысы. Оның шығармашылығынан заман үрдісін, уақыт тынысын, халық тағдырын, еліміз бастан кешірген қилы-қилы кезеңдер келбетін, белгілі тарихи тұлғалардың азаматтық бет-бейнесін терең тани түсеміз. Жазушы өзі өмір сүрген кезеңнің, өткен дәуір сипатын айшықты суреттермен көркем бейнелеп отырды. Сол арқылы әр дәуірдің өзіне лайық характерін жасап, кейіпкерлерін сомдады. Өмір өзегінен тамыр тарту, замана келбетін бедерлі бейнелеу жазушы шығармаларының табиғатына кіріккен қасиет болып табылады.
Қаламгердің «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» роман-хамсасының автор шығармашылығынан алатын орны айрықша. Бұл – ұлттың рухын түлеткен шығарма. «Оян, Тұрар!» деп басталатын «Қызыл жебе» жалынды үнмен «Оян, қоғам!» деп тұрғандай көрінеді. Бұл шығарма – ұзақ жылғы шығармашылық толғаныстан, ұдайы ізденіс, зерттеуден туған табанды еңбектің жемісі.
Бұл роман-трилогия Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға белсене ат салысқан аса ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен туған ортасын, революциялық қызметін көрсетуге арналған. Трилогияның алғашқы кітабында жазушы Тұрардың балалық шағы мен оның әкесі Рысқұлдың өміріне тоқталады. Рысқұл өмір сүрген кезең 1905 жылғы орыс революциясының «Қанды жексенбі» оқиғасымен тұстас еді. Бұл оқиғаның әсері ішкі Россиядан тысқары аймаққа да тие бастаған. Романға өзек болған сюжетке келсек, өткен ғасырдың соңында Түлкібас аймағының Ақсу-Жабағылы маңындағы Майлыкент болысында қоныстанған Шымырлардың бір атасы Шілмембеттерден шыққан кедей Сәліктердің бір тобын Рысқұл бастайды. Рысқұл Шығыс Талғар болысына көшіп келіп, онда Дулаттың бір баласы – Жаныстан шыққан Саймасай болысты паналайды. Батыр тұлғалы ер жігіт Рысқұлды түрлі сұмдыққа-ұрлыққа жұмсап, ақыры жаламен айдатып жібереді. Бұл қорлыққа қатты ызаланған Рысқұл түрмеден қашып шығып, Қараш шатқалында Саймасай болысты атып өлтіреді де, кейін жазаланып, Сібірге жер аударылады. Бұл кезде Рысқұлдың баласы Тұрар он жаста болатын.
Үміті, болашағы, тірегі жалғыз баласы Тұрарға басынан кешкен барлық жағдайды айтып, өзінің кім екенін түсіндіріп, санасына құйып кетеді. Байлардың зорлық-зомбылығын, әке жанының қиналысын көріп өскен жас Тұрар әділетсіздікке жаны қас, бірбеткей алғыр боп өседі. Автор негізгі оқиға желісін Тұрардың өскен ортасын, шыққан тегін, жазықсыз айдалып бара жатқан әке кегін суреттеуден бастайды.
Романда Рысқұл, Тұрардан басқа да бірнеше адам бар: Саймасай, Дауылбай, Ахат, Таубай, Сақан, Мақаш, Анарбай, Ізбайшалардың қай-қайсысы да кітаптың әр жерінен бір көрінгенімен, өзара айырмашылықтары, іс-әрекеттері, мақсат-мүдделері бар, дараланған, жанданған бейнелер. Біз мұны жазушы шеберлігі дер едік.
Кітапта ұлттар достығына ерекше көңіл бөлінген. Ғалым Дмитриев, саяси тұтқын Бронников, шаруа Иван және түрме бастығының қызы Наташа бейнелерінен жақсылыққа құштар, әділ, бауырмал жандарды көреміз. Орыс халқы мен қазақ халқының арасындағы достық, ынтымақтастық байланыстың алғашқы нышандары осындай жандардың іс-әрекетімен, қарым-қатынасымен нанымды да шынайы суреттеледі.
Тұрар Рысқұловтың халқына жасаған еңбегі қандай өлшеусіз болса, Шерхан Мұртазаның да оны «тірілтудегі» еңбегі сондай зор. Зерделі жазушының зейінді ізденісіндегі азаматтық пафос пен көркемдік ойының терең бірлігінен өмірге келген «Қызыл жебе» роман-эпопеясы тәуелсіздігіміздің баянды болуына қызмет ететін шығарма.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/28623/
Достарыңызбен бөлісу: |